«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Шетел мұрағаттарының материалдары бойынша. 3-бөлім

471
Шетел мұрағаттарының материалдары бойынша. 3-бөлім

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы Жарлығынан кейін әртүрлі елдердің мұрағаттарында сақталған мұрағат материалдарының өзектілігі күрт өсті. Qazaqstan Tarihy порталы Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяғанның Саяси қуғын-сүргін мәселесі бойынша соғыс, революция және бейбітшілік жөніндегі Гувер институты және Саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша Нидерланды Корольдігінің әлеуметтік тарихының корольдік мұрағаты сияқты шетелдік мұрағаттардағы жұмыс тәжірибесі туралы жариялауын жалғастырады.


Оқи отырыңыздар:

Шетел мұрағаттарының материалдары бойынша

Шетел мұрағаттарының материалы бойынша. 2-бөлім


1917 жылғы «орыс бүлігінің» толқыны - төзбеушілік пен өшпенділік, көп ұзамай ұлттық шет аймақтарға - Кавказға, Орталық Азияға да жетті. Түркістандағы алғашқы революциялық оқиғалар мен төңкерістер Ашхабад және Ташкент станцияларында басталды, ондағы оқиғалардың ұйытқылары, әдетте, еуропалықтардан тұратын жұмысшылар мен теміржолшылар болды.

Көптеген тарихшылар, соның ішінде қазақстандық тарихшылар да өз еңбектерінде 1917 жылғы төңкеріске Орталық Азияның байырғы халқы да белсенді қатысқанын дәлелдеуге тырысты. Бірақ объективті дәлелдер көрсеткендей, қазақтар да, өзбектер де, түрікмендер де большевиктермен әрдайым ниеттес бола қоймаған. Түркістанның байырғы тұрғындарының 1917-1930 жылдардағы және одан кейінгі кезеңдегі де басты және негізгі талабы - оларға деген әділ көзқарас және большевиктерден бе немесе уақытша үкіметтің жақтастарынан ба, кімнен болса да автономия алу болды. Персиядағы француз әскери миссиясының құпия хабарламаларында көрсетілгендей: 

«1917 жылғы 13 желтоқсанда Ташкент қаласында Түркістан Автономиясын қолдаушылар ұйымдастырған байырғы түркістандықтардың ірі манифестациясы өтті, оған қатысу үшін Қырғыздар (қазақтар) салт атпен келді». 

АҚШ-та естеліктері сақталған В. Клемм осы оқиғалардың куәгері болды.

1917-1919 жылдар аралығында Ташкентте болған азамат соғысы мен қақтығыстардан туындаған бар қасіретті В. Клемм өз басынан өткізді. «Бірақ большевиктер өз қарсыластарын құлатуда ерекше опасыздық жасады», - деп баса көрсетеді В. Клемм.

Бұл оқиғалардағы ең белсенді күш майданнан қашқан солдаттар, юнкерлер және В.Клеммнің өзі атап өткендей, «большевиктер» болды.

Түркістанда өкімет билігінің жойылуы нәтижесінде қатты ашаршылық басталды, қыруар қаржы басқа мақсатқа жұмсалды, шындығына келгенде бұл ақшаны Түркістан өлкесінің бұрынғы басшылары сияқты, жаңадан құрылған Кеңес басшылары да ұрлап кетті. Атап айтқанда, осындай істермен Ташкент совдепі басшыларының бірі Осипов байқалған.

Соңғы жылдардағы деректер 1917 жылғы жаппай толқуларды, соның ішінде қараша төңкерісін тереңірек және кеңірек зерделеуге мүмкіндік береді, 1927 жылға дейін большевизм жетекшілері қарашадағы билікті басып алуды дәл осылай (қараша төңкерісі) атаған, ал «социалистік революция» термині кейін ғана қалыптасқан. Мәселен, В.И. Лениннің сәуірде Ресейге баруын неміс контрбарлауы Ресейді іштен іріту мақсатында арнайы ұйымдастырып, субсидиялағаны жайлы деректер жарияланған. Делдал және ірі сома аударумен большевиктер көшбасшысының ең жақын серіктестерінің бірі Парвус деген біреу айналысқан. Большевиктердің соғыс кезінде бірнеше шекарадан өтіп, Ресейге аман-есен жетулерінің өзі осы нұсқаның растығына нұсқайды.

