«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ел төресі – Құтылығ

2136
Ел төресі – Құтылығ
Тоғызыншы айдың толық толуы қарсаңында түрік-сыр халқы Шұғайқұздың етегінде ақ боз биені шалып, ақ киізге отырғызып, Құтылығты қаған көтерді

Ел егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жазылған «Қазақстан тарихында», неге екені белгісіз, Бірінші Шығыс Түрік қағанаты жайында да, Екінші Шығыс Түрік қағанаты жайында да жаңалықты ештеңе жазылмаған. Оларға қарағанда біршама толығырақ жазылған Батыс Түрік қағанатының тарихынан да жаңа ізденістің, бұрын айтылмаған, айттырмаған тарихи оқиғалардың шындығын ашуға талпыныстың ізі байқалмайды. Баяғы советтік идеологияның сойылын соққан тарих, өзгертілген жекелеген бірер сөз болмаса, қалғаны сол бойы қайта көшірілген. 

Қай тұрғыдан алғанда да, Түрік қағанатының тарихы қазақ халқының тарихына тікелей қатысты. Түрік қағанаты дәуірлеп тұрғанда бүгінгі Қазақстан жері қағанаттың құрамында болды. Батыс Түрік қағанатының жазғы және қысқы ордалары (астанасы) қазақ жерінде орнады. Қазақ халқы Түрік қағанатының құрамына енген халықтардың негізінде құрылып, қалыптасты. Сондықтан да Түрік қағанатының тарихын қазақ халқының тарихынан бөліп тастау еш қисынға келмейді. Түрік қағанатының тарихын танудағы бұрынғы түрік тілдес халықтардың тектестік бірлігін жоққа шығарып, бөлшектеуге бағытталған советтік идеологияның салып берген соқпағымен тарта бермей, тарихты қайта қараудың, жаңаша пайымдаудың кезі келді. Енді ғасырлар бойы бүркемеленіп келген тарихи шындық айтылуы қажет. 

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, тура жауабын тілейтін сан сауал андыздап алдыңыздан шығады. Айталық, алғашқы Түрік қағанаты құлап, тас жазуда көрсетілгеніндей, түрік халқы елу жыл бойы Қытайға тәуелді болып «ісі мен күшін» соған беріп келді. Осы уақыт ішінде еркіндігін аңсап, тәуелсіз ел болуға ұмтылған халықты бастап талай хан, қаған көтеріліске шықты. Соның ішінде жекелеген ру-тайпалардың ғана емес, біртұтас бір елдің, мысалы, он оқ халқының қолдауына ие болғандар да болды. Жоғарыда олар жөнінде айтық та. 

Бірақ солардың бірде-біреуі соңына ерген халыққа бостандық әпере алмады: алдауға түсті, соғыста жеңілді, әйтеуір тәуелділіктің тар бұғауын үзуге шамалары келмей, орта жолда қалды. 

Сол кездің болмысынан хабар берер тарихи деректерді зерде таразысына тартып, байыптай зерделесек, Екінші Шығыс Түрік қағанатын орнатқан Құтылығтың жағдайы жаңағы қағандармен салыстырғанда, олардың қай-қайсысынан да өте қиын болғанын көреміз. Мұны сол кездің куәгері, бар оқиғаны Құтылығпен бірге өткерген Тоңүкөктің «Жауымыз төңірегімізді айна¬лып ұшқан жыртқыш құс сияқты еді де, біз жемтік сияқты едік» деуі де дәлелдей түседі. Соған қарамастан, Құтылығ анталай қоршаған қалың жаудың арасынан аман шығып, құлағанына жарты ғасыр өткен қағанаттың шаңырағын қайтадан көтеріп, ешкімге теңдік бермес ұлы күшке айналады. 

Көшпелілер өмірінде ел тізгінін ұстаушының шыққан тегінің, биік лауазымының да үлкен рөл атқаратыны белгілі. Бұл жағынан алып қарағанда да Құтылығтың ерешеленер ештеңесі жоқ. Тегі жағынан қаған тұқымының алыстан қосылатын жақыны, лауазымы – әскербасы – шад (жылнамада тутун) дәрежесіндегі ғана адам. Сөйте тұра ол мақсатты ісіне қол жеткізеді. Осында қандай заңдылық бар? Сіреу қарды тесіп шыққан жауқазындай қоршаған жаудың ортасынан Құтылығтың бұзып-жарып өз қағандығын орната алуының сыры неде? 

c5bb2e9e3ddeee01aeaac5bfbe726287.jpg

Міне, «Қазақстан тарихының» авторлары осы сауалдарға көне дереккөздеріне сүйене отырып жауап бергенде, Екінші Шығыс Түрік қағанатының тарихына қатысты біраз жайдың шындығы айтылар еді. Ең алдымен, далалық мемлекеттердің пайда болуы мен ыдырауын бір қалыпқа салып, бір өлшеммен кесіп-пішіп келген бүгінге дейінгі ресми тарихтың қасаң қағидасын жоққа шығаруға мүмкіндік туар еді. 

