Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Өсер бидің өмір өткелдері

1501
Өсер бидің өмір өткелдері - e-history.kz

Осынау ұлы дала топырағында ұлтым деп өткен оғландар аз болмаған. Солардың бірі – бүгінде Қытай қармағында қалған қазақтың құнарлы да құйқалы қонысы Алтай өңірінде мекендеп, аты аңызға айналған әйгілі би, шешен Өсер Қабыланұлы. Өсер би 1841-1888 ж.ж аралығында өмір сүрген. Алтай-Қобдадағы найман, керей, уақ рулары мен ойрат тұқымды қалмақ-ұранқайларға кеңінен танылған тарихи тұлға. Өсекең Орта жүздің бір арысы керейдің шыбарайғыр руына билік жүргізіп, 1883 жылы Чиң және Ресей патшалықтарының шекара келісімі кезінде, екі империяның бөлісінде қалған атақонысын қызғыштай қорғап, орыспен арбасып, шүршітпен алдасып жүріп 40 жылдық қысқа ғұмырында туған халқын аман сақтаудың қам-қарекетін жасап, сүйемдей жер үшін сүйегін берген бабаларымыздың бірі.

Заманның заңғар тұлғасы Өсер Қабыланұлының арғы аталары тұлпар мініп, ту ұстаған батыр, қара қылды қақ жарып, әділ төрелігін айтқан, билігіне ел тоқтаған дуалы ауыз абыздар еді.

Абылайхан заманының айтулы батыры, есімі рулы елдің ұранына айналған даңықты қолбасшы, дипломат Қожаберген батыр Жәнібекұлы (1689-1785 ж.ж.) қайтыс болғаннан кейін шыбарайғыр руына батырдың немересі Тамтық Қалыбайұлы мен Мыңжан Шегедекұлы ие болып басқарған. Осы Тамтықтың үлкен ұлы Қабыланнан Өсер туады. Өсердің арғы атасы Қожаберген батыр Жәнібекұлы мәнжу-қытай, орыс, моңғол деректерінде есімі ең көп кездесетін тарихи тұлға.

Ә.Х.Марғұлан атындағы археолгия институтының ғылыми ізденушісі С.Садықовтың зерделеуімен, «Омбы әскери окургінің ірі маштабтағы әскери-топографиялық картасы» атты жер-су атауларына қатысты жүргізілген ізденістермен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін жүйелей келгенде Қожаберген батыр зираты ШҚО, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді-мекенінің шығысынан ағып өтер Қарғыба өзенінің оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр.

Осы картада Қалба тауындағы Қожаберген көлі, Тарбағатайдағы Қожаберген тауы атаулары да белгіленген, бұл жерлер бүгінгі күнге дейін осылай аталып келе жатқаны сол өңірдің тұрғындарының бәрі білетін ақиқат. Жоғарыда аталған карта негізінде Қожаберген батырдың әкесі Жәнібектің зираты да Тарбағатай ауданының Қызылкесік елді мекенінен табылды. Бәйбішесінен туған үлкен ұлы Байтайлақ батырдың Жарма ауданы маңына жерленгені анықталды. Бұл жайында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың зерттеуіндегі «....анықтай келе Жармадағы қорымда шұбарайғыр Қожаберген батырдың ұлы Байтайлақ батыр жерленген болып шықты. Шұбарайғыр Қожаберген ұлы Байтайлақ туралы 1757 жылғы қытай деректерінде көп айтылады. Қытайдың шекара әскерінің басшысы Чжао Хой 1757 жылдың тамыз айында шұбарайғыр Қожабергеннің ұлы Байтайлақ пен Қара (Көкжал) Барақ батырдың кіші інісі Болат Мәме бастаған абақ керей мен найманның 10 адамымен Үржар өзенінің бойында кездеседі. Қазақтың жас батырлары өздеріне таңсық қытай дипломатиясымен бірінші рет арбасты. Тойдың соңында қытайлықтар садақ атудан, күрестен, алтын қабақ-мергендік жарыстарын өткізіп керей мен найманның жақсыларына қызмет қылды. Сонымен қазақ-қытай бейбіт қатынасының негізі салынды (Цинская империя и Казахские ханства. Вторая половина ХVІІІ-первая четверть ХІХ вв. Алма-Ата,1989.-134 б.) деген пікірді негізге алуға болады. Қожаберген батырдың екінші әйелінен туған Байбура бидің зираты Көкпекті асуынан табылып отыр, бұл мекен бағзыдан бүгінге дейін Байбураның асуы аталып келеді. Тарихшы Бақыт Еженханұлының жоғарыда аталған еңбегінің «Қожаберген батырдың тегі және өмір жасы хақында» деген бөлімінде Байбура Қожабергеннің екінші әйелінен туатыны, оның 1759 жылы 2 қыркүйек күні бір топ қазақ азаматтарымен бірге Үрімжіге жылқы айдап апарып, сауда жасағаны туралы деректер келтірген. Тарбағатай өңіріне кеңінен танылған Байбура бидің үлкен ұлы Кенен бидің де бейіті осы Көкпекті асуындағы Топқайың-Доланалы деген жерде. Оның бәйбішесі Жоңғардың соңғы қоңтайжысы Әмірсананың Қожаберген батырмен андаласып, аманатқа берген екі баласының бірі Қолаңшаш анамыз, бұл кісі көшкен елмен бірге Қабаға жетіп қайтыс болған. Сол өңірде күні бүгінге дейін Құлаңшаш аралы деген жер атауы сақталған. Бүгінде Байбураның Қытай, Моңғолия, Қазақстан жерінде 500-ден астам түтіні, яғни үш мыңнан астам ұрпағы бар.

