«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Түркілердің ілкідегі саяси ұстанымы

993
Түркілердің ілкідегі саяси ұстанымы

Әмбебап этносаяси жүйе ретінде түркі әлемінің тарихи геосаясаты үш кезеңнен тұрады:

I. Ұлы ғұн империясының қалыптасуынан (біздің заманымыздың IV ғасыры) Көктүрік империясының соңына дейін (VIIII ғасыр) жалғасқан кезең;

II. Ислам дәуірі (IX ғасыр - XIX ғасыр);

III. ХХ ғасырдың басынан қазіргі кезеңге дейін жалғасқан дәуір.

Тарихқа дейінгі және ерте тарихи дәуірлерде адамдардың жаңа территорияларға көшіп, қоныстануы нәтижесінде антропогендік аймақтың ұлғайып, кеңею ареалы Африкадан Азияға, Азиядан Еуропаға қарай бағытталғандықтан, өркениеттің мұрагерлігі тұрғысынан Еуропаны Азияның «жалғасы» деп санауға болады. Алайда бұл «мұрагерліктің» даму барысы ежелгі Азия мемлекеттері (Ахеменид және ғұн-түркі империялары) мен ежелгі Еуропа мемлекеттері (грек қала-полистері, Эллада, Македония және Рим империялары) арасындағы соғыстармен жалғасып отырған. Азия-Еуропа оңтүстік бағытында әскери-саяси байланыстарының оңтүстік бағытында парсылар гректермен, ал солтүстік бағытында ғұн түрктері мен шығыс еуропалықтар римдіктермен соғысты. Бұл қарама-қайшылықтар өркениет ой-пікірінде терең із қалдырып, еуропалықтаралғаш рет азиялықтарды геосаяси қарсылықтың басты нысаны ретінде танып білді. Мұндай «мәдени-тарихи тұжырымдаманы алғаш рет Еуропаны Азияға қарсы қойған» Геродот (б.з.д. V ғасыр) айтып кеткен. Кейінірек ежелгі грек философы, шығыстық ислам мәдениетіне де үлкен ықпал еткен Аристотель (б.з.д. IV ғасыр) «азат грек рухын Азияның құлдық психологиясына» қарсы қойса, ал одан осы ілімді меңгерген македониялық Ескендір Еуропадан Азияға қарай (Үндістанның шекарасына дейін) басқыншылық (б.з.д. 334-326 жж.) жорықтарын бастады, Еуропаның Азияға мұндай деңгейдегі әскери жорығының жауабын шамамен 700 жылдан кейін (біздің заманымыздың 451-453 жж.) ғұн түркілері берген болатын, Батыс ғұн-түркі империясы Римді, ал Шығыс ғүн-түркі империясы Қытай мен Үндістанды (біздің заманымыздың V ғасырының соңы VI ғасырдың басы) жаулап алды, Ғұн түркілері Еуразияның Тынық мұхит бағытында Қытай империясын, ал Атлант мұхиты бағытында Рим империясын жеңіліске ұшыратты. Осы орайда мынаны да айта кеткен жөн: осы арқылы Еуразияда абсолюттік билік жөніндегі пікірлерді тоқтатып, осынау ұшы-қиырсыз кеңістіктің «ішкі территориясының» («heartland») дәл осы азиялықтар мен олардың жауынгер суперэтносы – түркілерге тиесілі екенін іс жүзінде көрсетіп берді. Түркі геосаясатының шамамен екі мың жылға созылған даму барысында назар аударарлық жайт - түркілердің тарихи геосаяси тармақталуы (бөлінуі) кезеңінде пайда болған Шығыс Түркістан мен Батыс Түркістанның түркі этносаяси жүйесінің екі маңызды тармағы ретінде қалыптасуы болып саналады. Шығыс Түркістан - Орталық Азия түркі мемлекеттерінің геосаяси жолағын, ал Батыс Түркістан барған сайын Еуропаға қарай бағыт алған Батыс Азия түркі мемлекеттерінің геосаяси жолағын қалыптастырды. Ислам дәуірінде бұдан да кеңейіп, айтарлықтай тармақталған (бөлінген) түркі мемлекеттері екі бағытта да өздері мен