Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Азия чемпионатының алтын жүлде иегері

956
Азия чемпионатының алтын жүлде иегері - e-history.kz

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл жазбаның иесі белгілі журналист Болатбек Қожан.

1988-89 жасөспірімдер арасында КСРО чемпионы, 1995 жылы грек-рим күресінен Азия чемпионы, сондай-ақ Қазақстанның 5 дүркін чемпионы Руслан Қаһарманұлы Жұмабеков жайлы бұл еңбекті оқырмандар назарына қаз-қалпында ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Дондағы Ростовқа кеше келген. Украина қысы әдетте жылы болады, дегенмен қаңтар айы өз әмірін жүргізіп-ақ тұр екен. Көшелерде ілінген жарнамалар болмаса, еңбекші қала ертең басталатын дүбірлі жарыстан бейхабар тәрізді. Кеше өздерін күтіп алған қазақ жігіттері құрақ ұшып жүгіріп жүр. «Мейманхананы ойларыңыздан шығарыңыздар. Өздеріңіз сияқты балуан бауырларымыздың бабын таба алмасақ, қазақтығымыз қайсы», дегесін Руслан, Дәулет екеуі студенттер жатағына табан тіреген. Жігіттердің қонақжай көніліңде шек жоқ. Лезде қазы асылып, соңғы кезде қала студенті түгілі қыр қазағының дастарханынан да ұшыраса бермейтін қымыз әкелінді. Руслан оңаша қалған сайын ой қуып, санасын қаумалаған сан сұраққа жауап іздеп әуре. Ал Дәулеттің салқынқандылығына адам қызығардай. Талай әлемдік доданың дәмін татқан сабазың жарысуға емес, жанкүйер боп келгендей жайбарақат. «Қазір ештеңе ойлаудың қажеті жоқ. Ой қажап тастайды. Не болса да, кілемге шыға көресің», - деп қояды Русланға. Бірақ үлкен толқыныста жүрген мұны ой-пікрін ырықсыз тереңіне батыра берді. Иә, бұл жарысқа жолдама алу да оңай болған жоқ. Қазақстанда өткен іріктеу белдесулері анау-мынау халықаралық турнирге бергісіз еді. Республика құрамасының намысын қорғайтын төрттікке Дәулет пен Русланнан басқа Есенкелді Батырғарин мен Бақтияр Байсейітов ілікті.

Бүгін білді: ТМД-ның бұл біріншілігіне А.Карелин, К.Маджидов, С.Носевич, Р.Дугучиев, А.Дигасов, Б.Чагиев сияқты өңкей ығай мен сығайлар қатысады екен. Шетінен талай аламан бәйгеде алдарына жан салмаған апайтөс балуандар. Әсіресе қала тұрғындарының аузында Карелин мен Дигасов. Мұның себебі белгілі де. Әлем чемпионы атағын үш дүркін жеңіп алған Александр тәрізді түйе балуанның атағы жер жарса, Дигасов - жерлестері. Міне, осындай бірыңғай шеберлер бас түйістірген бәйгенің тартысты өтпеуі мүмкін де емес. Дәм-тұз Русланды да осы ортаға алып келді. 1992 жыл. 16 қаңтар. Спорт сарайының ішінде ине шаншар орын жоқ. Грек-рим күресінен ТМД біріншілігі басталып кетті. Руслан алғашқы күні үш балуанның жауырынын жерге тигізіп, ширек финалға шықты. Қарсыласы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Р.Каролький. Бұл жекпе-жек те Русланға көп қиындық әкелмеді. Ортаға шыға сала өзінің сүйікті тәсілімен – иықтан асыра лақтырды. Қарсыласы қаншама қарсы әрекет жасағанымен, Русланның қарулы құрсауынан құтылып кету оңай болған жоқ. «Осы әдісті» тағы да үшдүркін қолданған Руслан Каролькийді 10:0 есебімен күйрете жеңді. Жартылай финалда Украинаның атақты балуаны, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Артур Дигасовпен кездесетін болды. Ол талай халықаралық жүлдені жеңіп алған нағыз жырындының өзі еді. Оның үстіне турнирдің өз республикасында өтуі Артурдың айын оңынан тудырар оңтайлы сәт. Мұңдай мүмкіндікті тәжірибелі балуанның мүлт жіберуі екіталай. Шынында да бас төрешінің «ортаға украиналық балуан А.Дигасов пен Қазақстан балуаны Р.Жұмабеков шығады» деп хабарлауы мұң екен, «Артур, Артур» деп айқайлаған жанкүйерлер шуы спорт сарайының түндігін желпілдетті. Алғашқыда қарсыласына дем берген дауыстар Русланның ішкі дүниесін теңселтіп жіберсе де, бойын тез жиып ала қойды. «Қайтсем де жеңуім керек!» «Маған атақты балуанмен белдесу әлдеқайда жеңіл. Өзің шыққан биікті ұстап тұрудан өзгенің биігіне таласудың жеңілдігінен де болар. Әйтеуір, қарсыласым танымал болса, тым салқынқандылықпен күресем», - деген ол бір әңгімесінде. Әдетте қарсыласының бір ғана атағының өзінен қаймығып шығатын спортшыларға көзіміз үйренгендіктен бе, Русланның бұл сөзіне ішім жылып қалған. Міне, Артур нағыз сондай балуан. Әп дегеннен-ақ белдесу тағдырын шешуге тырысқан ол жолбарысша ұмтылды. Бірақ Руслан бірнеше рет украиндық балуанның уысынан бұлт етіп шығып кетті. Өзі де шабуыл жасауды ұмытпады.Ақыры негізгі уақытта итжығыс түсіп, екеуі бір-бірін ала алмады. Төрешілер алқасы 3 минут қосымша уақыт берді. Тағы да аңдысу, тағы да алма-кезек шабуыл. Руслан оңтайлы сәтті мүлт жібермей, қарсыласын басынан асыра лақтырғаны сол еді, төреші ысқырығы да естілді. Жеңіс - Русландікі!