Шындығына келгенде, Екінші Шығыс Түрік қағанатын аты далалық мемлекет дегенмен, заты өзге далалық мемлекеттерге ұқсамайтын. 

Ең алдымен, Құтылығ көтерілісінің басталуы өзінен бұрынғы көтерілісшілер сияқты тосын түрде басталғанымен, оның дамуында елеулі өзгешелік бар. Киіз үйде туып, түрік тәрбиесімен ауызданған, император Сарайында білім алып, сонда жүріп, соғыс өнеріне машықтанған, отырықшы елдің бұлтарыс-қалтарысы көп саясатының қитұрқы қыртыстарын көріп-біліп өскен, екі бірдей ақылшы серігі арқасында Құтылығтың көтерілісінде жоспарлы тірлік, мақсаты айқын бағдарлама болды. 

Жылнамада 682 жылы басталған көтерілістен тұтас бір жыл бойына ешқандай дерек болмай, тек 683 жылы ғана олардың көршілеріне шабуыл жасауының жазылуы да осы айтқанымызды растай түседі. Оның өзі шекара бұзып, империяға қыр көрсету емес, көрші теле тайпаларына жасалған барымта секілді көтеріліске қажетті көлік табу үшін жасалған шабуыл. Бұл – Құтылығ қимылының өзінен бұрынғылардың белгілі бір оқиғаға байланысты бұрқ ете қалған ызаның әсерімен аттандап атқа қонып, шекара бұзуына ұқсамайтынын, алда болар азаттық майданына қапысыз жоспарлы түрде дайындалғанынан хабар берер дерек. 

Иуән-жін (Юань-чжень) мен Тоңүкөк (Туньюйгу) бүгінгі түсінікпен айтсақ, көтерілістің шын мәніндегі саяси жетекшілері, білікті комиссарлары еді. Олар тайпалар арасында үгіт жүргізіп, халықты жеңіске ұмтылдырып, бостандыққа жететіндіктеріне сендіре білді. «Жаңа Таң кітабы» («Синьтаншу») дерегі арқылы бізге жеткен Иуән-жіннің Құтылығтан өз тайпасының арасына барып үгіт жүргізуге рұқсат сұрағанын білдірер жалғыз сөйлем («Юань-чжень просил дозволения внушить поколениям откупиться от вины») (Бичурин Н. Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – М.-Л., 1950. – Стр. 267) осы айтылғанның анықтығының айғағы болса керек. Сондай- ақ осы сөйлем «Күлтегін» ескерткішінің Үлкен жазуындағы Білге қаған атынан баяндалатын: «Әкем қағанға он жеті ер еріпті. Шетте жортып жүр дегенді естіп, қаладағылар тауға шығыпты, таудағылар төмен түсіпті. Жиылып жетпіс ер болыпты» (Асыл арна. – 48-б.) деген жолдардың да мән-мағынасын аша түседі. Ел-елді аралап, жұртты азаттық көтерілісіне көтерген ерлердің санының «жиылып жетпіске» толғанын білеміз. Өзінен қалған жазба дерек болмағаннан кейін, көшпелі елдің елеулі тұлғалары жөнінде қашанда нақтылығы жоқ, екіұшты пікірлердің туындап жататыны белгілі. Бұдан Екінші Шығыс Түрік қағанатының негізін қаласқан даланың дана екі перзенті – Иуән-жін мен Тонүкөк те тыс қалмаған. Олар жөнінде де әр түрлі пікір айтылады. Мысалы, Г.Е. Грумм-Гржимайло «Батыс Моңғолия және Урянхай өлкесі» атты атақты кітабында Иуән-жін мен Тоңүкөкті бір кісінің аты деп ашық көрсетіп, мұның Хирттің еңбегінде толық дәлелденгенін айтады (Грумм-Гржимайло Г. Е. Западная Монголия и Урянхайский край. – Стр. 285). 

Бірақ ортағасырлық түріктердің тарихын жан-жақты зерттеген белгілі орыс тарихшысы Л. Гумилев оның бұл пікірін теріске шығарады. Өзінің «Көне түріктер» атты еңбегінде Иуән-жін мен Тонүкөктің екі адам екеніне екеуінің әр жерде, әр кезде өлгенін айғақ тұтады (Гумилев Л.Н. Древние тюрки. – 1993. – Стр. 274). Расында да солай, Иуән-жіннің 691 жылы түргештермен соғыста қаза тапқаны тарихтан белгілі (Бичурин Н. Я. Собрание сведений... – Стр. 268). Ал Тоңүкөк болса одан кейін де ұзақ өмір сүрген. Нақты қашан өлгені жөнінде дерек болмағанымен, оның осыдан тура 23 жылдан соң, яғни 716 жылы 70 жасында Түрік Білге қағанның бас кеңесшісі болып тағайындалғаны жылнамада анық-ақ жазылған (сонда. – 273-б.). 