Жаугершілік жылдары атақонысынан ығысып кеткен Орта жүздің керей, уақ, найман тайпалары 1770 жылдардың алды-артында Ертіс өзенін өрлеп, Алтай өңіріне, ілгері-кейін келіп, ежелгі мекенге ірге жая бастайды. Қалба тауының шығысы, Қарғыба өзенінің жағасын жылжып, Құлажорға-Қостөбеден Кендірлікке келіп бірқанша жыл отырған шыбарайғыр рулары 1820 жылдарда Қуандық Байсалұлы, Мыңжан би Шегедекұлы, Тамтық би Қалыбайұлы және Жетібай Қабылұлы қатарлылардың бастауымен Ертіс өзені мен Алқабек, Білезік өңіріне арты-артынан көшіп келіп қоныстанады... Бүгінгі ШҚО Күршім ауданына қарасты Шыбарайғыр тауы, Шүршіт өзені (Шүршіт – Қожаберген батырдың немересі Кенен бидің баласы) сол кездегі көшкен елдің күл төккен жұрты болғанын дәлелдеп жатудың қажеті болмас, «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» деп түйген абақ керейдің игі жақсылары ақылдасып, 1780 жылдары Қазыбекұлы Тауасар би бастаған адамдарын жіберіп Жетісудағы Әбілпейіс ханнан төре сұрап барып, Әбілпейіс ханның әйелі – қырғыз манабының қызы Тұмар ханымды Көгедай, Сәмен, Жабағы қатарлы үш баласымен көшіріп алып қайтады... Осылайша Көгедай 1790 жылы Пекинге барып, Цинь патшасынан «гүң» (князь) деген лауазым алып қайтып, абақ керейді жеке-дара билей бастайды. Көгедай гүң Цинь патшасымен жасасқан «Сары ноқтаның аты» деген келісімшартқа сай, жылына белгілі мөлшерде (шамамен 1000 жылқы) салық төлеп тұрады да, Цинь патшалығы абақ керейдің ішкі ісіне араласпайды. 1820 жылы Көгедай қайтыс болғаннан кейін, орнына баласы Ажы төре тағайындалады. Жеке-дара билік жүргізуді көксеген Ажы гүңнің беделі әкесіндей болмай, ел іші дау шарлар көбейгендіктен, ру басылары ақылдаса келе көмекші би сайлауға көндіріп, 1836-40 жылдары Буыршынның «Үштас» жайлауында «Төрт би сайлауы» жиыны өтеді. «Қайда барсаң қазанның құлағы төрт», «дүние төртке тоқтайды» деп түйген ел жантекейден Көкен Мамытұлы, Топан Сатайұлы, жәдіктен Бейсенбі Дөненбайұлы, Құлыбек Жантеліұлы қатарлы төрт биді сайлап, дербес заңдық жоралғы жасайды. Осылайша Алтай бетінде «Төрт би төре» заңы қалыптасады. Бұл кез аға сұлтан Құнанбайдың Алтайдағы керей еліне барып, тамсанып қайтатын аңыз дәуренінің бірі еді.

