Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш және азаттық

1617
Алаш және азаттық - e-history.kz

Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен бірге Алаш автономиясы мен Алаш Орда үкіметінің премьер-министрі Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Жалпы Ұлт көсемінің мерейтойы мен Тәуелсіздіктің айтулы датасының қатар келуі тегін емес. Себебі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары десе Тәуелсіздік, ал азаттық десек қазақ қайраткері еске түседі. Бір сөзбен айтқанда Алаш пен Азаттық егіз ұғым.

Егер Алаш арыстары 1917 жылдың желтоқсан айында Алаш автономиясы мен Алаш Орда үкіметін құрып, өз алдына бөлек мемлекет болуға ұмтылмағанда Қазақ елінің 1991 жылы азаттық алуы күрделі еді. Себебі Алаш арыстары 1920 жылы қазақ шекарасын заңдастырып, Тәуелсіз ел болудың негізін жасап кетті. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен 29 жастағы Әлімхан Ермеков Лениннің алдында баяндама жасап, қазақ шекарасын шегендеуге күш салды. Тап осы жерге байланысты талас жүріп жатқан кезде Әлихан Бөкейхан «Әлімхан Ермековпен екі сағат сөйлесуге қабілетін жететін орыстан да бір адам шықты-ау» деп айтқан екен. Бұл сөз бір қарағанда әзіл ретінде айтылғанымен шын мәнісінде Әлімхан Ермековтың әбжілдігін танытқан тамаша тарихи кез болатын.

«Жаңа үкімет Қазақтың ұлттық мүддесіне сай болуы керек» 

Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді 1920 жылғы талас-тартыс кезінде Алаш арыстарының іс-әрекетіне баға беріп, өз ойын ортаға салды.

«1920 жылы Мәскеудегі Кеңес үкіметінің төрағасы Лениннің атына Алаш қайраткерлері тарапынан екі хат келіп түсті. Бұл хаттың жызылуының өзіндік себебі бар болатын. Өйткені 1920 жылдың күзінде Қазақстанда Совет үкіметі орнауы керек болып, соған дайындық жұмыстары жүріп жатқан еді. Ал болашақ үкімет қалай болуы керек деген сұраққа байланысты екі документті ерекше атап айтар едім.

Біріншісі Ахмет Байтұрсынұлының Ленинге жазған хаты. Аталған хатта Ақаң «Сіздерде қазақ халқын басқарудың екі жолы бар. Біріншіден, Патша үкіметі кезіндегідей генерал-губернаторларыңызды жіберіп басқаруға болады. Бірақ мұндай басқарудың іргетасы топырақ болып, көп ұзамай құлап қалады. Екінші жол қазақ халқының азататтығы үшін күресіп келе жатқан ат төбеліндей ұлт зиялылары бар. Билікті солардың қолына беріп, оларға сенім артыңыз. Олардың қателесуі мүмкін. Ал бірақ халқын сатып, алдамайды. Қазақ зиялыларына сенуге болады. Осы екі жолдың бірін таңдаңыз» деп мәселені ашық қойды.

Өкінішке қарай Ленин Ахмет Байтұрсынұлының хатына жауап берген жоқ. Негізі жауап беруі керек еді. Әзірге оған жауап бергені туралы Мәскеуде де, Қазақстандағы мұрағатта да құжат жоқ. Жауап берген құжат шықса бек қуанышты болар едік. Бірақ уақыт нені көрсетті? Жеме-жемге келгенде Мәскеу Қазақстанды эмиссарлар арқылы басқаруды таңдап алды», – дейді алаштанушы.

Мәмбет Қойгелді 1920 жылы Алаш арыстары тарапынан Мәскеуге екінші құжат келіп түскенін айтады. Аталған хат «Қазақтардың Ленинге үндеуі» деп аталады.

