Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Антропогенез және Торғай бұғазы

4121
Антропогенез және Торғай бұғазы  - e-history.kz
Қазіргі саналы адам тегі шыққан жерлері бұдан былай төрт аймаққа бөлінеді, оның соңғысына Қазақстан аумағы кіреді.

Орта ғасырлар кезеңінде тарихшылар мен географтар, саяхатшылар, ғалымдар ескі қоныстар мен қалалардың орны туралы мәліметтер қалдырған. 1707 жылы жарық көрген С. Ремезевтің «Сібір картасында» қазақ даласындағы археологиялық ескерткіштер туралы жазылған, оның картасында қазіргі Торғай өзені – Сауық, Өлкейік өзені Бозин – қазақша Бозиін деп көрсетілген. 1742 жылы Г.Ф. Миллер бастаған бірінші академиялық экспедиция қазақ жерінде, оның ішінде Торғай төрткүл өлкесінің Арал теңізі жағалауында жұмыс істеді. 1774 жылғы жарық көрген П.И. Рычковтың «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде ертедегі кеніштердің орны туралы мәліметтер бар. 1771 жылы осы Петр Ивановичтің баласы Николай Петрович Рычковтың Торғай мен Есіл далаларына жасаған сапарында жазған күнделігінде қызықты материалдар ұшырасады. Онда Ұлытау мен Атбасар аудандарындағы ескерткіштерді сипаттап береді, Есіл өзені бойындағы орасан зор үйінділер туралы айтып өтеді. Ол Қараторғай өзені аңғарындағы алып обалардың кескініне таң-тамаша болып: «Ежелгі халықтардың бейіті жай топырақпен үйіліп, 15 саженьнен (32 метр) асатындай биіктікке көтерілген, қоршауы 135-тей саженьге (288 метр) жетеді» деп жазған. Бұл құрылыстардың Н.П. Рычков қалай тұрғызылғандығына түсінбей әрі таңданыс білдіріп: «Мұндай алып құрылысты салу үшін қаншама адамдар қажет» деп жазды. Ол бұл обалардың мерзімін дәл анықтай алды, «Обалар скиф патшасы немесе батырының құрметіне тұрғызылған» деп есептеді. 

Торғай өзенінің жоғарғы ағысы мен Арғанаты тауларынан Н.П. Рычков ескерткіштердің басқа түрлерін, соның ішінде көне қала мен ежелгі құрылыс қирандыларын да ашқан болатын. Оның жазбаларына қарағанда, қала ормен, жалмен қоршалған бекініс болып табылады: ол «төрт бұрышты замок іспеттес... Шығыс жағынан әлі күнге дейін ағаш қақпалардың орны көрініп тұр», қақпа бекініс ішіне қарай жолды бастайды. Бұрынғы тереңдігін жоғалтқан әрі қазіргі күні жайылып кеткен жал мен ор бұл орынның көнелігінен хабардар етеді. 

И.П. Шангин Торғайдың Есіл өзені алабында орналасқан бекіністік құрылыстар мен қоныстарды да сипаттайды. Есілге құятын Аққайрақ өзенінен ол алты ежелгі бекіністі кездестірген. ХХ ғасыр бас кезінде археологиялық ескерткіштерді зерттеуге Орынбор мұрағат (архив) комиссиясы белсенді түрде араласа бастады. Оның мүшелері ескерткіштерді есепке алу мен сақтауға байланысты көптеген жұмыстар атқарды. Осы мақсатқа арналған арнайы анкеталар құрастырылып, мағлұмат жинастыру үшін жан-жаққа таратылды. Бұл есепке алынған ескерткіштер санын едеуір толықтыра түсті. Комиссия жанында музей жұмыс істеді, оның негізінде кейінірек Қазақстан Орталық музейі құрылды. Осы кездері И.А. Кастанье 1910 жылға дейін белгілі болған Қазақстанның барлық археологиялық ескерткіштерінің толыққанды тізімін түзіп, сыныптамасын жасады. Әлі күнге дейін құндылығын жоғалтпаған оның «Древности Киргизской степи и Оренбургского края» атты еңбегінде Қазақстан, негізінен ондағы – Торғай төрткүл өлкесінің көне мұрасын зерттеудің қорытындысы толымды түрде баяндалды. 

