Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

1920 жылдар: тіл майданындағы тайталас

1508
1920 жылдар: тіл майданындағы тайталас - e-history.kz

1919 жылы өзгеріс комитетінің тілі болған «Ұшқын» 1920 жылы «Еңбек туы» атанса, бір жылдан кейін «Еңбекшіл қазақ» атауымен жарық көре бастады. А. Байтұрсынов, М. Сералин, М. Тұрғанбай, Б. Күлеев сияқты белгілі тұлғалардың жігерімен өмірге келген басылым 1921-1922 жылдары Ә. Байділдаұлы, А. Асылбекұлы, М. Әуезұлы, Т. Телжанұлы, Қ. Нұрмұхаметұлы, Т. Жүргенұлы, Е. Алдоңғарұлы сияқты белді қаламгерлермен толығып, шығармашылық тұрғыдан өрісін ұлғайтты. 

«Ұшқыннан» лаулаған жалын

Сол тұста газет аса өзекті болған жер мәселесінен тыс, оқу-білім, шаруашылық жағдайларын жиі сөз етіп, жаңадан құрылған кеңестік негіздегі қазақ мемлекетін аяқтан тұрғызуға күш-қуатын жұмсады. Осы жылдардан бастап, «Қазақ» пен «Айқаптан» тамыр тартқан қазақ тілі мәселесіне қайтадан қан жүгіріп, сергек ойлар басылым беттерінен көріне бастады. Әсіресе, Сәкен Сейфулиннің «Еңбекшіл қазаққа» редакторлыққа келуімен қазақ тілінің мәртебесі газеттің жиі қозғап, ұдайы көтеретін негізгі тақырыбына айналды. Шағын ақпараттан көлемді проблемалық мақалаларға дейін әртүрлі жанрларда жарық көрген жазбалар жергілікті жерлердегі, орталық мекемелердегі қазақ тілінің іске асу жағдайын қадағалап, кемшіліктерін сынға алды. «Қазақ тілінде жүргізілсе екен», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Қазақ тілін жүргізуде елден келген мағлұмат», «Не қылдыңдар?», «Қанына отаршылдық сіңген Чувилин», «Қазақ тілін жүргізу жайында» тағы басқа да толып жатқан мақалалардың жарық көруі соның дәлелі. Бұл, әрине, Сейфоллаұлының қайраткерлігімен тікелей байланысты екені анық.

«Тілбұзаризм»

«Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек!» аталатын сондай бас мақаланың бірінде Сәкен «Қазақша хат білмейтін адамдар французша білсе де, Қазақстанда бір кезде іске аспай қалуы ап-анық нәрсе» деп ұлт тілінің болашағына үлкен үміт жүктейді. Бұл қазақ тілі мәселесінің күнтәртібіне өткір қойылып, оның мемлекеттік тіл мәртебесін алуы үшін ашық майдан ашқан 1923 жыл еді.

Басылым бетінде сол кездегі «оқыған» азаматтардың қазақ тілін бұзып қолданып, бөтен тілмен шұбарлап сөйлейтін жат қылықтары да мейлінше сынға ілікті. Сұлтамахмұт «Айқап» журналында сынаптай таза, күмістей кіршіксіз туған тілімізді Бұхардың, арабтың бас қатырғыш діни жақиеттерінен таза ұстайық деп үн қатса, «Еңбекшіл қазақ» пен «Еңбекші қазақ» басылымдары сөз арасында орыс тілін орынсыз қосақтап, қазақ тілін бөтен сөзбен шұбарлап қолданатын оспадарлыққа қарсы шықты. Сондай ерсі мінездің бірі газетте былай суреттеледі:

«Уай, кешегі заседанияда мен сөйлегенде бар ма едің?

–       Жоқ.

–       Тұуһ! Сен провинцияда обыватель болып кетіпсің ғой.

Тағы біраз олай-бұлай жүргеннен кейін түсін суытыңқырап:

–       Бағана мен қызбен келе жатқанда сен қазақша сөйлеп жібергенің не?

Мені оскорблять етіп... Ақымақ екенсің ғой, тәйірі!

–       Немене?– деп анау басын көтеріп алды.

–       Ол қазақшаны сенен кем білмейтін ноғай қызы...

