Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ашина – Көкбөрі (429-460 жылдар шамасы)

2794
Ашина – Көкбөрі (429-460 жылдар шамасы)  - e-history.kz
Л. Гумилев: «...Ашина державасы көптеген белгісі жағынан Спарта мемлекетіне ұқсайды, бірақ бұл одақ әлденеше есе күшті болды әрі үлкен жерді иемденді»

І 

Әлқисса, осынау көк бөрі туралы аңызды айтпасақ, онда өзінің құрамы жағынан әлемдегі ең үлкен бір тектік және тілдік топты құрайтын исі түркі халқының тарихи бастауын, олардың өзара тамырластығын ескермегендік әрі ата-бабаның ғасырдан-ғасырға шындық ретінде жеткізіп келген рухани өсиетін мойындамағандық болып табылар еді. Көк бөрі мен түркі халқының (ал олардың құрамына қазақ, қырғыз, өзбек, әзірбайжан, түрік, ноғай, башқұрт, татар, алтайлықтар, қарақалпақ, ұйғыр, түрікмен, сақа, ғағауыз, мадияр, қарашай, т.б. ұлттар кіреді) арасында қандай байланыс бар дейсіңдер ме? Орынды сұрақ. Бірақ та мына жайларды еске алып көріңіздерші: Сүйінбай ақын «Бөрілі менің байрағым» деп неге айтқан? Дулат жырауда да дәл осындай ұғым білдіретін тіркес бар. Түркінің «Оғыз Қаған» аңызында да сол көк бөрі жырланады. Түркі қағанатының туына бөрінің басы салынған. Ал ұлы Абайдың «Қазақтың қайдан шыққаны туралы бірер сөзіндегі» «ақ қаз», «қаз-ақ» деген сөздердің түпкі мағынасы қайдан шықты дейсіздер ғой. Айтып берейін. Мұны білмей, қазақ халқының тарихын да біле алмайсыздар. Аңыздың ақыры ақиқатқа апарып тірейтінін ұмытпайық. Сонымен көк бөріге келейік. Аңызды айтудың алдында ескерте кететін жай: римдіктердің қайдан тарайтыны туралы аңызды, сол қаланың ортасында орнатылған екі баланы емізіп тұрған қасқырдың ескерткішін, Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесіндегі Бұғы-ананы, көне сақтардағы бұғының бедерін, индустардың сиырға табынатынын еске алыңыздар. Мұның себебі не дейсіздер ме? Бүгінгі жер басып жүрген үлкенді-кішілі ұлттардың барлығы да өзінің түпкі таралу тегін жан-жануардан таратады. Бұл – есте жоқ ескі дүниеден қалған танымдық сенім. Қадым заманғы қарттардан қалған аңыз бойынша, мына біздер көк бөрінің тұқымдары болып табыламыз. Таңданатын түгі де жоқ. Қытай халқы өздерін сары маймылдан тарағанбыз деп аңыз қылады. Ал көк бөрінің хикаясы былай... 

37a5046062680d40c10576880453eda0.jpg

...Сіздер Шөже тәңірқұтының, Тұйғын ханның, Жабағы батырдың тұсындағы жанталасқан тарихи оқиғаларды ойша бір шолып өтіңіздер. Қытай қорғаны соғылып, соның ішінде қалған хұндарды жаппай қыру басталады. Қорғанның сыртына да оларды тұрақтатпай, тұқымымен құртып жіберуге тырысты. Сол кезде Ордостан бес жүз үйлі ашына тайпасы Алтайға қарай үдере жосиды. Босқындардың жолын тосқан қанды көз әскерлер олардың тұқым-тұяғын қалдырмай, қырып салады. Босқан тайпа қалың батпаққа келіп тіреледі. Ақыры сол арада тарихтың құрбандығына шалынады. Баскесерлер жаңағы тайпаның ең соңғы тұяғы – он жасар ұл баланың екі қолын, екі аяғын кеседі де, мазақ етіп, құй батпаққа лақтыра салады. Тағдыр, сол заманның тілімен айтсақ, Көк Тәңірі молақ боп қалған балаға рақымшылық жасап, бөлтіріктерінен айырылған көк бөріні жолықтырады. Қансырап қалған мынау бейбақ жанның ыңырсыған үні көк бөрінің аналық мейірімін оятып, оны сүті сыздаған емшегімен емізеді. Жарасын жалап, қанын тоқтатады. Есін жиған сорлы бала қасқырға сондай бауыр басып, тағылық тіршілікке бейімделеді. Ержетеді. Сөйтіп, көк бөрі ұланның анасына, кейін исі түркі халқының сиынар аруағына (тотеміне) айналады. Жаңағы ұланды түріктер «Көкбөрі», моңғолдар «Шана» (бөрі), қытайлар оған «а» деген құрмет белгісін қосып «Ашина» (мейірімді бөрі), арабтар «Шанэ» деп атайды. Тұқымы құрыған ел осылай көк бөрінің аналық мейірімінің арқасында қайтадан түледі. Мифтік желі бойынша, бөрі-ана Көкбөріні кейін талап өлтіріпті. Оны адамдардан қызғаныпты-мыс делінеді. Қалайда Көкбөрінің ғұмыр жасы ұзақ болмаған сияқты. 