«Бұл хат ультиматум тұрғыдан даярланған құжат емес. Керісінше одан үлкен ізеттің табы байқалады. Хатта «Қазақ халқы Совет үкіметінен үлкен жаңалық күтеді. Қазақ халқына керек реформалық өзгерістер күтеді» деп жазды Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары. Менің ойымша, бұл хатты жазуға Әлихан Бөкейханның араласпай қалуы мүмкін емес. Хаттың негізгі идеясы «Қазақстанда құрылатын жаңа үкімет қазақ халқының әлеуметтік құрылымына және қазақ халқының ішкі сұраныстарына жауап бере алатындай болсын» дегенге саяды.

alihan-alash-kopiya.jpg

Совет үкіметі Қазақстанда орнайтын кезде Щербина экспедициясы жүргізіліп, үлкен зерттеу жасалды. Аталған экспедициға Әлихан Бөкейханның қатысып, оның қазақ мүддесіне сай қорытынды шығарылуына ықпал еткен болатын. Осы үндеуде «Щербина экспедициясы зерттеуге алған 10 уездік кедейлердің үлес салмағы орта есеппен 78,8 пайыз, ал орташа дәулеттілер 14,6 пайыз, ауқаттылар мен байлар 7,2 пайыз болады. Капиталистік шаруашылығы бар елдердегідей еңбекті қанау түрлері қазақ қоғамында жоқ. Соның нәтижесінде сауда буржуазиясы да қалыптаспаған. Жерге жекеменшік жоқ» деп жазады.

Жаңа құрылатын үкімет қазақ халқының әлеуметтік құрылымына сәйкес болуы керек деген нені білдіреді? Билік қоғамдағы әлеуметтік топтар үшін ең жоғары арбитр дәрежесінде болуы қажет. Яғни, мемлекеттік билік қоғамдағы әлеуметтік топтардың сұраныс тілегін қанағаттандыра алатындай болуы керек. Ол белгілі бір ғана таптың мүддесін қорғамауы керек. Үкімет қоғамдағы барлық таптың әлеуметтік мүддесін қорғап, соған сәйкес саясат ұстануы керек», – дейді тарихшы.

Мәмбет Қойгелді Алаш арыстары құрылатын билік Қазақстанның ұлттық құрамына да сәйкес болуы керек деп табанды түрде талап еткенін айтады. Ол кезде еліміздегі қазақтардың үлес салмағы 57,5 пайыз, ал орыстар мен украиндер 33,3 пайызды құрайтын. Осыны ескере келе Алаш қайраткерлері жаңадан құрылатын үкімет қазақ халқының басымдылығына сәйкес болуы керектігін ерекше атап өткен.

«Осы уақытқа дейінгі тарихшылар мен зерттеушілер бір нәрсеге көңіл аудармайд келеді. Совет үкіметі 1920 жылдың қазан айында құрылды. Оған дейін даярлық жұмыстары жүргізілді. Ол дайындықты Қазақ әскери революциялық комиеті жасады. Аталған комитетің төрағасы Станислав Станиславович Пестковский болса, құрамында Ахмет Байтұрсынұлы мен Бақытжан Қаратаев спекілді қазақтар болды», – дейді тарихшы. 

Алаштың бес ұстанымы орындалды ма? 

Ал жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың айтуынша, Біртұтас Алаш идеясында қазақтың көшпелі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі барлық кезеңі қамтылған. Сондай-ақ ол Алаш арыстарының «Ұлттық демократиялық Жапония секілді мемлекет боламыз» деген сөзінде үлкен астар бар екенін ескертеді.

«Жапонияны үлгі тұтып арнайы бағдарламасына кіргізгеннен кейін 1937 жылғы қуғында коммунист қазақтардың өзі «Жапон шпионы» деген жаламен ұсталып кетті. «Жапон шпионы» деген айып Алаш арыстары мен қазақтан шыққан болшевиктерден бөлек, ауылдағы аузы дуалы деген азаматтарға дейін қолданылды.

