«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Астанада «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіл сындарлы сыртқы саясат табыстары» атты конференция өтті

1720
Астанада «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіл сындарлы сыртқы саясат табыстары» атты конференция өтті
Бүгін еліміз - қадамы қарышты, қалыптасқан мемлекет. Кез келген сыртқы сынға жауап қайыра білетін ел. Экономикасы дамыған, халықтың әл-ауқаты біршама өскен, сыртқы саясатта да біраз жетістіктерге ие

Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның ғалым-қайраткерлерін жинаған алқалы жиын өтті. Еліміздің сыртқы саясаты мен мемлекеттілігінің басым бағыттарын қаузаған әрі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшіл сындарлы сыртқы саясат табыстары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел елордадағы беделі мықты бел орда - ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бастамасымен ұйымдастырылды. 

Дөңгелек үстелге Мемлекет тарихы институтының ұжымы мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қызметкерлерімен қатар республика аймақтарынан келген қонақтар - белді ғалымдар мен Қазақстанның білім беру саласының үздіктері қатысты.

0c26eaddde64dc165c54501fb964c5c9.jpg

Еліміз тәуелсіздік алғалы әлем елдерімен терезесі тең мемлекет ретінде танылуын алға тартып келеді. Осыған орай, Президентіміз Н.Ә. Назарбаев өзінің түрлі халықаралық деңгейдегі бейбітсүйгіш бастамаларымен қазақтың бейбітқұмар да мейрімді жұртын әлемге таныту мақсатын алға тартты. Еліміздің түрлі халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдардың мүшесі атануына сеп болды. 

Қашаннан азаттық аңсап, тәуелсіздік жолында табанды күрекен жұрт талай тағдырды таразыға салған кеңестік қыспақтан босағаннан кейін бейбітшілік пен келісім жолын таңдады. Ядролық қарудан бас тартты, қауіпсіздікті кемел келешек пен Қазақстан ертеңінің негізі етті. Осы мақсатта заманның ырқына қарай пайда болып, икемделетін қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін ұжымдық қауіпсіздік идеяларын көтерді. Заманына қарай амалы демекші, ішкі бірлікті сақтау үшін, Қазақстанның талай ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ Отанындағы достығын, біріне-бірінің құрметі мен сенімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы атты ұлтаралық татулықтың бірегей институтын жасады. Бүгінде 20 жылдық межесінен сүрінбей өткен Ассамблея өзінің мақсатын адал орындап келеді. 

4fe70b57493bfa0685c92fbf965ed6f0.jpg

Қазақтың дархан даласы ертеден халықтар достығының мекеніне айналды. Түрлі себептермен Қазақстанға келген ұлтты көшпелі жұрт туғанындай бауырына басты. Өзі таршылық көрсе-де, өзгеге мейірімділік танытты. Қайғысына ортақтасып, қуанышын бөлісті. Осылай, азаттық сенімін арқалаған халық ғасыр аяқталар тұста туырлыққа бейбітшіліктің белгісі саналатын аспан түстес тәуелсіздік туын желбіретті. 

Бүгін еліміз - қадамы қарышты, қалыптасқан мемлекет. Кез келген сыртқы сынға жауап қайыра білетін ел. Экономикасы дамыған, халықтың әл-ауқаты біршама өскен жұрт сыртқы саясатта да біраз жетістіктерге ие. Мәселен, Қазақстан - БҰҰ мүшесі. 1992 жылы жойқын күші орасан ядролық қарудан бас тартқаннан кейін әлем елдері бізді бірден мойындады. Ал Президентіміздің әлемді көркейту жолындағы игі бастамалары әлем жақсыларының назарын өзіне қаратты. Және осының бір айғағы - оқтын-оқтын өтіп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев діннің қоғамда алатын орны мен оның бір ел мен тұтас дүние көлеміндегі қуатын жақсы білген соң, осынау бастаманы көтеріп, Астанада жаһандық қауіпсіздікті нығайту мақсатында дін көшбасшыларының жиналыстарын өткізіп тұратын дара дәстүрін қалады. Бүгінде дін тақырыбын талдайтын, дүйім дүниенің дін басыларын бір ортаға жиып, жаһандық сын-қатерлерді талқылайтын ұйым басқа бір мемлекетте жоқ деуге болады. 

12f0e2cd9d18a89fc5b86a38fe2bc045.jpg

Қазақстанның салиқалы сыртқы саясаты еліміздің өзге халықаралық ұйымдардың қатарынан көрінуіне мұрындық болса, соның бір парасы - 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық етуі еді. Қазақстанның дүние жүзінің 56 мемлекетінің басын біріктірген ең ірі аймақтық құрылымына басшылық жасауы - оны әлем елдерінің сөзсіз мойындауы болды. 

Міне, әлемдегі дамыған мемлекеттердің қатарынан қалай да орын алуға ұмтылған Қазақстанның сыртқы саясаты осындай. Мұндай келелі пікірлер мен сүбелі ойларды талқылауға мақсатталған іс-шарада Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістіктері, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдің халықаралық байланыстары, сонымен қатар еркін ойлар төңірегінде әңгіме өрбіді. 

Мемлекет тарихы инситутының Мемлекет тарихы институтының бөлім бастығы Ғани Қарасаев Қазақстанның сыртқы саясатына жалпы тоқталып өтіп, халықаралық қауымдастықтағы еліміздің мәртебесін, қол жеткізген табыстарын атап өтті. Ал қоғам қайраткері Кенесары Қаптағай Қазақстан тарихындағы, ақтаңдақтар мен қазіргі отандық тарихнамада оларды қарастыру мәселелері бағытында ой өрбітіп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның сыртқы саясаттағы тұңғыш қадамдарын, Түркиямен арадағы келіссөздер барысын әңгімелеп берсе, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Зада Дұкенбаева бауырлас Түрік мемлекеті мен Қазақ елі арасындағы гуманитарлық қатынастар жайында баяндама жасады. 

b554686a67b0b195f40571aee26cd642.jpg

Дөңгелек үстел барысында, сонымен бірге, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, т.ғ.д. Ғ. Халидуллиннің, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Ғ.Б. Искакованың, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. С. М. Сыздықовтың және басқаларының баяндамалары тыңдалды. 

Айта отыралық, дөңгелек үстел тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Мұқашұлы Қарасаевтың 60 жасқа толуына орайластырылып өткізілді. Ғани Мұқашұлы - есімі елге әйгілі, ғылыми еңбектері жалпақ жұртқа жақсы таныс белді ғалым. Ғылыми ғұмырында 230 дан астам ғылыми публикация мен 11 монография жазған ол қаламын туған топырағы Шығыс Қазақстанның тарихын, Алтайдың көне заманнан бүгінге дейінгі тарихын зерттеуге тартты. 

Сонымен бірге ғылыми шығармаларының халықаралық дәрежеде танылуына орай «Ресейдің танымал ғалымдары» Энциклопедиясына енгізілді, Ресей жаратылыстану ғылымдары Академиясының төсбелгісімен, дипломымен марапатталды. Ғылымдағы жетістіктері үшін Еуропа Одағы Ғылыми-өндірістік Палатасының Алтын медалінің иегері атанды (2012 ж.). 

Мемлекет тарихы институтының 

Ғылыми-ақпарат бөлімі