Осы араға дейін Көкбөрі туралы аңыздың жігі ажырамайды да, бұдан кейінгі өрбитін оқиғалар әрқалай дамиды. Мысалы: қытай жазбаларында Көкбөрі қасқырға үйленіпті-мыс деген дерек келтіріледі. Бұл, әрине, аңыз емес, кемсіту. Себебі сол кездегі императорлар тарихшыларға өздерінен басқа халықтың барлығын кемсітіп, келемеждеп жазуға бұйрық берген. Көшпелілердің «хұн» – «жабайы» деген атпен тарихта қалуына себепкер болған да сол менмендіктің кесірі. Тек XVIІІ-XIX ғасырларда ғана қытай ғұламалары: «Өзге халықты кемсітуіміз ұят. Сауатсыздық», – деп көне шежірелердегі қателерді түзетуге кіріскен. Бірақ үлгермеді. Екінші аңызда Көкбөрі ұғланның немерелерінің қалың қырғын кезінде біріншісінің ақ қазға айналғанын, екіншісінің Абу (Абахан) мен Төне (Енесай) жаққа кеткенін, үшінші, төртіншісі Шуей (Шуй) өзені мен Алтай тауын мекендегенін айтады. Үшінші аңызда Көкбөрі ұғланның ұлдарының тұрфандық қыздарға үйленгенін баян етеді. Содан барып мұны түркінің ата-бабасы саналатын Көкбөрі әулетін таратады. Осыған орай, С.Г. Кляшторный тосын дерек ұсынады. Түрік қағанатының қалыптасу кезеңінде қашалған және сол заманның бірден-бір таңбасы – Моңғол Алтайындағы Бөгеті сынтасынан қасқырдың емшегін еміп тұрған қол-аяғы кесілген баланың бедері табылыпты. Бұл не? Аңыздың ақиқатқа айналуы ма, жоқ, Көкбөріге көрсетілген құрмет пе? Өкінішке қарай, С.Г. Кляшторный сол бедерлі сынтастағы соғды жазуында не жөнінде айтылғанын ескертпеген. Оның да шындығы ашылар әлі. Мұның қайсысы дұрыс? Аңыздан ақиқаттың ақ қылын ажыратып алу дәл қазір қиын. Бірақ қол-аяғы кесіліп, батпақта қалған ұлдың қасқыр емшегін еміп өскені қалайда назар аударарлық. Өздерің ойлаңдаршы: Көкбөрінің басының бейнесін алтынмен туға өрнектеп салудың мәні тегін бе? Ақ қазға айналуының өзі Абай меңзеген «ақ қаз», «қаз-ақ» дегенмен қалай ұштасып жатыр? Дегенмен де, сол кездегі тарихи шындықтың деректерін мысқылдай отырып екшесек, біраз ақиқат ашылады. 

Түркі тілінің біздің жыл қайыруымыздан бұрын VI-V ғасырларда мемлекет тілі ретінде қолданылғанын түрколог Н.А. Баскаков дәлелдеп берген. Ал тікелей Көкбөрінің оқиғасына келетін болсақ, қытай тарихшылары «жабайы – жаугер бес тайпа» дәуірі деп бағалаған IV ғасырда тобастықтар басын алған хұндардың қатарында «Көкбөрінің бес жүз түтіні бар» екенін ескертеді. 439 жылы олар Алтай тауының оңтүстігіне босып, жужандарға қосылады да, темір қорытумен шұғылданады. Олардың бегінің аты – Тукю, Түркіт екен. Бұл күшті, ержүрек деген мағына береді. Демек, дәл осы тұста Көкбөрі тұқымы елдіктің қатарына қосылған. Олардың балқытқан болаттары қорыту пештеріндегі құймадан да асып түскен. Жужандар қару-жарақты түріктен алып тұрған. Әйгілі түрколог Лев Гумилев осындай дәйекті деректерді келтіре отырып, қытайдың «Сүйшу» жазбасындағы Көкбөрі туралы жоғарыдағы аңыздан кейін Ашина халқының жаугершіліктен тығылған үңгірін суреттеуіне назар аударады: 