–  Ноғай қызы болса, мен не жаман сөз айтып едім?, – деп айтқанын ойлай бастады.

–  Бәрібір сені бір ақымақ жігіт еді, малайым (деньшигім) еді дедім...

Сөйтіп, ол жерден де выход тауып кеттім» немесе:

«- Қағазды экономить ету керек қой.

- Үнемдеу керек десең, қазақ болып кетем дейсің бе?

- Ал, үнем-ақ болсын, басқа орыс сөздерін қалай переводтайсың?

- Переводтамаймын, аударамын!

«Ендігі тілегім» мен «Тілбұзаризм» атты бұл оқшаушаларда суреттелетін танымы таяз, қағынан жеріген жас мінезі қазақ арасында жаңадан жайылып келе жатқан кеселді дерттің нышанын аңғартқандай еді. Бұл патшалық саясаттан бері буынға түсіп келе жатқан орыстандыру қаупінің салдарын сезіп, кеселін асқындырмас үшін күрес майданына шыққан ұлт зиялыларының қаққан дабылы болатын. Өкініштісі сол кезде белгі беріп, бел алған бұл дерт ауа жайылып, асқынып, бүгін кіршіксіз тіліміздің тұнығын лайлаған басты мәселеге айналып отыр. Басылым тігінділерін ақтарыстырып отырып, шалажансар аудармалар мен мекеме атаулардың орынсыз қысқартылуы да біраз намысты азаматтардың қалам көтеруіне себеп болғанын байқадық.

Мадияр неге күйінді?

«Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға» атты мақалада автор Ішкі істер комиссариаты жолдаған бұйрық мәтінін сынға алады:

Газет беті.jpg

«Ішкі істер халық комиссариатының билеу бөлімінің бастығының 70-інші санды 15-інші июльдегі:

Осымен мәлім қылады қолданып, орындап тұрмаққа дайындалған инструкцияны бұл инструкция қабылданған халық комиссар, халық соты, жер-су бөлімінен денсаулық бөлімінен

Кімге қай бөлімнен бұйыратын міндетті жұмыс сельсовет ауылатком дайындалады. Халық ортасынан міндетті жұмыс сельсовет бұйырады өзінің қол астындағы отырғышы граждандарға сельсовет ауылатком дайындалады яки сайланады. Әр төрт айдан бұрын өзінің айналасындағылармен екі рет бір айда бір адам екі рет сайланады реттесіп үй басына барлық ауылаткомдары сайлайды еркек болса 20 жас пен 50 жастың арасында болса 20 жас пен 45 жастың арасында болса әйел сайланады. Егер де сельсовет ауылаткомдарға қарсылық қылған адамдар болса ол уақытта сельсовет ауылатком 79-ыншы уголовный статьяға муапық айыпты қылып ұстайды сельсовет ауылаткомнан ықтиярсыз кетуге болмайды өзінің қарамағындағы сельсовет ауылаткомға бағынады өзінің председателіне әм және де күзетеді өзінің халқының тыныш болуы үшін нағызына қолын қойған копия дұрыс көшірілді деп Қызылорда болревком іс басқарушысы Садақбаев»

Осындай теріс әрекеттерді дер кезінде тежемей, өз міндетіне салғырттық танытып отыр деп қазақ тілін жүргізетін орталық комиссияға мін таққан Мадияр (Міржақып – автор) тілге жасалған мұндай қиянатқа қатты қапаланады. «Міне, осы да қазақша ма? Бүйтіп қазақшалағанша орысша жаза салған болсақ, біреу болмаса, біреу оқыр еді, түсінер еді. Бұл приказ бүкіл Қазақстан еліне тегіс жайылды ғой. Мұндай приказ біреу ғана емес шығар, осы сықылды талай «қазақша» жазулар ел-елге тарап кеткен шығар, осы күнде де жазылып жатқан шығар. Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын мұндай сорақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң «қазақшаң мынау болса, орыс болып-ақ кетелік» деушілер табылмай ма, сонда не бетімізді айтамыз?»,– деген жанайқайынан қаламгердің ұлтқа шын жаны ашитын азаматтық болмысын, тілдің формашылдыққа айналуынан алаңдайтын намысшыл келбетін тану қиын емес. 