IMG-20211123-WA0034.jpg

Ақтық белдесуде талантты балуан, Әлем кубогінің жеңімпазы, красноярскілік Б.Чагиевтен ұпай санымен ұтылып, біріншіліктің күміс жүлдесін еншіледі. Бұл - Русланға бұралаңы мол жолдармен келген күміс. Бұл жеңістің төркіні сонау таулы ауылдың төрінде жатыр. Ұшар басы көкпен тілдескен Хантәңірінің ақ батасынан бастау алған жеңіс бұл. Осыдан он бес жыл бұрын осы бір жұдырықтай баланың күрес өнерінде жолы болады десе, шүбә келтірушілердің көп болатындығы анық. Оған өзге түгілі Русланның өзі де сенбес еді. Өйткені ол күрес залына тиіп-қашып бас сұққаны болмаса, балуандықтың байыбына бармаған. Ол тек Жақсылық пен Шәміл сияқты ағаларының сұлу күресіне сұқтана сүйсінуді ғана білді. Әсіресе, Шәмілдің әдемі тәсілмен ұштасқан шапшаң қимылдары Русланды теледидар

алдыңда көгендеп тастайтын. Бірақ ол бәрібір бұлшық еті ойнаған, кәнігі балуан болам деген арманнан аулақ болды. Сырт көзге ұяң көрінетін ойын баласының бойында бұғып жатқан бұла күшті ауыл бапкері сезімталдықпен аңғарды. Ең бастысы Бекболат Бірбаев Русланның көкейіне «балуан болам» деген тәтті қиялды ұялата білді. Содан бастап Байынқолды жағалай жүгірген жас балаға асау өзеннің арынды ағысы сыр айтып, Хантәңірінің қарлы шыңы қол бұлғады. Содан бастап таңғы тау желіне жүзін өптіріп, аршалы тоғайдың жұпар ауасын армансыз жұтты. Ертелі-кеш көтеріп, бой қыздыратын темір-терсегі де ауладан арылмады. Ұлының бұл тірлігі Дәнипа апайға ұнамады. Осы бір күрес дегенге қайдан үйір болып едің. Бала болып дұрыс ұйқың қанбайды, әйтеуір, деп күйіп-пісіп жүргені.

- Апа-ау, Бекболат ағай маған Қажымұқан атаңдай балуан боласың-дейді.

Әлі-ақ талай адаммен күресіп, жеңіп шығам, - дейтін ондайда Руслан еркелей.

- Қайдан білейін, қарғам. Қабырғаң қатып, бұғанаң бекіп үлгермей жатып бірдеңеге ұрынып қалмасаң жарады.

Бұл - ұлының ыңғайына көнген сыңай танытқан дағдысы. Бірақ өзі апасына айтқан жеңістің жолы ауыр екенін Руслан кейін түсінді. Талай бос белбеулік танытқан сәттер бапкерден сазайын тартқызды. Әсіресе, мына бір жағдай есінен еш кетпейді. Жаз мезгілі. Түн көрпесі түріліп, Алатаудың иығынан сығалай көтерілген күннің алтын шапағы етектегі алақандай ауылды аймалай аралап барады. Тәтті ұйқының тұтқыны боп жатқан Руслан күндегі әдетінен жаңылып, апасының дауысына ояна қоймады.