Солтүстік-батыс және Батыс Қазақстанды зерттеген басқа зерттеушілер арасынан Торғай мен Ақтөбе уездерінде қазба жұмыстарын жүргізген А.Л. Аниховскийді және де кездейсоқ табылған олжаларды жүйелі түрде хабарлап отырған И.В. Аничковты да атап кетуге болады 1917 жылғы революциядан кейін археологиялық зерттеулер жалғастырылды, бірақ олар мемлекеттік негізде жүргізілді. 

1930-1936 жылдары Қостанай облысындағы Алексеев қонысы мен қорымында, ғұрыптық орында қазба жұмыстарын жүргізген О.А. Кривцова-Грачкованың жұмыстарының ғылыми мәні жоғары болды. Өзіне дейінгі әріптестеріне қарағанда О.А. Кривцова-Грачкова бір кезеңге жататын жекелеген бірнеше ескерткіштерді тұңғыш рет қатар зерттеді, бұларды кешенді түрде зерттеу мұнда өмір сүрген тайпалар шаруашылығын, тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін толыққанды қарастыруға маңызды мүмкіндік тудырған еді. 

Қазақстан жеріндегі археологиялық зерттеулердің жаңа кезеңі 1946 жылы Ғылым академиясы құрылғаннан кейін жаңа қарқынмен жүрді. Академик Ә.Х. Марғұлан бастаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция көп жылдар бойы ұлы Арқа жеріндегі зерттеулерін жүргізді. Солтүстік Қазақстан, оның Торғай төрткүл аймағының энеолиттік кезеңінің кең көлемді нақтылы зерттелуі мен ол дәуір туралы қазіргі ұғымның қалыптасуы В.Ф. Зайберт, В.Н. Логвин, С.С. Қалиевалардың және солармен бірге жұмыс істеген бір қатар археологтардың есімдерімен байналысты. В.Ф. Зайберттің басшылығымен Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы 1980 жылы Ботай қонысын ашып, 1993 жылы Ботай мәдениетін зерттеудің қорытындыларын жариялады. 1975-1980 жылдары Торғай, Қостанай облыстық өлкелік музейлері мен Торғай, Қостанай пединституттары барлау отрядтарының экспедициялары Қайыңды 1-4 (В.Н. Логвин) тұрақтарын, Наурызым қорығындағы Үлкен және Кіші Ақсуат көлдерінде бірнеше орындарды (В.В. Евдокимов), Аралтоғайды (В.А. Могильников) ашты. 

1980 жылы Тобылдың сол жағалауында, Ақсу тоғайында, құрылыс жұмыстарын жұргізу барысында кездейсоқ табылған тас құралдарының көмбесін (Ақсу көмбесі) С.С.Қалиева зерттеді. 1983-1985 жылдары Торғай өзені бойында Қожай 1 тұрағы қазылып, Құмкешу 1 тұрағы зерттелді. Осы зерттеулердің негізінде С.С. Қалиева «Торғай ойысының энеолиті» тақырыбына өзінің ғылыми кандидаттық диссертациясын қорғады. Қожай 1 және Құмкешу 1 тұрақтарының материалдары Терсек мәдениетін сипаттауға басты негізге пайдаланылды. Міне, осы кезден бастап, археологтар бұрынғы «Тобыл бойы» деген атау-топонимінің орнына «Торғай ойысы» атау-топонимін қолдана бастады. Бұл бірден-бір ғылыми да, тарихи да нағыз дұрыс шешім еді. Өкінішке қарай, 1990 жылдан бастап Торғай ойысының энеолиттік ескерткіштерін зерттеу мақсатындағы далалық та, кабинеттік те жұмыстар тоқтатылды. А.А. Формозов пен Л.А. Чалая қазір Қазақстаннан кетіп қалды, ал С.С. Қалиева мен В.Н. Логвин археологиялық зерттеулерді Қазақстаннан тысқары жерде жүргізіп жатыр. 