Тамтық би қайтыс болғаннан кейін Мыңжан Өсерді жанына алып, билік айтуға баулыпты. Оның халық ортасындағы бірқанша дау-шарларды шешу барысында әділдігі мен батырлығына қарт би дән риза болып, ел тізгінін ұстатады.

Алғаш Алтайға көшіп келгенде шыбарайғыр еліне Көгедайдың інісі Жабағы төре сырттай иелік етіп, билік жүргізеді. Жабағы төре жуас, берекешіл, айтқан билігі халық көңілінен шығып, ел іші бір мезет тыныш болған екен. Оның дәурендеп тұрған тұсында төре ордасының төрінде хан мен қараға бірдей мол дастарқан жаюлы тұратын болса керек.

«Он екі керей елі Абақ екен,

Төресі шыбарайғырдың Жабағы екен.

Кесусіз ет, мол қымыз дастарқанда,

Сый құрметке қойылар тамақ екен», -

деген халық ішінде таралған өлең жолдары төре әулетінің аспа-төк, кең пейіл тұрмысын бейнелейді.

Жабағы төре өлгеннен кейін оның ұлы Оралтайдың билік жүргізген тұсында ел ішіндегі дау-шар көбейіп, жұрт ыдырай бастайды. Шыбарайғыр елінің жүзік руы бастаған бір бөлім елі жоғарғы Алтайға қарай ауа көшіп, Қобда өңіріне барып тиянақтайды. Тағы бір бөлім кіші рулар Еренқабырға, Жайыр өңіріне көшіп, ел іші орнықсыз күйге түсіп, көне билер мен ақылгөй қарттар дүниеден озып, рулардың ауыз бірлігі бұзылып, елдің басын біріктіру қиынға соғады.

Бұл кез 1860 жылдардың аяғы 1870 жылдардың басы еді. Осы кезде жас би Өсер батылдықпен алға шығып, ел ішіндегі ақылман қарттар мен жұрт ісіне күйінетін азаматтардың басын қосып, елді қалай біріктіруді ақылдаса келе, елі ішіндегі рулардың бірлігі мен берекесін бекемдеу үшін туыстық жақтан және қоныс жақтан араларының алыс-жақынын ескеріп бес ұтыққа (топқа) бөліп орналастыру жасап, билер мен халықтың мақұлдауынан өткізіп, «Бесшам шыбарайғыр» атауын жалғастырып, басшылық еткен.

Бұл сол кездегі бытыранды елдің басын қосып ішкі-сыртқы қысымға төтеп беруге, түрлі апаттардан сақтануға ойлап тапқан өзгеше ұйымдастыру формасы болатын. Осылай істегендіктен, елдің ішіндегі кіші рулар арасында жанжал, қайшылық, берекесіздік көп болмаған. Ел іші тыншталып, халық қайталай есін жиып, түрлі кәсіппен шұғылдану жолын бастаған, Қаба өзенінің бойынан кейбіреулері қос шарбақ тоқып, ортасына көң толтырып, төбесін жауып қыста отыратын үй сала бастайды, ауып көшетін жағдай да тыйылып Қаба өзенінің бойын тұрақты мекенге айналдырды.

Осындай шежірелі тарихтың куәсіндей, Қабадағы шыбарайғыр руының әйгілі тұлғаларының есімімен аталатын Жетібайдың қабағы, Төлен сазы, Балта қыстағы, Көлбай ауылы, Қажақыман қыстағы, Әленнің ақшиі, Көкенай қорасы, Сәренди бекінісі, Құлаңшаш түбегі, Жанжүрек, Көштекен жазығы, Әбеннің шыбарағашы, Шегебай шатқалы, Бабидың бастауы, Құсайынхан өзегі, Тоқыраның топ ағашы, Әбікей тоғаны т.б. елді мекендер күні бүгінгі ұрпақтарына дейін қоныс болып жалғасып келеді.

Өсер би ел басқаруда ел намысын дұрыс түсініп, қорғай білумен қатар, тарғалаң тайғақ кешулерде елдің елдігін сақтай білген тұлға. Тарыққанда ақыл тауып, қамыққанға қорған болған, тірескеннің тізесін бүктіріп, абақ керейге танылған әйгілі би болып жетіліпті. Өсердің осындай ерлігін көзімен көріп, өрлігін жанымен сезінген сол кездегі халық ақыны Башай Ақымұлының:

Болғанда атың Өсер, атаң Тамтық,

Керейде ұл туған жоқ сенен артып.