Осы ретте Алаштың 5 бірдей ұстанымы туралы айтып берсем деймін. Алаштың ең басты бірінші ұстанымы жердің тұтастығы сақтау болатын. Жер толығымен Алаш елінің меншігінде болмаса, онда Алаш идеясын жүзеге асыруға ешқандай мүмкіндік жоқ деген сөз. Жер Алашқа ортақ, бүгінгі тілмен айтсақ мемлекеттің меншігі болуы керек деп есептелді. Жерді сатуды Алаш арыстары Отан мен Алашты сату деп түсінді. Өйткені жер Алаш автономиясында тұратын халқытың өмір сүретін кеңістігі, Алаш жұрты одан басқа жерге барып, өзінің ұлттық экономикалық жағдайын жасап, ешқашан дами алмайды. Егер жер сатылатын болса, Отан қорғайтын сарбаз кімнің жерін қорғаймын деп майданға барады? Біздің елімізде 2001 жылға дейін Алаш арыстарының осы идеясы жүзеге асырылды. Өкінішке қарай одан кейін жерге байланысты ұстаным өзгеріп кетті.

Екіншіден, Алаш арыстары «Тәуелсіз экономика болсын» дейді. Яғни, қазақ елінде шығарылған әрбір өнімді өз бетінше игеріп, сата алатындай мүмкіндік болуы керек деп есептелді. Қазақ қойының бір уыс жүні сол Алаш елінің азаматының үстіне тоқыма болып киілуі керек еді. Содан кейін ғана импорт, экспортпен айналысуға болатынын айтты.

Үшінші ұстаным, жердің астындағы, үстіндегі және аспандағы байлық Алаш халқы үшін қызмет ету керек. Өкінішке қарай бізде бұл прицип толығымен орындалған жоқ.

Төртінші ұстаным, Алаш мемлекетінде тіл, діл және дін үстемдігі болуы керек. Өкінішке қарай қазір балаларымыз орыс тілінде сөйлеп, қазақ тілін түсінбейтін жағдайға жетті. Ал дінге келетін болсақ, соңғы кездері жастар «намыз оқимын» десе, шошитын жағдайға тап болдық.

Бесінші және ең соңғы ұстаным, тәуелсіз ғылым мен ұлттық салт-дәстүрге негізделген Жапония секілді ұлттық-демократиялық мемлекет құру. Ал елде ғылым тәуелсіз болу үшін ғалымдарға қолайлы заң жазылуы керек еді. Өкінішке қарай ғылым саласында да ауыз толтырып айтатындай жетістігіміз жоқ», – дейді алаштанушы. 

Алаш автонмиясы жарияланды ма? 

Соңғы жылдары кейбір ғалымдарымыз «Алаш Орда үкіметі жарияланғанымен Алаш автономиясы жарияланған жоқ» деп айтып, көпшілік азаматтардың наразылығын тудырып алды. Солардың ішінде белгілі әлихантанушы Сұлтан хан Аққұлының есімін ерекше атап өткен жөн.

60b4659fdb0fa405874396.jpeg

«Алаш ұлттық жерлі автономиясы дегеніміз мемлекеттік құрылым болып саналады. Өкінішке қарай ХХ ғасырдағы басындағы Алаш тарихына Кеңестік көзқараста қарауды доғаратын емеспіз. Өйткені қазіргі алаш тақырыбын Кеңес үкіметі кезеңінен мұра болып қалған тарихшы ғалымдарымыз жазып жатыр. Өкінішке қарай олар Алаш тарихына кеңестік көзқараспен қарайды. Мәселен олар «Алаш автономиясы болған жоқ. Тек қана Алаш Орда үкіметі ғана болды» дегенді айтады. Тіпті мәскеулік ғалым Дина Аманжолова Алашты «Жарияланбаған автономия» деп айтты. Шын мәнісіндегі тарихқа келетін болсақ, кеңестік стереотиптер мен штамптардан құтылып, шынайы көзқараспен қарайтын болсақ, Алаш автономиясы құрылған.