Ажуа аударма, дүмбілез атау

Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен іс жүзінде екінші орынға ығысып, орыс тілінің шаңын қауып қала беретін тілдің дімкәс күйі баспасөзде көп айтылып, кедергілер мен кемшіліктер көп сыналды. Сондай сынға іліккен сөлекет жайттың тағы біріне көз жүгіртсек:

«Кеше Қызылорданың Карл Маркс көшесімен келе жатсам, бір әдемі үйдің маңдайында ірі қаріппен қып-қызыл қып жазылған сөздер анадайдан бадырайып көзге түсті. Оқысам, «Қазақ алсиелік сауа қоғака...»

Бұл тағы не сұмдық? «Қазақ алсиелік» дегеніне қарағанда бұл қазақ үшін салынған әжетхана болар ма? Бірақ үйі әжетханаға қиярлық емес. Ал, «Сау қоғакасы» не?

Мұнысы тіпті түсініксіз. Азырақ тұрып қазақша жазудың астына қарасам, «Казакское Акционерное О-во Казторг» деген сөздер маржандай тізіліп тұр. Мағынасына да түсіне кеттім. Бірақ қазақ басыммен орысшасын судырлатып жіберіп, «нағыз қазақша» жазылған сөздің мәнісіне түсінбегеніме ызаландым. Шынымен-ақ, орыс болып кеткенім-ау!». Мұны оқыған көзі қарақты оқырманның намысы оянатыны рас. Ажуа мен кекесінге құрылған, «қазақшасын түсінбегеніме ызаландым» дейтін автор сынынан, шындап келгенде, тілдің ары мен ажарын, мәні мен мағынасын бұзып, сұлу тілді сұрықсыздандырған әлдекімдерге қарата ызаны, ашуды аңғару қиын емес. Осындай сорақылықтарға байланысты «Жазушыларымыз, есі бар аудармашылар, кеңсе қызметкерлері де қазақшалағанның жөні осы екен деп былықтыра беруді қойып, мемлекет жұмысына, жұрттың игілігіне бейімделіп, еңбек атқарсын. Баспасөздерін басқаратын орындар, білім тілін қарастыратын ордалар, кеңес құрылысына қатысы бар мекемелердің бұл мәселелерді қарастыруы жөн» деп орынды сын, орнықты пікір білдірген Шәймерден тұжырымын көлденең тартқаннан артық айтар жоқ, әрине.

Басылымның тіл мәселесінде кемшіліктерді көрсетіп, оны атқарушы биліктің қаперіне салуға, сол арқылы тиісті шаралар қабылдаттыруға мұрындық болғанын ашалап айтып, анықтап көрсету тарих алдындағы парыз. Өйткені бұл кеңестік баспасөз тек партиялық биліктің үгіт-насихат құралы болды деген жалаң көзқарас, жадағай тұжырымға қарсы анық дәлел болмақ. Біз бүгінгі күні өткен баспасөз туралы сөз қозғағанымызда кеңестік журналистиканың алғашқы беталысына, дәлірегі жиырмасыншы жылдар кезеңінде өзіндік ерекшеліктері: ізденістері мен қайшылықтары болғанын атап көрсете отырып, оны жүйелі түрде зерттеп, әділ бағасын беру бүгінгі ұрпақ мойнындағы борыш деп білеміз. Себебі мұны бағаламау ұлттық журналистикамыздың қалыптасуына айрықша үлес қосқан арыстарымыздың жанкешті еңбегін ескермеумен бірдей.