Белдесіп қарсы келген дұшпаныңды,

Кетуші ең ақ бурадай бірақ тарпып.., -

дейтін өлең шумақтары заңғар тұлғаға берілген заманының әділ бағасы еді.

«Төрт би төренің» екінші буын ұрпағы билікке келген кезде ел ішіндегі алауыздық, билер бақталастығы күшейіп, түрлі алман-салықтар көбейіп, ішкі-сыртқы қайшылықтың салдарынан ұйыған елдің бірлігі ыдырай бастаған еді. Өсер бұл билердің ел жағдайын анық білмей тұрып сырттай кесім жасаған әділетсіз билігіне қарсы шығып, оларға бағынбайды, әрі билер арқылы жиналатын кедей елге кесір болған баяғы «сары ноқтаның салығын» төлеуден бас тартады. Бұған наразы болған билер Өсердің үстінен арыз айтып, Чиң патшалығының өкілі, Тарбағатайдағы Кеп амбыға шағымданады. Көп өтпей ондағы ұлықтар Өсерді де шақыртады.

Елінің ауыр қалын жете түсінетін әділ би ұлық алдында аласармай, жоғарыдағы би, төрелердің астамшылық жасап отырғанын ашып айтып, ел жағдайына көздерін жеткізеді. Әрі нулы да сулы жер жағдайын ел өмірімен ұштастырып, салық түрін өзгерттіріп Шәуешекке «балық алман», Қабадағы шекара қорушы Қалдайға (Чиң патшалығының шекара басқылаушы қызметкерлері) «жаяу алман» міндетін өтеуге келісіп қайтады, әрі осы жолы Өсер би елінің кедей болуындағы басты себептердің бірі – қыстыгүнгі ауа райының қолайсыздығы екенін алға тартып, қысы жайлы құнарлы қоныс Сауыр тауынан отарлық жер сұрайды. Өсер бидің күні бүгінге дейін ел арасында айтылатын «елім кедей болғандықтан, көшкенде бір құнан өгізге төрт үйдің шаңырағын артамыз, көшкен сайын ошығымыз жұртта қалады» дейтін тәмсіл сөзі осындай тарихи кезеңде айтылған еді.

b47d7bba-4f13-42f3-b080-72ebdbaa7a93.jpg

Өсердің еліне деген алғаш түсінікке ие болған Тарбағатайдың амбы, билеушілері Сауыр тауының Қанжыға өңірінен мал отарлататын бір бөлім жер бөліп беруге мақұл болады. Бұл жерге ең алғаш Өсердің інісі Божықбай бастаған бақташыларды малымен Сауыр қыстатып, қыстан күйлі шыққан қойлар жақсы төл бергендіктен, бірнеше жылдың ішінде бір бөлім малшылар ауқаттана бастайды, бір екі қора қойдан он неше қора қойға дейін көбейеді. Малдың көбеюіне байланысты, Қобықтағы мұңғылдардың қызғанышы артып, жазда жайлауға көшіп кеткеннен кейін, қыстаулық жердің иен қалуынан пайдаланып, жазда мал жайып, жайылымды жеп қоятындар көбейе бастайды.

Бұл жағдайды оңау үшін арнауы жер қорушы орналастыруға тура келеді, бұл істі кейін Мырзабек би ел ішінен өзі пысық, жортуылшы батыр Ұзақ Мөңкеұлын әкеліп орналастырады. Ұзақ айлалы, сөзге шешен, өзі балуан, ержүрек адам екен. Ұзақ жөнінде айтылатын не қилы қызықты әңгіме бар. Ұзақ барып орналасқаннан кейін, Қанжығадағы шыбарайғыр елінің отарлық жерін мұңғылдар басып келіп қонып алмайтын болған екен. Ұзақтың ұрпақтары 5 ұрпақ бойы құнарлы қоныс, құйқалы мекен болған «Өсердің қорасы» деп аталатын осы жерде өсіп өніп келеді.