Алайда соған қарамастан, кейбір ғалымдар «Иуән-жін өлген жоқ. Империямен «Бейбітшілік және туыстық» шартына отырғанда бауырластары императорға жағынып, бір кезде қытайдан қашып келген қашқын ретінде ұстап бере ме деп қауіптеніп, оның өзі «Иуән-жін соғыста қаза болды» деген хабарды жұртқа жайғызып жіберткізген, ал анау «Тоңүкөк» деген сол Иуән-жіннің содан кейінгі жасырын, бүркеншек есімі» дегенді айтады. Бірақ бұл да Тоңүкөк пен Иуән-жінді бір адам еді дегенді дәлелдеу мақсатында ойдан шығарылған жалаң болжам ғана. Қай тұрғыдан алғанда да шындыққа келмейді. Тоңүкөк – қатардағы жай көптің бірі емес, үнемі жұрттың алдында жүрген, ордадағы қағаннан кейінгі екінші адам. 

Сондықтан атын өзгертті екен деп, басқаны былай қойғанда, ордаға «император қызының» нөкері болып келіп, жансыздық қызметін атқарып жүрген жүзге жуық адамның, болмаса ордаға ағылып келіп жатқан қытай елшілерінің біреуінің (ол император Сарайында тәрбиеленген адам ғой) оны танымай жүруі, ал таныса оны Сарайға хабарламай қалуы мүмкін емес. Егер «өлді» деген хабарды таратып, өзі көзге түспей, бүркеншек атпен бөгде елге, бөтен ортаға қашып кетсе сөз басқа. Жоқ, ол өйтпейді. Тоңүкөк деген атпен Иуән-жіннің бар қызметін баяғысынша атқарып жүре береді. Заманында қытайға да, түріктерге де бірдей танымал болған әйгілі адамның атын өзгерткеннен танылмай жүрді дегенге қалай сенуге болады? Бұл – бір. 

Екіншіден, Қытай мен түріктер арасындағы «Бейбітшілік пен туыстық» шарты Құтылығ қаған өлгеннен кейін, 709 жылы Қапаған қағанның тұсында ғана жасалды. Сонда Иуән-жін он алты жылдан кейін жасалатын шарттан қауіп тұтып, өзін 691 жылы «өлді» дегізіп жалған хабар таратқан болып шығады. Ал бұл өмір шындығымен қиыса ма? 

Үшіншіден, Иуән-жін 691 жылы батыста Ыстықкөлдің маңында түргештермен соғысып қаза тапқан. Ал Тоңүкөк дәл осы жылы шығыста Толо өзенінің бойында ұйғырлармен соғысып, оны өзіне бағындырады. Сонда Иуән-жін мен Тоңүкөк бір адам болса, аттан басқа ұшқыр көлігі жоқ сол заманда оның арақашықтығы бір-бірінен бірнеше мың шақырым жерді алып жатқан осы екі майданда бір кезде соғысуы мүмкін бе? Бұл арада Иуән-жін түргештермен соғыспады деп және айта алмаймыз. Оны басқаны қойғанда, Иуән-жін мен Тоңүкөкті бір адам деп отырған Грумм-Гржимайлоның өзі де мойындайды. Сондай-ақ Иуән-жіннің түргештермен (қытайша Туциши) соғысып, оның сонда қаза тапқаны Таң мемлекетінің жаңа хроникасында (СТШ) да, Н. Бичурин аударған «Таншуда» да айтылған. Демек, айтылған екі елдің арасында соғыстың болғаны шындық және бұл соғыста түргештің қағаны Ужылының жеңіске жеткені де ақиқат. 690 жылдан кейін Ужылының айтарлықтай күшейгені Таң әулетінің тарихында ашып жазылған. Ужылы бұл жылдары ешқандай жеңіліс көрген жоқ (Түріктер. Жыужәндар. – 103-104-бб.). 

Төртіншіден, егер Иуән-жін мен Тонүкөк шынымен бір адам болса, онда осынау үлкен оқиға Тоңүкөк басына қойылған өмірнамалық тас-кітапқа жазылған болар еді. Бірақ онда ондай жазу жоқ. Бұл арада Тоңүкөктің ескерткішінде жазылған түріктердің қырғызды жеңгеннен кейін түргештердің соғысқа дайындалып жатқанын жансыздары арқылы біліп, Ертістен өтіп барып, оларға тұтқиылдан жасайтын шабуылын Иуән-жіннің түргештермен соғысатынымен шатастыруға болмайды. Мұның алғашқысы – Қапаған қағанның тұсындағы соғыс. Мұнда түргештерге қарсы түрік әскерін Қапағанның баласы Инал қаған бастап барған болатын. Бұл, мерзім тілімен айтқанда, Иуән-жіннің түргештермен соғысынан 13-14 жыл кейінгі оқиға. Иуән-жіннің түргештермен соғысы Құтылығ қағанның тұсында болған.

