«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Үш жүз» бен Советтік Түркістан автономиясының артында кім тұр?

345
«Үш жүз» бен Советтік Түркістан автономиясының артында кім тұр?

Бұған дейін «Қазақстан тарихы» порталында «105 жыл бұрын: Ленин Алаш Ордамен келіссөз жүргізуге не үшін мәжбүр болды?» деген тақырыпта (https://e-history.kz/kz/news/show/33563/) мақала жарияланған болатын. Аталған мақалада Алаш Орда үкіметінің 1918 жылдың наурыз-сәуір айларындағы саяси іс-қимылдарына назар аударған едік. Мысалы 1918 жылдың 2 сәуір күні Әлихан Бөкейханның тікелей тапсырмасы бойынша Халел Ғаббасұлы (кеңестік ресми құжаттарда Ғаббасов) Семейден тікелей телефон желісі арқылы В. Ленин және И. Сталинмен Алаш Орда мен Кеңес өкіметінің бір-бірін мойындауы жөнінде келіссөз жүргізді.

Совет үкіметі басшылары Алашорда үкіметімен келіссөз жүргізіп жатқанда қуыршақ «Үш жүз» партиясы мен Түркістан автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құрып жатты. Ленин мен Сталин Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін әлсірету үшін аталған саяси ұйым мен автономияға иек арты. Ал шын мәнісінде «Үш жүз» партиясы қандай ұйым еді?


«Үш жүз» партиясы қалай құрылды?

 

Алаш және әлихантанушы Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, 1918 жылдың наурыз айында Кеңес өкіметінің басшылары Ленин мен Сталин өздері бастамашы болып Алаш Орда үкіметін келіссөзге шақырады. Бірақ Әлихан Бөкейхан олармен келіссөз жүргізбей, өзінің орнына келіссөз жүргізуді орынбасары – Халел Ғаббасов пен Әлімхан Ермековке тапсырады.

«Кеңес өкіметі 1917 жылдың қазан айынан кейін 1 қараша күні ұлттардың өзін-өзі басқару құқығы деген декларация қабылдаған болатын. Алаш Орда үкіметінің мүшелері сол декларацияны басты назарға алып, Сталинге «Сіздердің жариялаған декларацияларыңыз біздің өз-өзімізді билеу деген талабымызға түгел сәйкес келеді. Сол себепті біз Кеңес өкіметін мойындаймыз. Бірақ Кеңес өкіметі Алаш Орданың шарттарын орындауға тиіс» деп талап қойды. Алаш арыстары өзара ақылдасқаннан кейін 11 баптан тұратын өздерінің шарттарын ұсынды. Сол шарттарды Әлихан Бөкейханның тапсырмасы бойынша Халел Ғаббасұлы 1918 жылдың сәуір айында телеграф арқылы Ленин мен Сталинге жеткізді.

245311_html_1d61362b9c15e540.jpg

Дәл сол сәтте Ленин мен Сталин Алаш Орда үкіметінің шарттарына қанағаттанбай қазақтың тұңғыш социалистік «Үш жүз» партиясының құрылуымен құттықтап, солармен келіссөз жүргізе бастады. Ақыр аяғында аталған партияның алаяқ жетекшісі Көлбай Тоғысұлын Ақмола облысындағы комиссар етіп тағайындады. Бұл туралы Мұстафа Шоқайұлы жан-жақты жазған болатын. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақын Дулатұылының «Қазақ» газетіне жазған мақалаларына қарағанда Кеңес өкіметі өзі бастама көтеріп, әрі келіссөз жүргізуге ниет танытқанымен Алаш Орданың 11 талабын орындамастан келіссөзді үзіп жібереді. Басқаша айтқанда сол кезде Ресей биліксіз тұрған жағдайында егеменді ел ретінде Алаш Орда үкіметі Кеңес өкіметімен егеменді сыртқы саясатын жүзеге асырып, келіссөз жүргізді. Бұл жерде Кеңес пен Алаш Орда үкіметі өз алдында бөлек үкімет болды. Біз осыны ұмытып кетеміз», – дейді ол.

Әлихантанушы Кеңес өкіметінен мұра болып қалған кейбір тарихшы ғалымдардың «Алаш автономиясы болған жоқ. Себебі олар өздерін жариялаған жоқ. Тек Алаш Орда үкіметі болды» деген сөзіне наразы. Шын мәнісінде ол Алаш автономиясы жарияланып, нақты әрекет еткенін айтады.

