Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Диваев салған даңғыл жол

2325
Диваев салған даңғыл жол - e-history.kz

Әбубәкір Диваев – қазақ руханиятына, кең көлемде айтар болсақ, тіпті Орта Азия халықтарының мәдениеті мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан кесек тұлға. Олай дейтініміз, Әбубәкір Диваев 1884 жылы өзбек, қырғыз, қазақ әдебиетін жинау жұмыстарын өз қолына алып, аталмыш іске білек сыбана кіріседі. Араб-парсы тілдерімен қатар тәжік, өзбек, қазақ, қырғыз тілдерін жетік білгендіктен, жергілікті халықтың салт-дәстүрін, этнографиясын, тарихын, жазба әдеби мұраларын зерттеу оған еш қиындық тудырмаса керек.

Жазбамызға мұрындық болып отырған дүние – «Қарқаралы уезінде Ысмайыл хан сұлтан қатынының жоқтауы» деп аталатын шағын жыр жолы. Бұл жоқтау жырын кезінде Диваев жазып алып, қазақтың жоқтау өлеңдерінің қатарына қосып қойған. Бұл туралы жырды қадым тілінен аударған аудармашы былай дейді:

 

- Қазақ халқынан шыққан көптеген этнограф, фольклоршы, тарихшылар бар. Олар ата-бабадан жалғасып келе жатқан ұлтымыздың ұлы мұраларын жинап, болашақ ұрпаққа ұсыну жолында аянбай еңбек етіп, тер төкті. Соның арқасында қаншама жоғалып бара жатқан дүниеміз қайта жаңғырып, ұлт кәдесіне жарады. Ал Алаш арыстарына айнымас дос болған башқұрт ұлтынан шыққан Әбубәкір Диваев болса, бар ғұмырын қазақ халқына арнады десек артық емес. Себебі оның жинаған ұшан-теңіз деректері тарихымыздан ойып тұрып орын алды, сондықтан Дибаев қазақ тарихында даңғыл жол салып кеткен тұлға деп білеміз. «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова шетелден әкелген құжаттарды аударып жариялауды қолға алып, іске кіріскеннен бері М. Шоқай, К. Қасымұлы қатарлы тарихи тұлғалардың шағатай тіліндегі хаттары аударылып жарияланды. Сол үрдісті жалғастыра отырып, ендігі кезекте Өзбекстан мемлекетінен әкелінген, 1898 жылы Қазан қаласында басылып шыққан қадым жазуы үлгісіндегі Ә. Диваев жазып алып жариялап, түсініктеме берген «Қазақтардың жоқтау өлеңдері» деген материалды көпшілікке ұсынбақпыз. Тақырыбы «Қарқаралы уезінде Исмайыл хан сұлтан қатынының жоқтауы» деп аталады,-дейді Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві қызметкері, ақын Ахат Расул.

 

Әңгімеміздің ауанын сол жоқтау өлеңдерге бұрмас бұрын, әуелі Әбубәкір Диваевтың өмір дерегіне тоқталсақ:

 

Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев – 1855 жылы, желтоқсанның 3-ші жұлдызында Орынбор қаласында дүниеге келген башқұрт ұлтының өкілі, фольклоршы, этнограф, ғалым. Орынбордағы кадет корпусының Азия бөлімін 1876 жылы бітірген. Диваев қазақ, парсы, өзбек тілдерін жетік меңгерген. Оқып жүрген уақытында қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына байланысты деректер мен ауыз әдебиетін жинаумен айналысты. Диваев 1896 жылы 22 қаңтарда Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесіне мүше болып қабылданып, осы барыста ол "Қобыланды батыр", "Ер Тарғын", "Шора батыр", "Алпамыс батыр", "Бекет батыр", "Айман-Шолпан" жырларын, сонымен қатар қазақтың көптеген ертегілері, шешендік сөздері, мақал-мәтелдері, түрлі жанрдағы өлеңдерін жинап, біразын орыс тіліне аударды. Сырдария қазақтарының өмір-салтынан кең көлемдегі этнографиялық материалдар топтады, әсіресе ұлы мәдениеттің тарихи ескерткіші саналатын «Қорқыт ата» мазарының су шайып, жел мүжіп жоғалу қаупінің жақындап қалғанын жергілікті басқару орындарына ескертіп дабыл қақты. Оның ғылымдағы сіңірген еңбегінің ерен екенін В.В. Бартольд, А.В. Гордлевский, П.М. Мелиоранский қатарлы әйгілі ғалымдар өте жоғары бағалаған. Ал Диваев бұл жетістікке Қазақ жерінің қыры мен сыры, ондағы өмір сүрген қазақтай рухы өр, тарихы терең, болмысы бөлек, ділі мен діні нық, тамыры кең жайылған, ұмтылысы шексіз ұлттың ел-жерін зерттеу арқылы, мұрасын жинау арқылы жетті деуге әбден болады. Қазақ даласынан жинаған тарихи-этнографиялық материалдарына сүйеніп, 1917 жылға дейін 100 ден астам жазба жариялады. Тіпті тек мақал-мәтелдің өзінен 4000-ға жуығын қағаз бетіне түсірді. Әбубәкірдің қазақ үшін атқарған еңбегі, сүйіспеншілігі мен адамгершілігі, жомарттығы, тағы басқа да толып жатқан қасиеттері туралы ұлт көсемі М. Шоқайдың «Қазақ газетінде» жариялаған мақаласынан да көруге болады.

 radm0642-2-1024x683.jpg

Түркі әлемінің көсеміне айналған Мұстафа Шоқай Әбубәкір Диваев жайлы мақаласында біздің қазақ халқын шынайы көңілмен жақсы көрген, өзінің қаламы арқылы қызмет қылғандар ішінде Ә. Диваевтың есім-сойын атайды. Сонымен қатар ол көп жылдар бойы Түркістан генерал-губернаторына аудармашылық қызметке тұрады. Жұмыс барысында қазақ азаматтарымен таныс-біліс болып, тілі көрнекі, шұрайлы, сөзге шебер екенін ерте байқап, арызбен ғана тәржімә жасауды былай қоя тұрып, мақал-мәтел, ертегі, өлең-жыр жинаумен айналысады. Арнайылап аталмыш іспен айналыспаса да, қазақтың көнеден келе жатқан бай мұрасы – фольклорына қызыққаны анық байқалады.

 

Ә. Диваев шығуына себепкер болған сөздер көп-ақ. Жоғарыда жазылған Ерназар, Қобыланды, Бекет (Бекет батыр), Алпамыс батыр, Шора батыр – бәрі де соған дәлел. Одан бөлек беташар, жар-жар секілді халық арасына кеңінен тараған дәстүрлер, салт-жоралғылар сөз етіліп, жазылған. Мақалада Мұстафа Шоқай осы дүниелерді жаза келе оның денсаулығы жетсе, тағы да еңбектене түсетінін әрі жазған дүниелері Қазан қаласындағы баспадан шығып жүргенін жазады. Тағы бір ескерер жайт, ол – Ә. Диваевтың қазақ балаларына деген риясыз көңілі. Әсіресе Ташкенттегі гимназияда оқитын қазақтың бір қара домалақ баласын ешбір ақы сұрамастан оқытып, жәрдем бергенін жазады. Сөз соңын Әбекеңе деген ризалық көңілмен рақмет айта отырып, аяқтайды. Бұл сол1915 жылы, 31 қазанда «Қазақ» газетінің 156-шы санында жарияланған мақала болатын.