көршілері арасында қаншалықты орналасу жағдайын өзгертіп отырса да, этногенетикалық жадының негізіне сүйену арқылы түркі әлемінің біртұтастығы өз жалғасын тапты. Түркі дихотомиясының (тармақталуының) батыс бағыты - Еуропа елдерімен, ал шығыс бағыты оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерімен байланыстарда белсенділік көрсетті. Классикалық Азия империяларынын ешбірінің не Қытайдың, не Үндістанның, не Иранның, не болмаса Арабияның жасай алмағанын дәл осы түркілер жасады. Олар Азия Еуропа байланыстарында Азиянын геосаяси басымдығына негізделген саяси жүйені жаңа кезеңге дейін сақтап қалды. Ал Еуразия геосаясатының барлық даму траекториясы Орталық Азия мен Кавказды да қосқанда, континенталдық түркі геосаяси жүйесінің негізділігімен және ұйымдасу процесімен тығыз байланысты екендігі даусыз. Түркілердің империя құру мәселесінде саяси ұйымдасудың белгілі бір тәртіппен жүйелі түрде қалыптасқан дәстүрін берік ұстануы Еуразия геосаясатының динамикалық дамуына ықпал еткен басты факторлардың бірі болды. Олар этносаяси жүйенің ұдайы кеңейіп отыратын сипатына сай ел басқарудың иерархиялық құрылысын тік (вертикалды) бағытта да, көлбеу бағытта да тереңдете түсті. Геосаяси кеңістікте түркілердің абырой-беделі артқан сайын олар осы кеңістікті бақылауында ұстап, басқара алатын саяси билікті «бөлісуден» қорықпады. Олар «бөлшектер» бірігіп, «саяси бүтінді» құрайды деген ұстаныммен әрекет етті. Бұл нағыз синергетикалық заңдылыққа сәйкестік, қажетті жағдайда бір істі орындай алу қабілеті деген сөз. Осындай заңдылықты негізге алған түркілер «ғұн дәуірінен» бастап, билікті «шығыс» және «батыс» бағыттарына бөліп, өздеріне тиімді басқару жүйесін қолданды: Шығыс ғұн-түркі империясы мен Батыс ғұн-түркі империясы; Шығыс көктүрік империясы (Шығыс түркі қағанаты) мен Батыс көктүрік империясы (Батыс түркі қағанаты); Шығыс Түркістан мен Батыс Түркістан. Еуразияның «ішкі территориясын» ("heartland"), сондай-ақ оның маңайындағы барлық аймақтармен қоса Азияның шығысынан Балқанға дейін созылып жатқан алып геосаяси кеңістікті түркілер өздерінің ежелгі, төл сөзімен «ел (ил)» деп атады. «VII-IX ғасырларда солтүстік-батыста өздерінің аса қуатты көршілері - ғұндар мен ұйғырларға туыс болып келетін түркілердің» өмір сүргені қытайлардың жадында жатталып қалған еді. Үнді-еуропалықтардың Иран тобына кіретін этностары өмір сүрген мекен - Иран, ал түркілер өмір сүрген мекен Тұран деп аталған кезеңнен бастап Еуразияның оңтүстікке қарай созылған территориясы геосаяси тұрғыда кереғар сипат алады. Түркілер Иран – Тұран қорғанын да жарып өтіп, енді Еуразияның көп ұлтты, көп өркениетті аймақтарын сонау Австрия, Германия және Италияға дейін қолдарында ұстады. «I-XII ғасырларда Еуразияның этномәдени жүйесінің динамикасы» осы жерде пайда болған геосаяси процестердің бағытын түркілердің пассионар толқыны арқылы үнемі Еуропаға қарай бағыттап отырған. Шығыс Еуропаға қарай әрекет еткен түркілер бірнеше ғасыр бойы славян халықтарын великоростарды, белорустарды, украиндарды да әрекетке көшіріп, бұл аймақты бұрынғысынан да белсенді этносаяси процестерге тартқан.