Ежелгі заманда Торғай теңізі мен Торғай бұғазының суы астында болған, бүгінде Торғай төрткүл өлкесі аталатын, геология ғылымы мен археология ғылымында Орал-Қазақстан (Торғай) деп аталатын өңірдегі, отандық, шет елдік танымал ғалымдардың зерттеулеріне арқау болып, еңбектеріне кірген, мен осы зерттеу жұмысында пайдаланған, біздің қолымызға іліккен 239 ежелгі мәдени ескерткіштер белгілі. 

Негізінде бұндай ескерткіштер бұдан әлдеқайда көп. Оған дәлел, бір тек қана қазіргі (2014 ж.) Қостанай облысындағы осындай ескерткіштер саны бұдан бірнеше есе көп. Қостанай облысының энциклопедиясындағы (2006 ж.) тарихи, мәдени ескерткіштер картасы бойынша облыс көлемінде Торғайдың тас, қола және темір дәуірлеріне жататын 97 ежелгі ата-бабалардың тұрақтары, оның ішінде: Арқайым типтес 1, қола дәуірінің ежелгі қалалары (протогорода) типтес 4 ескерткіш орны белгілі болып отыр. Сонымен қатар 118 бабаның мүрдесі жерленген оба-қорым орындары белгілі. Бұлардан тысқары, табылған, есепте тұрған, бірақ әлі толық зерттелмеген, қай кезеңге жататындары анықталмаған 97 тұрақ орны, 134 қорым-оба белгілі. Сонда тек Қостанай облысы көлеміндегі бізге белгілі ескерткіштер санының өзі 358-ге тең. 

Археологиялық ескерткіштер көптеп тараған аудандар ретінде облыс көлемінде 7 жерге белгі қойылған, оның 6-ы оңтүстікте – Торғай өзені, оның Ұлытаудан басталатын салалары Қараторғай, Сарыторғай өзендері бойында орналасқан, яғни ежелгі адамдардың ежелгі заманда бұл өңірді ең жақсы игергендігі туралы іздері әлі де болса сақталған, бірақ та қазіргі заманда шалғайда қалған, басқа өңірлерге қарағанда аз зерттелген, келесі ұрпаққа әлі де беретін: сыры да, рухани және табиғи жер асты, жер үсті байлығы да мол өлке. 

Торғай төрткүл өлкесінің археологиялық зерттелу тарихымен танысқасын, енді осы тарау бойынша негізгі тақырыбымыз – осы өлкеде адамның пайда болуы, олар жасаған мәдениеттермен танысуға кіріселік. Адамның күллі биологиялық эволюциялық дамуын, адамның әртүрлі түрлерінің пайда болуын және дамыуының себептерін түсіну үшін кең түрде ғылыми зерттеулер жүргізумен көптеген ғылымның түрлері: антропология, палеоантропология, палеонтология, лингвистика, генетика, т. б. қатынасады. 

Антропология – адамзат пайда болуы, дамуы, оның құрылымы туралы ғылым. Ал антропогенез ғылымы адамның шығу тегін зерттеумен айналысады. Ол – антропологияның, адамзат туралы ғылымның (гр. «антропос» – адамзат) бір саласы. Адам деген сөз эволюциялық контекстіде Homo жаратылысына жататындықты білдіреді; бірақ та антропогенез – бұдан басқа, австралопитек секілді, басқа да гоминидтерді зерттеумен де айналысады. Адамның шыққан тегі жөнінде, адам тәріздес маймыл мен адамның тегінің өте жақындығына қарамастан, қазіргі ғалымдардың дені, қазіргі маймылдардың ешқайсысысы адам тегіне жатпайды, бұлардың арасындағы генетикалық сабақтастық – абсурд, бос сөз деп есептейді (13,403) 

Менің өз басым осы топ ғалымдары дұрыс ойлайды деп есептеймін. Өйткені, біріншіден, адамның басқа жан иелерінен басты айырмашылығы – оның еңбекке қабілеттілігінде, бірде-бір маймыл кұрал жасай алмайды. Табиғи құралды өз қажетіне қарай өңдеуден еңбек үдерісі басталады. Еңбекке қабілеттілік адамның басты критерийі, яғни басқа жан иелерінен негізгі айырмашылығы, еңбек ету үдерісінде адамның ойлау қабілеті дамыды. Ойлау қабілетімен бірге қатынас құралы — тіл дамыды. Тілдің пайда болып, дамуы қоғамның дамуына өзінің жағымды әсерін тигізді. 

