«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты - Д. Абаев

447
Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты - Д. Абаев

Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы. ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Атырауда өтіп жатқан «Ұлық ұлыс — Алтын Орда» атты халықаралық конференцияда осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталы.

«Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған Ұлық Ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құрдық. Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы Ұлысы – дала мемлекеттілігінің архетипі, бастау бұлағы» деді Президент әкімшілігінің өкілі.

Сондай-ақ ол Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығының құрылу себебін Әбілқайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайтындығын айтып өтті.

«Қандай күшті болса да, өкпе мен реніш мемлекет құраушы идея бола алмайды. Сол үшін алғашқы хандарымыздың түпкі ойы – Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы Ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді. Жылдар өте бұл жобаны ұлы хандарымыздың бірі – Қасым хан жүзеге асырды. Ол Орынбордан Мауреннахрға дейінгі алып аймақты бағындырып, билік жүргізді. Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап бергені бекер емес» деді Дәурен Абаев.

Оның пайымынша, Алтын Орда дәуіріндегі тарихи тұлғалар туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың құнды мұралары.

«Әз-Жәнібек, Едіге, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер туралы жыр-дастандар төл фольклорымыздың ажырамас бөлігі. Өзбек хан сүнниттік ханафи мәзһабын Ұлы даланың дәстүрлі діні ретінде берік орнатты» деді Дәурен Әскербекұлы.