Тоғжанұлын толғантқан тақырып

Бір айтарлығы, тіл мәселесінде алаш қайраткерлерінің кеңестік буынымен бірге «көзін ашқаннан» тапшылдық ауасымен тыныстап келген Тұрар, Ғаббас сияқты кеңестік ұстанымның белді өкілдері де өз ұстанымдарын аңдатты. Оған «Еңбекші қазақтың» 1927 жылғы №253 санында жарық көрген «Қазақтарды қазақылау керек» атты мақала дәлел. Газеттің бірінші бетінде жарық көрген бас мақалада: «Қазақ бола тұрып, қазақшаны білмеу, ұмыту қай ретпен қарағанда да ар алдында ұят, бұл әсіресе, өзін қазақ еңбекшілерінің көсемімін, саяси басшысымын деп білетін қазақ коммунистеріне ұят қылық»,– деген батыл пікір айтылады. Партия жұмысында, ел билеу ісінде жүрген қазақ қызметкерлерінің туған тіліне өгейлік танытатын тоңмойын қалпын сынайды. Автор: «Қазақ еңбекшілерін орыс тілінде тәрбиелеп, орыс тілімен бастауға болмайды. Ылғи көшірмемен қазақ әдебиетін жасауға болмайды. Қазаққа түсініксіз көшірме кітаптармен қазақ еңбекшілерінің сана-саңлауын ашуға да болмайды. Ахмет пен Елдеске ғана мектеп кітаптарын жаздырып отырып, қазақ мәдениетін жасай алмаймыз. Мұны өзге оқығандарымыз ұқпаса да, қазақ еңбекшілеріне басшымын деп отырған қазақ коммунистері ұғу керек. Сондықтан қазақтарды қазақылау керек дегенде алдымен қазақ коммунистері басшы болу керек. Алдымен өздері қазақыланып, сөйтіп өзгені де қазақылау керек. Өзің «қазақ» болмай отырып, басқаларға «қазақылан» десең, ол сөзің бос сөз болады, ұғымсыз сөз болады. Қазақыландыру жұмысы ойлағанымыздай болсын деген қазақ коммунисі әуелі өзін қазақыласын», – дейді. 1927 жылы «Еңбекші қазақ» басылымында Ғаббас Тоғжанұлының әдеби көмекшісі ретінде М. Дулатұлының қызмет атқарғанын ескерсек, авторсыз жарияланған мақала Жақаңның өз қолынан шықпады ма екен деген де ой өзіне еріксіз жетелей береді. Қалай болғанда да партиялық басылымда редактор – Тоғжанұлының тіл мәселесінің төтесінен әрі тайсалмай бастыруы өз кезеңі үшін ерлік екені рас.

Мектеп тілі қалай орыстандырылды?

