«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мағжан еңбектеріндегі түрікшілдік идеясы

1639
Мағжан  еңбектеріндегі  түрікшілдік идеясы

Қалай десек те, Мағжанның ұлы арманы кеңес одағы ыдырап, дүниежүзі картасында жас тәуелсіз түркі мемлекеттері бой көтергеннен соң ғана орындалғаны баршамызға мәлім. Түркі халықтарының бүгінгі өз араларындағы саяси, экономикалық, мәдени және рухани қарым-қатынастардың даму үдерісі кәдімгідей көз қуантады.

Бүгінгі таңда қырықтан астам халық болып өмір кешіп отырған тұтас түркі жұртының әрбір перзенті үшін дүниеде өте ыстық әрі бағалы екі қоныс бар: Оның біріншісі жоғарыда аты аталған Алтай, екіншісі Түркістан шәрі. Мағжан «Түркістан» атты поэмасында былай дейді:

Түркістан; екі дүние есігі ғой,

Түркістан; ер түріктің бесігі ғой,

Тамаша Түркістандай жерде туған,

Түріктің тәңірі берген несібі ғой.

Шынымен де Түркістан екі дүниенің, шығыс пен батыстың рухани қақпасы. Бұл тек қана ақынның жеке ойы емес. Бұл барша түркі ұрпағының санасына байыппен орныққан тұжырым. Мұның себебі осы аймақта ерекше өнегелі ісімен үлгі болған, бүкіл түркі халқын Ислам білімі, сопылықпен (тасаууф) таныстырған, халықтың танымы мен көкжиегін кеңейткен, алпыс үш жасында өз еркімен қылуетке түсіп Жаратушыға жетуді армандаған, жаңа әлемнің ақиқатын ашуға ұмтылған, сопылық ілімінің шейхы Қожа Ахмет Иасауи өмір сүрген. Дәл осы жерде соңғы тілектері орындалған ұлы бабаларымыз жерленген. Бұл жер – ақылы мен ой-өрісі болашақты болжаған ойшылдарымыздың, ашуы алыс-жақын көршілерін үрейлендірген билеушілеріміздің, кең-байтақ даласын көз алартқан дұшпандардан ерлікпен, қайсарлықпен қорғаған батырларымыздың мәңгілік мекені. Түркістанның фәни мен бақи әлемін жалғаған қасиетті қақпа аталуы да осыдан.

Мағжан туған жерінде балалық шағын өткізген соң алыстағы Уфаға барып «Ғалия» деген татар медресесінде оқиды. Мағжанға терең білім берген осы оқу орны. Ғалия медресесінің ұстаздары Мысырда, Стамбулда білім алған татар зиялылары еді. Ислам тәрбиесінде өскен, мұсылмандық, түрікшілдік махаббаты бар татар ұстаздары шәкірттерін де осы рухпен тәрбиелейді.

Ұлтшылдық, түрікшілдік, тағы исламшылдық туын көтерген Ғалия медресесі, өз заманында қазақ, татар, башқұрт ұлттарының жастарына көптеген ұлы сезімді дарытады. Ресейдің қамыты астындағы түркі балаларының санасын сілкіп, сатқын патшаның сұрқия саясатына қарсы бас көтеруді жоспарлайды. Ресейге кіріптар болған ұлттардың осындай ес жинаған, қайта тірілген сезімдері, әрине, өмірлік шарттардан туындаған еді. Патшаның қанауы, қыспақшыл саясаты көп адамның зығырданын қайнатты. Бұл саясат қазақ жерін бөлшектеп Ресейден көшкен мұжықтардың еншісіне шешуге, жергілікті халықтың тілін өзгертіп ұмыттыруға жұмыс істеді; оны салт-дәстүрінен қол үздіру, танымын ауыстыру арқылы орыстарға тізе бүктіру үшін жаңа заңдар шығарды. Қазақ халқын өз ішінен бүлдіріп, бір-біріне қарсы айдап салды. Сондықтан қазақтың бұрынғы бірлігіне нұқсан келді, ол бұдан былай орыс партиясына өтуге мәжбүр болып сорлап қалды. Енді жоғары орыс басқарушыларына жарамсақтанып шен, шекпен алуға құлшынады. Кек сақтаған дұшпандарын мадақтайтын болады.

Мемлекетті басқарушылар аяушылық сезімінен жұрдай еді. Жалған арыз-шағым, ұрлық-қарлық, түрмеге жабу мен қуғын-сүргін көбейеді. Партияның оң қолы болуды қалайтын орыс жақтастары тыңшылыққа көшіп, елі мен жерін қызмет пен атаққа сатты. Халықтың басына үйірілген осынау қаратүнекке қазақ зиялылары көз жұма қарай алмады, оны сезінбей тұра алмады. Елдің мұңын өзінің мұңы деп санады. Көз алдындағы жағдайларға қамыққан, ызаға булыққан зиялылардың ұлтшылдық сезімі де ояна бастайды. 1905 жылғы өзгерістерден соң қазақ халқына алаңдаған және оның дертіне дауа болуға шешім қабылдаған ұлтын сүйгіш азаматтар, елдің уайым-қайғыға толы мәселелерін айқындап, онымен шұғылдануды бастайды.