Екіншіден, адамның биологиялық, физиологиялық дамуында ет тағамының рөлі зор болды, ал маймылдардың ешқайсысы ет жемейді, тек қана өсімдіктермен қоректенеді. Үшіншіден, қалыптасып келе жатқан адамдардың өмірінде отты игерудің орны да бөлек еді. От алғашқы адамдарды суықтан сақтады, әр түрлі жыртқыштардан қорғануға мүмкіндік берді. Оның үстіне, отқа пісірілген (ысталған) ет адамның күш-қуатының артуына, ойлау қабілетінің дамуына жақсы әсер етті. Адамның адам болып қалыптасуы кезеңінде аталған факторлар негізгі рөл атқарды. 

Адам маймылдан тарамайды дейтін топтың ғалымдарының пікірі де екі топқа бөлінеді: біреулері адамның арғы тегіне жататын жаратылыс иелері – гоминидтер тобын қысқартып, архантроптар, яғни тік жүретін адам – Homo erektus-тен бастайды. Ал кеңейтілген трактовканың ғалымдары бұған: австралопитектерді және адамдардың өзінің (Homininae) бір тегі – адамның (Homo) үш түрін: епті адам (H. habilis), тік жүретін адам (H. erectus) және саналы адамдар-ды (H. sapiens) жатқызады. 

Оқырманға түсінікті болуы үшін, бұлардың әрқайсысына аздап болса да тоқталып өтелік. 

Кеңейтілген трактовка ғалымдарының айтуы бойынша, адам затының жерде пайда болуы мүмкін үш орта: Африка, Азия, Еуропа бар. Бұлардың ішінде миоцендік және одан кейінірек кезеңдегі Африкалық гоминидтердің байланыстары көбірек байқалады. Азия мен Еуропада да кешірек миоцендік адам тәріздес жан иелері болған, бірақ та өте ежелгі гоминидтер (Гоминидтер –(hominidae < home адам) приматтар (Приматтар – (лат. primates первенствуюшие) жартылай маймылдар (алғашқы адам тәріздестер семьясына жататындар) болмаған деп есептейді. Африкада бұндай гоминидтер — австралопитектер: Чад республикасындағы – Торос – Меналлада (6-7 млн жыл бұрынғы), Кенияда – Туген Хиллесте (6 млн жыл бұрын), Эфиопияда – 2 жерде (шамамен 5,5 және 4,4 млн жылдар бұрын) табылған. Ең жасы – 4 млн жылдық Кенияда 2 жерде табылған, соның біреуіне Австралопитек аманский деп ат қойылып, австралопитек атауы ғылымға енген. 

Осы деректер негізінде, миоценде (б. з. д. 23 млн – 5,3 млн жыл), материкте адам тәріздес жан иелері кеңінен тараған (8), солардың бірі – австралопитектердің Африкада бұдан 4 млн жыл бұрын бірнеше түрі пайда болған деген пікір орныққан (13,55). 

Австралопитектер – адам тәріздес жан иелері тобына жататын, екі аяқты антропойдтер (адам тәріздес жан иелері), плейстоцен дәуірінде қазіргі кездегі саванна тәрізді ашық алқаптарды мекендеген, негізінде өсімдіктермен қоректенген. Бұл топқа жоғарғы миоцен дәуірінен қалған, Италиядан табылған ореопитек, Грузиядан табылған удабнопитек, жоғарғы плиоцен – плейстоцен дәуірінен табылған плезиантроп, парантроп, мегаантроп, зизиантрп қалдықтарын да жатқызады. 

