Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы тарихындағы «ақтаңдақтардың» зерттелуі мен насихатталуы мәселелері туралы

2169
Қазақтардың Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы тарихындағы «ақтаңдақтардың» зерттелуі мен насихатталуы мәселелері туралы - e-history.kz

Адамзат баласы пайда болғаннан бастап осы уақытқа дейін ірілі-ұсақты соғыстардан, қарулы қақтығыстардан көз ашпай келеді. Швейцариялық зерттеуші Жан-Жак Бабель адамзат баласы б.з.д. 3500 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін 292 жыл ғана тыныш, бейбіт өмір сүріпті. Қалған жылдардың бәрі соғыстарға, қарулы қақтығыстарға жұмсалған деген дерек келтіреді [1].

Солардың ішіндегі ең сұрапылы және адамзатқа ғаламат қасірет әкелгені 1939-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс. Соғысқа әлемнің 57 мемлекеті қатысып 80 млн жуық адам опат болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс хронологиясын айқындаудың өзіне кейбір мемлекеттердің оқымыстылары келіспеушілік танытады. Мысалы, Қытайдың кейбір ғалымдары осы соғыстың басты күнәһарінің бірі милитаристік Жапония Қытайға қарсы соғысты 1931 жылы бастады және Қытай 1941 жылға дейін жапон агрессиясына қарсы жалғыз соғысты деп пайымдайды. Қытай жалпы осы соғыста 35 млн адамынан айрылып, тікелей және жанама 600 млрд доллар зиян шекті деген уәж айтады. Сол сияқты Польша осы соғыста 5 млн адамын жоғалтты, яғни халқының 16 процентінен айрылды [2].

Қазіргі уақытта Балтық бойы елдері, Украина, Грузия, Молдова мен Румыния соғыс тарихын әділетті түрде қайта жазуды ұсынуда. Осы соғыстың нәтижелерін қайта қарауға Германия да қарсы емес сияқты. Бірақ Ресей Федерациясы мен Израиль мемлекеттері соғыс тарихын қайта жазуға мүлде қарсы. Жалпы алғанда бұл соғыстың тарихын қайта жазуға қарсылар қатары көп.

Кезінде КСРО және оның қазіргі мұрагері Ресей Федерациясы Екінші дүниежүзілік соғыста ең көп зардап шеккен және фашизмді жеңуде шешуші рөл атқарған мемлекет ретінде танылды. Кеңес Одағы кезінде бұл соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп атап, кейінірек 27 млн адамынан айрылғанын және 2 трлн. 600 млрд доллар (ұлттық байлығының 30 пайызы) материалдық зардап шеккенін мәлімдегені бәрімізге мәлім [3].

КСРО құрамында болған Қазақ КСР-і жахандық соғысқа еріксіз тартылып, адами, материалдық және моральдық зардаптар шекті. 74 жыл Кеңестер Одағының құрамында болғандықтан қазақтар үшін бұл ортақ Отан, ортақ тағдыр, ортақ тарих кезеңі болды.

Қалай дегенмен уақыт озып, көзқарастар өзгеріп, ұрпақ жаңарғанымен аға ұрпақ өкілдерінің өмір жолын, ерлігін ескеру және құрметтеу кейінгі кейінгі буынның парызы.

Қазіргі уақытта ғалымдар халықаралық қоғамдастыққа «соғыс/қақтығыс» сияқты ұғымдарға ортақ көқарасты дамыту, қалыптастыру және соғысты адамзат ұғымына жат ету қажет деп санайды. Өйткені қазіргі заманғы соғыстар жаңа сипатқа ие болуда, оларға «прокси соғыстар», «гибридтік соғыстар», «ақпараттық соғыстар», «сауда соғыстары», «биологиялық соғыстар» деген түрлі атаулар таңуда.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақстандықтардың қатысуына арналған іргелі зерттеулер кеңестік кезеңде жазылды да сол кездегі идеологиялық ұстанымдарға орай зерттеушілер бірқатар тақырыптарды айналып өтуге мәжбүр болғаны белгілі. Тәуелсіздіктің нәтижесінде отандық ғалымдар мен зерттеушілер бұрын жабық болған немесе елеусіз қалған «ақтаңдақтарды» жаңаша зерделеуді жүзеге асыруда.