Еуразия геосаясатының ең белсенді жолағын тарихи даму жолдарын бір-бірінен ажыратуға болмайтын Кавказ бен Орталық Азия құрайды. Кавказ-Каспий теңізінің батыс бассейінінен Еуропаға, ал Орталық Азия – оның шығыс бассейнінен Азияға бағытталған траекторияларын қиыстыра отырып, Еуразияның геосаяси координаттарының оңтайлы жүйесіндегі екі маңызды аймақтық сегмент ретінде қабылданады. Көріп отырғанымыздай, географиялық кеңістіктің кеңдігі мен алуан түрлілігі, «ландшафт полифониясы» түркі геосаясатының ерекшеліктерін айқындайтын басты факторлар. Түркі геосаяси аймағының жекелеген себептерге байланысты бөлшектенген кезеңдерінің өзінде олар түркі руханиятымен, бүкіл тарихи ұлылығымен гендік жадының тереңдіктерінде сақталған өзіндік тұтастығын жалпы түркі отан феномені ретінде көрсете білді. Жалпы алғанда, Еуразия, әсіресе оның орталық аймағы тек түркі әлемі арқылы ғана геосаяси тұтастыққа қол жеткізген. Азия мен Еуропа түркілері бірлестіріп, негіздеген әр алуан өркениет «компоненттері» ретінде өздерінің біртұтас өркениет мегажүйесіндегі байланыстарын құра алады. Еуразияны Еуропа (Батыс және Шығыс Еуропа), Таяу Шығыс пен Орта Шығыс, Кавказ, Орталық Азия, Оңтүстік-шығыс Азия секілді саяси аймақтардан тұрады деп есептейтін болсақ, олардың барлығының ортақ геосаяси кеңістігін түркі мемлекеттері құрайды. Түркі мемлекеттерінен тыс қандай да бір саяси жүйенің осы аймақтардың геосаяси координациясын құру мүмкіншілігі жоқ, сондай-ақ ондай қызметті атқаратын шамада емес. Табиғи-географиялық факторларға байланысты туындаған, әрі ешкім серіктес бола алмайтын бұл мүмкіншілік пен міндетті орындау әлеуетіне түркі мемлекеттері ұзаққа созылған тарихи-саяси процестердің нәтижесінде қол жеткізген болатын. Еуразияның тарихи геосаясаты тікелей осы процестердің маңызды бағытына, яғни, Азия мен Еуропа арасындағы байланыстардың тарихи түрленуіне және түркі мемлекеттерінің осы жердегі шешуші рөліне тәуелді болды. Шамамен 65 миллион адам өмір сүретін, 4 миллион шаршы шақырымнан асатын территориясы бар Орталық Азия аймағының негізгі геосаяси мақсаты - әзірге аймақ ішіндегі және аймақ маңайындағы саяси-экономикалық байланыстарды осы аймақтағы мемлекеттердің өзара келісілген мүдделері негізінде құрып, қалыптастыруға негізделген. Жалпы аймақтық ерекшеліктермен қатар, бұл елдердің әрбірінің тарих бойы бір-бірімен байланыстарында қалыптасқан өзіндік әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері, шаруашылық жүргізу мәдениеті мен өндіріс мәдениеті бар. Этносаяси жүйенің ұлттық мемлекеттілік жүйесіне алмасу процесінде болуы мүмкін қайшылықтар кейде этникалық қақтығыстарға да жағдай туғызады. Бірақ бұлардың барлығына қарамастан, Орталық Азияның көне тарихы бар жас түркі республикаларының ұлттық тәуелсіздіктерін сақтап қалып, әрі қарай дамитындығына ешқандай күмән жоқ.

Сондай-ақ аймақ ішіндегі және аймақ маңайындағы саяси- экономикалық байланыстарды жоғары деңгейге көтеру Қазақстаннан Түркияға дейін созылып жатқан біртұтас Еуразияның геосаяси қауіпсіздігінің негізін қалайтындығы еш дау тудырмайды.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

В.Малявин «Қытай өркениеті»,

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік».


Дайындаған: Ықылас Ожайұлы