 

«Қазан» баспасынан 1898 жылы басылып шыққан бұл жоқтауда Абылай ханның тікелей ұрпағы (Исмайыл ханның Абылай хан немересі екенін жоқтау жыр жолдарынан көре аламыз: «Асылдығының белгісі, Орын алған бабасы Қазіреттің қасынан») болатын сұлтан Исмайыл ханның қазасында оның жары айтқан жоқтауы берілген. Мұнда Исмайыл ханның қандай атақты хан болғаны, оның ел іші мен сыртындағы абырой-беделі, батырлығы, жомарттығы, тектілігі жете айтылған. Әбубәкір Диваев жырды баспадан шығарып орыс тіліне аударған. Тіпті оның ішінде кездесетін көнерген сөздер мен діни ғұрыптық сөздерге түсінік берген. Бұл жырды қадым тілінен аударған аудармашы осы бір құнды дүние арқылы Исмайыл хан кім болған деген сауалға келгенін айтады. «Осыншалық деңгейдегі атағы бар Қарқаралы ханы неге тарих беттерінде аталмайды?», «Абылайдың қай баласынан тараған ұрпақ?» деген мәселелер шешімін таппай отыр.

 

Енді оқырмандар назарына 1898 жылы «Қазақтардың жоқтау өлеңдері» деп Ә.А.Диваевпен жазылып алынған және аударылған жырды ұсынбақпыз:

 

Қарқаралы уезінде Исмайыл хан сұлтан қатынының жоқтауы

 

Бісміллә деп бастайын,

Ғасылық* сөзді қоспайын.

Құдай бір басқа салған соң,

Жүрексініп саспайын.

Жылайды деп сөкпеңіз,

Ғалам білген ерімді,

Жоқтаусыз қайтып тастайын.

Мен жыламай қайтейін,

Отыз жастың ішінде,

Жесір қалдым жастайын.

Міне, дәл осылай басталатын жоқтауда әйел жанының мұңы, шері ағытылып, бірақ нәзік жанды пенденің бойынан ержүрек мінездің қылаң беретінін байқай аламыз. Әсіресе жастайынан ерте жесір қалған әйел тағдырының ауырлығын, қандай қайғылы екенін сезіну мүмкін де емес шығар. Өйткені патриархат қоғамда әйелі дүниеден өтсе үйлене салу оңай да, күйеуі дүниеден өткен әйелге «жесір» деген таңба тағып, өмір бойы азап шегу, үнемі өзін дүниеден бір қарыс төмен һәм кемшін сезіну – мына дүниедегі «тозаққа» тең  мағынасыз ғұмыр. Сондықтан да жыламауға себеп жоғын сұлтанның әйелі бар жан жүйесімен сезіп тұр. Және бұл жердегі «ғалам білген ерімді» деген сөз тіркесінің өзі Ысмайыл ханның атын әйгілеп, сол кездің ең бір беделді адам болғанын айғақтайды. Алайда сөз басында бұған шынайы тарихи фактілер қажет екенін жазғанбыз. Ендеше жырды ары қарай жалғай отырып, айшықты жолдарға тоқталып, мәтіндік интерпретацияны соза түспекпіз. 

Кешегі менің көкжалым,

Әруақ қонған жасынан.

Мың сан кісі жау келсе,

Жолдасын бермес қасынан.

Қаһармандай хан еді,

Ақылды туған асылдан.

Асылдығының белгісі,

Орын алған бабасы,

Қазіреттің қасынан.