Атыраулық тарихшы, журналист Жұмабай Доспанов облыс әкімдерінің қолдауымен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ офицерлері туралы 20 жылдан бері Ресей және Қазақстан архивтерінен тынымсыз деректер жинап 25 том кітап шығарды. Бұл зерттеуші жанкешті еңбегі арқасында бір өзі ғылыми-зерттеу институтының жұмысын атқарып шықты деуге болады.

2011 жылдан бастап Ресей архивтерінен деректер жинап 2015 жылы 10 томдық «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» деген деректі еңбек шығарды. Автордың кітаптың тұсаукесерінде айтқаны бойынша бұл кітаптарға 8400 қазақ офицерлерінің өмір деректері, кейбірінің ерліктері көрсетілген. Солардың қатарында 134 батальон командирі, 6 ұшқыш болған. Тек архивтерде олардың фотосуреттері болмаған [4].

Зерттеуші Жұмабай Доспанов ізденуді жалғастырып 2016 жылы деректердің көлемін 25 томға жеткізіп қазақ офицерлерінің санын 12 056 жеткізді. Автордың 2019 жылғы дерегі бойынша қазақ офицерлерінің саны 13 100 асқан (олардың 22-і қазақ қыз-келіншектері). Бұлардың қатарында 1357 қазақ офицерлері Қазақстаннан тыс республикаларда туып соғысқа сол елдерден аттанған қандастар екен [4].

Бұрынғы КСРО көлеміндегі мұсылман ұлттар арасында офицерлер саны бойынша қазақтар бірінші орында. Ал аға офицерлер саны бойынша татарлар мен башқұрттардан кейін үшінші орын. Соғысқа қатысқан аға офицерлер саны 271 екен (3 генерал-майор, 9 полковник, 30 подполковник, 229 майор). Бұл соғыс кезіндегі КСРО офицерлерінің 2,06 пайызын қазақтар құраған деген сөз [5].

Жұмабай Доспанов сонымен қатар 2 томдық «Кеңес Одағының Батыры атағы берілмеген қазақстандықтар» деген еңбек те әзірлеген. Олардың саны 321 болса, 6 қазақ екінші рет Батыр атағына ұсынылғанда берілмей қалыпты. Автор кітабында сол атаққа ұсынылғандардың құжаттары көшірмелерін де берген [5].

Өкінішке орай Қазақстанда құрылған 5 ұлттық құраманың (үш бригада мен 2 дивизияның) біреуін де қазақ офицерін басқармаған және 1942 жылы бұлардан ұлттық деген атауды алып тастаған. Ал латыш, литва, эстонның 9 әскери құрамаларының атаулары соғыс аяқталғанша сақталған және бәрін өз ұлттары басқарған, генерал атақтары болған және Суворов, Кутузов, Хмельницкий ордендерімен марапатталған [5].

2015 жылы Мемлекет тарихы институтының ғалымдары қазақ және орыс тілдерінде Еуропа елдеріндегі Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы тарихын жаңаша зерделеуге бағытталған «Абырой мен парыз» атты ұжымдық монография шығарды.

Қазіргі Парламент депутаты, саясаттанушы ғалым Берік Әбдіғали да негізінен Ресей архивтері деректеріне сүйене отырып 2015 жылы «Ұмыт қалған батырлар» («Забытые герои») атты деректі кітап жазып Ұлы Жеңіске қазақстандықтардың қосқан үлесін көрсетуді мақсат етті.

Кеңес өкіметі неміс фашист әскерлері Кеңес Одағының Еуропалық бөлігінің көп бөлігін басып алған кезде Орталық Азия республикалары халықтарынан ұлттық әскери құрамалар құруға тапсырма берді. 1942 жылы 21 наурызда Орта Азия Әскери Округына қазақ, өзбек, түрікмен, тәжік халықтары өкілдеріне құралатын әскери бөлімдер құру туралы №0029 құпия бұйрығы түсті. Соған сәйкес екі түрікмен, екі тәжік, екі қазақ және 9 өзбек атқыштар бригадалары құрылды [6,159-161].