«Көк бөрі тығылған үңгірдің суреттелуі өте таңғаларлықтай. Ол үңгір «Гаоган тауының солтүстік батысында». Яғни, Алтай тауының қақ ортасынла екен. «Тауда үңгір бар, ол үңгірдің ішінде айналасы атшаптырымдай (бірнеше жүз ли – Т.Ж.) ұйысқан көгорай шалғын өскен. Үңгірдің төрт құбыласы түгел тау». Осындай ауқымды тау алқабының «Сүйшуда» үңгір деп жазылғаны таңдандырады. Мұндай дәлсіздікке орын берілуінің себебіне таңдана отырып, мұнда бір аңыздың екі түрлі оқиғамен: аңыз (көк бөріден тарағаны туралы) бен тарихи (түріктердің бабаларының бір бөлігінің Алтай тауының жазық анғарына бас сауғалауы) шындық түйісуінің өзі әр қилы жорамал жасауға жетелейді. Шындығында да, Рашид-әд-Дин, Хонде-мир мен Әбілғазы сияқты мұсылман шежірешілерінің еңбегінде тарихи шындық толық қалпына келтіріледі, онымен қоймай, таулы алқаптың «Эркене күн», яғни «құлама құз» деген нақты жер атын атайды. Бұл арада біз ертеде өткен оқиғаның – 93 жылғы жеңілістен кейін Тарбағатайды асып кеткен солтүстік хұндарының Алтайды мекендеп қалған бір бөлігі туралы әңгіменің жаңғырығымен жүздесіп отырған шығармыз... Дәл осындай аңыз теле жұртында да бар. Ол аңыз бойынша, хұн тәңірқұтының қыздарының бірі Көк Тәңірінің әмірімен қасқырдан ұл туады. Ол ұл телес ұлысының бабасы ретінде есептелген. Бұл тайпа да Ашина сияқты, Халқаға Сарыөзеннен ауып келген» (Л. Гумилев). 

Miнe, бұл – аңыз емес, шындық. Түркі тайпасы қандас теле жұртымен көршілес тұрған. Екеуі де аяусыз шапқыншылыққа ұшыраған. Босып келіп, жан-жағын құз-жартас қоршаған жазыққа қоныс тепкен. Қазір де Мұзтаудың бүйіріндегі Таулы Алтаймен, Моңғолиямен, Қытаймен шектесетін тұсында Көккезең, Жазатыр атты жазық бар. Ал қытай иероглифіндегі «күз» деген белгінің жаңылысып «үңгір» боп оқылып кетуі де мүмкін. Екіншіден, шүршіт шежірешілері шыннан басқа халықты барынша кемсітіп жазуға тырысканын да ұмытпаған абзал. Қалай дегенмен де, Алтайдан Альпіге дейінгі (Еділ тұсында) ұлан-ғайыр аймақты билеген көшпелілердің біздің жыл қайыру дәуіріндегі қайта өрлеп, дүние тарихында дәуірлеп тұрған тұсы осы Көкбөрі аңызынан басталады. Таңшықайдың, Шыңғыс ханның шаңырақтан түскен нұрдан пайда болғаны туралы аңыз таратқаны сияқты Көкбөрі де өзіне сондай «жанды аруақты» пip етуі мүмкін. Әйтеуір, Ашина деп ғылыми атау алған Көкбөріні сол заманда да түркі тілінде «Бөрі, Буре қаған» деп атағаны тарихи шындық. «Эркене күн» жазығында өсіп-өніп, ел атанған түркі тайпасы Алтайдың аңғарына сыймай, Көкбөріден кейін «бірнеше тұқым жаңарған соң Асаншеп (Асянь-ше) атты оның немересі көсемдік жасап, бүкіл ауыл-аймағымен үңгірді (аңғарды) тастап шықты да, өздерінің жужандармен одақтас болатындығын жариялады». Бұл шамамен 460 жылдардың шамасы еді. Асаншептен кейін ұлы жабғы Таулы (Туу) билік етті. Бумын қаған өз тұсында дүниені дүр сілкіндірді. Ал 545 жылы түркі халқының аты тұңғыш рет шежіреге жазылды.