2014 жылдың басындағы интернет деректері бойынша, австралопитектерден кейін, солардың біреуінен жоғарғы плиоцен дәуірінде жаңа жаратылыс түрі — (вид рода) алғашқы қарапайым адам – хомо (адам) пайда болды дейді. Жаратылыстың хомо (адам) түрінен бірінші белгілі болғаны, бұдан 2,5 млн жыл бұрын өмір сүрген, хомо хабилис (homo habilis) – іскер, епті адам. Ғалымдар жалпы, жасы 1,8 млн жыл шамасындағы (айналасы 1,2-2,2 млн жыл) Африкадан табылғандардың нақтылы австралопитектерге жатпайтындарының бәрін Homo habilis («епті адам»), Homo rudolfensis («Рудольфтік адам») немесе Homo ergaster («Іскер адам») санатына жатқызған. 

a231beeb9a9f47e5cfeab0d7f24f9ed8.jpg

Австралопитектер 

Епті адам (лат. Homo habilis) – жоғары дамыған австралопитек немесе Homo тегінің бірінші өкілі. Археологтар Лики (Мэри және Луис) 1960 жылы Танзаниядағы Олдувай аңғарында жаңа гоминидтің табанын, өкше сүйегін, желке сүйегін және бас сүйегінің сынықтарын тауып, бұл туралы 1964 жылы жазып, үлкен сенсациялық жаңалық ретінде жариялаған. Бас сүйек 11-12 жасар баланікі болған. Табанының құрлысына қарағанда жаңа гоминид тік жүретін болған, оған 1964 жылы Луис Ликидің ұсынысы бойынша Homo habilis (епті адам) атағын берген. Кейінен осындайлар Кооби-Фора, Сварткранста, тағы да Шығыс және Оңтүстік Африкада табылған. Іскер адам табылған қалдықтарына қарағанда, бұдан 2,6-2,5 млн жылдары пайда болып, біржарым миллион жыл өмір сүрген деген қорытындыға келген де, осы тұжырым кәзір барлық ғылым саласында қабылданды, қолданылады. 

Енді осы жаңалық қалай туды, оның жалпы қауым білмейтін қандай сырлары бар, ол туралы басқа ғалымдар қандай пікірде екендігі жөнінде бүгінгі интернеттегі материалдарға көңіл бөлелік. Оның қысқаша мазмұны мынандай: 

– осы жаңалықты ашқан доктор Л. Лики, өзінің тапқан тіршілік иесіне «зиндмсантроп» деп ат қойып, оның 400-ден аса уатылып, әр жерде шашылып қалған сүйегін бөліп алу үшін тонналаған топырақты електен өткізген, оларды бір-біріне клейлеп жапсырып жинау үшін жылдан артық уақыт керек болған, суреттер салған, тіпті сақал да қойған, ақырсында эволюционерлер ойлаған стандарттағыдай болып шыққан. Әрине, бұның бәрін мектеп оқушылары қайдан білсін, шындығында бірінші адам (homo habilis) осындай болған екен деп сенеді. Білікті ғалымдар бұндай практикаға қарсы, олар қандай да болмасын рекострукция шартты (условный) түрде болуы керек деп есептейді, зиндмсантропты бірінші адам деп есептемейді; 

– кәдімгі жыл анықтау әдісі бойынша бұл жан иесі – «зиндмсантроп» бұдан 600 мың жыл бұрын өмір сүрген. Бірақ оның астында жатқан тастың жасы, калий – аргондық әдіс бойынша 1 млн 700 мың жылға тең болған, сондықтан да – homo habilis дүнияға осы кезден бастап келді деген қорытынды-лақап дүние жүзіне таратылған (8). 

Былайша айтқанда, біріншіден, Африкалық бірінші адам қолдан жасалған; екіншіден, ол шын болған жағдайда да оның өмір сүрген нақты уақыты 600 мыңыншы жыл ғана; үшіншіден, оның қасында, не астында табылған тас құрал бойынша ол секілділердің алғашқы пайда болған уақытын 1 млн 700 мыңыншы жылдан десек, ондай 2 млн жылдық малта тас құралдар Қазақстанда Арыстанды мәдени ескерткішінде белгілі екенін біз білеміз, оның жасы Африкалықтан 300 мың жылға ерте, яғни бірінші адам секілді жан иесі Африкада емес, Қазақстанда пайда болған деуге негіз бар. 

