«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ұлт мұратын ұлықтаған Мұстафа

616
Ұлт мұратын ұлықтаған Мұстафа

Еуропадағы қазақ баспасөзі туралы сөз қозғағанда есімі айрықша аталатын тұлға – Мұстафа Шоқайұлы. Саяси күресін туған топырағынан жырақта, мұһажырлықта жүріп жүргізуге мәжбүр болған ол 1919 жылы елден алысқа сапар шегеді. Әуелі, Әзірбайжан астанасы Бакуде, одан Тбилиси арқылы Стамбулға жеткен Шоқайұлы, ең соңында Францияға барып тұрақтайды. 

Қаламмен серттескен күрескер

Осы 1919 жылдан бастап, шетелдік басылымдарда тұрақты түрде материал жариялап, Еуропадағы саяси жиналыстар мен басқосуларда, конференцияларда Түркістан мүддесін қорғайды. Сол арқылы әлемдік саяси қауымдастық назарын тарихи отанында болып жатқан жағдайларға аударуға, елінің дербестікке қол жеткізуіне бар күш-жігерін салады. Туған топыраққа деген перзенттік адал махаббат пен саяси ерік-жігер арқасында 1929 жылы шығармашылығының ең биік шыңы саналатын өзінің редакторлығындағы журнал дүниеге келеді. Дегенмен, Мұстафа Шоқайұлы бұған дейін де орыс, түрік, ағылшын, француз басылымдарында саяси көзқарастарын білдіріп, бірнеше баспасөздің бас мақалаларын әзірлеп, оларға идеологиялық тұрғыдан жетекшілік жасап отырған болатын. Айталық, Тбилисиде болған жылдарында Орта Азия мен Украйна бірлескен одақ атынан орыс тілінде «На рубеже» атты басылым шығарып, оған өзі редакторлық етті (журнал 6 нөмірінен кейін қаржы тапшылығынан жабылды). Одан бөлек, солтүстік кавказдықтар шығаратын «Волный горец» атты апталық газет пен Грузияның «Борьба» басылымдарында да Мұстафаның өткір мақалалары жарияланып тұрды. 1920 жылы дағыстандық социал-демократ Ахмет Салиховпен бірге «Жаңа дүние» атты апталық газет шығарып, басылымға өзі редакторлық етті. Сондай-ақ «Шапақ» газетінің де жарық көруіне себепші болды. Осылайша, Тбилисиде болған 1919-1921 жылдары Шоқайұлының өмірі қат-қабат баспасөз күресіне арналды. Әрине, бұл басылымдардың демеушілері мен қолдаушылары басқа болғанымен, бағыт-бағдарын анықтауда негізгі жауапкершілік Шоқайұлының өзіне жүктелді.

Түркінің ортақ басылымы

Саяси жағдай мәжбүрлілігімен Францияға келгеннен кейін де Мұстафа бір сәтке байыз таба алмады. Қаламы одан сайын жүрдек тартып, ойын өткірлей түсті. Өйткені онсыз өзі күткен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емесін жақсы ұғынды. Сол себепті еңбектері бірінен кейін бірі толассыз жарық көріп жатты. 1928 жылы «Сhez les Soviets en Asie Centra» атты кітабы басылды. Еуропадағы саяси элита назарын аударған мақалалары «The Asiatic Review», «Journal of the Royal Central Asian Society» т.б. журналдарда жарық көрді. Алайда Шоқайұлы саяси күресте мұның әлі де жетерсіз екенін ескеріп, 1929 жылы сенімді ізбасар шәкірттері Тайыр Шағатай, Әбділуақап Оқтайлармен бірге жеке журнал шығаруды қолға алды. 1939 жылы ІІ дүниежүзілік соғыстың тұтануы себепті тоқтатқанға дейінгі 10 жыл мерзімде 117 саны жарық көрген басылым осылайша Еуропадағы Түркістан тәуелсіздігі ұранын көтерген журнал ретінде тариққа жазылды.

Басылымды әзірлеуде Мұстафа Шоқай алдына аса шетін мәселе ретінде журналдың баспа тілін анықтау сұрағы қойылды. Басылымның негізгі оқырмандары – Түркиядағы түрік жұртшылығы мен кеңестер одағынан тыс аумақта өмір сүрген түркі мұһажырлары еді (кеңестік биліктің тосқауылы мен кедергісіне қарамастан, журналдың кеңестер еліне де қандай да бір жолдармен таралғанын фактілер айғақтайды). Сондықтан егер Түркиядағы басым көп санды оқырманға түсінікті болу мақсатын көздесе, басылым сөз жоқ, сол тұста Түркия елі қолданып отырған латын қарпін және түрік тіліне жуық диалектіні таңдап алуы тиіс-тін. Тағы бір жөннен Еуропа және Ауғанстан, Пәкістан, Араб елдері мен күншығыстағы Жапон, Қытай сияқты түркі мұһажырлары мен этникалық топтары өмір сүретін аймақтарда түркі халықтарының әлі де араб графикасындағы түркі жазуларын қолданатындығын таразыласа, журнал тіліне араб нұсқасындағы қаріп үлгісі лайық болмақ. Осындай саяси, тарихи, географиялық т.б. ерекшеліктердің бәрін сараптай келе, Шоқайұлы журналына ерекше бір түркі жазуын қолдануды ұйғарды. Көздеген мақсатқа жетуде айтарлықтай септескен бұл тіл Орта Азия аймағында қолданылатын қазақ, өзбек, татар тілдерін өзара бейімдеуден, сондай-ақ Түркия түрікшесін ұтымды үйлестіруден жасалған қосынды тіл еді. Өздері шағатайша деп таныған аталған тілді қолдану арқылы Мұстафа Шоқай бірқанша мақсаттарды көздеді.