d78019166b7953d0f273a905a94f2796.jpg

Міне, осындай нақты-нақты деректер мағлұматынан кейін өз заманының озық ойлы екі азаматын нәсілі түрік болғаны және екеуінің де қытайда оқып, білім алғаны үшін қиыннан қиыстырып әкеліп, екеуінен бір кісі жасау әділетсіздік болмақ. Тоңүкөктің ақылымен Құтылығ қаған өз елін бастап Шұғайқұзға келіп орналасқаны тас-кітап жазуларынан белгілі. Шұғайқұз – тектес таулардың iшiнде жалаңаш құздары көп, құж-құж қара тасты шоқылары алыстан айбарланып сұсты көрiнгенмен, етегi елге жайлы балқашты өңір. Айналасын шөл қоршап, аяқ жетер жерден алыста жатқандықтан, аң-құсы жыртылып айырылады. Тоңүкөк Құтылығқа өздерiне қараған елдi Шұғайқұзға көшiруге ұсыныс жасағанда, алдымен, бұл өңірдің жау көзiнен таса шалғайлығымен бірге көтерілісшілерге қажетті азық-түлікті табуға мүмкіндік беретін осы аң мен құсының көптiгiн де ескерген-ді. Міне, осы Шұғайқұздың етегiнде болашақ Екінші Шығыс Түрік қағанатының негізін қалаған көтерілісшілердің таяу кезеңде атқарылар ісінің бағдарламасы жасалады. Бұл бағдарламаның авторлары Иуән-жін мен Тоңүкөк болғаны да ешқандай күдік тудырмайды. 

Дегенмен, осы орайда түсiнiкке нақтылықтың тиiмдiлiгiн ескерiп, өмiрде болған-болмағанын тарихшы ғалымдар ресми түрде әлi ашып көрсетпеген бұл бағдарламаны бүгiнгi ұғыммен былайша саралап, түйiндеп көрсетуге болатын секілді. 

Бiрiншi түйiн. Табғаштарға тәуелдi болып келген түріктiң басқа тайпалары арасында үгiт-насихат жұмысын жүргiзу, жұртты жаппай азаттық көтерiлiсіне шығуға үндеу. 

Екiншi түйiн. Тұс-тұстан келіп, жиналып жатқан жауынгерлердi көлiкпен, тамақпен, қарумен жабдықтау. 

Үшiншi түйiн. Бiр қолға (орталыққа) бағынған жансыздар (барлаушылар) мектебiн ұйымдастыру, оған ең сенiмдi, берiлген адамдарды тарту: солардың берген хабары арқылы қоршаған жау елдердiң ой-мақсатын, iс-әрекетiн бiлiп отыру, соған орай жедел қарсы қимыл жасуды жүзеге асыру. (Бұл түйiннiң өзегiнде қытайдың өз тәсiлiн өзiне қолдану жатыр). 

Төртiншi түйiн. Құлағанына елу жыл болған қағанатты қайта қалпына келтiру мақсатында билiк жүйесiн ретке келтіріп, елдi басқару тәртібін орнықтыру. 

Бесiншi түйiн. Жалпы түрік тайпаларының басын біріктіру арқылы қағанат қуатын нығайту, сол арқылы тәуелсiз дербес мемлекет орнату, яғни толық азаттыққа қол жеткiзу. 

Ресми тарих ғылымы қалыптастырған таным-түсінік бойынша Екiншi Шығыс Түрiк қағанатының негiзiн қалаушылардың алғашқы күннен осындай мақсат-мүддесі айқын бағдарламасы болды дегенге сену, әрине, қиын. Өйткені, бұған дейін не көне дереккөздерінің бірінде, не зерттеушілердің талдауларында ешқандай бағдарлама туралы сөз болған емес. Бiрақ, солай дей тұрғанмен, көне қытай жылнамалары мен байырғы түріктердiң өздерінен қалған тас жазулардағы деректерге байыппен ой тоқтата қарап, сол кездегi оқиғаның даму барысына талдау жасау арқылы, жоғарыда айтқандай, нақты бағдарламаның болғанына көз жеткізу онша қиындық тудырмайтын да сияқты. Жалпы зерттеушінің міндеті бар деректi жалаң қайталау емес, керiсiнше, сол бар аз деректiң астарына, мән-мағынасына үңiлу арқылы ғасырлармен өлшенер уақыт тозаңының астын-да қалған өмiр шындығын хал-қадiрiнше ұрпаққа тазалап ұсыну болса керек. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. 