Осы өзгерістердің нәтижесінде алғаш рет мемлекеттік Думаға кандидат ұсыну жайлы шешім қабылданды. Осының арқасында қазақ халқының бірігуіне, ауыртпалықтарын ашық айтуға аз да болса құқық берілді және көптеген қазақ балалары білім алуға, қазақ баспасөзі, газет-журналдар дамуға қол жеткізді. Даму мен өркендеуге құлаш сермеген қазақ жастарының ұлтшылдық сезімі дүмпу бере бастайды. Сол жастардың бірі де Мағжан Жұмабаев еді.

Бұл уақыттарда Мағжан орыс әдебиетімен танысты, Шекспир, Гейне, Гете, Байрон, Пушкин, Фет, Бальмонт сияқты жазушыларды оқып үлгі алды, соларға ұқсағысы келді. Себебі бұл ақын-жазушылардың барлығы дерлік идеализмді жақтаушылар еді.

Мағжан біріншіден, отбасына, әкеге, үлкенге басын иген, таптар мен топтарға бөлінбеген қазақ қоғамының ішінде туып-өсті. Екіншіден, татар медресесінде оқып түрікшілдік, исламшылдық рухымен тәрбиеленді. Үшіншіден, патшаның өктем саясатынан зәбір көрген, қанаушылықтың азабын шеккен қазақтардың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің перзенті еді. Төртіншіден, орыстың элитасындағы оқымыстылардың ұлтшыл болғандығын жақсы түсінді. Бесіншіден, Батыс пен Ресей ақындарының парасатты, жеке мектептерінде білім алған соң, Мағжанның ойы қандай болмағы қажет еді? Әрине, Мағжанның ұлтшыл, пантүркист, санасы сергек, ерекше ақын болуы қажет болатын. Бұлай болмауы мүмкін емес-ті. Себебі әлеуметтік ортасы, бастан өткерген кезеңнің жағдайы мен мұқтаждықтары осыны қажетсінді.

Мағжан ұлтшылдық, түрікшілдік тақырыбындағы өлеңдерін «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінен жаза бастады. «Туған жерім Сасықкөл» атты өлеңінде орыс патшасының отарлық саясатына қарсы көзқарастарын ашық жазды. «Анама», «Жазды күні», «Жауынгердің жыры», «Орал», «Орал тауы», «Алыстағы бауырыма» атты өлеңдері ұлтшылдық сезімінің ояна бастауын көрсетеді.

Адам баласы тумысынан гуманист және ұлтшыл болмайды. Ұлтшылдық сезімі де дәл солай, алдымен отбасында, кейіннен туған жер, ауылдан бастап дамиды. Туған жерін, ауылын сүймеген адам отан сүйгіш те бола алмайды. Мағжанның ұлтшылдық сезімі де жақыннан бастау алып, алысқа қарай самғаған сайын шираған бір сезім. Мағжанның ұлтына деген сезімі алғашқыда барынша зерделі болмады, себебі басында ол ұлтшыл замандастарына ұқсауға ұмтылды және мұндай сезім солардан сіңген еді.

Қазақ халқының басына үйірілген қасіретті қара бұлттар, 1916 жылғы патша жарлығы, 1917-дегі Ақпан-Қазан төңкерістері Мағжанның болып жатқан оқиғаларға жан-жанқты үңілуіне себеп болды.

Ұлт ұранын көтерген Алаш ордашылар бытырады. Саясат майданынан табаны ауды. Мағжан бұрынғы сенімнен, бұрынғы жолынан айрылып дағдарып қалды. Баяғыдан бергі имандай ұйып, жүрегіне сіңіріп, қасиетті деп жүрген идеалы, мақсаты бір күнде тас-талқан болды. Мағжан мініп келе жатқан «ұлтшылдық» дейтін атынан айырылып, жаяу қалды. Не қыларын білмеді, іштен тынды, дағдарды, састы. Қайтсе де ол халде қалуға болмайды, бір шара, бір жол іздеу керек болды. Мағжанның түрікшілдігі тыңнан тауып алған нәрсе емес, әуелден-ақ бар болатын, ол «Ғалияда» жүргенде түрікшіл пікірде бірер өлең жазған. 1919 жылдарға шейін Мағжанның түрікшілдік рухын жамылған өлеңдерін білмейміз. Колчактың кер заманы, одан қала берсе, ұлтшылдықтың ауызына қақпақ салған кеңес заманы Мағжанның баяғы басылып қалған түрікшілдік сезімін қайта оятты. Мағжан енді ұлт жалауын түрік жалауының панасына, түрік қанатының астына қоюды оң шешім деп табады. Жеке ұлтшылдықтың өрісі тарылғандығын көріп, түрік тектес жұрттардың мәңгілік байланысы мен бірлігін құруды көздейді.