27deb997c03c66ce667df514e5754b0c.jpg

Бұл ретте айта кететін бір жай, Ашина Көкбөрінің паналаған үңгірінің атына байланысты. Біздің ойымызша, ол «Эркене күн» емес, «Еркіне қон» сияқты. Әріптердің өзгеруі аударма барысында кеткен жаңсақтық. Біз қалыптасқан тіркесті пайдаландық. 

Исі түркі жұртының киесіне айналған Көкбөрі туралы аңыз мұқым Еуропаға мәшһүр болған. Тарихи тұрғыдан алғанда қиғаш келетін жайлардың өзін қиыннан қиыстырып, көшпелілердің сенімін шындыққа балап, оларды қорлау мақсатымен неше түрлі аңыздар шығарған. Мысалы, Еуропаны жайлап өткен Аттиланың – Еділдің қазаға ұшырағанынан кейінгі оқиғаны мың құбылтып, ақыры: «Ең соңғы хұн ханзадасы аяқ-қолы кесіліп, батпаққа (Балатон көліне) тасталған кезде ол бөрімен ылығыпты. Жүкті бөрі содан кейін Алтай тауына жортып барыпты да, хұндардың тұқымын дүниеге келтіріпті-мыс», – деген лақап таратыпты. Мұндай аңыздар Еуропа әдебиетінде көп ұшырасады. «Игорь жасағы туралы жырдағы» Құншақтың бөрімен қатар жортуы, Бунақ ханның түн ішінде Көкбөрімен ұлып тілдесуі соны аңғартады. Мұның барлығы да көшпелілердің Көкбөріні кие тұтатынын естіп, қиял арқылы ойша елестеткен жансебіл қауесеттер ғана. Әйтпесе, Көкбөрі туралы аңыз аталмыш оқиғадан бұрын, біздің жыл қайыруымызға дейінгі 174 жылы, Елжау бидің тұсында айтылғанын сіздер білесіздер. Тек исі тарихшылар алғашқы Түркі қағанатының негізін Ашина – Көкбөрі тұқымы қалады деген пікірі қалыптасып қалғандықтан да біз бұл аңызды осы арада мағлұмдап отырмыз. Біздің ойымызша, тас-талқаны шыққан хұн тайпасының қайта дәуірлеуі тұсында хұн тәңірқұтының бір тұқымы, ол Шөженің кіндігінен тарауы мүмкін, ұлттық бірліктің ұюына негіз қалаған. Ол өзін Көкбөрі деп атаған. Яғни, Көкбөрі ұлттық тұтастықтың, жаңғырудың, жаңарудың нысаналы бейнесіне айналған.

Ал енді осы Көкбөрі әулетінің негізі қалай қаланды және тарихи шындықпен жанаса ма? Соны түсіндіре кетейік. 

ІІ 

Сырттай қарағанда мұның бәрі аңыз сияқты. Алайда тектік киеге байланысты көркем қиялды аршып алсақ, оның ар жағынан ащы шындық шығады. Біздің көзіміз жеткен бір ақиқат – Көкбөрі жөніндегі аңыз біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларда көшпелі жұрттың арасында кең тарап, киелі аң ретінде сенімдік санаға әбден орныққан. Исі қаракөктің тұқымдары сол Көкбөрінің ұрпағы ретінде мойындалып, «тәңірдің құты» есебінде танылған. Ал бұл аңыздың 439 жылы қайта жаңғыруына себепкер болған Ашина – Көкбөрі хұн елінің бұрынғы ұлы қағанатын қайта орнатуға талпынған жаңа тақ иесі. Оған дейін көшпелілерді билеген үйсіннің күнбилері, қаңлының билері, иұзилердің жабғылары, сәнбилердің көсемі, Тоба мен Мойын мемлекетінің патшалары қарапайым тектен шығып, ел билігін қолына алған адамдар еді. Қаракөктің тұқымдарынан тізгін кеткен кезең болатын. Біздің қазір ханның орнына әкім мен президент сайлағанымыз сияқты үрдіспен мемлекет басына келгендерді тәңірқұтының ұрпақтары қайтадан ысырып, өзінің тектілігін көрсету үшін Көкбөрі – Ашина туралы аңызды жаңғыртып, қарадан сайланған хандарды тақтан түсірген. Демек, тектілік ұғымы үстемдік құрған. Бұл жөнінде арыстан жүректі Лев Гумилев дегдар: «Тек дегеніміз де адам сияқты, анасымен қоса әкесі де болуға тиісті. Ал түркілердің «әкесі» ретінде табғаштардың қас жауы және Қытайдағы хұндардың соңғы досы Ашина тарих сахнасына шықты, ол 439 жылы халқын қырғыннан құтқарып, Алтай тауының қойнауына алып кетті. Онда барған соң хұндардың екіге бөлінген жұрты бас қосып, 100 жылдан кейін түркі деген жаңа тектік құраммен әйгілі бола бастады», – дейді. 