Құтылығ көтерiлiсi Ашына Фуниән көтерiлiсi басылғаннан кейiн, көп ұзамай-ақ басталғаны белгілі. Бiрақ қытай жылнамаларында «Гудолу (Құтылығ) бүлiк шығарды» деген жалғыз ауыз сөзден басқа 683 жылға дейiн көтерiлiсшiлердiң не көшпелi көршiлерiне, не Таң империясының шекарасына шабуыл жасады деген бір дерек кездеспейді. Сондай-ақ олардың империяның көтерiлiстi басуға жiберiлген жазалаушы әскермен қақтығысы да еш жерде айтылмайды. Бірақ Құтылығтың 682 жылы «бүлік шығарғанын» Таң империясы біледі. Оған бұл бүліктің «Жаңа Таң кітабында» тіркелгені айғақ. Ал бұл Құтылығ бастаған көтерiлiсшiлердiң өздерiнен бұрынғылар құсап азаттыққа жетемiз деп бiрден шекара бұзып, империяға қарсы шабуыл жасамағанын көрсетеді. Жан-жағын жау қоршаған көтерiлiсшiлердiң ол кезде мұндай қайрат көрсетерлiктей қауқары да жоқ едi. Көтерiлiсшiлердiң терiстiкке кетiп, Шұғайқұз тауының жықпылына сiңiп, тұтас бiр жылды алдағы күреске дайындыққа жiбергендiгiне бiр айғақты дәлел осы. 

Бұл арада тас жазудағы Бiлге қаған айтатын: «қаған әкем 17 ермен жортып жөнелген екен, сыртқа жүрiс қылайын деген екен», одан кейiнгi «жиналып 70 ер болған екен», «барлығы 700 ер болған екен» деген жолдардың сырына үңiлiп, не айтпағын ұққан жөн (Өмірәлиев Қ. VІІІ-ХІІ ғасырлардағы көне түркі әдеби ескерткіштері. – Алматы, 1985. – 85-б.) 

Қытай тарихнамаларының дерегі Құтылығ көтерiлiс жасағанда оның бес мың жауынгерi болғанын айтады. Осының дұрыстығын кейінгі зерттеуші ғалымдар да (Томсен, Грумм-Гржимайло, Гумилев, Лю-Мао-цзай, т. б.) мойындайды. Олар Бiлге қаған айтқан осы сандардың бәрiн жоққа шығарады. Сонда Бiлге қаған әкесiнiң қол астында қанша әскер барын бiлмегені ме? Олай дейін десең, әкесi өлгенде Бiлге қаған әжептәуiр есейiп қалған жiгiт. Кемi 9-10 жаста. Оның әкесiнiң қанша жауынгерi болғанын, тiптi, нақты бiлмегенiң өзiнде жетi жүзден көп (5000!) екенiн бiлмеуі мүмкiн емес. Білсе, көне тарихтың нақты куәгерінің жалған айтуына не себеп? 

Қарап тұрсаңыз, Бiлге қағанның айтуында кiлең жетi саны (17, 70, 700) қайталанып, бар ой соған негiзделеді. Осыған қарап, бұл түрiктердiң жетi санын киелi тұтуынан десек, онда Білге қаған сол киелi 7 санының өзiн аттап кетiп, бiрден неге 17-ден бастайды? Бұл арада мәселе, менiңше, жетi санының киелiгiнде емес. Бiлге қаған айтқан ерлердiң саны Құтылығтың қанша жауынгерi болғанын көрсетпейдi. Бұл тек Құтылығ қағанның көтерiлiске ұйытқы болған пiкiрлес серiктерiнiң, ұйымдастырушылардың саны ғана. Олар, атап айтқанда, Құтылығтың өзi, екi iнiсi – Қапаған (Мочо) мен Түзелбек (Дусифу), туысы Мұғалбек (Мочюй), екi кеңесшiсi Иуән-жін мен Тоңүкөк (Туньюгу), тағы басқалар, барлығы – 17. 

