Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Қызылжар» атауы ресми құжаттарда да аталған

1945
«Қызылжар» атауы ресми құжаттарда да аталған - e-history.kz

Өткен жылы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында Қазақстан республикасының президенті Қсым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен арнайы комиссия құрылған болатын. Бұл комиссияның негізгі қызметінің салмағы әуелі елдегі архивтерге түсетіні белгілі. Осы орайда Петропавл қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстың архивінің де жарыққа шығарған құжаттары мен істеген қызметтері өз алдына бір төбе. Солтүстік Қазақстан өңіріне жасаған жұмыс сапарымызда тарих ғылымдарының кандидаты, аталған комиссияның жұмыс тобының жетекшісі, облыстық архивтің директоры Сәуле Мәліковадан сұхбат алудың реті келген болатын.

– Сөз басын өткен жылы Мемлекет басшысының бұйрығымен, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында құрылған комиссия жұмысының нәтижелерінен бастасаңыз.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қараша айында жариялаған жарлығы бойынша мемлекеттік комиссия құрылған болатын, сол комиссияның құрамында өңірлік комиссия құрылды. Комиссия негізінде жұмыс тобы да құрылған. Мен осы комиссияның мүшесі әрі бір жұмыс тобының жетекшісі ретінде жұмыс істеп жатырмын. Жалпы 8 жұмыс тобы құрылған, жұмыс тобы құрылмас бұрын негізгі мәселелер ғалымдар арасында талқыға салынып, әр түрлі бағыттарға бөлінген болатын. Осы бағыттарды негіз етіп біз өз жұмысымызды бастап кеттік.

Жалпы қуғын-сүргін құрбандарына қатысты архивтермен айналысып жүргеніме бір жыл емес он жылдан асты. Өлке тарихы бойынша айтар болсақ, «Абылайдың ақ үйінің» жобасын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Мәскеудегі архивтен тауып алып келген едік. Осы жиналған құжаттар мен деректердің арқасында 2008 жылы Елбасының қатысуымен Петропавлдағы Абылай хан резиденциясы ашылды. Осындай ұлы тұлғаларымызбен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдарды жинақтадық. Естеріңізде болса, 1993 жылы осы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі заң қабылданған болатын, соның аясында, 1997 жылы тарих жылы деп жарияланғанда осындағы тарихшылар мен архившілер 4000-ға жуық адамның тізімін жасап, соларды ақтаған болатын. 1997 жылдан кейін, ол кезде Көкшетау өңірі біздің құрамда болды, соған байланысты сол өңірдің саяси қуғын-сүргін құрбандары қосылды, бұның сыртында қарапайым елден де өз ата-балалары туралы көптеген сұранымдар келіп түседі, осы себептерге байланысты тағы да архив ақтарылып, тың деректермен толықтырылып, Қауіпсіздік комитетіне қарайтын арнайы архивге хат жазып, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары бойынша деректер сұрай отырып, жаңа деректер жинағын жасадық. Бұл жұмыс 2006 жылы басталған, нәтижесін биыл 31 мамырда электрондық база ретінде жинақтап дайындадық. Бұл тізімге 7721 репрессияға ұшыраған азаматтың аты-жөні енгізілді. Базада азаматтың аты-жөні, қай жерде, қай жылы тұтқындалды, қандай заң бойынша сотталды және қашан ақталды деген секілді ақпараттар енгізілді. Бұл ресми түрдегі ашық дерек. Бұл электрондық құжаттар жинағын кітап ретінде де басып шығардық, кітап аты «Қызылжардың шерлі тарихы» деп аталады. Кітап баспаға жіберілген, әне-міне келеді деп күтіп отырмыз.

