Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ел тәуелсіздігіне отыз жыл

1254
                                Ел тәуелсіздігіне отыз жыл - e-history.kz

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне отыз жыл. Дәл осы күн үшін дариядай қан, теңіздей тер төгілді. Тарихи деректерге сүйенсек, осы күн үшін қазақ топырағында 300-ге жуық қантөгіс пен толқулар орын алған екен. Бір халықтың тарихында мұндай жанкешті көтеріліс жасау адам таңданарлық дерек қой...


Әрине, бұл күн бізге өзінен-өзі оп-оңай келе салған жоқ. Осы бір ұлы күн үшін қаншама ата-бабамыздың алтын басы оққа тігіліп, арыстарымыз абақтыға тоғытылды. Солардың бәрі «шіркін, азат күнді бір көрсек қой» деп арманда жандарын қиды. Мінеки, сол ата-бабаларымыз армандаған күнге, олар жетпесе де біздер жеттік.  

Мына сіз бен біздің табанымыздың астындағы әр түйір топырақ кешегі шаһиттердің тозаңға айналған тәні болса, ал көк туымыз көз жасымыздың бодауына берілген Жаратқанның ерекше сыйлығы дер едім.

Әңгімені тарихтан бастадық қой. Ендеше мына мәселеге де айрықша тоқтала кетсек деймін. Жалпы тарих дұрыс болмайынша, таным дұрыс болмайды. Қайталап айтамын, тарих дұрыс болмайынша, таным дұрыс болмайды. Тарих тек дәлдікті ғана талап   ететін құндылық   болғандықтан, оған бей-жай қарауға болмайды. Біз кез келген тарихи   оқиғаға     ғылыми сараптама беру арқылы оның шынайы бет пердесін толыққанды ашалап   көрсетуіміз керек.   Неге дейсіз ғой? Себебі тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын өз әдеті бар. Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сіз бен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады. Мұны не үшін айтып отыр дейсіз ғой?

Біз өкінішке қарай, кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына дұрыс баға бермегеннің салдарынан «Жаңаөзен» қасіретіне, кешегі Әбілхайыр ханның Ресейге қосылуынан ащы сабақ алмағанның кесірінен Еуразиялық одақ мәселесіне жолығып отырмыз. Бұл – ойланатын нәрсе.

Біз дөңгелек дүниеге эмоционалды емес, рационалды тұрғыдан пайымдауды үйренуіміз керек. Баз бір білгіштер мен көк езу орыс шовинистері айтып жүргендей Қазақстан мұнда ғана пайда болған мемлекет емес. Әйгілі ғалым, елімізден шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұловтың айтуынша, Еуразия кеңістігінде төрт мың жылдық тарихы бар жалғыз ұлт ол – қазақ халқы. Дәлірек айтсақ, бұл халықтың тарихы тым тереңде жатыр.

Анау Сақ пен Ғұнды айтпағанда, негізгі іргетасын 1456 жылы Керей мен Жәнібек хандар қалаған қазақ ордасы беріде Алашорда болып қайта жалғасты. Алашорда дегеннен шығады. Айтайын...

Егер де Қазақстан 1991 жылы бүгінгі тәуелсіздігіне қол жеткізе алмаc еді, 1936 жылы КСРО құрамынан кез келген сәтте шығуға дербес құқығы бар Одақтас республика мәртебесіне көтеріле алмағанда. Бұлай мүлде болмас еді, 1920 жылы Автономиялық Республика болып құрылмаса. Ал Автономиялық Республика болып құрылмас еді 1917 жылы Алашорда үкіметі дүниеге келмегенде. Ал Алашорда үкіметі атымен болмас еді Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған ұлт зиялылары болмағанда. Олай болса, қазіргі Қазақстан – бұдан қаншама ғасыр ілгеріде топырақ астында тебіндеген дәннің бүгінгі бүр атқан көрінісі.

Енді осы бір «сүттен ақ, күннен раушан» шындықты кімнен қорқып, кімнен жасқанып айта алмай отырмыз.

Бәріңізге мәлім. XX ғасыр қазақ халқы үшін ең қанқасап ғасыр ретінде тарих парағында қалды. 1931 жылы даланы ақсөңке сүйекке бояған аштықты айтпағанда, 1938 жылғы репрессия бір ұлтты түбімен тып-типыл етуге жеткілікті факторлар болатын. Ұлт көсемінен ауыл мұғаліміне дейінгі аралықты шарпыған осы «көкжөтел» науқан шындығында халқымыздың рухани тегіне сілтенген балта болатын. Бұл қасірет қазақ халқының қаймағын сиырып, қанын бұзды. Тұтас текті буын жер астына сапар шекті. Өзіңіз ойлаңызшы. Осы қуғын-сүргіннен 67 мың алаш азаматтары ажал құшты. Енді нәтижесінде кімдер атылып, кімдер тірі қалды деген заңды сұрақ туады? Қатты айтты демеңіздер. «Жабыдан тұлпар, жапалақтан сұңқар» шыққан заман болды.

Кешегі құдайсыздық һәм коммунистік идея орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтарды, ұлтсыздар мен тексіздерді тәрбиеледі. Соның кесірінен некесізден – жетесіз, жағымпаздан – жандайшап, тексізден – құл-құтан, зинақордан – зұлым ұрпақ дүниеге келді. Бүгінгі қазақ қоғамының біз түсінбей отырған негізгі сырының құпиясы да міне, осында жатыр.   

Содан болар кемел зиялыға ауадай зәру саяси корпус әлі күнге адасумен жүр. Орысқа қайта-қайта жалпақтап, өз тілімізде өзіміз сөйлей алмай қор болып отырғанымыздың сыры да осы. Мұны айрықша айтып отырғанымыз, біз өткен тарихымызды терең түсінбейінше, тәуелсіздік пен еркіндіктің, бостандық пен азаттықтың қадіріне жету қиын. Дәл қазір біз үшін тәуелсіздіктен асқан абырой тәуелсіздіктен биік бақыт жоқ.

Мұны жан-тәнімізбен сезіне алмасақ, ештеңені де түсінбейміз. Біз кімбіз,   қандай қоғам құрдық, бүгінгі өміріміздің сапасы қандай? Міне, біз бұл сауалдарға қағаздағы Қазақстан туралы «ертегілермен» емес, өз өміріміздің реалды шындығымен жауап беруіміз керек. Қазір де тәуелсіздігімізге төніп тұрған қауіптер көп. «Жағаласқанның жаны қалады» дейді атам қазақ. Шырмауықша қаптаған бүгінгі жалған идеялармен күресіп елді бір жолға салмай ештеңе де болмайды. Біз құл болып туған жоқпыз, ұл болып тудық. Сол үшін де анамыз қалжа жеген. Біз бұл жердің бір қарыс жерін ешкімге бермейміз. Оның қасиетті тілі мен дінін шыбын жанымыз кеудеде тұрғанда ешкімге таптатпаймыз. Ата-бабаларымыздың қаны, Алланың қалауымен болған бұл тәуелсіздігіміз бәрімізге де құтты болсын!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?