Сонымен қатар №0029 бұйрықта Шымкент қаласында жасақталған №102 атқыштар дивизиясы негізінде №04/816 қосымша қазақ атқыштар полкін жасақтау туралы да нұсқау болды [6,159].

1941-1943 жылдары бұрынғы Калинин, қазіргі Тверь облысы жеріндегі Ржев шайқасының құрбандары туралы деректер кейінгі жылдары ғана көпшілікке мәлім бола бастады. Мәскеу қаласына өтетін теміржол және автомобиль жолдары түйіскен жерде орналасқан стратегиялық маңызы зор Ржев қаласы маңындағы қантөгіс шайқастар кеңестік заманда жұмбағы ашылмаған жабық тақырып болды, тек 2007 жылы ғана құпиясы ашыла бастады. Кезінде кеңестік әскери басшылық Ржев және Вязьма қалаларын азат ету бағытында «Марс» деген құпия атау берген әскери операция дайындап жүзеге асыруға ұмтылды. Осы шайқастарда фашистік Германия мен КСРО жақтан 2,5 млн адам шығыны болды деген деректер кездеседі. Зерттеушілер адам шығыны жөнінен бұған ешбір шайқас теңесе алмайды деп санайды. «Соғыс кезінің өзінде бұл жерді «Долина смерти» деп атаған. Тіпті И.Сталиннің өзі алғаш және соңғы рет майдан даласына шыққаны осы Ржев жері болыпты деген дерек кездеседі.

Ржев шайқасына Алматы мен Ақтөбеде құрылған 100-ші және 101-ші дербес қазақ атқыштар бригадалары қатысып адам төзгісіз ауыр шайқастарда жауынгерлерінің 80 пайызы қаза тапты [7].

Зерттеуші К.Әбеновтің Ресей архивінен алған дерегі бойынша 100-ші бригада жасақталған кезде 4.751 жауынгері болса, 1942 жылы соңғы шайқастан соң 1.994 адамы қалған, яғни 2257 адам шығын болған [6,186]. 101-ші бригада жасақталған кезде 4.918 жауынгері болса, 1942 жылы соңғы шайқастан соң 3.601 адамы шығын болған [6,190].

Әскери құрамалардағы жауынгерлер 17- 20 жастағы өрімдей қазақ жастары еді. Екі бригададан бірнеше жүз қазақ жауынгерлері ғана соғыстан кейінгі заманға аман-есен жетті. Соғыстан аман оралған №101 бригада ардагері Сақтаған Бәйішев академик атанды, Сұлтан Жиенбаев сауда министрі, Рымбек Бейсейітов қаржы министрі, ал Мұзафар Әлімбаев пен Өтебай Қанахин танымал жазушылар ретінде елге танылды [6,89-90]. Кеңестік заманда Ржев иініндегі қантөгіс шайқас туралы жанамалап, жергілікті маңызы бар шайқас ретінде ғана жазып құрбандар санын ашып жазуға тыйым салынды.

Сондықтан болар Д. А. Қонаевты алға салып 101-ші бригаданың ардагерлері осы сұрапыл шайқаста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер ерлігіне арналған Ресей жерінде бір ескерткіш белгі орнату туралы мәселе көтергенімен аяқсыз қалған сияқты. Калинин облыстық партия комитетіне ардагерлер өтінішін жолдағанымен Куркино деревнясында бауырластар зираты жөнделіп, күтімге алынады деген жауаппен аяқталыпты [6,89-90].

Тверь облысында соғыста қаза тапқан жауынгерлерді іздестіретін «Орел» тобының жетекшісі, запастағы офицер Дмитрий Александрович Жук Ржев маңындағы ормандар мен батпақтар арасында қалған 2 мыңға жуық қазақстандық жауынгерлердің мүрделерін және медальондарын тауып анықтаған [8].