Шындығында да, дәл осы тұстан бастап түркі халқының есімі тарихи шежірелерден ұшыраса бастайды. Ал оны жаңғыртушы – Ашина, яғни Көкбөрі бабамыз. Осы арада өзіміз соншама пікір адалдығына сенетін Л. Гумилевтің бір тұжырымына күмән келтіреміз. Ол Ашина – Көкбөрі туралы жоғарыдағы пікірді айта келіп, үнемі: «Түркіт» деген сөз – жалпылама атау, өйткені Ашина моңғол тілінде сөйлеген. Тек VI ғасырда түркі тіліне көшкен», – дегенді жиі қайталайды. Білместіктен емес. «Ашинаның – Көкбөрінің тегі хұндар еді» дегенді ұстанғандықтан туындап отыр. Бұл дұрыс. Алайда онда исі түркі жұртын тарихтан сызып тастауға тура келеді. Ханның өзі білмегенмен, қарашасы қай тілде сөйлесе, оның ана тілі де сол емес пе? Өйтпесе, Абылай билеген қазақтарды да, Шайбани билеген өзбектерді де, Бабыр билеген Үндістанды да, Хұсайын Байқара билеген Ауғанстанды да моңғолдардың есебіне жатқызуымыз керек қой. Ал ол тарихи шындыққа қиянат. Бұл пікірдің кілтипаны осында, беделді ғалымның адал ойына астар тігіп, тонын өзгерте тұжырым жасайтын тарихшылар пайда болды. Солардың бірі – М.И. Артамонов. Ол: «Қытайдың «Сүй-шу» атты жылнамасының дерегіне қарағанда Ашина тегі (әулеті) Пхин-лянның маңында (Шэньсидің батыс жағы) көшіп жүрген әр түрлі тайпалардың одағынан пайда болыпты. 439 жылы Ашина қарауындағы 500 үймен жужандарға қашып барып, Алтай тауының оңтүстігіне қоныс теуіпті де, сол арада жужандарға темір қорытып беріп тұрыпты. Түркі тілдес ортаға тап болған ат төбеліндей моңғолдар тез арада түріктеніп кетті. Алайда өздерінің мәдениетінің жоғарылығының арқасында және ұйымшылдығының нәтижесінде түземдіктердің арасында биік лауазымға ие болып, ту-кю (түркі) деген атқа ие болған тайпаның ханы атанды», – деп («Хазар тарихы», 104-бет) әлгі тұжырымды құбылтып баяндады. 

Осындай ғұлама ғалымның түркі жұртының тарихын жазып жүріп, сол елді ретін тауып кемсітуге, шымшып алуға даяр тұратынын түсінбей-ақ өтетін шығармыз. «Хазарды хазар еткен – еврей хандары» дегенге мойынсұнайық. Бірақ олардың тегі еврей емес, түркі, Ашина – Көкбөрінің тұқымдары еді ғой! Жә, тақырыпқа қайтып оралайық. 