20211022_112408.jpg

20211022_112353.jpg

Репрессияға ұшырағандар ішінде Алашорданың жергілікті қайраткерлері, ұжымдастыруға, әр түрлі социалистік компанияларға қарсы шыққандар, ірі байлар және көтерілістерге қатысқандар бар. Совет үкіметінің алғашқы жылдарында, 1918 жылы май айында Петропавлдағы Совет үкіметі құлады, содан 1919 жылдың соңына дейін Совет үкіметі бұнда орнай алған жоқ. Сол кезеңде бұл жерде уақытша үкіметтің комитеттері, қазақ комитеттері құрылып, өмір сүрді. Алашорданың негізгі идеяларын қазақ даласының өзге өңірлерінде жүзеге асыру жұмысы осы Петропавл қаласында жүрді. Алаш қайраткерлерінің жас буыны осы қалада «Жас Азамат» ұйымын құрып, газет шығарады. Газеттің бас редакторы биыл 125 жылдығы болып жатқан Қошке Кемеңгерұлы болды. Сол кезеңде өзге өңірдегі Алаш бағытындағы газеттер жабылып жатқанда, бүкіл Қазақстанға осы «Жас Азамат» газеті Алаш үнін жеткізіп тұрды. Алашорда үшін трибуна бола білді. Осы газеттің үшінші нөмірінде Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңі тұр. Бұл осы өлеңнің алғаш жариялануы болатын. Смағұлдың кооперация жөніндегі, шетел экономикасын мысал ете отырып, елдегі жағдайларды талдаған мақалалары, Әлиханның, Мұхтар Әуезовтің мақалалары жарық көрді.

Осы газеттен белгілі Алаш қайраткерлерінен тыс, жаңа есімдерді де көруге болады. Оның бірі Ахмет Жанталин, ол кейін 1921 жылғы көтеріліске қатысады. Соның бірі атақты Ермек Серкебаевтың әкесі Бекмұхамет Серкебаевты көреміз. Бекмұхамет журналист болған, оқу-ағарту саласында да қызмет еткен. 1919 жылы Совет үкіметі қайта орнағанда оқу-ағарту саласына кетеді, 1926 жылға дейін Петропавлда болған. 1923 жылдан бастап Совет үкіметі күшейіп, Алаш қайраткерлерін қудалай бастаған тұста, шамасы қуғын-сүргіннен бас сауғалаған болса керек, Алматы өңіріне қоныс аударған. Ермектің өзі осы Петропавл қаласында 1926 жылы туғаны туралы куәлігі бар. Газетте кездесетін осындай жаңа есімдерді айырым зерттеп жарыққа шығардық. Газетті де кітап етіп крилицаға аударып басып шығардық. Бұл кітаппен қатар Жұмағали Тілеулиннің өмірі туралы кітап та жарық көрді, екі кітаптың тұсаукесерін бірге өткіздік. Кітап нұсқаларын елдегі кітапханаларға тапсырдық. Бұл біздің бүгінге дейінгі жұмысымыздың бір бағыты.

– Сіздердің облыстық архивте әр түрлі дерек іздеушілерге, зерттеушілерге қандай мүмкіндіктер бар?

– Біздің облыстық архивтен ақталмағандардың есімін іздеушілер, зерттеушілер болса, біздің облыстық архивтың құжаттарымен ашық түрде, электронды нұсқаларымен таныса алады. Бір ерекше құжат, бізде 1922 жылғы аштыққа қатысты Мағжанның қолжазбасы тек біздегі архивте ғана сақталған. Осы ақталмағандардың аты-жөнін анықтауда, жаңағыдай құнды құжаттарды зерттеуде біздегі архивтің өзіндік артықшылығы мол. Біздің архивте және аудандық архивтерде де әлі жарыққа шыға қоймаған маңызды құнды құжаттар бар. Осы құжаттар негізінде әлі ақталмаған 10 мыңнан аса адамның деректер базасын жинақтап жасадық. Бұл базаны апта сайын толықтырып, жаңалап отырамыз. Оның ішінде жоғарыда атап өткен мемлекеттік комиссияның 8 бағыты бойынша нақақ сотталып, советтер шешімімен атылып тасталғандар бар.

Ескі Совет кезіндегі және 90 жылдардағы деректер бойынша 1928 жылы кәнпескеге ұшыраған 33 ірі байдың тізімі шықты. Ал қазіргі таңда жаңа деректер бойынша олардың саны 90-нан асып жығылады. Қазіргі бағамдауымызша бұл сан әлі де өсе түспекші. Мысалы, тек қана Айыртау ауданынан 54 ірі байдың тізімін таптық. Бұл кезінде партия құжаттарында құпия ретінде сақталған болатын. Бұл құжаттарда аталған ірі байдың отбасы мүшелері, олардың жастары, малының саны секілді мәліметтер берілген.