Тәуелсіз Қазақстан басшылығының бастамасымен және демеуімен 2010 жылы қазақстандық бригадалар жауынгерлері құрметіне арнап мемориал орнатылды. Ескерткіштегі гранит тақталарға 10 мыңнан астам қазақстандық жауынгердің есімдері ойып жазылды [9].

Осы арада айтатын бәр жайт, Ржев шайқасына Қазақстанда құрылған тағы 6 әскери құрамалар қатысқан деген деректер бар және ол қазақстандық зерттеушілерді күтуде.

1941 жылдың қазанынан 1943 жылдың қаңтарына дейін созылған Ржев шайқасы туралы Ғалымжан Байдербес «Ржев шайқасының қаһармандары» кітабын жариялады.

Журналист Баян Сәрсембинаның жазуына қарағанда жинақ авторы Ғалымжан Байдербес соғыс кезінде кейбір өрімдей жастардың өздері сұранып майданға кетуіне 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталған ұлт қайраткерлерінің оқудан шығарылып, қаңғып қалған кәмелеттік жасқа енді жеткен ұлдарының қан майданның қақ ортасына баруына бір оқиға да себеп болуы мүмкін деген ой тастайды.

Нақты айтқанда «Халық жауының балалары өз еріктерімен соғысқа аттанса, әкелерінің қылмысы кешіріледі»-деген 1941 жылдың соңында Алматыда сөз тарап қаншама жасқа қолына қару алғызды. Мәншүк Мәметованың майданға сұрануы, Бейімбет Майлин, Темірбек Жүргеновтің т.б. ұлт қайраткерлері балаларының қан майданға кетіп жоқ болуына осы қаңқу сөз себеп болуы мүмкін деген пікір айтады [8]. Бұл да кеңестік алдамшы саясаттан күтуге болатын және зерттеушілер тарапынан анықтауды қажет ететін ой.

Қазақстан тарихы академиялық басылымының 4-ші томы соғыс жылдарында Қазақстаннан майданға алынған әскери құрамалар есебін алу, әсіресе ұлты, туған жері, әскерге шақырылған жерін тіркеуде көптеген кемшіліктер жіберілген. Сондықтан республиканың әскери қызметшілерінің ұлты бойынша шығындары туралы мәліметтер әлі шала. Бұл мәселені қосымша зерделеу қажет деп көрсетеді [9,485].

106-шы кавалериялық дивизия тағдыры да өткен ғасырдың 80 жылдарына дейін жабық тақырыптың бірі болып келді. 1941 жылдың желтоқсаны мен 1942 жылдың наурыз айлары арасында Ақмолада құрылған дивизияның 90 пайызы қазақтардан жасақталған. Ұрысқа кірерде 4323 адамды құраған. Дивизия поезбен наурыз айының аяғынан бастап бірнеше эшелондарға бөлініп Украина жеріне жеткізіліп сәуір-мамыр айларында Харьков бағытындағы Красноград-Мерефа-Лозовеньки ауданында жау әскерімен шайқасқа түседі.

Украиндық зерттеушілер мамыр айында бұл дивизияның аттылы қазақ жауынгерлерінің қысқы тон, пималармен, қолдарындағы негізгі қарулары-қылышпен жау танкілері мен пулеметтеріне қарсы шауып қырылғандарын жазады. Құжатта дивизияның 4091 жауынгерінде небәрі 102 винтовка және 3100 қылыш және 3180 ат болғаны көрсетілген.

Дивизия қоршауда қалып 26-27 мамырдағы соңғы шайқастарда жауынгерлері түгелге жуық қаза тауып, аз ғана бөлігі тұтқынға түсіп хабарсыз жоғалды. Құрбандықтар көлемін жасыру мақсатымен әскери басшылық бұл дивизия таратылды деп шешім шығарып, дивизия құжаттарын жойып жібереді [10].

Қазақстан Республикасы елшілігінің бастамасымен және Харьков қалалық «Бірлік» қоғамдық ұйымының қолдауымен Красноград қаласында 106-шы Ақмола кавалерия дивизиясы жауынгерлерінің құрметіне ескерткіш стелла орнатылды [11].

