Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтар қалай шоқындырылды. 1-бөлім

2621
Қазақтар қалай шоқындырылды. 1-бөлім - e-history.kz

Орыс шіркеуінің мемлекеттік шіркеу басқармасының жоғары органы болып тұрған кезінде, 1881 году Қасиетті синод, мақсаты қазақтарды православие дініне кіргізу болған қырғыз діни миссиясын құрды. Діни миссия үш адамнан, атап айтқанда, аудармашы, псаломшы және 1882 жылдың көктемінде миссионер болып тағайындалған Филарет Синковскийден тұрды. 1883 жылы Өскемен қаласындағы қырғыз миссиясының орталығында бірінші қазақ Елембайдың шоқынуы - осы миссияның алғашқы жемісі болды.

Кейіннен осы миссияның күшімен ХХ ғасырдың басында жыл сайын 60-қа жуық қазақ шоқындыру рәсімінен өтіп, мұсылман дінінен бас тартып, жаңа есім алды. Айта кетерлігі, қырғыз миссиясы бағынған көршілес Алтай миссиясының көрсеткіштері салыстырмалы түрде жоғары болды (жылына шамамен 300 шоқындыру рәсімі жасалған).

Миссионер Синьковскийге келетін болсақ, ол 1893 жылға дейін қырғыз діни миссиясының құрамында жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде ол христиан діні туралы көптеген кітаптарды қазақ тіліне аударды және миссияның қызметі мен қол жеткізген жетістіктерін сипаттайтын көптеген жеке жазбаларын жариялады. Qazaqstan Tarihy порталы қырғыз діни миссиясы миссионерінің 1886 жылғы жазбаларын оқып, оның немен айналысқаны және өз қатарына жаңа мүшелерді қалай тартқаны туралы әңгімелейді.

1886 жылы шоқынғандар ішінде Синьковский Шарипа деген қазақ әйеліне ерекше назар аударған. Миссионердің айтуынша, Шарипа өмір бойы қырда тұрған, болыстың іс жүргізушісін есептемегенде, ешқашан орыс адамын көрмеген, «Жаңа Дуанда» (Буконь, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен аулының революцияға дейінгі атауы) қазақтар бұрын ол естімеген дінді қабылдап, шоқынғанын естиді. Бастапқыда онда «кейбір руластары қабылдап жатқан бұл не қылған дін?» деген сұрақ туындайды, алайда ешбір туысы бұл сұраққа жауап бере алмайды. Ал христиан діні туралы азды-көпті бірдеңе білетіндер, бұның орысдіні екенін, оны қабылдағандарды суға түсіретіндері жайлы айтады.

Шарипа христиан діні туралы неғұрлым көп ойлаған сайын, соғұрлым ол осы дінді қабылдағысы келеді деп жазған Синьковский:

«Оның бұл ниеті қаншалықты таңғаларлық болғанымен, ол түсінікті де: бұрынғы дінінен шығу оған қиын болған жоқ, өйткені ол туралы оның ешбір түсінігі болмады, тіпті ғұрыптық жағын да ол дұрыс түсінбеді; рулық немесе туыстық байланысы да оның мықты емес еді, өйткені ол кедейлік пен туыстарынан дөрекіліктен басқа ештеңе көрген жоқ. Сөйтіп ол бір түнде ауылын тастап, басы ауған жаққа тартып отырады».

Жолда кездескендерден Көкпектіге баратын жол сұрап, сонда жұмыс істейтін ағасына бара жатқанын айтады. Бірде қас қарайған кезде оған бірнеше қасқыр жолығады, сол кезде ол, әрі қарпай Синьковскийдің сөзі бойынша:

«Қорқыныш оның бүкіл болмысын жаулап алды, шақырылмаған қонақтарды жүрегі тулай күтті Қасқырлар да тоқтай қалды... Не істеу керек? Көз алдында – қасқырға талану қаупі. Осы сәтте оған: «егер өзім іздеп бара жатқан дін Құдайдың қалауы болса, онда Құдай мені өлтірмейді», деген ой келеді. Өмір мен өлім айқасқан бірнеше минуттан кейін қасқырлар өз жөндерімен кетеді»

Қауіптен құтылғанына және «ниетінің Құдайға жағымды» екендігіне сеніп Шарипа жылдамдата жүре береді де, төртінші күн дегенде Буконьге, миссияға келеді. Соңынан қуып келген қайнысына ешкім Шарипаны бермейді, ол өзі де кері қайтуға ниет білдірмейді. Ақыры Шарипа шоқындырылып, христианша жаңадан Вера деген есімді алады.