Сонымен Шәуешек амбысының алдына дейін батылдықпен дауға түскен Өсер билерден жеңістік алып, шыбарайғыр елін ауыр алман «сарыноқта» салығынан құтылдырады. Ісі оңына басып, талай жыл еліне ажырғы болған алман-салықтан ада еткен Тарбағатай амбысына да осы жолы қатты разы болып Өсер қысқа қарсы Ертіс бойынан Шәуешекке жүзбасы Тайқара арқылы ондаған түйеге тиетіп метіре, қызыл, ақ балық тарту ұсынады. Бұл рет Өсердің уағда да берік тұратындығын марапаттаған Чи амбы оқалы тон кигізіп қайтарады. Ол шапан Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» зобалаңында белгісіз жағдайда жоғалған. Атышулы солшылдық жылдар Өсер бидің ұрпақтары мен қоса қоныстас отырған Найман руының беделді тұлғаларын да аяусыз соққыға алған билеуші үкімет, Өсерді орысқа сатылған солшыл ретінде қарастырып, оған қатысты барлық мұраларды тәркілетіп, атын атауға тыйым салады.

1883 жылы «Керейдің Жәкесі, меркіттің әкесі» атанған, Сауыр, Сайқан, Жайсан өңіріндегі меркіт руын уысында ұстап, билік жүргізген атақты Жәке би Қойтанұлы (1830-1914) өзіне қарасты 800 түтінді бастап Қытай еліне өтіп, Алтай өңіріне кеңінен қанат жаяды. Бұл тұста Қазыбек руының қара биі атанған Лақ би Қопаұлының да (1823-1907) төңірегіне сөзі өтіп, дәурені жүріп тұрған кез еді. Аталарының қасында жүріп, аталған билердің алдын көріп, тәриебесін алған жас Өсер бұл билермен бірге талай жерде келелі кеңес құрып, дау шешкен кесімді пікірлері мен шешендік сөздері бүгінде ел арасында айтылып келеді. Осындай халық қалаулысына айналған қара билермен бақталас болған жоғарыдағы би, төрелердің «Өсерді өсірмеу, лақты серкеш шығармау» деген сөзі тәмсілге айналып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып бүгінге жетіп отыр.

Бірде сол кездегі Ресейге қарасты «Көктұма» деген жерде керей-найманның белді билері шақырылған үлкен жиын болыпты. Бұған керей билерінен Лақ даугердің бірі болып қатынасады да, жас би Өсер оған серік болып барады. Шыбарайғыр елімен жайлау, қыстауы қатар отырған Қазыбек елінің әйгілі биі Лақ өзінен көп кіші Өсерді сұңғылалықпен танып, жол көрсетіп, көп істерде тізе қосып сәйкесіп, билік айтып отырыпты. Екеуі үлкен топ ішінде көптеген күрделі істердің қиюын тауып, даулы жақтардың бәріне үйлесетін әділ жобалар қойып, қарсыластарын сөзден ұтып, даналық шешім көрсетіпті. Сол жолғы кеңеске қатынасқандар «Лақ пен Өсердей орақ ауыз, өрт тілді азаматтары болған керейдің бағы зор екен», - деп атағын жайыпты деседі («Жеменей тарихи материалдары» 1 бөлім, 66 – бет және Қазыбек шежіресі).

Ақын, жазушы, фольклоршы Асқар Татанайұлының «Тарихи дерек, келелі кеңес» кітабында «Қызыл аяқтар қырғыны» атанып Алтай бетін шарпыған қытай бүлгіншілігі 1869 жылы көктемде Ертіс жағасы Жетібай қабағында отырған шыбарайғырдың үлкен биі Мыңжан Шегедекұлының ауылын шауып, Мыңжанның әйелі «Әйе апа» деген адамды найзалап, Өсердің інісі Дәлкебай Қабыланұлын атып өлтіріп, көптеген адамдарды жаралап, мал-мүлкін тонап, бұқараға тұтқиылдан ауыр зобалаң салған. Осы кезде жас би Өсер халықты жауға қарсы аттанысқа келтіріп, Көдебай Мәметекұлы, Дүкенбай Қалқабайұлы, Көштекен Торғауытұлы, Байжұма Өрденбердіұлы, Кендін Ыстыбайұлы қатарлы азаматтарды бастап, бүлікшілерге сілейте соққы беріп, Ертісті өрлете қуып шығады. Содан бастап халық бұқарасы Өсерді «батыр би» атап кетеді.