Қазақстандықтар 1939-1940 жылдардағы кеңес-фин соғысына да қатысты. Қазір қазақстандық архивистер сол елде қаза тауып, жерленген қазақстандықтар туралы мәліметтерді жариялап жүр. Бұл да зерттеуін күтулі тақырып.

Жапон басқыншыларына қарсы 1938 жылғы Хасан көліндегі, 1939 жылғы Халхин-Голдағы және 1945 жылы 9 тамыз - 2 қыркүйек аралығында Квантун армиясына қарсы шайқастарға қатысқан қазақстандықтар тарихы да зерттелмей жатыр. Жапонияға қарсы шайқастарға Қазақстанда жасақталған 2 полк қатысқаны белгілі [9,484].

Бұл тұста өзбек зерттеушілерінен үлгі алу керек сияқты. Алыс-жақындағы өзбектің бетке ұстар азаматтарын түгендеп тарихтарына ықтияттап жазып қояды. Тарих оқулықтарында 1941-1942 жылдары 14 ұлттық дивизия мен бригада құрылды деп жазған [9,253]. Әскерге алынғандары мен қаза тапқандары санынан, қаншасы Батыр атағын, қаншасы орден-медаль алды деген мәліметтермен қоса, 60 456 адам соғыс зардабынан мүгедек, 400 000 асыраушысынан айрылды деп тастай қылып жазып қойған [12,256].

Біздің жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулықтарда мұндай адам жанын ауыртатын «қолайсыз» деректер жоқ. Бұл соғыс зардабынан қанша қазақстандықтардың жан және тән азабын тартқандар санын әлі біздің ғалымдар толық зерттемегенін көрсетеді.

Өзбекстан тарихында генерал Сабыр Рахимов көп жылдар бойы өзбек батыры деп жазылып келгені белгілі. Тәуелсіздік кезінде ғана марқұмның жұбайы Құралай Натуллаева және қазақтың ұлтжанды азаматтарының еңбектері арқылы туған жері, ұлты туралы деректер табылып есімін Қазақстанға қайтарып алды.

Өзбекстанның тарих оқулығында Берлин үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры Плис Нурпеисов қатысты деп жазылған [12,255].

Ұлы Отан соғысында Нүркен Әбдіров, Талғат Бигелдиновтен кейін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген үшінші ұшқыш-қазақ Біліс (Плис) Нүрпейісов екенін Қазақстан халқы кейінгі жылдары ғана біліп жатыр. Біліс Нүрпейісов Өзбекстанда (Қарақалпақстанда) өскен және әскерге осы республикадан шақырылған қазақтың батыр ұшқышы [13].

Белоруссия жерінде 60 адамдық партизан отрядын басқарған өзбек Мамадали Топиболдиев 67 жау сарбазын өлтіріп, 180 тұтқынға алғаны, 4 автомашинасын, 1 теміржол эшелонын жолдан құлатқанын әспеттеп жүріп белорустың «Писарево» деген деревнясын «Топиболдиев деревнясы» деп өзгерттірген [12,255].

Ал Украинада әйгілі С.Ковпактің партизан құрамасында адам саны бригадаға тең отрядтің командирі болған, 1943 жылы күзде Днепр үшін шайқаста Кеңес Одағының Батыры атағына лайық ерлік жасаған Қасым Қайсеновтің жаумен шайқастардағы ерліктері аңыз болып таралса да қазақтар батырдың есімін украин халқының тарихи жадында сақталатындай ескерткіш орнатуға әрекет жасаған жоқ.

Осы арада тағы да өзбекстандық мысалға жүгінуге тура келеді. Оқулықта 1945 жылы 8 мамырда фашистік Германияның сөзсіз тізе бүккені туралы құжаттарды экипаж мүшелерімен бірге өзбек ұшқышы Абдусамат Тайметов Берлиннен Москваға ұшақпен жеткізді [12,256] - деп ерлік оқиға ретінде жазған.

