Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында Мәмбет Қойгелдиевпен кездесу өтті

1509
Қазақстан Республикасы Президентінің Мұрағатында Мәмбет Қойгелдиевпен кездесу өтті - e-history.kz
Архивтің бас сарапшысы М. Т. Жылгелдинов М. Қойгелдиевтің өмір жолы мен қызметіне қысқаша шолу жасап, ғалымның ғылыми еңбектеріне тоқталып өтті

19 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, Парасат орденінің иегері, Қазақстан тарихшылары қауымдастығының Президенті, ХХ ғ. басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы мәселелері, оның ішінде Алаш қозғалысы, ұлттық интеллигенция мәселелерімен айналысатын ғылыми мектептің негізін қалаушылардың бірі - Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиевпен кездесу өтті. 

Іс-шара ҚР Президенті Архивінің 2016 жылға жоспарланған «Архив және қоғам: Тәуелсіз Қазақстанның тұлғалары» атты Қазақстанның белгілі ғалым-қоғамтанушыларымен кездесулер циклінің аясында өткізілді. 

Халықаралық Сократ сыйлығының иегері, Вена халықаралық қатынастар университетінің құрметті профессоры Мәмбет Құлжабайұлы еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастап, әр жылдарда Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатында ғылыми қызметкер, Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытушы, кафедра меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, аталған университет жанындағы Жоғары оқу орындары оқытушыларының білімін жетілдіру институтының директоры қызметтерін атқарады. Тарих факультетінің деканы қызметі кезінде ҚазҰУ-де диссертациялық кеңес ашады. Бұл кеңесте ХХ ғ. басындағы Алаш қозғалысы, ұлттық интеллигенция тақырыбы бойынша бірқатар ғылыми жұмыстар қорғалып, жаңа тарихи бағыттар бойынша: 1970 жылдары итальян тарихшылары Джованни Леви мен Карло Гинзбург негізін қалаған микротарих бағыты, тұлғатану, ауызша тарих, жаңа деректанулық бағыттар бойынша жұмыстар қорғалды. 

2d040876509cb3c02decaf9ddbac0e66.jpg

2002–2006 жылдары Мәмбет Қойгелдіұлы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқарды. Осы жылдары көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихының жаңа бес томдық жинағын дайындау жұмыстары басталды. Елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және сақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді қайтару, шет елде Қазақстанның мәдени мұрасын үгіттеу мақсатында 2003 жылы мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның үлкен мәдени мұрасын, мемлекеттік тілде гуманитарлы білім қорын, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруді, ұлттық әдебиет пен жазудағы көпғасырлы тәжірибені біріктіруді зерттеудегі бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауды бұйырған болатын. Осының негізінде ТМД елдерінің ішінде алғаш рет Қазақстанда қолға алынып, 2004–2006 жылдарға арналған ұлттық мәдениетке деген мемлекеттік қамқорлықты анықтаған рухани және білім беру істерінің даму саласындағы негізгі құжат, стратигиялық ұлттық жоба - «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Осы бағдарлама аясында қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру бағыты бойынша атқарылған жобалар мен жарық көрген ғылыми еңбектер Мәмбет Қойгелдіұлының ұсыныстары мен тұжырымдары негізінде іске асты. 

Сонымен қатар Мәмбет Қойгелдіұлы Қазақстанның тарих ғылымы төңірегінде қалыптасқан жағдайды жақсартуға және қазақ қоғамының тарихи білімдегі біздің өткенімізге деген сұранысты қанағаттандыруға бағытталған, ең алдымен тарихты қазақстандықтардың азаматтылық, демократия және патриотизм түсініктерін қалыптастыру механизмі ретінде пайдаланып, қоғамдағы тарих ғылымының мәртебесін көтеру мақсатында 2004 жылы құрылған Қазақстан тарихшылары қауымдастығының Президенті. Қауымдастықтың жұмысының нәтижесінде қазіргі күнде Қазақстан әлемдік тарих ғылымы саласында 1923 жылы Брюсселде V Халықаралық тарихшылар конгресінің резолюциясына сәйкес Халықаралық тарихшылар конгресін ұйымдастыруды және өткізуді, сонымен қатар дүниежүзі елдеріндегі тарихшылар арсында ғылыми байланыс орнатуды көздейтін тұрақты халықаралық ұйым - Халықаралық тарих ғылымы комтетінің мүшесі болып табылады (2008 ж.). 

88b5aa60f4323e92dec250c820a27d33.jpg

Кездесу барысында ҚР Президенті Архивінің директоры Б.Ә. Жапаров «архивтің негізгі міндеттерінің бірі - ол тек құжаттарды сақтау ғана емес, зерттеушілерге, оның ішінде тарихшыларға осы құжаттармен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне қолайлы жағдай жасау» дей келе, «ҚР Президенті Архиві зерттеушілер үшін әркез ашық екенін және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігіне» баса назар аударды. Архивтің бас сарапшысы М. Т. Жылгелдинов М. Қойгелдиевтің өмір жолы мен қызметіне қысқаша шолу жасап, ғалымның ғылыми еңбектеріне тоқталып өтті. 

Өз кезегінде Мәмбет Қойгелдіұлы «Қазақстан тарихын жазуда, ғылыми зерттеулер жүргізуде ескі, жүйелі ұстанымдардан бас тартып, жаңа тарихи бағыттар бойынша, микротарих, тұлғатану бойынша зерттеулер жүргізуіміз керек. Кеңестік зерттеу жүйесінде тұлғаны зерттеу мәселесі жолға қойылмаған, біз осы бағытты дамытуымыз керек» деп атап өтті. Ғалым кезінде өзі-де осы Архивтің қызметкері болғанын есіне алып, 1989–1991 жылдары Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтында алғаш рет «Қазақ», «Айқап» журналдарының тігінділерімен танысқанын, сол жұмыстарының нәтижесінде Архив қызметкерлерімен бірлестікте «Алаш қозғалысы» атты құжаттар мен материалдар жинағының шығарылғанын және биылғы жылы Алаш қозғалысының көсемі, жетекшісі Ә. Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетінін айтты. «Қазіргі күнде Қазақстан рухани дағдарыс үрдісінде. Ол дағдарыстан шығудың бір ғана жолы бар - ол білімді болу, білімге ұмтылу, жастарымыз білімді болу керек. А. Байтұрсынов Қазақ университетінің ашылуында сөйлеген сөзінде былай деген: "Біз басқа елдердің қатарына қосылу үшін қазіргі білімді, технологияны игеруіміз керек". Сонымен қатар, біз Алаш мұрасын, А. Байтұрсыновтың, Ә. Бөкейхановтың, М. Дулатов және т. б. еңбектерін оқуымыз керек, бойымызға сіңіруіміз керек. Қазіргі күнде өзекті мәселелердің бірі - ұлттық идеология мәселесі. Бұл сұрақты күрделендірудің қажеті жоқ. Ұлттық идеология дегеніміз не? Ол - ұлтқа қызмет ету деген сөз. Бұл тұрғыда тарихшылардың алдында үлкен міндет тұр - тарихшылар тарихты дұрыс жеткізе білуі керек, тарихшылар ұлттық идеологияны қалыптастыруда үлкен жауапкершілікті сезіне білуі керек» деп өз сөзін аяқтады. 

Кездесуге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен студенттері, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?