Сондықтан да бірінші топтың ғалымдары, қазіргі адамның арғы тегін австралопитектер мен епті адам түсініктерін алып тастап, тік жүретін адам – Homo erectus-тен бастайды. Соған байланысты архантроп түсінігі де ескірген деп, оны кәзір қолданудан шығарған. Оның орнына: «Эректус (лат. Homo erectus – человек прямоходящий; устар. архантропы) – ископаемый вид людей, который рассматривают как непосредственного предшественника современных людей», былайша айтқанда, қазір «эректус» түсінігі қазіргі адамдардың алдындағы, адам секілді гоминидтердің (питекантроп, синантроп, палеоантроп, гейдельберг адамы, атлантроп) жалпы атауына айналған, біз де осы тәртіпті қолданамыз. 

Питекантроптар (мағынасы: маймыл – адам) ежелгі адамдар тобы, сүйегі Ява аралынан табылған, бұрынғы деректе шамамен б. з. д 1,2 млн жыл десе, 2014 жылдың басындағы деректе 700 мың жылдан бастап, бұрын Индонезияда, басқалармен араласпай, оқшау өмір сүріп, б. з. д. 27 мың жылдары құрып біткен, Homo erectus адам тектерінің бірі болған. 

Синантроп 1927 жылы Пекин маңындағы үңгірден табылған, көне дәуірде, соңғы деректер бойынша, бұдан 770 мың (бұған дейін 400 мың жылдар дейтін), жылдар бұрын, басқалармен араласпай, оқшау өмір сүрген Homo erectus адам тектерінің бірі болған деген тұжырым Википедияда «синантроп» түсінігінде 2014 жылдың басындағы интернетте жүр. 

Қазіргі қолданыстағы палеоантроп – қазіргі саналы адамдардың тікелей арғы тектерінің жалпы атауы. Палеоантроптарды неандерталь адамдары деп қате айтатыны, олардың палеоантроптардың тек бір тармағы ғана екндігі соңғы жаңалықтар негізінде белгілі болып отыр, ол туралы алда сөз болады. Палеоантроптар – тік жүретін адамдардың («Гомо эректус») қазіргі адамдарға («Гомо сапиенс») өтетін тобы. Олар орта және шінара жоғарғы плейстоценде өмір сүрген, орта палеолиттік мустьерлік мәдениетті дамытқан. 

Неоантроптар (Homo sapіens) – саналы адамдар б. з. д. 300 мың жылдардан 40 мың жылдарға дейін өмір сүрген дейтін, негізінде неоантроптар (грек. neos – жаңа, anthropos – адам) –археологиялық қазбалардан табылған және бүгінгі саналы адамдардың (Homo sapіens) жиынтық атауы. 

ccbe64b238a4dda47e5eda62047c1f44.jpg

Эректус (лат. Homo erectus – человек прямоходящий; устар. архантропы) 

Археологиялық қазба барысында аршып алынған неоантроптардың сүйектері қазіргі адамдардың сүйектерінен біршама ірілеу. Бұрынғы деректер бойынша, неоантроптардың сүйек қалдықтары Еуропада Франция, Англия, Германия, Чехия мен Словакия, Ресей, т. б. елдердің жерінен табылған. Олардағы неоантроптар ескерткіштері мерзімі жағынан бұдан бұрынғы 40 мыңжылдықтардан әрі аспайды, деп есептейтін. 

Африка саналы адамдары Эфиопия (Ома, б. з. д. 130 мың жылдық), Оңт. Африка (Ривер Маус, б. з.д. 120 мың жылдық; Бордер, б.з.д. 70 мың жылдық), Кения (200-100 мыңжылдықтарды қамтитын бірқатар ескерткіштер), Танзания (Мумба, бұдан 130 мың жыл бұрын) жерлерінен табылған, олардағы неоантроптар Еуропадағы неоантроптарға қарағанда ертеректе өмір сүрген. 

Азияны мекендеген неоантроптардың да сүйектері Еуропа неоантроптарына қарағанда ертеректе өмір кешкендігін дәлелдеген. Осы мәліметтерге қарап антропологтар мен археологтардың көпшілігі неоантроптардың байырғы отаны Африка болған деп жорамал жасайтын. 

Неміс антропологі Г. Бройер Homo sapіens бұдан 150 мың жыл бұрын Сахара шөлінің оңтүстігінденде қалыптасып, 100 мыңжылдықтар шебінде Алдыңғы Азияға, 40-35 мыңжылдықтар бұрын Еуропа мен Азияға қоныс аударып, жергілікті неандерталь замандастарымен араласып кіріккен деген пікір айтқан болатын.