Тіл тақырыбының тағы бір үзігі «Мектепте оқыту ісі қай тілде жүруі керек?» деген сұрақтан көрінеді. «Еңбекші қазақта» жарық көрген «Халық ағарту мәселелері» атты мақаласында автор білім саласындағы үш үлкен мәселе –мектеп үйлерін жөндеу, оқу құралдарын әзірлеу, мектепте қай тілде оқытуды белгілеуді атап көрсетеді де, оқыту тілі туралы: «Қазақша тіл бастауыш мектепте ғана болсын. Онда да сабақтың кем дегенде төрттен бірі орыс тілі болсын. Орта дәрежелі, одан ілгері мектептердің бәрінде орысша оқытылсын. Мұнсыз қазақ балалары жөнді білім ала алмайды»,– деп тұжырымдайды. 1925 жылдан бастап көтеріліп, пікір ретінде талқыға түсіп жүрген тақырып 1927 жылға жеткенде ашық топтық тартысқа ұласты. Кошмұхамед Кемеңгерұлы пікірін ұстаған алаштық зиялылар мен Ілияс Қабылұлы бас болған кеңестік топ арасында өрбіген бұл айтыста қазақ тілінің болашағы үшін бұлқыныс, ұлттық ұстаным ашық майданға шықты. «Мектеп қай тілде болу керек?» дегенде Қошке Кемеңгерұлы қазақша оқытушылардың жеткіліксіздігі, орта мектепке қажетті қазақша кітап-құралдарының кемдігі, қазақ тілінде орта мектепті бітіргендердің орыс тіліндегі жоғарғы мектептерге оқуға түсе алмауы сияқты көлденең себептерді алға тартып, орта мектеп орыс тілінде болсын дейтін негізсіз көзқарасқа қарсы шығады. Әр себепті өз дәлелдерімен пысықтай келе, бұл кемшіліктерді жоюға болатынын, егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, қазақ тілінде кітап басудың қажеттігі болмай қалатынына алаңдаушылық білдіреді. «Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмаса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды, ұлт мектебі, ұлт мәдениеті жасалмайды» деген пікірін ортаға салады. Басқа түрік ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы, өз тілінен безінуі қисынсыз екендігін шамырқана жеткізеді. «Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғарғы мектепте де оқу бара-бара қазақшаға айналады» деген тілек-тұжырымын қорытады. Кейінірек газеттің №36 санында Ілияс Қабылұлы «Білімге ұмтылу керек» атты мақаласында жоғарыда айтылған тұжырымға қарсы пікірін білдіреді. «Қазақ тілі білім тілі бола алды ма?» деп төтеден сұрақ қойған автор: «Төңкерістен бұрын кәдеге аспаған қазақ тілі қазіргідей күйде тек орыс тілі таяныш болса, бастауыш мектепті оқытуға ғана жарайды», – деген қорытынды жасайды. Қабылұлының ойынша, патша заманының қысымы, жиһангерлігі салдарынан ескі заманда қазақ тілінде бір мектеп те болмай, мектептер тек орыс, татар, араб, өзбек тілдерінде оқытқан. Оқу кітаптары да сол тілдерде жазылған. Қазақ тілі ешқашан білім тілі болмаған және осы күнде де білім тілі болып отырған жоқ. Сол себепті «Мақсат білімді болу болғандықтан қазақ тілін шарт қылмай-ақ өзге жолдармен жетуге болады. Бізге төте жол керек, пайдалы жолды талғамауымыз керек. Қазіргі күйімізде қазақ тілі бізге негізді құрал болуға жарамайды, орыс тілінің көмегімен бастауыш мектепке ғана жарайды, ал жоғары, орта мектептер үшін қазақ тілі жарайды дегенді қою керек. Сондықтан менің ойымша, бұл ретте орыс тілімен пайдалануымыз керек. Орыс тілі біздің кеңестер одағында бірден-бір білім тілі», – деп қазақ тіліне сенімсіздік пен өзекке тепкен өгейлік танытады. Қабылұлы одан әрі ұлтшылдарды күстаналауға кіріседі. «Мектептерімізде оқу қазақ тілінде болсын деушілер ұлттық сезімді қозғау үшін айтады. Одан басқа ешнәрсе емес. Кейбіреулер мектепте оқу қазақ тілінде болу қазақ ұлты өз тізгініне өзі ие болу мақсатын көздегендік деседі... Бұлардың саны жалпы оқытушылармен салыстырғанда аз. Бұл аздың көпшілігі саяси пікір жағынан уақ байды қуаттаушы ұлтшыл оқығандар, осылардың бәрі сенімсіздігінен кеңес, шаруа, партия қызметінен шығарылып тасталғандар», – деп шамасы жеткенінше ұлтты ағарту мақсатында «қайтсек тілімізді ұшпаққа шығарамыз» деген ақжүректерге қара күйесін аямай жағады. «Сендердің күндерің өтті, сендер партияның сенімінде жоқсыңдар» дегендей ызбарланады. 

Еңбекші қазақ газеті.jpg

Өкініштісі, ұлт зиялылары мен тапшылдар арасындағы бұл тартыс кеңестік билік тарапынан алдын-ала жоспарланған қойылымның алғышарты еді. Айтыс-тартысқа орын беріп, сырттай бақылап отырған партиялық номенклатура «өзара өрістеген сыннан» кейін түрлі жікшілдік топтар ойлап тауып, зиялыларды лек-легімен көзін жойып отырды. Бұл қанды қасап қазақ зиялыларын алалаған жоқ. Тіпті, бір кездері кеңес билігінің қазығын қағысқан «қызыл» қайраткерлер де аман қала алмады. Бас көтерер көсем, қарсы сөйлер шешен қалдырмаған кеңес саясаты ұлттың күретамыры-зиялыларды құртқаннан кейін «Ұлттық республикалар мен облыс мектептерінде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» қаулы қабылдап, орыстандыруды қарсылықсыз жүргізуге кірісті. «Қазақ мектептерінде орыс тілін міндетті түрде үйрену туралы» нұсқау беріп, ұлттық ділге қарсы тағы бір мәрте жойқын соққы жасады. Мұнымен де айылын жимаған шовинистер ендігі «Ұлт мектептерін қайта құру» құралы арқылы қазақ мектептерін жауып, орнына толыққанды орыс тілінде сабақ жүргізетін мектептер жасақтады. Осылайша бірінен кейін бірі іркес-тіркес жасалған жымысқы саясат қазақ тілінің өмір сүруін қиындатып, шала-жансар күйге түсірді. Ең өкініштісі, Қошкенің «Орта мектеп қазақ тілінде болса, жоғарғы мектепте де оқу бара-бара қазақшаға айналады» деген арман-тілегі кеңес билігі тарапынан қалай жанышталса, «Орыс тілі біздің кеңестер одағында бірден-бір білім тілі» деп өзеуреген Қабылұлының тұжырымы еш қиындық-кедергісіз жүзеге асып жатты. Өйткені Қабылұлынан кейін де кеңес одағының монотіл саясатын мадақтап, «Оқушылардың орыс тілін жақсы меңгеруі, кейіннен ССР Одағындағы жоғары дәрежелі оқу орындарының қайсысында болса да оқуына мүмкіншілік туғызады» деп жар салып, жағымпазданып жатқан партия қызметкерлері табылды.