– Осы кәнпескеге ұшыраған қазақ байлары ішінде осы өңірге өз еңбегін сіңірген, кезінде ат-атағы жоғары, беделді болғандары бар ма екен?

– Ондай байлар, әрине көп болған. Архив зерттеулерінің ішінде осы Солтүстік Қазақстан өңірінен шыққан Барлыбаевтар әулеті туралы көптеген деректер табылды. Олардың сауда-саттықпен айналысқаны, ұрпақтары туралы, XIX ғасырда би болғаны туралы тың деректер табылды. Сонымен қатар Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» романында Барлыбаевтар әулетінің бірі Әлти қажының ауылында Алаш қайраткерлері қонақ болып, Алаш әскеріне адам жинағаны туралы деректер бар. Сәбит романда Алашорданы, байларды жамандай отырып, осы жиналыста кімдердің болғанын, қалай өткенін түгел тізіп жазып шыққан. Бұл роман әдеби роман болғанымен өмірбаяндық, деректік жағының басым екені аян. Біз осы романды негізге алып, басқа да деректермен салыстыра отырып, осы жиналыс өткен жерді тауып, алаштанушы, тарихшы ғалымдарды шақырып, конференция өткізіп, Әлти қажының мазары да ашылды, жиналыс өткен жерге тақта да орнатылды. Бұл жерде сол кездегі Ақмола мен Петропавл өңірінің 22 болыс елінің атқамінерлері жиналып, үлкен басқосу болған екен.

Бұл зерттеулерді әуелде Қайролла Мұқанов, Социал Жұмабаев деген ғалымдарымыз бастаған болатын, осы конференцияда жиналған ғалымдар да зерттеуді одан әрі тереңдете түсудің маңызын айтып кетті. Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен сол жерге этноауыл ретінде үлкен орталық құрсақ деген жоспарымыз бар.

Бүгінгі Тимирязов ауданы, Жарқын аулының жанында Байқала деген жерде арнайы лагер ұйымдастырып, сыртын қоршап, казарма орналастырып, сонда кәнпескеге ұшыраған байларды отбасымен бірге әкеп уақытша ұстаған. Қазір осы жердің де нақты орыны анықталып жатыр, болашақта белгі тақта қою жоспарда бар. Осы қала туралы да ел ішінде айтылған естеліктер бар. Онда алып келген байларды бала-шағасымен ашықтырып, қинап ұстаса керек, балалары жақын ауылдардан қайыр сұрап жүреді екен. Осы жерден қашып шыққандар да болған. Осы Байқалада ұсталғандардың ішінде Қошке деген ірі бай болғаны туралы да деректер бар. Ол кезінде қазіргі Новосибирскіге дейін барып сауда-саттық жасаған екен.

– Қызылжар өңірінің тарихына қатысты, Петропавл қаласының қалыптасуына жергілікті халықтың, яғни қазақтардың үлесі туралы қандай ақпараттар бар?

– Бертінге дейін Ресей архивтеріне көптеген хаттар жазып, Омбының архивінен өзім де деректер іздей жүріп біраз мәліметтерге ұшырастым. Негізгі мақсат «Қызылжар» атауының нақты ресми қолданылғаны туралы деректер табу болды. Былтыр «Архив 2025» бағдарламасының аясында өзімізде бар және өзге архивтерден табылған деректерді жинақтап зерттеудің нәтижесінде шын мәнінде осы жердің Қызылжар деп аталғанын таптым. Патшаға жолданған орыс шенеуніктерінің хаттарынан осы Қызылжар өңірінен қоныс аударушыларға жер бөліп беруді сұраған мәтіндер табылды. Осыған байланысты, осы деректерді қамти отырып Қызылжар қаласының тарихына қатысты үлкен мақала жаздым, бірақ мақала әлі жарық көрген жоқ. Мақалада барлық деректер қамтылған, оны жариялаудың ыңғайлы мезгілін күтіп отырмыз десек те болады.