-Тұра ғой, Русланжан. Сыртта ағайың күтіп тұр.

- Апа, ауырып жатыр, - деп айта салшы.

- Айналайын-ау, шешеңді өтірікші қылайын дедің бе енді?

Ақыры Русланның дегені болды. Бірақ сол күні «ауырып жатқан» батырың көшеде бапкерінің қолына түсті де қалды. Бекболат ағайының мұндайда қандай «сый» әзірлейтінін жақсы білетін Руслан неге болса да тас түйін дайын еді. Футбол алаңын қанша айналым жүгіріп, белтемірге қанша рет тартылғанын есіне түсіре алмай, есіктен аттай бере төсекке бір-ақ сылқ етті. Бапкердің бұл еңбегі босқа кетпеді. Аудан біріншілігінде екі жыл қатарынан Русланның жауырыны жерге тимеді. Содан соң өзі сияқты озық балалармен бірге Алматыдағы Қажымұқан атындағы спорт мектебіне ауысты.

Көпке дейін қаланың қым-қуыт тірлігіне үйрене алмай, апасын, ауылын аңсаумен болды. Жаттықтырушысы Әділжан Ханкелдиевтің ағалық ақылдары да жабырқау көңілін жұбата алмады. Ауылды ойласа, көз алдына Хантәңірі мен Қызылұш қыстағы келе қалады. Күн сайын ауыл сыртына жүгіріп шығатын Руслан осы бір киелі жаратылыстың келбетіне көз тойдыра алмайтын. Көп жағдайда тәкәппар таудың мұзарт шыңы мұнартып, сыр тұнған тұлғасы тұман тұмшалап тұнжырап тұрады. Ал ашық күндері басына жамылған әппақ желегі жаңа түскен келіннің кіршіксіз шәлісіндей жарқырап, төңірегіне айбарлана, асқақ қарар еді. Русланның бір байқағаны, ауылдан Қызылұшқа қарай ұзап шыққан сайын шыңның тұлғасы зорайып, айқындала түседі. Тіпті осы өңірде өткен ұлы адамдардың бойына адалдық пен батырлық, тәкәппарлық пен тазалық атаулының бәрі осы дара шыңнан дарығанына дауа жоқтай.

Тоғызыншы класта Ворошиловград қаласында жасөспірімдер арасында өткен одақтық жарыста Руслан жүлдеге ілікті. Содан кейін көп ұзамай Қазақстан кубогін жеңіп алды. Осылай үлкен спорттың табалдырығын аттатқан алғашқы ірі жеңістер Русланды белгілі күрес мамандарының назарына іліктірді. Дондағы Ростовта олжалаған күміс Русланның жігерін жанып, күшіне-күш қоса түсті. Қазақстанның екінші чемпионатында өз салмағында өзіне тең келер ешкімнің жоқтығын тағы да дәлелдеді. Қай додаға салсаң да, бәйгесін шаппай алатын спорттық бабының әбден толысып, шабыс тілеген шағы еді бұл. Қиял қанаты алысқа сермеп, қыран-көңіл биікті аңсады. Бірақ спорттық тағдыры тағы да тайқып, сәттілік атаулы бұлт етіп уысынан шығып кетті. Қараша айы. Қазақстанның кезекті чемпионатына қызу дайындық жүріп жатқан. Белдесу үстінде Руслан сол иығын шығарып алды. Оны орнына салу аса қиынға соқпағанмен, дәрігерлер «күресті тоқтатып, емделмесең болмайды» деген. Бұл жарақаттан аузы әбден күйген Руслан үшін «күресті мүлдем қой» деп бұйырғанмен бірдей еді. Неге екені белгісіз, есіне Шәміл Серіков түсті.