 

 

Кеңестік Түркістан автономиясының артында кім тұр еді?

 

Сәуір айының басында большевиктер Алаш Орда үкіметінің басшыларымен келіссөз жүргізсе, айдың аяғында Түркістан автономиясын қолдауға көшеді. Нақтырақ айтсақ, 22 сәуір күні Ленин мен Сталин Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезіне жолдаған телеграммаларында съездің Кеңестік негіздегі Түркістан автономиясын құрмақ болған жоспарына қолдау білдіреді. Ал 30 сәуір күні Түркістан өлкесі Кеңестерінің V съезінде РСФСР-дің құрамындағы Түркістан автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылғандығын жариялады. Оның құрамына Орта Азияның басқа өңірлерімен бірге Қазақстанның екі оңтүстік облыстары – сол кездегі Жетісу мен Сырдария облыстары кірді.

Ленин мен Сталиннің Кеңестік негіздегі Түркістан автономиясын қолдауына не себеп болды? Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша, Ленин большевиктік партияның таптық, политарлық диктатурасын мейлінше бүкіл әлемге таратуды көздеген.

«Георгий Сафаровтың 1922 жылы жарық көрген керемет кітабы бар. Аталған еңбектен Мұстафа Шоқай мен Ахмет Зәки Уәлиди есептерін оқып қарасақ, Түркістандағы Кеңес өкіметін құрған адамдар большевик болмаған. Кешегі патша әкімшілігінің шенеуніктері Кеңес өкіметін орнатты. Олар Түркістан мұхтарияты құрылмай жатып пайда болды. Кейін Кеңес өкіметі оларды Түркістан АЭС-міз деп жариялады. Бірақ ол жерде ешқандай большевиктік идеяға берілген адам болған жоқ. Георгий Сафаров мұның сырын әдемі ашып береді. Ол «Түркістан большевиктік автономиясының құрамына кешегі отарлаушы биліктің өңкей алаяқтары мен арамтамақ шенеуніктері кіріп алды» деп жазады.

Тек олар өздерін Кеңес өкіметі мойындағаннан кейін «Түркістан автонмиясын құрамыз» деп жариялады. Шын мәнінде ол кезде Түркістанда большевиктердің исі де жоқ еді. Ал кешегі шенеуніктерді большевиктердің мойындай салғанынының себебі – олар Түркістанда жергілікті халықты менсінбеді әрі сенбеді. Сондықтан Кеңестік Ресейге қандай билік болсын, тіпті ол қызыл ма, ақ па деген маңызды болған жоқ. «Ең бастысы Ресейдің орталық билігіне бағынса, сонда ғана біздің жанымыз қалады» деген мақсат болған. Сол себепті Петроград қаласында кім билікке келді, сол билікті мойындауға әзір тұрды. Мәселен Келенскийдің үкіметі құрылғанда соған бас ұрып тұрар еді. Алайда билікке коммунистер келіп қалды да, большевиктерге бас ұра салды. Сөйтіп тонын теріс айналдырып, большевик болып шыға келді», – дейді ол.

Түркістан автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын Мұхамеджан Тынышбай мен Мұстафа Шоқай құрған Түркістан автономиясымен шатастыруға болмайды. Кейін, нақтырақ айтсақ 1920 жылдың 21 қаңтар күні Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып Тұрар Рысқұлов сайланады.

 


Дерек

Әлихан Бөкейхан:

 

«Түркістанмен бірге автономия алу – қойны-қонышыңа тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Себебі, бізден қараңғылығы 10 есе, үлгі, үміт ете алмаймыз. Ташкент городской управасында сарттың гласныйларының «Обаға қарсы ем қылу – халықтың құдіретіне қарсылық, кінә болады, ем керегі жоқ», - деп жасаған қаулылары автономия арбасына есек пен түйе жегіліп оңбайтындығын көрсетеді. Бұл заманда есек пен түйе жегіліп оңбайтындықты көрсетеді. Бұл заманда Бұхардың көзілдірігін қиіп, сарт көзімен дүниеге қарайтын кісілеріміз жалпының көбі десек те болады».