Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Заңгер ғалым Нұржан Сәуленқызы

2088
Заңгер ғалым Нұржан Сәуленқызы - e-history.kz

Өзінің білімі мен білігі арқылы үздік жетістіктерге жетіп жүрген дарынды жас ғалымдардың бірі – заңгер мамандығының иесі Нұржан Сәуленқызы. 2001-2006 жылдары Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік дипломмен тәмамдағаннан кейін еңбек жолын 2006 жылы Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында іс жүргізуші қызметінен бастап, тәжірибе жинақтаған Нұржан Сәуленқызы 2007 жылы Қарағанды облыстық сотының жетекші маманы қызметіне ауысты.

2008 жылдың қыркүйек айынан бастап ғылым мен оқытушылық қызметке ауысты. Осы жылдан бергі кезеңде Астана қаласындағы Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқарды. Өзінің ұоқу мен қызмет барысында жинақтаған теориялық, практикалық тәжірибелерін ұштастыра отырып студенттерді оқытуға күш-жігерін жұмсады. 

Оқытушылықпен қатар, жоғары оқу орны қабырғасында жүрілетін түрлі іс-шараларға белсене қатысып, белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен таныла білді. Осы кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның хатшысы, заң факультеті СМЖ жетекшісі, студенттер арасындағы олимпиаданы ұйымдастырушы, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбы бойынша оқушылар арасындағы құқықтық бағыттағы республикалық олимпиаданың қазылар алқасының мүшесі, «Азаматтық қоғамды дамыту ғылыми-құқықтық орталығы» ҚБ мүшесі тағы басқа да университетішілік, қоғамдық іс-шаралар, оқу үдерісін ұйымдастыру жұмыстарында білімі мен білігін аямай жұмыс атқарды. 

Сондай-ақ «Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында коммерциялық емес акционерлік қоғамдардағы ЖОО трансформациясының құқықтық аспектілері» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобасының мүшесі болды. 

Көп жылдық ғылыми жұмысының нәтижесін қорытындылап, 2019 жылы Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де докторлық диссертациясын сәтті қорғап, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім саласындағы бақылау саласындағы комитетінің шешімінен құқықтану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесіне ие болды. 

Нұржан Сәуленқызы отандық заңнаманың маңызды мәселелері болып саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды құқықтық қамтамасыз ету, жергілікті атқарушы органдардағы құқықтық мәселелер қатарлы тақырыптар бойынша тұрақты зерттеу, сараптама жүргізумен айналысып келе жатыр. Осы тұрғыда шетелдік әріптестермен ынтымақтастықты жолға қою үшін Польшадағы, Ресей Федерациясындағы заңгер ғалымдармен атқарушы билік саласындағы мәселелер бойынша бірлесе жұмыс істеуде.

Сәулен қызы Нұржан – мамандық бойынша Қазақстанда, шетелдерде өтетін түрлі байқауларға тұрақты қатыстып үздік нәтижелерге жетіп келе жатқан ұстаз. Атап айтқанда жоғары оқу орындары оқытушылары арасында өтетін «Республиканың ең үздік оқытушы» байқауында 2013 жылы жүлдегер болды. 2013 жылы Мәскеу қаласында «Құқық және экология» тақырыбында өткен жас заңгер-ғалымдардың ҮІІІ халықаралық практикумына ғылыми мақаласымен сәтті қатысса, 2014 жылы Санкт-Петербург қаласында өткен «Эмпирикалық құқықтану: Батыс дәстүрлері және ресейлік зерттеулер» тақырыбында халықаралық ғылыми конференцияға теориялық-практикалық тәжірибе алмасуға шақырылған. 

Жас ғалымның кәсіби біліктілік жолындағы жетістіктерін негізге ала отырып 2014 жылы «Қазақ білім академиясы» Қазақстан Республикасының ғалымдары мен педагогтерінің қоғамдық ұйымы Төралқасының шешімімен Нұржан Сәуленқызына педагог-зерттеуші мамандық дәрежесі берілді. 2015 жылы «Жылдың үздік оқытушысы» дипломымен марапатталған.

WhatsApp Image 2022-02-21 at 17.27.52.jpeg

Нұржан Сәуленқызы 2017 жылы Польша Республикасының Вроцлав университетінде, 2018 жылы Ұлыбританияның Кембридж университетінде ғылыми-практикалық тағылымдамадан өтті. Тағлымдамалар барысында отандық атқарушы биліктің құрылымы мен қызметі жайында салыстырмалы талдаулар жасап, шетелдік ғылыми конференцияларда ғылыми қауымның назарына ұсына білді.

Нұржан Сәуленқызы 2019 жылдан ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекттік басқару бөлімінде жетекші ғылыми қызмет атқарып, білімі мен білігін шыңдауда. Қызмет барысында ҚР Парламенті жұмыс топтары бойынша түрлі заң актілерін дайындауға қатысып, өз ұсынымдарын беру арқылы мемлекетіміздің заңдары сапалы дайындалуына өз үлесін қосып келеді. 

Түрлі деңгейдегі отандық, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға тұрақты түрде қатысумен қатар, шетелдік беделді ғылыми журналдар, басылымдарда елуден астам ғылыми мақалалары жарияланған. Бірнеше ғылыми монография мен оқу құралдарының авторы, философия (PhD) докторы Нұржан Сәуленқызы 2021 жылдан бастап ҚР Парламенті жанындағы Парламентаризм институтының бас маманы болып қызмет атқаруда. Әділет органдары қызметінің дамуына қосқан елеулі үлесі, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін 2020 жылы «Әділет органдары жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы маман кадрлар дайындау ісін дамыту және отандық жас ғалымдардың әлемдегі жетекші оқу орындары мен ғылыми зерттеу орталықтарында тәжірибе алмасу мүмкіндігін арттыру мақсатында Үкіметке берген тапсырма берген болатын. ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ осы тапсырманы орындау мақсатында байқау ұйымдастырып, 500 ғалымға «Болашақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік гранттар бөлген болатын. Нұржан Сәуленқызы аталған байқауға қатысып, әлемдегі үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына кіретін М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тағлымдамашысы атанды. Нұржан Сәуленқызы «Болашақ» бағдарламасы ауқымында 2022 жылдың 1 ақпаны мен 2023 жылдың 1 қаңтары арасында Қазақстандағы парламентаризм институтының өзекті мәселелері бойынша бір жылдық тағылымдамадан өтетін болады. Осы мерзімде М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің жетекші заңгер ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, ғылыми теориялық, практикалық зерттеу жүргізетін болады. 

Қазақстанның заң саласы жүйесі – жас мемлекет тәуелсіздігінің тарихи жылдарымен бірге аяққа тұрып, біртіндеп жетілдіріліп келе жатыр. Өміршең де сапалы заңдары қабылданған, заңнамалық жүйесі нығайып қалыптасқан мемлекеттің тағаны нық, болашағы жарқын. Осы жарқын болашақты қалыптастыруда Нұржан Сәуленқызы сияқты тәуелсіздік жылдары еңбек жолын бастап, игерген теория мен практикалық білімін халықаралық тәжірибемен ұштастырып жүрген жас ғалымдардың қосар үлесі аз болмаса керек. Заңгер ғалымның ғылым жолындағы ізденістері сәттілікке толы болғай.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?