Жалпы «көкжал», «көкбөрі» ұғымдары көне түркілік атаудағы «ашина» сөзімен тікелей байланысты. Сондықтан адамды көкжалға теңеу – оның физикалық қабілетінен, ептілігінен бөлек, біздің арғы баба танымда бар түсінік. Одан кейін осы бір шумақта сұлтанға жасынан әруақ қонғаны айтылады. Ал әруақ қону, аян беру секілді дүниелер қазақ «қазақ» болғалы қалыптасып үлгергені әмбеге аян. Әрине, мұндай процессті тек біздің ұлт емес, жалпы жер жаһанның кез келген елі, ұлты, адамы кешуі мүмкін. Тек бұл нәрсенің киесін ерте ұғынып, оған аса мән бере қарау бізде ежелден орныққан. Әлемдік әдебиетте магиялық, магиялық реализм, детектив секілді жанрларда жазылған шығармалардың өзегі «әруақ» феноменімен байланыст болуына да сол себеп. Одан соң жырда хан асылдығының белгісін дүниеден өткен соң қазіреттің жанынан орын алғанымен өлшейді. Неге? Себебі діни лауазым бойынша «хазірет» – жоғары дәрежелі дін иесіне берілетін атақ. Яғни, ерді қазіреттің жанына жерлеу асылдыққа, киелілікке баланған.

Арғымақ тұлпар жайлаған,

Ақ сұңқар салып байлаған.

Мың сан кісі жау келсе,

Алдына салып айдаған.

Жалпы әулиеге, пірге медет қылу – дәстүрлі таным-түсінігімізде бар, мына дүниеден кеткен «адамның» арғы өмірде де желеп-жебеп жүруі мүмкін екенімен ұштасатын ішкі наным. Тіпті аян берілуі, түс жору секілді тылсым процесстер жоғары күшпен немесе әруақпен байланысты болып келеді. 


Айтқаны қате болмаған,

Атының басын бұрмаған.

Айбынын оның көрген жау,

Алдында қарсы тұрмаған.

Бұл жерде жекелей келгенде оның мысы басатыны, айбары мен айбынына жау шыдас бермейтіні айтылып отыр.


Арманда өткен шырағым,

Жеңіл де болсын сұрағың.

Әулие-пірлер медет қып,

Бейіште болсын тұрағың.

Жалпы әулиеге, пірге медет қылу – дәстүрлі таным-түсінігімізде бар, мына дүниеден кеткен «адамның» арғы өмірде де желеп-жебеп жүруі мүмкін екенімен ұштасатын ішкі наным. Тіпті аян берілуі, түс жору секілді тылсым процесстер жоғары күшпен немесе әруақпен байланысты болып келеді. 


Толы бір топқа кіргенде,

Шоқтығы шығып сөйлеген.

Әділдігі сонша еді,

Адамзаттың баласын,

Өз ұлындай көздеген.

Ер алдында даулы боп,

Екі-ұдай болып ел сасса,

Жақсы сөзбен жөндеген.

Өз ақылы болмаса,

Бөтен сөзге көнбеген.

Науқастанып келгенде,

Жұрт сарылып тіледі,

Тілегін Жаппар бермеген,

Көзінің жасын көрмеген.

Дәл мұндай мадақтың, дәл мұндай пафостың айтылуы Ысмайылдың қандай еңселі, абыройлы, асқақ адам болғанын дәлелдей түседі. Оның әділдігі хақында «адамзаттың баласын өз ұлындай көздеген» деген тіркестің қолданылуы «атаңның баласы болма, адамның баласы бол!» дейтін бабалар нақылынан нәр алған, ашық һәм әділ болғанын сипаттайды. Даулы, екіұдайлы мәселеге келгенде, ел мен елді бітістіріп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын сөзуар, шешен болғанын да осы бір жыр жолдарынан анық байқай аламыз. Өз ақылы болмаса, бөтен сөзге былғанбайтын, бірбеткей, өз принципіне ғана жүгінетін жан екенін де одан кейінгі тармақтардан оқып отырмыз...


Бізден бұрын өтіпті,

Жүз жиырма төрт мың пайғампар.

Отыз үш мың патсалар*,

Олар да бар ма өлмеген?

Уа, дариға, көнерміз,

Құдіреттің ісіне

Пендесі бар ма көнбеген.

Міне, тағдырдың салғанына көндігудің, ерінен айырылып, жан дүниесі ботадай боздап жатса да, өз-өзін жұбатудың қажетін ұғынған жесір әйел осындай тоқтамға келеді. 