Бұл ойының түпкі терең себебі бар еді. Мысалы күншығыс халықтарын алсақ, бәрі де Батыстың, Европаның жемі, азығы, атып жейтін аңы болып келе жатыр. Үндістан, Ауғанстан, парсы жұрттарын, түрік, араб жұрттарын қашаннан бері ағылшын сорып, қанап келеді. Қытай, Жапония сықылды мемлекеттер – Европадағы мәдениетті озбыр жұрттардың қырқысып, таласып байлығын иемденбек болып көз тігіп отырған жерлері. Ресей қол астындағы түркі жұртының атақонысы патша өкіметінің отары болып келеді. Батыстың мәдениетті жұрттары «өнерсіз, ғылымсыз» Шығыс жұрттарын жеуге ынтасы құрып, мойнын созғалы талай жылдар, ғасырлар өтіп барады. Европадағы талай қанды соғыс, капитал соғысы көбінесе күншығысқа қожа болу үшін шығып келген. Азия – құл, Европа – қожа есебінде. Бұл саясатты азияшыл шығыстың жұрттары білетін. Батыстың жауынгерлік торынан құтылуға талпынатын. Бірақ торды үзіп шыға алмайтын. Міне, шығыстың осы халін ақын да білген, ойлаған.

«Шығысты Батыстың капиталист құрсауынан азат ету қажет» деген кеңес үкіметінің ұраны ақынның жүрегіне жылы тиеді де, енді ол шығыс жалауын желбіретеді. Шығыстың ұранын шақырады. «Күнбатысты қараңғылық каптады, олардың жүрегі қарайды, адамдықтан безді, Батыстың мәдениеті құлайды, мәдениет «пайғамбары» күншығыстан шығуы керек» деген пікірге келеді. Бұл пікір тууға, әрине, “Европаның құлдырауы” деген Шпенглер сықылды ғалымдардың кітабын оқуы да себеп болса керек.
Мағжан терең сезімнің ақыны емес, ол әсершіл, тәтті қиялдардың ақыны. Ол кедейлердің ақыны емес, халық ақыны. Ел арасындағы бай мен кедей арасындағы теңсіздікті, жәбірді көрмейді. Ұлт ұғымына кеңінен қарайды. Ол түрікшіл, саналы, байызсыз, өзіне тән күйі бар ақын. Осы қырына үңілетін болсақ, ол ескінің адамы.

Түрікшілдік тақырыбы Мағжан өлеңдерінде, Жүсіпбек Аймауытов пен Сәбит Мұқанов айтқандай ертерек, «Ғалия» медресесінде оқыған шақтарында қылаң бере бастады. «Шолпан» деген жинағына 1912 жылы қосылған «Орал тауы» дейтін өлеңін оқи сала мұның мұның рас екенін көре аламыз. Бұдан бертінгі уақытта қосылған өлеңдері «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзіне», «Қазақ тілі», «Түркістан», «Тұранның бір бауырында», «Орал» тағы басқалары.

Мағжанның шығармашылығында түрікшілдік тақырыбы жырлануының бірнеше себебі бар. Бұлардың ең маңыздысы С.Мұқановтың тілімен айтсақ, отаршылыққа қарсы шығу, ұлттың бостандығы мен теңдігі үшін күрес болып табылады. Мағжан «Түркістан» атты поэмасында «Түркістан ер Түріктің бесігі ғой» деп жырласа да большевиктер бұған кедергі болмады, тіпті қолдау да көрсетті. Түркістан халықтарының дербестігін алу идеясына В.И.Ленин, 1918 жылы 22 сәуірде Ташкентте өткен V Түркістан құрылтайына жолдаған жедел хатында қолдау білдірді.

Бұл кездері Түркия түріктері басқыншылардың әскеріне қарсы үлкен соғыс жүргізіп жатты. Түрік ұлт-азаттық қозғалысын Совет үкіметі барынша қолдап бақты. Тек рухани жағынан ғана емес материалды көмегін де аямады. Зеңбіректерімен бөлісті. Ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Кемаль-пашаның атағы жер жарды. Ол советтердің ең сүйікті қаһарман тұлғасына айналды. Қазақстандағы халық арасында түріктерге деген ежелден бір махаббат бар еді. Сәбит Мұқановтың шығармаларында түріктерге деген махаббат хикаялары 30-шы жылдарға дейін жалғасып келді. Түріктерге деген қазақ байларының құрметі соншалық, дүниеге келген балаларына Әнуарбек, Талғатбек, Мұстафа, Кемел, Жамалбек деп түрік пашалары мен даңқтыларының атын берген деп жазады Сәбит Мұқанов.

Осылайша түрік дегенде қазақ зиялыларының да іші жылитын. Мағжанның «Алыстағы бауырыма» өлеңіндегі «Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны» сияқты сөздер Түркияның ұлт-азаттық қозғалысына арналып жазылған. Мағжан өлеңін «Кел, кетелік, Алтайға, ата мирас, алтын таққа!» деген үндеумен аяқтайды. Мұны түбі бір түркі халқын қолдау және оларға деген сүйіспеншілік деп білсек, ақынның ойын нақты дұрыс түсінген боламыз.