Сонымен: «Көгілдір күмбезді Мәңгілік Аспанның астындағы Сарытеңіз бен Сарыөзеннен бастап, Қара теңізге, Кавказ тауына шейінгі аралықты таулармен бөлініп, қалың орманмен көмкеріліп, күміс толқынды мөлдір өзендер өрнектеген Ұлы дала алып жатты... Сондықтан да түркілер өзінің қағанатын Мәңгілік ел деп атады... Түркілердің алғашқы қағандары (Бумын мен Естеми) Орталық мемлекеттік ұлы қорғанынан – Қытайдан бастап, Иранға дейін созылған, ал батысында Қырым арқылы Византиямен тоғысқан Бірінші Түркі қағанатын құрды. Ұлы даладағы барлық тектер түркінің туының астына жиылып, «Ел» атты мемлекетке бірікті. Бұл оғыз тайпаларының хандары мен бектіктерінің біріккен мемлекеттік жүйесі еді» (Лев Гумилев). 

Miнe, Ашина – Көкбөрі ханның көтерген қасиетті шаңырағы түркі жұртын осындай дәрежеге жеткізді. Өкінішке қарай, осынау киелі адамның өмір тарихы толық сақталмаған. Алайда жоғарыдағы бір ауыз сөздің өзі оның атын түркі қауымының әр баласының жүрек төрінде сақтауына толық себеп бола алады. Қытай жылнамаларындағы түркілер жөніндегі деректер V ғасырдан бастап жиі ұшырасады екен. Бір қиындығы, осы Түркі қағанаты хақындағы Еуропа мен Азия ғалымдарының еңбектері бір ізге салынбағандықтан да ондағы адам аттары әр қилы болып жазылып жүр. Оларды салыстырып, жүйелеуге біздің дәрменіміз жетпеді. Сондықтан да «Үйсін туралы зерттеудегі» мәліметтерді пайдаланғанымызда кейбір оқиғалар мен адам аттарының жай-жапсарын аңғарсақ та, қосымша түсінік беруге тырыспадық. Мақсатымыз – исі деректердің күретамырын анықтай кету. Қай жылнаманы қарасаңыз да, Түркі қағанатының үйсін мен қаңлы, иұзи мен ауар – апар ордаларының негізінде құрылғаны анық байқалады. Мысалы, «Солтүстік патшалық тарихының» түркілер мен телелер тарауында: «Батыс түркі қара қағанның тұрақты қонысы болмаған. Оның елінің көбі үйсіндердің мекеніне қоныстанған», – деген мәлімет бар. Әрине, үйсіндер бұдан біраз бұрын босқынға ұшыраған. Алайда түркі елінің негізін құраған жұрт екеніне ешкім де дау айта алмаса керек. Әрине, өз қандастарымыздың ішінде қилы-қилы қисынбайтын қисындарды қиыстыратындар бар. Тегіміздің бір екендігін мойындасақ, бөліспейтін енші жоқ. Ал осы қағанат жөнінде мол мағлұматтар кездесетін «Сүй патшалығы тарихында» тікелей қазақтарға қатысты мынадай дерек бар. Келіскеніміздей, жер, адам аттарына түсінік бермейміз: 

«Батыс түркі дегеніміз Білгі қағанның баласы Дараның еді. Ол Шыбарамен араздасып, бөлініп кетеді де бірте-бірте күшейе бастайды. Шығыста дужиндермен соғысса, батыста Алтайдан асып түсіп, құлашын кең жайды. Күшәр, Телей (Теле – Т.Ж.), Құмыл және басқа да батыс өңірдегі бұратаналар елі соған тәуелді болды... Қара қағанның тұрақты қонысы болмаған. Елінің көбі үйсіндердің атажұртына қоныстанған. Екі кіші қаған қою арқылы елін екіге бөліп билік жүргізген. Оның бірі Ташкенттің (Шаштың – Т.Ж.) солтүстігіндегі көшпелілерді билеген, екіншісі Күшәрдің терістігіне қоныстанған, ол жердің аты Сыр болуға керек». 

Өзге-өзге, дәл осы мәліметке түсінік берудің өзі артық. Тек соны көкейде ұстап, тамырымызды танығанымыз абзал. 