842877cbc003d4f9f1d393fc24cfcd71.jpg

Неандертальдық адамдар

«Homo sapiens – вид, в который вошли четыре подвида – академик РАН Анатолий ДЕРЕВЯНКО» деген Александр Цыгановтың (ИТАР-ТАСС, Москва) және «Предки человека жили на Алтае» мақалаларында Homo erectus (тік жүретін адамның) тағы бір түрі белгілі болғаны туралы хабарлайды, оның ғылыми аты латынша – Homo altaensis, қазақша – Алтайлық адам. Алтайлық адам осы кезге дейін қалыптасқан, біз жоғарыда айтқан адамзат эволюциясы туралы ғылымға көптеген жаңалықтар әкелді, ғалымдарды бұрыннан қалыптасқан біраз көзқарастарға өзгерістер енгізуге мәжбүрлеп отыр. 

Зерттеу жұмысын Ресей ҒА-ның Сібір бөлімшесінің директоры, академик Анатолий Деревяконың басшылығымен, россияның археологтары мен басқа да ғылыми мамандар қатынасқан экспедиция жүргізген. Олардың 30 жылға жуық уақытта ежелгі Алтай адамдарының, 9 үңгірдегі және 10-нан аса ашық даладағы тұрақтарын зерттеудің барысында 70-тен аса ерте, орта және жоғарғы палеолитке жататын мәдени қабаттарды аршу арқылы жинақталған көлемді материалдың негізінде жасалған басты қорытындылары төмендегідей. 

1. Макс Планка атындағы эволюциялық антропология Институтының эволюциялық генетика бөлімінің директоры Сванте Паабо, Алтайдағы Денисов үңгірінен табылған ежелгі адамның саусағына жасалған ядерлік ДНК қорытындысы бойынша, Алтай адамының геномы, қазіргі адамдардың эталондық геномынан 804 мың жылға кейінге айырмашылықты көрсететінін жариялаған. Былайша айтқада, қашаннан түркі тектес халықтардың атақонысы – Алтай аймағындағы адамдардың ең алғашқы тегінің пайда болғанына, ондағы геномның құрамын талдау барысы қорытындысы – 800 мың жылдан артық уақыт өткенін растап отыр, бұл – үлкен ғылыми жаңалық. 

acb301544f9bbb170de4fb1734dab47d.jpg

Алтай адамы табылған Денисов үңгірі 

2. Ал үңгірден табылған Алтай адамының жасын, зерттеушілер, үңгірдің 22-мәдени қабаттағы ерте орта палеолитке жататын деректер негізінде 282±56 мың жыл деп айқындаған, сол бойынша интернеттегі барлық хабарларда, табылған Алтай адамының жасын бұдан 280 мың жыл бұрын өмір сүрген деп көрсетіп жүр. 

3. Алтайда 1 млн жылдан артық уақыт бойы жергілікті Homo erectus-тің автохтонды (жергілікті) эволюциялық дамуы жүрді; оншалықты ешкімнің араласуынсыз, жердегі адам дамуының барлық сатысын бастарынан өткеріп, орталық плейстоценнің аяғы – жоғарғы плейстоценнің басында, бұдан 50-45 мың жыл бұрын, жоғарғы палеолиттік ең бір жарқын, мәнерлі индустрия негізінде, автохтонды эректойдтық формада, қазіргі типтегі осы заман адамы – Homo sapіens orientalensis пайда болды деген қорытынды жасаған. 

Алтай адамдары осы уақытта сүйек индустриясын (ине, біз, т. б.) және сүйек, тас, раковинадан утилитарлық мақсатта емес заттарды өндіруді (моншақтар, алқалар) дамытқан. Әсіресе, ғалымдарды таң қалдырғаны – тастан жасалған білезік фрагменті, оны дайындауда тегістеу, жылтырату, егеу, бұрғылау секілді техникалық әдістерді қолдануы. Осылардың негізінде, шамамен бұдан 45 мың жыл бұрын, Алтайда мустьер мәдениетіне жататын индустрия пайда болды, оның тұрғындары сол кездің өзінде қазіргі адамдардың мінез-құлқын, тәртібін иемденген деген қорытындыға келген.