Кәне, Бiлге қаған сөзiне тағы бiр зер салайықшы: «қаған әкем 17 ермен жортып жөнелген екен, сыртқа жүрiс қылайын деген екен» дейдi. Құтылығ соңына ерген он жетi ерiмен жауға аттанбайды: «бiреумен соғысып, бағындырып, не олжалап қайтайын» демейдi. «Ерлерiмен сыртқы (көршi) елдi барлап, жүрiп қайтайын» дейдi. Мұның астарында он жетi ердiң түрiк тайпаларын аралап, үгiт жүргiзгенi, оларды жаппай көтерiлiске шығуға шақырғаны жатыр. Осы арада басын ашып алар бiр мәселе, мұның бәрi тас кiтапта көрсетiлгендей, бiр Құтылығтың еңбегi емес. «Құм жиналып тас болмас, құл жиналып бас болмас» деген билеушi ақ сүйектердiң идеологиясымен сана қалыптастырған көшпелiлердің ел билiгiнiң тiзгiнiн әйтеуiр қаған тұқымынан шыққан бiреуге ұстатуды дәстүрге енгiзiп, заңға айналдырып жiбергенi тарихтан белгiлi. Нақтылық үшiн, тiптi, өте әрiге бармай-ақ, ХVІІІ ғасырда ұлы жүз қазақтарының ел билеуге Абылай ханның бiр баласын арнайы барып сұрап алып келiп, хан көтергенiн айтсақ та жеткiлiктi ғой деймiн. Шындығына келгенде, Құтылығтың еңбегi де осы дәрежеде болуы мүмкін. Оны Тоңүкөктің Құтылығ туралы «Уайым жеп толғадым, арық бұқалы, семiз бұқалы екенiн болашақ қаған кiсi кейiннен бiлсе екен деп ойладым. Бiрақ ол қаған «семiз бұқа, арық бұқа» деп айырып бiлмес екен. Көңiлге түйдiм. Сонша ойландым, толғандым» деуi осы ойымызға айғақ. Құтылығты үлкен ойдың, мол бiлiктiң адамы болмауы да мүмкін деуіміз де осыдан. Сондықтан көтерiлiсшiлердiң бағдарламалы iс-қимылын сол заманның озық идеологтары, көтерiлiстiң саяси жетекшiлерi Иуән-жін мен Тоңүкөктiң еңбегi, солардың ықпалды басшылығы деп ойлау да шындыққа теріс келмейтін сияқты. 

Бұл кез, тас кiтапта жазылғандай, бүкiл түрік халқының «Мемлекеттi халық едiм, мемлекетiм ендi кәнi? Кiммен мемлекет құрармын?! Қағаны бар халық едiм, ендi қай қағанға iс-күшiмдi беремiн?!» (сонда. – 85-б.) деп қайғырып, тәуелдiлiк тауқыметiн тартып, азап шегiп, азып жүрген шағы. Иуән-жін мен Тоңүкөк халықтың бұл көңiл-күйiн тамыршыдай тап басып, тани бiлдi. Ел аралап, халықты азаттық күреске шақырды. Олар бұл ұранға қызу үн қосты. Тұс-тұстан ағылып келiп Құтылығ көтерген түрік туының астына жиналып жатты. Ұранды естiп, «қаладағы ел тауға шыққан екен, таудағы ел еңiске түскен екен» дейдi Бiлге қаған бұл жөнiнде. 

Бұдан шығар қорытынды сол, тас кiтапта жазылған, Тоңүкөк айтқандай: «тоғай-тоғайда, тау-таста қалған-құтқаны жиналып жетi жүзге жетсiн», Бiлге қаған айтқандай: «Жиналып барлығы 70 ер болсын», қалай болғанда да олар Құтылығ көтерiлiс жасағанда қасында бiрге болғандар оның тек өз иелігінің ғана адамдары емес. Олар – Құтылығтың қол асына үгiттеу арқылы, шақыру арқылы кейiн келген көршi туыстас тайпалардың адамдары. 

Мiне, осылардың бәрi жиналып келгенде, көтерiлiсшiлердiң өзiндiк айқын бағдарламасы болды және оның бiрiншi түйiнi «Табғаштарға тәуелдi болып келген түрiктiң басқа тайпалары арасында үгiт жүргiзу, жұртты жаппай көтерiлiске үндеу болатын» деп болжам жасауға толық негiз бередi. Сондай- ақ бұл арада Құтылығтың туы астына жиналған алғашқы санаулы ерлердiң негiзiнен Таң империясы тағайындаған басқақпен сыйыса алмай, қазақ шығып (бағынбай еркiн жүрген) кеткен батыр жiгiттер екенін және олардың әрқайсысының соңында өз нөкерi болғанын да аңғару қиындық туғызбайды. Бұлардың бәрі және талай сынақтан өткен, сайдың тасындай кілең «сен тұр, мен атайын» ержүрек жiгiттер болатын. Олар соғыста жауына қырғидай тидi. Бiлге қағанның «қаған әкем әскерi бөрi сияқты, жау қой сияқты болған екен» деуiнiң мәнiсi де осында (аталған еңбек. – 85-б.). 

Әрине, бұдан көтерiлiсшiлердiң бәрi бiрдей осындай еді деуге тағы болмайды. Олардың бiр тобы азаттыққа ұмтылғанмен, дәрменi жоқ, кедей тобыр болатын. Тоңүкөктiң жауынгерлердiң «екi бөлегi аттылы едi, бiр бөлегi жаяу едi» дейтiнi де осыдан. Жаяу әскерге көлiк керек. Мынау жалпақ далада астында қусаң жететiн, қашсаң құтқаратын сәйгүлiк болмаса, жауға аттанып не қиратпақ. Атсыз түрік – қанатсыз құспен тең, жау жебесiне жем болып, айдалада көмусiз қалары хақ. Өмiрi ат үстiнде алыс-жұлыспен өткен көтеріліс басшыларының жауынгер үшiн жақсы аттың қаншалықты қажет екенiн ешкімнен кем білмесі аян. Соның үшiн де олар, алдымен, «ашты тойындыруды, жаяуды көлiктендiрудi» өздерiне бiрiншi мiндет етiп қояды. 