Дәл осы кезде Синьковскийдің, Бийск миссионерлік училищесінде табысты оқып жүрген өкіл баласы Василийдің ағасы Малқарбай шоқындырылып, Нестор деген ат алып, жаңадан шоқынған Евдокияға (Айсары) үйленеді. Қызының шоқынғанын естіген Айсарының шешесі қайғыдан қан жұтып, өзінің бетін өзі тырналап тастайды. Алайда екі-үш күннен кейін шешесінің ойы өзгеріп, қызы үшін қуанып, шоқынғаны үшін мақтай бастайды.

Ағасының шоқынғанын естіген Василий оған қуанышын білдіріп хат жазып, басқа да руластарын осы дінге кіргізуге кеңес береді.

Бұл жаңадан шоқындырылған қазақтардың миссиядағы алғашқы некесі еді. Бұған дейін жаңадан шоқындырылған екі қазақ казак әйелдерге үйленген болатын. Олардың біреуі, 1886 жылғы жағдай бойынша, қайын атасымен бірге тұрса, екіншісі өз үйінде тұрған.

Синьковскийдің жазуынша, қазақтардың, әсіресе әйелдердің шоқынуы, қазақ халқы тарапынан үлкен кедергілермен ұштасқан. Тіпті кейде тегі жоқ қазақ балаларын да шоқыну үшін шіркеуге алып бара жатқан жолсеріктің қолынан жұлып әкететін жағдайлар да болған.

«Кейде әке-шешесі жоқ баланы, оны тамақтандыру мен киіндіруден қашқақтаған туыстары да туыс ретінде мойындай қоймайтын; сол себепті бала орыстардан қайыр тілеп жан бағуға мәжбүр болатын. Алайда ол шоқынуға ниет білдірсе болғаны-ақ, оны шоқындырмас үшін оны бағып-қағуға әзір, бұрын белгісіз болып келген туған-туысы пайда бола қалады. Ал енді тұрмыстағы әйел шоқынса, бұрынғы күйеуі, туыстарының көмегімен, әйелін ұрлап алып қашудан да тайынбайды...»

Миссионердің жазбаларында осындай да оқиға бар. Залиқа деген күйеуі бар әйел шоқынады. Күйеуі Ниетпайдың әйелінің бұл қылығына көңілі толмайды. Көлденең адамдарды араға салып, әйелінен ажыраспауды сұрайды, тіпті ол өзінің де шоқынуға келісімін беретінін айтады. Алайда, әйелі көнбегеннен кейін Ниетпай, ағасының ақылын алып, Натальяны алып қашпақшы болады. Сөйтіп, Наталья өзенге су алуға келгенде алдын ала даярланып тұрған Ниетпай мен ағасы Натальяға бас салады, бірақ осы кезде өзен басына келген казак әйел айғай шығарып, оның айғайына жақын маңдағы казактар жүгіріп келіп, Натальяны арашалап, күйеуі мен оның ағасының қолынан тартып алады. казактардың атаманы бұл екеуін тұтқындап, Станица басқармасына, ал ол одан әрі уезд бастығына аттандырады.

Кейбіреулер бұндай қылықтарды артынан ауыр зардап қалдырмайтын, қазақтардың қызу қандылығына жатқызды. Алайда олардың ашулары ұзаққа бармайды дегенімен де, бірнеше жаңадан шоқындырылғандар із-түзсіз жоғалып кетті. Бұдан басқа, жаңа шоқындырылғандарға үйінен орын берген екі казактың жылқысын айдап кетеді: 1885 жылы бір казактың үш жылқысын, Натальяны паналатқан казактың бір жылқысын айдап кетеді.

Бұл жәйттер букондықтардың көңіл-күйіне әсер етпей қоймады. Казактар шоқынуға ниет білдіргендерді үйлеріне тұрғызудан, жаңадан шоқынғандарды жұмысшы ретінде қабылдаудан бас тартады. Жаңадан шоқынған әйелдерді паналату тіпті қиын болғандықтан, Наталья жалшы болып жұмыс істеу үшін Көкпектіге кетуге мәжбүр болады.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?