09541ca0d877d5d1cae7a7986a6e4fa3.jpg

Бүгінгі күнгі Планетадағы адамдардың ішінде ежелгі Алтай адамдарының генокодын иеленуші жалғыз ғана адамдар тобы бар. Олар – Меланезия тұрғындарының шамамен сегіз проценті. Б.з.д. 804 мың жылдары пайда болып, бұдан 280 мың жыл бұрын Алтай аймағында өмір сүрген Алтай адамымен туыстас бүгінгі меланезиялықтар

4. Зерттеу қорытындысы бойынша, Алтай адамының ДНК-сы: Homo sapіens түріне де, неандертальдықтарға да, осыған дейін ғылымда белгілі болған адамдардың арғы тегінің біреуіне де, сәйкес келмейді, яғни «Алтай адамы – бұрын белгісіз болған, адам тегінің жаңа бір бұтағы» деген қорытындыға келген.

5. Осы зерттеушілердің дерегі бойынша, Алтай адамының генетикалық материалдарының 4-6 проценті қазіргі Планетада тек қана Тынық мұхитындағы, Австралияның оңтүстігіндегі Меланезия аралдары адамдарының 8 процентінің бойында сақталған. яғни Алтай адамдарының тегі жердің оңтүсік бөлігіне дейін тараған.

6. Осы жаңалықтарды ескере отырып, ғалымдар: неоантроптардың, яғни «Homo sapіens-тің төрт тармағы болған деген қорытынды жасайды: олар Homo sapiens africaniensis (Африка), Homo sapiens orientalensis (Оңтүстік шығыс және Шығыс Азия), Homo sapiens Neanderthalensis (Еуропа) және Homo sapiens altaiensis (Солтүстік жөне Орталық Азия). «Барлық археологиялық, антропологиялық және генетикалық зерттеулер, біздің көзқарасымыз бойынша, нақтылы осыны айғақтайды» деген хабарлама орналастырған Александр Цыганов, ИТАР-ТАСС, Москва-ға берген өз мақаласында.

Бұл дегеніңіз, біріншіден, «моноцентристердің жердегі қазіргі адамдар бұдан 200 мың жыл бұрын, бір жерден, Африка адамдарынан шықты» деген қорытындысын жоққа шығарып отыр; екіншіден, «моноцентристердің жердегі қазіргі адамдар бұдан 80 мың жыл бұрын дүние жүзіне тарай бастады» деген қорытындысын да жоққа шығарып отыр.

Жердегі алғашқы адам тегінің пайда болуы туралы, жоғарыдағы деректер негізінде, қорыта айтқанда, осы сұрақпен айналысушы ғалымдардың арасында соңғы қалыптасқан пікір бойынша:

– қазіргі саналы адамдардың тікелей арғы тегіне тік жүретін адам Homo erectus жатады, оған: сүйегі Ява аралынан табылған, б. з. д. 700 мың жылдан бастап бұрын Индонезияда, басқалармен араласпай, оқшау өмір сүріп, б. з. д. 27 мың жылдары құрып біткен, Homo erectus адам тектерінің бірі – питекантроптар; Пекин маңындағы үңгірден табылған, бұдан 770 мың жылдар бұрын, басқалармен араласпай, оқшау өмір сүрген Homo erectus адам тектерінің бірі – синантроптар; қазіргі саналы адамдардың тікелей арғы тектерінің жалпы атауына жататын – палеоантроптар жатады;

– б. з. д. 300 мың жылдардан 40 мың жылдарға дейін өмір сүрген археологиялық қазбалардан табылған және бүгінгі саналы адамдардың (Homo sapіens) жиынтық атауы — неоантроптар (Homo sapіens) — саналы адамдар, оның төрт тармағы: Homo sapiens africaniensis (Африка), Homo sapiens orientalensis (Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия), Homo sapiens Neanderthalensis (Еуропа) және Homo sapiens altaiensis (Солтүстік жөне Орталық Азия) болған.

Яғни қазіргі саналы адам тегі шыққан жерлері бұдан былай төрт аймаққа бөлінеді, оның соңғысына Қазақстан кіреді. 

Кеңесбек Мәулітұлы, зерттеуші

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?