Көһрдан* соққан ел-жұртым,

Қанатым менің қайрылды.

Жүрегіме дақ түсіп,

Жасық пышақтай майрылды.

Асыл зада сұңқарым,

Өлгеніңді есітіп,

Адамзат бәрі қайғырды.

Тағдырды Құдай тез беріп,

Отыз жасқа келгенде,

Айбатымнан айырды.

Қаһарына мінгенде,

Шын ашуы келгенде.

Тілмаш құрлы көрмеген,

Дуан басы майорды.

Әрине, асылынан, ғашығынан айырылған адамның жай-күйі, оның қалың қайғысы, зар-мұңы біз ойлағаннан да тым терең, біз ойлағаннан да тым ауыр болуы мүмкін. Бұны сол ең бір аяулы шағы отыз жасқа келгенде жан жарынан айырылған әйелдің жоқтауы айтып тұр. Сөйтіп, кәрілік бойына түспей, жанын жемей жатып, айбатынан ерте айырылу кім-кімге де жеңіл болмасы анық. Оны түсіну үшін де қайғыдан қан жұтып, зар қақсаудың керегі шамалы секілді. Бәрі де бесенеден белгілі, саналы адамға түсіндірме жасауды қажет етпейтін дүние ғой...


Не қылса да еркі бар,

Құдіреті үлкен жаратқан.

Қадамың тайды шырағым,

Сүйіп мінген қара аттан.

Тағдырды Құдай тез беріп,

Ел сорына кез келіп,

Айрылдым жұртым, қарақтан.

Мырзалығы сонша еді.

Ғаріп пенен кәсірге*,

Барлық малын таратқан.

Енді мұндай жан тумас,

Бөкей, Төке, Барақтан.

Тумай сөзге ілініп,

Ақ патшаға білініп,

Жастайында шен алған,

Озып келген санаттан.

Ақылменен ел алған,

Қайратпенен шен алған.

Ақыл, қайрат болған соң,

Басшыға халқы сайлаған.

Ысмайылдың мырзалығы туралы жары кедей-кепшік пен жоқ-жітікке барлық малын таратып, жастайынан білім қуып, сол кезде орталықтағы басшылардан лауазымды шен алғанын айтады. Бірақ оның кімге, қай мүддеге қызмет қылғаны белгісіз. Егер мына жоқтаудағы жыр жолдарына сенсек, оның шені орыстан болғанымен, пейілі қазаққа қызмет еткенін аңғаруға болады. 


Ешкімге сөзін бермеген,

Дұшпаннан қорлық көрмеген.

Жасынан-ақ әруағы,

Күннен-күнге өрлеген.

Қазақ тарихында әруағы қолдап, ұрыстарда «әрақ жар болсын!» деп ұрандатқан азаматтар көп болған. Бұл – соның дәлелі.


Замана жаман күнінде,

Аз ғана күн жүрмеді.

Рысы қайтқан жұртының,

Көзінің жасын көрмеді.

Яғни, бұл жерде ырысы қайтқан ел-жұртына медеу болды, демеді, қолдады деген мағынада айтылып тұр.

 

Кешегі менің бекзатым,

Бесінде мектеп оқыған,

Алтыда ақыл тоқыған.

Жетісіне келгенде,

Жетпіс жерден дін сұрап,

Құдықтай көзін шұқыған.

Сегізіне келгенде,

Серкедейін бас болған.

Тоғызына келгенде,

Толған айдай балқыған.

Тоғыздан онға келген соң,

Дәулеті көлдей шалқыған.

Он біріне келгенде,

Ақылы асты халқынан.

Он екіге келгенде,

Құрбы өтпеді нарқынан.