Қалтарыста қалған «Қазақыландыру»

20 жылдардың соңына қарай баспасөз бақылауын өз қолына алған большевиктік билік бір кездері өзі жолға қойған ұлттық саясатынан, кеңселерді қазақыландыру бағытынан бас тарта бастады. Мысалы, Алматы округінде аудандаудан бұрын мекемелерді қазақыландыру 33 пайыз болса, аудандалғаннан кейін 12 пайызға бір-ақ құлдырады. Оралдың да қазақылану жағдайы 34-тен 10 пайызға кеміген. Бұл өз кезегінде бойында ұлттық намысы бар, жігері жасымаған есті азаматтарды бей-жей қалдырмады. Газет арқылы қазақыландыру ісінің дұрыс жүзеге аспай жатқандығынан дабыл қақты. Сондай жанайқайдың бірін «Қазақыландыру туралы жеті бұйрық»    жазбасынан көреміз. «1927 жылдың 17 майында Қазақстан кеңес комитеті мен комиссарлар кеңесі «Қазақстанның көбі қазақ округ, үйездік мекемелері 1928 жылдың бірінші январына дейін қазақыланып болсын» деп қаулы шығарды» деген бұйрық мазмұнын алға тартып, 1928 жылдың 5 февраліндегі №258, 18 февраліндегі №363, 11 апреліндегі №865, 26 апреліндегі №1000, 8 майдағы №1120, 18 июндегі №1523 қатарлы кеңселерді қазақыландыру бағытында қабылданған 7 нұсқаудың мүлде жүзеге аспай отырғанын сынайды. «Жоғарыдан «Қазақыландыру керек» деген бұйрық-жарлықтар ат терін құрғатпастан келсе де, билеу бөлімі қазақыландыру жұмысына зер салмай отыр. Істің бәрі орысша. Жалғыз ғана бір қазақ іс жүргізушісі бар. Бір кісімен кеңсе жұмысы қазақыланбайды ғой. Мұны тиісті орындар ескеруі керек» деген оңды пікір білдіреді.

Дәл осы кеңселерді қазақыландыру жұмыстарына қатысты мәселе «Еңбекші қазақтың» 1928 жылғы №297 нөмірінен де айқын көрініс табады. Автор қазақыландыру ісінің аяқ алысының баяулығын, партия қызметкерлерінің енжарлығын сынай келе: «Бұдан былай осылай қазақыландырсақ, әрине, ештеңе шықпайды. Бұл жұмысты тегінде партия орындарымыз болсын, бақылау орындарында болсын қолға алуы керек. Қазақыландыру жұмысы енді жалпы алмай, әр мекемені жеке-жеке алып тексеру керек. Неге орындалмаған, қандай бөгет болған, соны жеке-жеке алып, анықтау керек. Сөйтіп, төрешілдікке салынған, бұл жұмысқа немқұрайды қараған, не орысшылдыққа берілгендер болсын, олардың тиісті сыбағасын беру керек. Партия жөнімен де, закон жөнімен де мұндайларды жауапқа тарту керек», – деп жауаптыларды анықтауға, кедергі жасап, бөгет болғандарды партия, закон жолымен жаза кесуді сұрайды. Амал нешік, бұл ұлт мерейін үстем етуді ойлаған арлы азаматтардың соңғы бұлқынысы, буырқанысы болды. Редактор ретінде мұндай өткір сынды басқан Рысқұлұлы да көп ұзамай жазалаушы құрылым тарапынан опат болды.