1917 жылғы революцияның тағы бір ерекшелігі Мәскеу мен Петроградтағы (Каменев, Троцкий, Зиновьев) сияқты, Орта Азияда да (Бройдо, Вайнштейн, Шмидт, Цвиллинг) большевиктердің оған белсенді және кеңінен қатысуы болды. Басқа көзқарас басым болатын бірқатар зерттеулер бар, бірақ біз В.И. Клемм және басқа да АҚ және Қызыл Армияның офицерлері осы ерекшелікке назар аударатындығын атап өтеміз.

В. Клеммнің хабарламаларынан көрініп тұрғандай, маңызды оқиғалар 1917 жылдың қыркүйек-қазан айларында болған. Ол былай жазады:

«Сол кездегі Герман агенттері мен большевиктік үгітшілер Түркістандағы Уақытша үкімет билігін құлатуды және билікті «совдепке» беру арқылы өлкенің бүкіл шаруашылық өмірін талқандауды жоспарлап қойған болатын».

Бұл оқиғаларды Ташкент теміржол станциясын тағы да қоршап алған 1-ші Сібір полкінің сарбаздары бастады.

Большевиктерді қолдайтын сарбаздар мен адамдардың белсенділігі лениндік «орталықтан» толығымен үйлестірілгеніне күмән жоқ. Ташкенттегі билік большевиктердің басшылары ұсталып, атылғанға дейін қолдан қолға өтіп отырды.

Бірақ большевиктердің өздері де дәл осындай жабайылықтар жасаған. В. Клемм хабарлағандай, 1917 жылдың желтоқсанында Ташкентте өткен бейбіт демонстрация пулемет оғымен таратылған. Бұған дейін генерал Коровиченко өлтірілген болатын, ал генерал Киеличконы, адвокат Дружининді, полковник Бек пен капитан Русаковты бекініске алып кеткен. Бұлардың бәрі де асқан қатыгездікпен өлтірілген. Бұл азаптауларды большевиктер Тоболин, Перфильев, Колосов, Стасиковтар басқарған. Барлық атулар мен жүгенсіздіктер еш сот-тергеусіз жүргізілген. Кейін Перфильев мемлекеттік банктегі ақшаны алып, Мәскеуге қашып кетеді, ал П.Колесов Орталық Азиядағы басты диктаторға айналады.


a040a34562e341a522ebb75fb4852e0e (1).jpg

Түркістан өлкесінің тұрғыны. В. Колтонның суреті

Колесовты қолдау үшін 12 наурызда Ташкенттен 11 жасақпен большевиктердің Басқолбасшысы Домомогацкий келеді. Куәгер В. Клемм былай жазады: 

«оның әскері теміржол бойындағы 10-на 15 шақырымға дейінгі жолақта Катыршыдан Бұқараға дейінгі барлық ауылдар мен қалаларды жермен- жексен етті. Керманех, Қаракөл мен Шаржыдан тек үйінділер ғана қалды, қалаларды бомбамен толық жойып жіберді».

60.000-на 70.000-ға дейін адам қаза тауып, материалдық шығын бірнеше жүздеген миллион рубльге жетті. Керминех пен Алшиндағы Әмірдің сарайлары талан-тараж болып, өртелді, ал оның зауыттық аттарын айдап әкеткен. Өлтірілгендердің ішінде Әмірдің ағасы, Сайд Мир Мансур, оның әйелі мен ұлы жәні кәрі шешесі болған. Әмірдің орыс докторы, Керманехтің жанында тұрған Писаренко мырза мен оның отбасы тұтқынға алынып, тек екі аптадан кейін ғана босатылады.

Бірақ бұдан әріге большевиктердің батылдықтары жетпейді де, бейбіт келіссөздер қайтадан басталады. Большевиктік отрядтардың айуандығы мен қатыгездігі Орта Азия, Қазақстан және Ресейдің өзінде де жергілікті шаруалардың оларға қарсы өшпендігін тудырды.