Осы мақалда айтылатын негізгі тұжырымның бірі, Қызылжарда орыс бекінісі салынбас бұрын да шоғырлы тұрғындар болған. Деректерге қарасақ бұл жерде Петропавл бекінісі салынбай тұрып жәрмеңке болған. Яғни орыс отарлаушылары жәрмеңкенің жанынан ыңғайлы болғаны үшін өздеріне әскери бекініс салған. 1782 жылы Петропавлда Абылайға арнап салған үйде Уәли ханды таққа отырғызу салтын жасайды. Осы салтта Рсей патшасының ресми грамотасы мен билік белгісі болып саналған қанжар тарту етіледі. Ал 1795 жылы Екатерина II осы Петропавл қаласында мешіт салу жөнінде жарлық берді. Бұның мәні, патша үкіметі қазақ даласын жаулауда сауда-саттық және әскери бекіністер арқылы, үшінші жағынан дін арқылы отарлауды мақсат еткені көрінеді. Сөйтіп 1795 жылы Ойқалаға мешіт салына бастайды, оны салуға 5000 рубль ақша төлейді. Ол кезде 5000 рубль дегеніміз аса ірі көлемдегі қаржы болатын. Мешіт бір жылдары жартылай өртеніп, тағы да басқа себептермен құрылыс жұмыстары баяулап, XIX ғасырдың ортасына қарай аяқтайды. Сол кезде Уәлидің патшаға Ойқалаға емес, осы маңға, өз үйінің маңына қарай салғанын қалайтынын айтқаны бар екен. Бұдан тыс 1759 жылы Абылай орыс билеушілерімен хат алмасып, Қызылжарда сауда-саттық жәрмеңкесін ұйымдастырып, қазақтардың осында келуіне рұқсат алады. Бұны әрі қарай жүзеге асырған Абылайдың көмекшісі, сенімді серігі Құлсары батыр екен. Осы жазысқан хаттарда «жәрмеңке» сөзінің орнына «сатовка» деген сөз қолданылған. Мүмкін бұл «сату» сөзінен шыққан шығар деп қараймын. Және осы жерде үлкен жәрмеңкенің болғанын Ершовтың «Конек горбунов» ертегісінен де біле аламыз. Осы ертегіде Ершов осы Петропавл жәрмеңкесін жазады. Қазірге дейін кездескен құжаттардан Петропавлда аса үлкен жәрмеңкенің болғанын көрсетіп отыр. Жалпы Петропавл қаласының қала деңгейіне жетуіне үлес қосқан көпестер мен байлар туралы әлі де зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

– Сіз жоғарыда 1921 жылғы көтеріліс дегенді атап өттіңіз, осы көтерілістің сипаты қандай болды, кімдер қатысты, жалпы оқиға қалай болғаны туралы қысқаша айтып берсеңіз.

– Омбы қаласы биыл осы көтеріліске қатысты конференция өткізді. Ол көтеріліс қазір «Батыс Сібір көтерілісі» деп аталады. Осы конференцияға осыған дейін өзім тапқан, көтерілістің Петропавл өңіріне қатысты тұстары бойынша материалдар дайындап жібердім. Совет кезінде бұл көтерілісті «Кулактар көтерілісі» деп атады, кейін тәуелсіздік жылдарында «Шаруалар көтерілісі» деп атады. Ал шын тарихқа қарасақ бұл көтеріліске түрлі әлеуметтік топтардың қатысқанын көреміз. Көтеріліске қатысушылардың алға қойған мақсаттары әр түрлі болды. Бұған қазақ зиялы қауымының өкілдері де қатысқан. Зарқын Тайшыбай ағамыз қазақтар қатысқан жоқ деген пікірді ұстанады, бірақ деректерге қарап отырсақ, репрессия кезінде тұтқындалған кейбір қазақ зиялыларына 1921 жылғы осы көтеріліске қатысқан деген айып тағылған.