Ел есінде ерлігі қалған, туған жерін жанымен қорғап, ата аманатын қадір тұтқан түкті жүрек, текті бидің сол кездегі керей, найман арасына кең танылғанының бір дәлелі «Ақ найман» шежіресінде жазылуынша, 1860 жылдар соңында Дүзбенбет би Құмырсқаұлы (1833-1899) бастаған жарболды елінің екінші көші орыс жеріндегі мекендерінен өрлей көшіп, Өсердің бекітуімен Қабадағы Алқабек, Білезік, Жалаңаш мекендеріне дейін қоныстанған еді. Сол кезде Білезік құйғанында отырған ақ найман елімен жер таласы туылып, ел ішіндегі жанжалдар ұлғайып, бұқараның тынышы кетеді. Дүзбенбет би осы бітпеген даулы іске шығысында іргелес отырған, әрі құдандалы атағы шығып тұрған Өсер биді үкім айтуға шақырған екен. Ал, ақ найман жақтан дауға түскендердің ішінде әйгілі Ермен ақын болыпты. Бұл кісі сол жолғы кеңесте айтар пікірінің көбін өлеңмен жеткізген дейді. Сол өлеңдерінің ішінде Өсерге:

Бұрыннан Өсер сені жүрмін байқап,

Би болдың ел басқарып сөзді шайқап.

Тартпадай шөпке тиген тамыздағы,

Түк қоймай маңайыңды жүрсің жайпап.

Арғы атаң Тамтық биден Қабылан еді,

Билікті бір неше ұрпақ жалғап еді.

Аттыға жол, ауыздыға сөз бермес деп,

Сені Өсер, шыбар атаң талғап еді, -

деген өлең шумақтары айғақтаса керек. Сол кеңесте Өсер би жарболдының Дүзбенбет, Бұлғын қатарлы белді билерімен келелі кеңес құрып, айтқан билігін өткізіп, елді берекеге келтіріп, сол жердегі «Жұмабай қарыны» деген жерді ақ найманның жалғасты отыруына екі жақты риза қылып, шешім жасап аттанған екен. («Ақ найман шежіресі» 288-291 беттер және шежіреші-қиссагер Әбдіғани Батырбайұлының дерегі).

Шешендігімен, әділдігімен заманына сай ел басқарған Өсер би мұсылманшылық қағидаттарын да өте берік ұстанған тұлға. Ол елді имандылыққа, оқу, білімге жұмылдыру мақсатында 1870 жылдар Өсер би елдегі ұлы кәрілердің, абыз ақсақалдардың басын қосып өзі мекендеген өңірде тұңғыш мешіт салдырған. Аталған ғибадат орнына інісі Оспан Қабыланұлы, Рақай Мырзабекұлы қатарлы оқымыстылар имамдық етіп, ағартушылықпен айналысады. Кейіннен бұл орын «Рақай мешіті» аталып, күні бүгінге дейін орны сақталып келеді. Өсер бидің осы тұңғыш мешітті салғызуы, сол тұстағы елеулі жаңалықтардың бірі болып Қабадағы ел мен ердің даңқын шығарып, бидің халыққа сіңірген тарихи еңбегін әйгілейді.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының дерегінше «Ресей мен Қытай мемлекеттік шекарасын белгілеудің алғашқы негізі болып саналатын 1864 жылғы «Шәуешек келісімінен» кейін де 1882 жылға дейін бірнеше келісімдер болғанын айтады. Бұл пікір тарихшы Нұржамал Алдабекованың айтуынша, «Шәуешек келісімі» жасалғанымен, шекараны демаркациялау шаралары 1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктер тұсында ғана жүзеге асырыла бастаған, бірақ толық аяқталмаған», - деген сипаттамасы да нақтылай түседі.

Жоғарыда аталған шекара бөлісі бейғам елді, әсіресе, атақонысы, өскен елі, туған жерінде билік жүргізіп отырған Өсер бастаған ел қамқоршыларын ауыр күйзеліске түсіреді. Төсекте басы, төскейде малы қосылған рулы ел бөлініп-жарылуға оңайлықпен көндікпейді. Сондай-ақ, Дүзбенбет бидің Чиң хандығына өтіп, жарболды руының екі бөлініп қалуына себепші болуы орыстың шекара билеушілерінің қысымын арттыра түседі. «Шекараны тыныштандыру» деген сылтаумен Қаба өзені бойына бекінген орыс әскерлері мұндағы рулы елдің қарсылығына жиі ұшырап, түрлі қақтығыстар туындап отырады. Әрі мұны ұйымдастырып отырған Өсер деген байламға келеді.