Осы мақсатта олар таңдаулы батыр жiгiттерден шағын-шағын жасақ құрып, оларға шалғайдағы тоғыз оғыз тайпаларының бай ауылдарының жылқысын үйiр-үйiрiмен қуғызып алдырып, оның бәрiн жауынгерлерге бөлiп бередi. Соның нәтижесінде аз күнде жаяу жiгiттер түгел атты жауынгерге айналады. 

Аң аулап елдi тамақпен, жылқы алдырып жауынгерлердi көлiкпен қамтамасыз ету арқылы көтерiлiс басшылары екiншi мақсатты iсiнiң үдесiнен шыққандай болды. Ендiгi мiндет қолдағы бар жауынгердi соғыс өнерiне үйрету және құзғындай қоршаған жау елдердiң тiрлiк-тынысын, iс-әрекетiн бiлiп отыру қажеттiлiгiне қарай ойысқан едi. 

«Көп қорқытады, терең батырады», қаймықтырар қалың күшiң болмаған соң, сақтық керек. Қарсыласыңның өзiң туралы не ойлайтынын, не iстеп, не қоятынын алдын ала бiлiп отырмасаң, кез келген кездейсоқтықтың құрбаны болып кетуiң мынау қатыгез заманда оп-оңай. Мұны басқа бiлмесе де Қытай императорының көшпелілер арасындағы жансыздары арқылы олардың қыбыр еткен әрбiр қимылын бiлiп отырып, iнiнен шыға берген суырды желкесiнен басқан аңшыдай олардың бұлқынуға мұршасын келтiрмей тұншықтырып отыратынын талай естiген, көзiмен де көрген Тоңүкөк жақсы біледі. Қазіргі жағдайда жау арасында жүріп, жағдайды хабарлап отыратын жансыздың болуы – көтерілісшілер үшін қажетінің қажеттісі. Сондықтан да Тоңүкөк бұл іске айрықша көңіл бөліп, бар тірлігі құпия ұсталатын тыңшылар мектебін ұйымдастырады. Кейін ол айтарлықтай жемісін берді. Басқаны айтпағанда, жан-жақтан ағылып келіп, жаңа күш жиыстыра бастаған көтерілісшілерді қоршап алып, біржола құртып жіберуді көздеген Табғаш, Оғыз, Қытаң қағандарының үштік одағының құпиясын ашып, осынау қанқұйлы әрекеттің алдынан алуға мүмкіндік туғызған осы Тоңүкөк жансыздары болатын. Бұл туралы тас жазуда Тоңүкөктің өзі: «Оғыз жұрты жағынан жансыз келді. Жансыздың сөзі мынау болды: Тоғыз оғыз халқының үстіне (тағына) қаған отырды. Ол қаған табғаш қағанына Куны Сеңуңді, Қытаңға Тоңра Семді жіберген. Мынандай сөзбен жіберген: «Аз ғана Түрік елі (өзінше мемлекет болып) жүреді еміс, қағаны Алып еміс, ақылшысы білікті еміс. Ол екі кісі тұрса, сені (Табғаш қағанын) өлтірер деймін, шығыста Қытанды (қағанын) өлтірер деймін, мені (оғыз қағаны) өлтірер-ақ деймін. Табғаш (сен) түстік жағынан ти! Қытаң (сен) шығыс жағынан ти! Мен терістік жағынан тиейін. Түрік-сыр халқының жерінде ие қалмасын! Осылай иесін жоқ етелік!» – деп айтыпты. Ол сөзді естіп, түнде ұйқым келмеді, күндіз отырғым келмеді», – дейді (Өмірәлиев Қ. Аталған еңбек. – 74-б). 

Міне, жансыз ұстап, жасырын әрекет жасап көрмеген түрік елінің тарихында отырықшы елдерге тән құпия майдан әрекеті осылайша өзіндік көрініс табады. Мұны жоспарсыз, кездейсоқ тірлік деуге әсте болмайды. Демек, көтерілісшілердің жыл бойы жүргізілген дайындық жұмысында тындырылған елеулі істің бірі – жансыздар дайындау екеніне бұдан кейін күдік тумасқа тиіс. Біздің мұны үшінші түйінге енгізіп, қадап айтуымыздың сыры да осында. 