Мәселен 1917 жылдың желтоқсан айында өткен ІІ жалпы қазақ құрылтайында болашақ Ресей федеративтік республикасының субектісі ретінде құрылды. Бірақ сол жылдың қазан айында Ресейдің заңды халық мойындаған Уақытша үкіметін Кеңес үкіметі қарумен құлатып, билікті басып алды. Әйтсе де Кеңес үкіметінің өзін бүкіл Ресейлік құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін уақытша үкімет деп қабылдады. Алаш автономиясы құрылған кезде Ресейде федеративтік республика болған жоқ. Демек Алаш автономиясы болашақ Ресей федерациясының құрамдас бөлігі яғни субектісі болып құрылған кезде ондай мемлекет болған жоқ. Алаш автономия ретіндегі мәртебесімен құрылғанымен де дәл сол кезде федерация болмағандықтан Алаш автономиясы амалсыз болды. Осы себепті де сол кездегі қалыптасқан саяси ахуалға байланысты бірден егемендік мәртебеге ие болды», – дейді әлихантанушы.

Сұлтан хан Аққұлының айтуынша, Кеңес үкіметі 1918 жылдың 6 қаңтары күні шатырларға пулеметтер қойып, заңды сайланған бүкіл Ресейлік заңды үкіметті қуып шыққан. Сондықтан да ол құрылтай жиналысын қуып таратқаннан кейін отаршыл Ресей империясының кеңістігінде заңды билік қалған жоқ деген пікірде.

«1918 жылы Ресей орталық биліксіз қалды. Осындай белгісіз жағдайда Алаш автонмиясы егеменді мемлекет ретінде әрекет ете бастады.

Естеріңізде болса, 1918 жылдың наурыз айында Алаш автономиясының өзі бастама көтеріп, Кеңес үкіметімен келіссөз жүргізді. Бұл келіссөзді заңды мемлекет және құқық теориясынан қарайтын болсақ, егеменді тәуелсіз сыртқы саясат деп атайды. Мемлекет болмаса үкімет болмайды. Бірақ ол қандай үкіметтің мемлекеті? Ұзын сөздің қысқасы, «Автономия болған жоқ, үкімет болды» деген сөз жұмсартып айтқанда адасқан пікір.

Алаш орда үкіметінің Кеңес үкіметін Ресейдің орталық үкіметі деп мойындап, 11 баптан тұратын шарттарын ұсынғаннан кейін болшевиктер бұл келіссөздерді үзіп жіберді. Кеңес үкіметі Орал мен Сібірде құлағаннан кейін Самара үкіметі Алаш қайраткерлерін өздері шақырып алып, Алаш ордамен әскери және саяси одақ құрды. Онда Алаш автономиясы Самара үкіметімен егеменді саясатын ұстанып, сыртқы саясатын жүргізді. Міне осыдан кейін қалайша Алаш автономиясы жарияланған жоқ деп айтуда болады», – дейді Сұлтан хан Аққұлұы.

Әрине Сұлтан хан Аққұлы айтқандай, Алаш Орда үкіметі мен Алаш автономиясы жарияланып, Тәуелсіздік үшін күрес жолында аянбай еңбек етті. Мұны жоққа шығару есті адамның ісі емес. Оның үстіне бұл Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды жүздеген Алаш арыстарының еңбегін жоққа шығару секілді болып көрінеді. Егер Алаш автономиясы жарияланбаса, Кеңес үкіметінің көсемдері Ленин мен Сталин Алаш арыстарымен санасып, қазақ жерін заңдастырып беруге мәжбүр болмас еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Алаш арыстарының жан-кешті әрекетінің арқасында бүгінде Қазақ елі тәуелсіз ел болып отыр. Олар 1920 жылдан кейін жаппай эмиграцияға кетпей, қазақты оқу-ағарту жұмыстарымен айналысты. Осы ағарту жұмыстарының арқасында қараңғы халықтың сауаты артып, Тәуелсіздік таңы атты. Сондықтан да барша халық Алаш арыстарының алдында қарыздар.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?