Соғыс аяқталғанда, кеңес самолетін жерден атып түсіретін немістердің не зенит зеңбіректері, әуеден шабуыл жасайтын истребительдері жоқ, бейбіт кезде құпия құжаттарды ұшаққа салып Мәскеуге жеткізу керемет ерлік оқиға емес. Бейбіт кезде мұндай тапсырманы кез келген ұшақ экипажы орындай алады. Міне, өзбекстандық зерттеушілер басқалармен бірге ұшқышының маңызды ұшу сапарын орындағанының өзін ерлікке балап тарихына жазып қойғанының өзі үлгі аларлық іс.

Біз туысқан өзбек халқының әскери ұшқышының рөлін төмендетейік деген ниеттен аулақпыз. Тек, Берлин үшін шайқаста Рейхстаг қабырғасына бірінші болып жетіп ту қадаған қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаев пен ресейлік Григорий Булатов ерліктері жаңағы ерліктен жүз есе артық болмаса кем емес қой деген ой еді.

Сонымен қатар қазақтардың Еуропадағы Қарсыласу қозғалысына қатысуы да зертеуді күтуде. Бұл бағытта БАҚ-да жекелеген журналистік зерттеулер ғана жариялануда.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қазақстандықтардың қосқан үлесін айқындау, Украина және Ресей жерлерінде қаза тапқан, хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлер туралы мәліметтер жинап, оларды мәңгілік есте қалдыру үшін ескерткіш белгілер орнату мақсатында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Зауытбек Тұрысбеков бастаған дипломаттар көп еңбек еткендерін айту орынды [11].

Осы соғыстағы қазақ тұтқындары тағдыры әлі де қолға алынбаған мәселенің бірі.

Соғыс кезінде әскерге алынған қазақтардың қаншасы майданда қаза тапты, тұтқыннан оралмады, хабарсыз кетті деген сұрақтарға әлі күнге нақты жауап жоқ. Ресейлік зерттеуші М.В.Филимошин дерегіне қарағанда соғыстан оралмаған қазақтар саны 125,5 адам [14,99].

Халқымыздың ұлттық тарихы мемлекет шекарасымен шектелмеуі тиіс. Қазақтар қандай мемлекетте өмір сүрсе де қазақ ұлтының ажырамас бөлігі. 90-шы жылдардың басында академик Манаш Қозыбаев қазақ біртұтас халық. Кезінде біртұтас ел құрамында ұлт болып қалыптасқан. Сондықтан шетелдердегі қазақтар тарихы-қазақ халқының ұлттық тарихының құрамдас бөлігі, біздің зерттеу объектіміз болып қала береді-деген тұжырым жасаған болатын. Академиктің бұл тұжырымы шетелдегі қазақтардың осы сұрапыл соғысқа қатысып ортақ жеңіске үлес қосқан тарихын зерттеуге де қатысты. Біз қазақстандықтар шетелдегі қандастарымыздың майдандағы, тылдағы ерлік істері туралы өте аз білеміз.

Ресейде, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстанда туып өскен осы соғысқа қатысқан қаншама қазақтар болғанын, санын да, аты шыққан батырларын да білмейміз. Өйткені оқулықтарда жазылмаған соң қазақстандықтар үшін олар қазақ емес жат жұрттықтар тәрізді болып көрінеді.

Қазақстаннан тыс жерлерде, яғни Ресейде, Қытайда, Моңғолияда, Орта Азия республикаларында туып өскен, сол елдерден майданға қатысқан қазақтар тарихы да зерттеуін күтуде. Осы елдерден де қаншама қазақ батырлары, офицерлері шықты. Қазақстан жұртшылығы олар туралы шамалы ғана мәліметтер біледі.

Журналист Жанболат Аупбаевтың деректерінде Орынбор өлкесінде жасақталған 196 дивизияның 80 пайызын ресейлік қазақтар құраған. Мұны ресейлік зерттеуші А.П.Артемьев анықтаған. Ресейлік ғалым Ю.И.Шпинева сол өлкеден жасақталған 195 дивизияның 50 пайызын қазақтар құрағанынын көрсетеді [15].