Шұғайқұзға жиналған батырлардың саны жеті жүзге жетті. Әрқайсысының соңында ерген руы, нөкері бар. Жер қайысар қолға айналды. Ал бұл елдігіңді танытып, ерлігіңді көрсетер шақтың туғанының белгісі еді. Игілікті істі бастарда тізгінді ұстар тұтқа керек. Бір қолға қарамаған, бір билікке бағынбаған елде береке жоқ. Осыған орай Тоңүкөк пен Иуән-жін қаған сайлауды жедел қолға алды. 

Бұл ретте құранды жұрттың бір пікірге қалтқысыз қоруына, яғни қаған көтеруге лайық жалғыз адам – Құтылығ болатын. Жол жағынан тікелей мұрагерлік құқы болмағанымен, әйтеуір, негізі қаған тұқымы болып есептелінетін Құтылығтың қаған болуына батырлардың ешқайсысы да қарсы болмаған сияқты. Тоғызыншы айдың толық толуы қарсаңында түрік-сыр халқы Шұғайқұздың етегінде ақ боз биені шалып, ақ киізге отырғызып, Құтылығты қаған көтерді. Сөйтіп, Ел-төресі (1) деген атпен Құтылығ түрік елі билігінің тізгінін өз қолына алады. 

Назар аударалық бір дерек – Құтылықты қаған тағына отырғызушылар түрік елінде бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша оны қаған не хан демейді, «Ел-төресі» деп атайды. Меніңше осы атауда көтерілісшілерге тән рух, демократиялық сипат бар, қаған мен ханға қарағанда «елтөресі» лауазымында киімнің ішкі бауындай халыққа деген жақындық бар. Мұны Құтылығтың әйеліне де ерекше құрмет көрсетіліп, «ханның ханымы» ұғымындағы «Қатын» деген атауға «Ел-данасы» (Ил-білге) деген мәртебелі сөздің тіркелуінен де байқауға болатын сияқты. 

0d55a1f2d505f7d109660e0e3c25d3dc.jpg

Осыған қарағанда, Құтылығтың әйелінің де көтерілісшілердің құрметіне бөленген қасиеті болған секілді. Әйтпесе бүкіл түрік халқының тәңірісіндей Бумын қағанының әйелінің өзіне «Қатын» дегеннен басқа ат берілмеген ғой. Осыдан шығарып, Құтылығ әйелін көтерілістің алғашқы кезінде тұс-тұстан арып-ашып ағылып келіп жатқан жарлы-жақыбайларды ашық қабақпен жылы қарсы альп, аналық мейір танытқан ізгі жан болған-ау деп шамалауға бола¬тын тәрізді. Құранды елдің бас біріктіріп, ынтымағы жарасып кетуіне мұның да үлкен ықпалы болары сөзсіз. Тас жазудағы Білге қағанның: «Жоғарыда Көк тәңірі, Түріктің Ыдуқ Жері, Суы былай деген екен: «Түрік жоқ болмасын, жұрт болсын деген екен. Сөйтіп әкем Илтеріс (Ел-төресі) қағанды, шешем Ил-білге (Ел-данасы) қатынды Тәңірдей төбесіне қойып, жоғары көтергенге ұқсайды» (аталған еңбек. – 85-б.) деп айтуына қарағанда, Құтылығ әйелі ел билігіне ара-ласып, ел анасы дәрежесіне көтерілген, кісілігі мол, ақылды адам болған секіл¬ді. Өйткені Білге қағанның: «Әкем Ил-теріс қағанды, шешем Ил-білге қатынды тәңірі төбесіне қойып, жоғары көтерген» деп, қабат айтып, қабат құрмет тұтуы балалық махаббатынан гөрі, елге сыйлы болған ата-анасына деген мақтанышын білдіретіндей. Қалай болғанда да, әйелді мұндай қағанмен бірге қойып, құрметпен атау бұған дейінгі түрік қағандарының тарихында кездеспейді. 

Құтылығ хан тағына отырғаннан кейін Тоңүкөк пен Иуән-жінді Орданың бас кеңесшілері етіп тағайындап, оларға «бойла баға тартқан» деген атақ, ал екі інісіне қарауындағы екі елді басқартып, біріне Қапағанға шад деген, екіншісіне Түзелбекке иеху (иағбу) деген атақ береді. 

Жауынгерлер арасында қатаң тәртіп орнатылып, әскер басшылары тағайындалады. Соғыс өнеріне жаттығу күндіз-түні бірдей жүргізіліп жатты. 

Қойшығара Салғараұлы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, профессор

(1) Ел төресі – көне түріктік лауазым, «төр иесі» деген ұғымды білдіретін «төр» және «ие» деген екі сөзден құралған. Мұндағы «төр» – билік деген мағынаны білдіреді. Соған орай «ел билеушілерінің тұқымы» деген ұғым келе-келе «төре тұқымы» деген ұғыммен бір мағынаға ие болып кеткен. Халқымыздың Шыңғыс ханның тұқымын «төре тұқымы» деп, төре атауын бір рудың атына айналдырып жіберуінің сыры да осында.