Бүгінгі күнде Петропавлда сақталған архивте, сол кездегі Ақмола губерниялық соттың тізімінде 794 адамның тізімі бар, бұларды біз ақталмағандардың тізіміне қостық. Сол тізімде Багданов Андрей Дмитриевич, 1891 жылы туған, шаруа-кулак, 1921 жылғы көтеріліске қатысқаны үшін саяси құқынан айырылған. Келесі Брух Яков деген кісі саудагер, Бухенбиндер Давид Матович деген еврей болса керек, 1899 жылы Киевте туған, Киев-Губерниялық экспедициалық милицияның бастығы болған дейді. Бутов Иван Платович, Көкшетауға қарасты бір селоның коменданты болған, бұл да көтеріліске қатысқан. Бір айта кетерлігі Совет үкіметі алғаш кіргенде аштық пен соғыс қатар жүрді. Жалпы Сібір халқы орталық және оңтүстіктегі елмен ұқсамаған, бұл өңірдің халқы ауқатты болған, содан болу керек, әскери коммунизм саясатымен салықтарды артығымен аямай салды. Салықтың молдығы сондай, халықтың артық азық-түлігі мен мүлкін ғана емес, өмір сүруге, тұрмысқа қажетті ең төменгі мөлшердің өзін тартып ала бастады. Сол кезеңде азамат соғысы жылдарында биліктен айырылып қалған топтар ел ішіндегі қарсылықты жақсы пайдалана білді. Ал қазақтардың осы көтеріліске қатысу себебіне қатысты менің ойым былай: 1921 жылы апрельде ғана солтүстік өңір Қазақ автономиясының құрамына кірді. Қазақ автономиясы 1920 жылы құрылды, Ақмола губерниясы әне құрамына кіреді, міне кіреді деген кезең болды. Ресейдегі Сиб-РебКом солтүстік өңірлерді бергісі келмеді. Қазақтардың көтеріліске қатысуына осы талас-тартыс себеп болды деп ойлаймын. Сол қатарда Жұмағали Тілеулин де болған деген дерек бар. Бұдан сырт Ахмет Жанталин, Қайырлы Мәкенов, Аққұр ... қатарлылар да осы көтеріліске қатысқан.

Көтерілісшілер бізге Омбы жағынан келіп, ақгвардияшылар, кулактарды және шаруаларды ұйымдастыра отырып, Петропавлға 13 фебральда басып кіреді. Мұндағы Совет үкіметі Омбыдан көмек сұрайды, көмек уақытында жетпейді, 18 фебральда қаланы тұтастай көтерілісшілер басып алды. Осы соғыс аса аяусыз қантөгіспен жүрген, екі жақта да мүлде аяушылық болмаған. Сол кезеңді көрген үлкен кісілердің сөзінше, көшеге шыққан адамды қай тараптың адамы екеніне қарамастан тек қырғындай берген. Ал 23 фебральда Көкшетауды басып алады. Кейін Омбыдан арнайы жасақ шығып, біртіндей басқан. Осы көтерілісте қайтыс болғандардың ішінде атақты ақынымыз Баймағамбет Ізтөлин де бар. Ол Сәбиттің жолдасы болған екен...

20211022_112748.jpg

– Бұлардан бөлек, 1921-22 жылдардағы аштық туралы да айта кеткім келеді. 1921-22 жылдардағы аштық жөніндегі мәліметтерде Ақмола губерниясындағы аштық туралы айтылмайды. Ал шын мәнінде Ақмола губерниясындағы халық та аса ауыр аштыққа ұшыраған. Осы өңірдегі сол жылдардағы аштық бойынша құжаттарға зерттеу жүргізгенде байқағаным, Ақмола губерниясындағы аштықтың өте ауыр болғанын аңғардым. Әсіресе қазақтар қоныстанған өңірлерде аштықты айтып жеткізетін адамның жоқтығынан, халық үн-түнсіз қырыла берген. Ел көлемінде аштыққа көмек комиссиясы құрылды ғой, сонда Ақмола губерниясы бойынша комиссияның төрағасының орынбасары болып Мағжан жұмыс істеген. Мағжан жазады: «Мынау Сарыарқаның қазақтары үнсіз қырылып жатыр, соған көмек беру керек» деп. Мағжан өзі Көкшетауға барып, елді ұйымдастырып, аштарға көмек жинаған. Сол көмекке жиналған азық-түлікті қазақ, орыс деп бөлмей, қай жерде кім қатты қиналып жатыр, әуелі соған жөнелткен. Бұл Мағжанның саяси қайраткерлігінің аса жоғары деңгейде болғанын аңғартады. Біз көбінесе Мағжанның ақындығын жоғары бағалап, ақын ретінде ғана танимыз, ал мен оның саяси қайраткерлігінің де ақындығынан еш кем болмағанын аңғарамын.

– Тың деректерге толы мағыналы сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?