Екінші дүниежүзілік соғыста 103 қазақ Батыр атағын алса, солардың 11-і шет елдердегі Кеңес Одағының Батыры қазақтар [16].

Қазақтан шыққан үшінші генерал (1944 ж) Моңғолия азаматы Жайсанып Мүкәрісұлы. Ол Кеңес Одағында әскери білім алған. 1942 жылы Моңғолия Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Жайсанып Г.Жуков қоластында жапондарға қарсы шайқасқан, қолынан орден алған. Кейін бір топ генералмен бірге оны И.Сталин де қабылдаған [17].

КСРО Қорғаныс Комиссариаты Бас Барлау басқармасында жұмыс жасаған орынборлық Мұқашева Ақжібек Темірғалиқызы (1919-ө.ж.б.) әскери қызметі ұлттық мақтанышымызға үлгі боларлық оқиға. Жастайынан нақты білімдерге бейімі болған соң ол Мәскеуге барып оқуға түседі. 1940 жылы ММУ-нің механика-математика факультетін бітірген соң, Мәскеу түбінде 6 айлық арнайы курстан өтіп, 1941 жылдың көктемінде Бас Барлау басқармасының шифрлаушылар бөліміне жұмысқа алынады. Жұмыстағы бүркеншік есімі «Алена» болды [18,578].

Ақжібек Брюссельдегі кеңес барлаушысы «Кенттің» жеке шифрлаушысы болып бекітіледі. Германияның соғыс ашуға дайындалып жатқанын жоғары басшылыққа алғаш жеткізушілердің бірі болды. Бірақ ол 1930-1960 жылдары КСРО-ның Батыс Еуропада әрекет еткен әйгілі барлау тобы «Қызыл капеллаға» қызмет еткенін білген жоқ. Өкінішке орай жоғары әскери басшылық барлаушылар мәліметіне сенімсіздікпен қарады. Оларды неміс немесе ағылшын барлау қызметтеріне жұмыс істеді деген күдікпен ешқандай себепсіз тұтқындап, НКВД түрмелеріне жапты. Осындай себепсіз сотталғандар арасында Ақжібек те болды. Ол 1942 жылы желтоқсанда ұсталып 25 жылға сотталады [18,578].

Ақжібек жауап алу кезінде Барлау басқармасындағы жұмыс кезінде «Кент» және «Отто» деген шетелдегі барлаушылардан 200 шифрлы хабар қабылдап тиісті басшыларға тапсырғанын мәлімдеген.

Журналист Ермек Жұмахметұлы дерегіне сүйенсек Ақжібек Екінші дүниежүзік соғыс кезінде Жапонияда жұмыс жасаған әйгілі кеңес барлаушысы Рихард Зоргеден де құпия шифрлар қабылдаған [19].

Ол шифрлаушы маман ретінде күніне кейде ондаған құпия хабарлар қабылдап отырған. Арасында көлемі 15-20 беттік баяндамалар да кездесетін. Өкінішке орай Ақжібектің кейінгі тағдыры белгісіз. Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің отставкадағы полковнигі Иван Александрович Винокуров Орал таулары өңіріндегі лагердің бірінде 1945 жылы көргенін және криптограф А.Мұқашева туралы білетіндерін журналистерге айтып берген [20].

Журналист Жұмахметұлы Ермек өзінің Ақжібек туралы толығырақ деректер алмақшы болып Алматыдағы Ресей Федерациясы консулдығына газет редакциясы атынан көмектесуді өтініп хат жазғанымен жауап ала алмағанын, сондықтан Бас штаб шифрмаманы А.Т.Мұқашева туралы барлық ақпарат әлі жабық немесе оған қатысты құжаттар жойылған деген тұжырымға келеді [19].

Соғыс кезінде Бас барлау басқармасында қызмет жасап, қазақ қыз-келіншектері арасында аса сирек кездесетін шифрмаманы сияқты әскери мамандықтың алғашқы және жалғыз иесі болған Ақжібек Мұқашеваның Орынбор өлкесіндегі туған-туыстарын іздеп табу, мүмкіндігінше архивтерден деректер іздеп саяси қуғын-сүргін құрбаны болған талантты қазақ қызының ерлігін Қазақстанның әскери тарихына қосу тарихшылардың міндеті.