Сол замандарда оқыған адам сауатын ең алдымен, араб тілімен ашқан. Бүгінгі күнмен айтсақ, қазіргі ғылым-білім, техника, лингвистика тіліне айналған ағылшын тілімен пара-пар деңгейде болған. Бесінде мектепке барып, алтыда ақыл тоқтатқан адамның мұншалық білімге елден ерек ұмтылуы кейде әлеуметтік жағдайға да байланысты сияқты. Мысалы, бұл сөзімізді «дәулеті көлдей шалқыған» дейтін жолдар дәлелдеп тұр. Оған қоса ол кезде сауат ашу, одан арымен оқуды жалғастыру секілді шаруалардың бәрі қолында ақшасы бар бай-бағландардың, хандардың қолынан келген. Ал қарапайым отбасында тәрбиеленген баланың оқып, білім алуына толық жағдай жасалды деуге ешқандай негіз жоқ.


Жиырмадан өткен соң,

Енді отызға жеткен соң,

Салиқалы би болды.

Мәуесі алтын шынарым,

Шынардай ағаш түбінен,

Құдіретсіз сынар ма?

Халық иесі тұрмады,

Жоқтамай көңілім тынар ма.

Пайғампар сынды түріңді,

Көруге жұртың қамады.

Жайнап жүрген бекзатым,

Су сепкендей басылды.

Отыз жасқа келіп, елді аузына қаратқан би болу әркімнің қолынан келетін іс емес. Оны халықтың жоқтауы да, сүйген жарының кеудесіне зар тығылып жоқтауы да заңды құбылыс.


Алдыңнан құдай жарылқап,

Бейіштің есігі ашылғай.

Періштелер жолдас боп,

Қор қыздары қосылғай.

Қоры Ғылман қызмет қып,

Түрлі нығмет шашылғай.

Келбетіңді қайтейін,

Гауһар-жақұт тасындай.

Кінәңды кешсін деп,

Асхат беріп оқыттым.

Отыздағы жасыңды,

Кімге тастап кеттіңіз,

Қара Айтымбет еліңді.

Дүниеден әркім өткен соң,

Қусырды жаман білімді.

Құдайдың өзі суалтты,

Айдай шалқар көлімді.

Бұл барғаннан келмессің,

Бейіш барсаң орын ал.

Қордың қызы жолықса,

Бірін көр де бірін ал.

Артыңда қалған ел-жұртың,

Бала-шаға ойыңа ал.

Ұмытбай ойға алсаңыз,

Қияметте жолығар.

Бісміллә деп сөз айтқан,

Шырағымда иман бар.

Сонымен кульминациялық шекке келе, Ысмайыл сұлтан ханның жесір әйелі жоқтауды осылай тәмамдайды. Арғы өмірде еш мұңсыз болуын, періштелер тілеуін тілеп, хор қыздарына қосылып, жұмаққа енуін қалайтынын жасырмайды. Енді сол соңғы екі тілек тек діни тұрғыдан ақтап алуға келеді демесеңіз, бүгінгі күннің шындығына келмейтін рәсуа сөздер дер едім. Өйткені дін мен ғылымды түп тамырынан, тереңінен, шұңқырынан зерттеуге тырысқан Шәкерімнің өзі «от болмайды дозақта», жұмақта «қыз құшып, жеміс жемес қой» деген секілді ойларын айтады. Біздіңше, шаласауатты, тек бас дінмен шырмалған, білімсіз, топас молдалар сол кезде де болған. Сұлтанның жары да сол ақыл-есі діни қоршаудан шыға алмаған адамдардың сөзіне еріп, иланғаннан туған негізсіз сенім бе дейміз... Әйтпесе өзінің сүйген асылын, ғашығын қай «өмірде» де болсын қор қызына не басқаға қия салу шынай махаббаттық болмыс емес. 


(Көне сөздерге түсінік:

Ғасылық – артық сөз

Патсалар - Сахабалар

Көһр – дауыл, боран

Ғаріп, кәсір – жоқ-жітік, кедей-кепшік. А. Р)

 

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?