Ең әуелі, Мұстафа Шоқайұлы бастаған топ журналды Орта Азия және басқа өлкелерде өмір сүретін қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, башқұрт т.б. түркі халықтарына бірдей ұғынықты ету мақсатын алға қойды. Бұл бір жағынан 1925 жылы Түркістан Республикасы ыдырағанға дейін іргесі бөлінбей, қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен ретінде жігі ажырамай тұтас өмір сүрген Орта Азия халықтарының болашақта ортақ саяси платформаға бірігуінің қажетті алғышарты деп қарастырды. Сондай-ақ журналдың бұл саясаты Мұстафа Шоқай бастаған күрескерлердің ұстыны – түркі тұтастығы идеясымен үндесті. Большевиктік шовиинстік пиғыл сол тұста ұлыстарды ұсақ ұлттарға бөлшектеу арқылы күшін әлсіретіп, саяси әлжуаз, төменетекті «бұратана» халыққа айналдыруға барын сала кіріскен еді. Басылым жергілікті өлкелерге жүргізіліп отырған «бөлшекте де, билей бер» саясатына қарсы ортақ тіл жасау әрекетін нақты күрес тәсілі ретінде бағалады. Оған қоса Исмайл Гәспірәлінің (ағартушылық қозғалыс – жәдидизмнің негізін қалаушы) «тілде, істе, пікірде бірлік» ұранымен 1883 жылдан жарық көрген «Тәржіман» газетінде біршама табысқа жеткен осы әдісті одан әрі жетілдіріп, тереңдетуді мақсат тұтты. Осылайша, Берлинде жарық көрген басылым Стамбулдан Самарқанға дейінгі бүкіл түркі әлемінде тегіс оқылып, ой-идеясы шартарапқа тұтас тарады.

'Яш Түркістан' журналы №95 нөмірінің мазмұны (1937 ж.).jpg

Өздерінің қолданған осы тілі туралы сөз қозғағанда журнал редакциясы атынан пікір білдірген Есен Тұрсын басылым тілін шағатай тілі деп атағанда оның ешқандай да ХV ғасырдағы ескі шағатай тілі еместігін әрі оны тірілту ниеттерінің де жоқтығын, ХХ ғасырдың мәселесін ХV ғасыр тілімен көтерудің еш қисынға да келмейтіндігін атап көрсетеді.

Журнал тілінің маңызы Орта Азия топырағында қысымшылыққа ұшырап, тынысы тарылып келе жатқан түркі тілдеріне бағыт-бағдар беру, жол-жоба көрсету ретінен де көрінді. Өйткені сол тұста тілдік экспансияға ұшырап, орыс тілінің ықпалында қалған түркі тілдері шұбарлануға, бөтен сөзбен былғану дертіне тап болған-ды. Сондықтан журнал өз алдына Орта Азиядағы саяси және мәдени өзгерістерге сай пайда болған атау-термин, жаңа ұғымдарға үлгі ұсыну, сөйтіп, бір жағы парсы-арап, енді бір жағы орыс тілінің ықпалынан арылтуды мақсат етті. 

Журнал неге Берлинде жарық көрді?

Мұстафа басылымға Францияда редакторлық еткенімен, журнал Берлинде басылып, таратылған. Оның да бірқанша обьективті себебі бар еді. Ең басты шарты – Берлинде журнал ісіне жәрдем берерлік көптеген Орта Азиядан келуші жастар шоғырланды. 1922 жылы Түркістан Республикасынан Германияға оқуға келген жастар Кеңес үкіметі оқу ақысын төлеуді тоқтатқаннан кейін бір бөлігі кері қайтса, енді бір бөлігі Түркияда, тағы бір бөлігі Германияда қалып қойды. Журналды Берлинде шығаруда осы жастарға арқа сүйеу жағы көзделді. Екіншіден, журнал өзіне дейінгі «Иени Түркістандай» латын қарпінде емес, арап қарпімен тасқа басылды. Ал араб қарпі бар баспа машинасы Еуропа қалаларының бәрінен табыла бермейтін. Табылған жағдайда да тым қымбатқа түсетін. Сондықтан Германияның Берлин қаласы лайықты саналды. Бұлардан бөлек «Иени Түркістанның» тағдыры көрсеткендей Кеңес Одағының ықпалы әлсіз жерді таңдау түпқазық шарт еді. Ал сол тұста Кеңес ықпалы ең әлсіз Еуропа қаласы осы Берлин болды.

«Яш Түркістан» шығу ұзақтығы жөнінен ұлттық-демократиялық баспасөздің көшін бастайды. Орынборда жарық көрген «Қазақ» 5 жыл шығып тұрса, «Яш Түркістан» 10 жыл бойына үзбей тарады. Өткір мақалаларымен кеңестік режимді аяусыз сынады, батыл әшкереледі.