Осындайда ұлтжанды азаматтардың «Бар қазақ-бір қазақ!», «Әр қазақ-менің бауырым!» (Адай Сарым) деген шырылдаған сөздері ойға еріксіз оралады. Қазақ ғалымдары мен зерттеушілері Қазақстандағы және сырт елдерде туып ғұмыр кешкен, реті келгенде ерлік көрсеткен, ерлік көрсете алмаса да әскери, азаматтық борышын адал өтеген алаш азаматтарын ұмыт қалдырмай олардың ерлігі мен еңбегін, тағдырын жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеп ортақ қазақ тарихына жазуы парыз. Осындай ерлердің ерлігін халыққа жеткізу, дәріптеу қазақстандық жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер

1. Сколько лет человечество прожило без войн? / https://www.google.com/search? (Кірген уақыты: 06.04.2021.)

2. Гаур Пунит, (Үндістан) Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Аймақтану» кафедрасының шақырылған профессоры. Соғыстың адамзатқа тигізген зардабы. // Егемен Қазақстан, 2020 жыл 7 мамыр.

3. Цена победы. / https://w.histrf.ru/articles/article/show/tsiena_pobiedy (Кірген уақыты: 07.04.2021.).

4.Төлеуханқызы Анар. Соғысқа қатысқан қазақ сардарларының саны қанша? // Егемен Қазақстан 2015 жыл 26 маусым.

5. Доспанов Жұмабай. Ерлік ескерусіз қалмауы керек. // Егемен Қазақстан, 2019 жыл 9 мамыр.

6. Абенов К. «Операция «Марс»». Казахи в «Долине смерти». – Алматы: Жеті жарғы. 2010. - 440 с.

7. Тұрысбеков Зауытбек. Ерлік ешқашан ескірмейді. // Егемен Қазақстан. 2011 жыл 22 маусым.

8. Сәрсембина Баян. Ржев қасабының құрбандары // Жас Алаш. 2015 жыл 26 мамыр.

9. Қазақстан тарихы 4 том. Алматы, 2010. -752 бет.

10.106-я казахская. Потеренная дивизия / https://ru.wikipedia.org/wiki/106- (Кірген уақыты: 09.02.2021.)

11. Байменше Серікқали. Жеңіс мерейі. / Елші Зауытбек Тұрысбековпен әңгіме. // Егемен Қазақстан. 2015 жыл 14 мамыр.

12. История Узбекистана (Учебник для студентов высших учебных заведений). Рекомендовано Министерством высшего и среднего специального образования Республики Узбекистан. – Ташкент: «Fan va texnologiya». 2011. – 370 стр.

13 Казахские крылатые батыры. / http://tengemonitor.kazgazeta.kz/news/28778 (Кірген уақыты:        09.04.2021.).

14. Филимошин М.В. Людские потери вооруженных сил СССР. // Мир России. 1999. №4. С. 92-101.

15. Аупбаев Жанболат. Орынборда қанша қазақ батыры бар? // Егемен Қазақстан, 2015 жыл 12 тамыз.

16. Дүйсенбин Пернебай. Ұлы Отан соғысы: қазақтан қанша батыр шықты? // Егемен Қазақстан, 2011 жыл 7 мамыр.

17. Қайратұлы Бекен. Генерал Жайсанып. // Егемен Қазақстан. 2018 жыл 13 тамыз.

18. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. – 880 бет.

19. Жұмахметұлы Ермек. Рихард Зоргеден шифр қабылдаған. // Егемен Қазақстан. 2020 жыл 28 сәуір.

20. Наумова Галина, Шевченко Вячеслав. Центру-от Кента. Тексты от «Красной капеллы» расшифровала казахская девушка Акжибек Мукашева. // «Экспресс-К». №194 (16342). 19.10.2007.

 

 

Дүйсен Сейітқали Жахияұлы,

Мемлекет тарихы инстиутының жетекші ғылыми қызметкері,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор.

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?