«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылады

1467
Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылады

Бұл туралы Ералы Тоғжанов депутат сауалына берген жауабында мәлімдеді. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарында қайраткердің ескерткіші орнатылмақ, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталы Egemen.kz сілтеме жасап.

2021 жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар бекітілді. Жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұраларын халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде насихаттау мақсатында ғылыми, мәдени-ағартушылық, ақпараттық-имидждік іс-шаралар қамтылған.

«Бұл жоспарда депутаттық сауалда көтерілген бірқатар мәселелер қарастырылған. Атап айтсақ, Қостанай облысы Жангелді ауданының Ахмет Байтұрсынұлы ауылындағы тұлға өмірге келген үйді қалпына келтіріп, жәдігерлермен толықтырып, музей-үй етіп ашу және Байтұрсын әулетінің қорымын қоршауын жаңарту, Қостанай облысының аумағында Ахмет Байтұрсынұлының мемориалдық кешенін салу, Ахмет Байтұрсынұлы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізу, Қостанай облысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын», Алматы қаласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» абаттандыру жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ Қостанай облысындағы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген Сарытүбек қонысы аймақтық маңызы бар киелі жерлер тізіміне енгізілген», деді Ералы Тоғжанов.

Оның сөзінше, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі Алматы қаласы мәслихатының 2021 жылғы 31 мамырдағы № 51 шешіміне сәйкес жеке меншіктен коммуналдық меншікке алынды. Аталған жоспарға сәйкес ағымдағы жылы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінің ғылыми-реставрациялық жұмыстары үшін ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленеді.

«Жангелдин ауданының атын өзгерту, Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының атын беру мәселесі қоғамның пікірін ескеру мақсатында жергілікті халықпен, ауылдық округпен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, ардагерлер кеңесімен талқылау жұмысы, кездесулер ұйымдастырылғаннан кейін нәтижесіне қарай қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іске асырылады. Ахмет Байтұрсынұлының есімін облыс орталықтарындағы мектептерге, орталық көшелерге (даңғылдарға) беру мәселесі жергілікті жерлердің ономастикалық комиссия отырыстарында қаралатын болды. Бұл мақсаттағы жұмыстар заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес барлық өңірлердің әкімдіктері тарапынан іске асырылады. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесі де Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Ал Түркияның Анкара қаласында, Ресейдің Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін орнату мәселесін қарастыру аталған жоспарда қамтылған», деп айтты Премьер-министрдің орынбасары депутаттарға берген жауабында.

Оның сөзінше, жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын түркі әлеміне насихаттау мақсатында ТҮРКСОЙ ұйымының, отандық және шетелдік зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Ыстамбұл қаласында дөңгелек үстел, фотокөрме ұйымдастыру, Түркістан қаласында Халықаралық түркітанушылар конгресін өткізу, сонымен қатар Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Баку қаласында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция, Орынбор және Ташкент қалаларында мерейтойға арналған іс-шараларды өткізу қарастырылған.