Шекара бекітілгеніне бірнеше жыл өтсе де Өсер өзінің ежелгі мекені Көкжота, Шөптікөл, Керегетас жайлауларын жайлап жүреді. 1888 жылы тамыз айының орта шенінде Ресейдің шығыс шекараға жауапты ұлығы: «Шекараға қатысты істерді ақылдасамыз», - деген сылтаумен Өсер биді қазіргі Теректі қаласына (Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Теректі ауылы) шақыртып, екі солдатын жібереді.

Өсер жанына Әпсеке Тыныбекұлы, Гендін Ыстыбайұлы (Гендін – Алтай-Қобда қазақтарына кеңінен танымал халық батыры) қатарлы ақылшы, атқосшыларын ертіп айтулы күні Теректіге жетеді. Осы күнгі орыс ұлықтарымен болған кездесуден қайтар жолда Өсер бидің тамағы мен атының үзеңгісіне жаққан удан уланып, үйіне жете қайтыс болады. Удың күштілігі соншалық, көнекөз қариялардың айтуымен бүгінге жеткен бұл тарихи оқиға кезінде Өсер мінген ат жолда уланып жығылып мерт болады. «Орыстар сүйекті қорлайды», - деп сезіктенген ел ағалары жайлауға қара қой бауыздап көміп белгі жасап, Әпсеке, Тайғара, Түсіп қатарлы жігіттер мүрдені түнделетіп Қаба өзенінің Ертіске құйғанындағы Құлама деп аталатын көне зиратқа алып келе жатқанда сүйек артқан атан уланып жығылып, жан үзеді.

Осылайша жол жөнекей зембіл жасап, қосар атқа артылған асыл ердің мүрдесін Қарашіліктегі Өсер өзі бас болып салдырған Рақайдың мешітіне ерулетіп, ертесі таң ағара діттеген орынға жеткізіп жерлейді де, топырағын жаймалап, белгісіз етеді. Үш жылдан кейін барып, басына белгі қойып, зират тұрғызады. Сол кезде таудан сүйекті алып жүру кезінде, жол-жөнекей шай қайнатып ішуге пайдаланған, қарағайдан тесіп қосақтап жасаған мосының үш бұты зираттың қасында, көненің көзіндей болып әлі күнге дейін сақталып тұр.

2013 жылы ел жүрегіндегі Өсер би есімі ескеріліп, көнекөз ақсақалдардың ақыл-кеңесімен, ел азаматтарының қолдауымен Өсер бидің бұрынғы зираты жаңартылып, еңселі күмбез орнатылды. Өсер биге қатысты ел арасына тараған аңыз, әңгімелер өте көп, бидің көзін көріп, қызметінде болған, соңғы істерін өз қолдарымен атқарған Сәренди Әпсекеұлы (1869-1958), Тайқара Сүттібайұлы (1858-1938), Көштекен Торғауытұлы (1938-1920) қатарлы тарихи тұлғалардың Қозан, Дола, Қажақыман қатарлы көнекөз шежіреші қарияларға айтуынан бір бөлім оқиғалар мен аңыздар бүгінге жетіп, Өсер бидің немересі Рақадыл Сағызбайұлы, шежірешілер Жұбайқан Тезекшіұлы, Әшімқан Әбілмәжінұлы, Әбе Қалиұлының жинақтап, хатқа түсіруімен 2014 жылы Қаба ауданында жарық көрген «Ел жүрегіндегі Өсер би» атты кітапқа топтастырылған.

Дегенмен, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ұлт үшін еңбек етіп, ел мен жердің тұтастығын ту еткен бабаларымызды ұлықтап, олардың өмір өткелдерінен өнеге алып, есімін келешек ұрпаққа қалдыру – азат отан атамекен қазақ еліндегі тірінің бір парызы болса керек.

Қызыл тілдің шешені,

Кесім айтқан көшелі.

Аңыз болған бүгінге,

Алты Алаштың Өсері.

Алқаласаң өседі,

Қалқаласаң өшеді,

Бар айтпағым осы еді...

Талапбек Тынысбекұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?