Шәмілдің қолына су құюға жарамайтын кейбір әкімсымақтар боз кілемде бурадай буырқанған дара балуанның қыршын ғұмырына балта шауып тынған жоқ па! Спортта жолы болғанмен, өмірде жолы болмады. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар» деген сөзді аталарымыз осындайда айтқан болар. Сонымен көңілі жарысты, жеңісті ғана тілеген Руслан жанына батқан ауруды елең етпей, жаттығуды жалғастыра берді. Тіпті оның ойнамалы иығына құрамадағы жігіттердің де көздері үйренген. Алда Қазақстанның кезекті үшінші біріншілігі жақындап келе жатты. Чемпионат астанадағы Балуан Шолақ сарайында өтті. Барлық белдесуде айқын басымдылық танытқан Русланның алдында ақтық жекпе-жек ғана қалды. Сол иығының сырын білетін қарсыластарының соны пайдаланып кеткісі келген әрекеттерінен түк шықпады. Ол жанкүйерлер мен мамандарды шеберлігімен ғана емес, керемет ерік-жігерімен де тәнті етті. Ал Русланның ақтық белдесудегі қарсыласы белгілі балуан Малаев чемпионат «алтынын» күні бұрын өзіне еншілеп те қойды. Бірақ бес минуттық жекпе-жектен соң ғана бәйгенің тағдыры шешілетінін шешен жігіті сол сәтте ойлады ма екен. Боз кілемге шақырылған екі балуаннның алғашқы сәттері аңдысумен болды. Дегенмен Малаевтың қимылынан өзіне деген сенімділікті аңғару қиын емес еді. Оңтайлы сәттерді мүлт жібермей, ұпай жинап жатыр. Әлсін-әлсін Русланның сол қолына тап-тап береді. Руслан да бірнеше рет нәтижелі шабуыл жасап, жалғыз қолмен де күресуге болатынын қарсыласына дәлелдей бастады. БірақМалаев - оңай шағылатын жаңғақ емес. Сенімділіктің әсерінен бе, кілем үстіндегі қимылы ширақ. Негізгі уақыт аяқталуға жақын қалды. Қос балуанның ұпайлары қарайлас. Малаев сияқты әрі тәжірибелі, әрі қарулы балуанды жалаң, ашық тәсілмен алудың мүмкін емес екенін түсінген Руслан қулыққа көшті. Сол қолын ілгері ұстап, қарсыласына жақындай берді. Манадан қолайлы сәтті аңдып жүрген Малаев алға ұмтылды. Русланның да күткені осы еді. Асқан шапшаңдықпен қарсыласының алға созылған оң қолынан шап берді де, оң тізесіне отырып басынан асыра лақтырды. Ол үш ұпай алға шықты. Әдетте балуандар осы әдісті қолданғанда, қарсыласының үстіне қона кететін. Бірақ Руслан сол иығынан сескеніп, қарсыласын жібере салды. Міне, белдесудің соңына дейін санаулы секундтар қалды. Ұтылып жатқанын сезген Малаев жанұшыра ұмтылады. Тек Русланның ептілігі ғана еркіне жібермей әуре. Уақыт бітуге таяу. 10 секунд… Бес, төрт… Осы кездегі жанкүйер байғұстың ішкі арпалысын ауызбен айтып жеткізу қиын. Бірі уақыттың тапжылмай тұрып қалуын қаласа, екіншілері үшін әр секунд сағатқа бергісіз. Үш секунд. Екі, Бір. Руслан Жұмабеков Қазақстанның үш дүркін чемпноны!

Бұл жеңіс оған 1993 жылғы сәуір айында Хиросимада өтетін Азия чемпионатына жолдама алып берген еді. Жарыстан кейін Русланның сол қолы бапкерлердің қызу әңгімесіне тиек болды. Дәулет Тұрлықанов Германияға барып операция жасатуға кеңес берді. Руслан мен құрама бапкерлерінің алдында екі жол тұрды: не операция жасату, не Жапонияда өтетін құрлық біріншілігінде бағын сынау керек. Ақылдаса келе бәрі екінші жолды таңдады.

Бірақ сол иық бұл жолы да сыр берді. Руслан алғашқы белдесуде-ақ сүрінді. Бірақ ұнжырғасы түсіп, сарыуайымға салынбады. Шығар шыңы әлі алда екенін жүрегі сезгендей. Хиросимадан ұшарда кеуде тұсы әлденеден сыздап сала берді. Енді түсінді: апасын қатты сағыныпты. Байынқолдың жағасында қалған балалық шағы мен қарт Алатаудың иығынан оқшаулана көрінетін Хантәңірінің тәкәппар тұлғасын сағынды. Ол жаққа жолы түспегеніне де көп болған екен-ау! Көз алдына таңмен таласа Қызылұшқа қарай құлдилап бара жатқан кекілді бала келді. …Арада бір жыл өткенде Руслан сол Хиросимада өткен Азия ойындарынан күміс жүлдегер атанып оралды. 1995 жылы Руслан Жұмабеков 74 кг. салмақта Азиа чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алып, ата жұртын, қалың жанкүйерін қуанышқа бөледі.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?