Тіл майданының соңғы тайталасы

Кеңестік республика құрылғанда ел алдындағы абырой-беделінің биігінен сескенген большевиктік билік халқы көсем деп танитын алаш зиялыларын біржола саясат сахнасынан ығыстырып шығаруға дәті жетпей именсе, 20 жылдардың соңын ала, өздері дайындаған төл кадрлары өсіп-жетілген тұста алаш зиялыларын соңғы тұғыры – баспасөз, оқу саласынан да аластады. Айталық, ұлттық мәселелерді кем жазбаған Шәймерден Тоқжігітұлы әлде мәжбүрліктен заман ығына жығылып, әлде көзқарас-ұстанымы өзгергені себепті өзінің «Қазақшылау» туралы» мақаласында бұрынғы мүдделес алаш зиялыларына қарсы шаптықты. «Әдебиет-мәденет төңкерістің бір жіңішке жері. Мұны бұрын бізге тән емес «жандар» қолданып келді. Кітап жазу ұлтшылдардың «олжасы» болып жүрді... Әсіресе, өнер, білім жағын «осылар» алды. Мектептің мұғалімі, оқу кітабы, керек десе партия тарихы, партия жолы, Ленин білімі сияқты бүгінгі жұртшылықтың дәмін татып қанағаттанып, ауқаттанатын тамағының да «ас басшылары» комунист емес, ескі ұлтшылдар болды», – деп бір тықсырып алған Тоқжігітұлы мұнымен айылын жимастан одан әрі, – «Қыр баласы, Ахмет сияқтылар өз жолынан айырылмаған, жаңа жолды қабылдамаған «жандар» реті келсе «тапқа салған көсеуден сорайып шыға келеді», «қаңсыған шелегін сүйрете жүреді». Ескі «малмасын» ашытыңқырап, «иісін мүңкіте» соғады», – деп аузынан ақ көбігін ағызып, өршелене қаралады. Мұнымен күресу керектігін, пікір майданында жат мінезді, теріс тілектерді үстемдікке жеткізбеу қажеттігін қатты талап етіп, ширығады. Сөз соңында партия басшылығынан саяси мәні бар, төңкеріс пен партия жолына байланған кітаптарды партиядан тысқарыларға жаздырмауды, партия, кеңес бақылауын күшейтуді, партия комитеттерінің үгіт-насихат баспасөз бөлімдері қазақ комунистерінің арасынан арнайы топ жасақтап, тек соларға ғана мақала жариялауға рұқсат беруді, баспасөздегі сынды күшейту қажеттігі туралы талап қояды.

Сөйтіп, «баспасөзді елдің қисығын түзейтін – тез, терісін көрсететін – айна» деп танитын алаш оқығандары ырықты түрде қызмет етіп келе жатқан ағарту, баспасөз шебінен қудалауға ұшырады. 1928 жылдан кейін ұлттық тақырыптардың өрісі тарылып, осыған дейін батыл көтеріліп, өткір жазылып келген түрлі мәселелердің жалқыны әлсірей бастады. Қазақ тілінің болашағын ойлап, тағдырына алаңдаушылық танытқан жазбалар да сиреп, көбіне шағын хабарлама, жергілікті жерден жолданған хат-хабар сипатында көрініс тапты. Сипайқамшылап сын айтқандай болған бұл хабарлар мазмұнынан құмыққан үнді аңғару қиын емес еді. Осыған дейінгі пікірталасқа, айтысқа құрылған жарияланымдардың орнына 30 жылдардан бастап біртекті коммунистік құрылысты, партиялық жетістікті мадақтаған сарындас жазбалар белең алды. Газет бетін бірте-бірте өзара қаралаған, сынаған, әшкерелеген, жау іздеген жазбалар басып кетті. Осылайша, баспасөз басы бүтін тек партия насихатының құралына айналды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?