Сіздерге ескертпей, бірден Түркі қағанатына ауысып кеткеніміз ыңғайсыздау да көрінер. Оның мәнісі – сол қағанаттың негізін қалаған Ашина – Көкбөрінің тамырын аршып алу мақсатынан туып отыр. Бізге мәлімі – 439 жылы Ашина – Көкбөрі тақ иесі болғандығы. Ал бұдан кейін қалай жалғасты, арадағы 100 жылда кімдер биледі, соны анықтау еді. Әрине, оның бәрін тәптіштеп бере алатын мүмкіндік жоқ. Дегенмен, «Жаңа Таңнамадағы» мына ақпардан Ашина – Көкбөріден кейінгі екі- үш ұрпақтың атын білеміз: «Батыс түркінің ханы Надулудың немересі Туу (Төле – ? – Т.Ж.) еді. Лауазымы «аға жабғы» болатын. Оның үлкен баласы Түмен Білге қаған еді. Екінші ұлы Естеми қаған еді. Естеми қағанның ұлы Дардұқ қаған, яғни Білге қаған ту баста шығыс түркілер мен үйсін жеріне қоныстанды. Шығысы Шығыс түркіге, батысы Арал теңізіне, оңтүстігі Қашқарға, терістігі Бесбалыққа дейін тұтасып жатты. Астанаға шейін жеті мың шақырым. Қарашәріден оңтүстік ордаға бару үшін батыс- солтүстікке қарай жеті күн жүруге тура келеді. Олар дулат, нушби, қарлақ, шора, чуми (Н. Мыңжанұлының пайымдауынша, шөмекей – Т.Ж.), құмылдық тайпалармен қандас. Ал әдет-ғұрпы негізінен түркілерге ұқсайды, тілдерінде азын- аулақ парық бар», – делінеді. 

a1c6300f7223f8b451e780e970c0b4d1.jpg

Бұдан аңғаратынымыз, бірінші Бумын, яғни Түмен қаған Ашинаның шөбересі болып келеді екен. Әр әулеттің ауысуына ширек ғасыр уақыт бөлген күннің өзінде де тұп-тура шығады. Екі арасын 100 жыл алып жатыр. Екінші, Батыс қағанатыңыз пішіп қойған қазіргі Қазақстанның шекарасы дерсіз. Жоғарыда аталған рулардың біразы қазақ халқының құрамына толықтай сіңіп, бұтақтанып кетті. Кейбіреулерінің тармақтары тамыр тартып жатыр. Ендеше, сіз бен біздің Ашина – Көкбөрі құрған қасиетті қағанаттың шаңырағының астында туған азаматпыз деп айтуға толық хақымыз бар. Деректі қалдырып отырған жылнамашының бізге жаны ашыды, қаламы қисайды деп ешкім де айта алмас. Сол үшін де біз қытай тарихшыларына қарыздармыз. Демек: 

Бөрілі менің байрағым, 

Бөрілі байрақ көтерсе, 

Қозады қай-қайдағым, – 

деп Сүйінбай Аронұлы атамыз айтқандай, ұлттық нысанамыздың ең киелісінің бірі болған көк бөріні туымыздың сырығының басына бедерлеуімізге болатын-ақ еді. Заки Валиди Тоған, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Халел мен Жаһанша Досмұхамедов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Фитрат пен Шолпан, Тыныстанов пен Арабаев, Сұлтанғалиев сияқты алты алаштың азаматтары ақылдаса отырып жасаған Түркістан мемлекетінің болашақ туының сырығына көк бөрінің басын тұғыр етіп белгілеп еді. Әттең, жалған намыс дегеннің кесірі тиді. Мүмкін білместіктің де әсер етуі ғажап емес. Бөрінің басы тұрса, Түркі қағанатының мұрагері ғана емес, туымызға қарап барша түркі жұрты бас иетін қара шаңырақтың иесі атанар едік-ау! 

Еліміздің қолына Еркіндіктің тізгіні еркін тиер, сонда ұлы нысаналы, киелі бейнелеріміз – көк бөрі мен жаңа туған Ай мен Мәңгілік елдің белгісі – сегіз қырлы жұлдызымыз да өзінің қасиетті орнын табар деген арманмен өзімізді өзіміз жұбатып өмір кешеміз де, қайтеміз. 

ІІІ 

Тарихи оқиғаның желісі үзіліп қалмас үшін осыдан кейін батыс хұндардың – гүндердің тағдырынан хабардар етеміз. Сондықтан да Түркі қағанаты хақындағы әфсаналарды сәл ірке тұруға тура келді. Себебі, Баламер бастатқан гүн ордасы әлем тарихына із қалдырып, Римнің құлдық қоғамын құлатқан ұлы «тағылар тасқыны» ретінде бағаланып еді. Ал ол тасқын Еділ мен Жайықтың арасында иірімделіп, батысқа қарай бет алған болатын. 

Тұрсын Жұртбай, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?