«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Клеменц жазбаларындағы көшпелі тұрмыс. 4-бөлім

565
Клеменц жазбаларындағы көшпелі тұрмыс. 4-бөлім

Qazaqstan Tarihy порталы оқырмандарды 1908 жылы «Сибирские вопросы» газетінде жарияланған белгілі этнограф Дмитрий Александрович Клеменцтің «Көшпелі тұрмыс туралы жазбалар» жұмысымен таныстыруды жалғастырады. Д.Клеменцтің Сібір халықтарымен байланысты зерттеулері назар аударуға тұрарлық. Д.Клеменц Сібір мен Қазақстанның көшпелі тайпаларының өмірі мен тұрмысына терең әрі жан-жақты көңіл бөлген.

Көшпелі тайпалардың көптігі мен әртүрлілігі бойынша әлемдегі бірде-бір ел Ресеймен теңесе алмайды. Солардың арқасында біздің шырайсыз, солтүстік тундрамыз жанданды; біз оларды құрғақ Арал-Каспий далаларыннан, Кавказ тауларынан және Тянь-Шаньнан көреміз. Көшпенділер Алтайдан Маньчжурия шекарасына дейін үздіксіз созылып жатыр. Орта Лена бассейнінде біз көшпенді якутпен кездесеміз, ол өзімен бірге оңтүстіктен алып келген жылқыны сол жердің климатына бейімдей алды. Әрбір көшпелі тайпа туралы көптеген материалдар бар, бірақ белгілі өмір салты ретіндегі көшпелі өмір туралы ақпарат өте аз.

Теоретик-ғалымдар оған аз қызығушылық танытты; практикалық қайраткерлер оған өмірдің жетілмеген формасы ретінде қарады, және олардың барлық ойлары мен іс – шаралары бір ғана нәрсені көздеді - оларды тез отырықшы өмірге көшіру, егіншілікке «үйрету». Бірақ бұл ниет тек қана теориялық оймен ғана бекітілгендіктен, шындыққа еш жанаспады.

Біздің білуімізше, тек самоедтер мен Мұзды теңіз жағалауының тұрғындарын ғана егіншілікке үйретуге талпыныс жасалған жоқ, ал басқалары бұндай эксперименттерді азды-көпті бастан кешті. Мұндай тәжірибелер қаншалықты аңғалдық болғаны ачиндік көшпелі қызылдықтарды картоп отырғызуға мәжбүрлеу әрекетінен көрінеді, яғни егіншілікті айналып өтіп, оларды тікелей көкөніс өсіруге дағдыландыруға тырысушылық. Бұл жаппай картопқа әуестену кезінде болды. Ресейден бұл әуестік Оралға көшті және көшпендіге жаңа ауыртпалық болды: билікке қарсылық білдіргісі келмеген ол картоп отырғызу үшін қымбат бағаға шаруаларды жалдады және өзі сол картопты пайдаланбады да. Картоп туралы бұйрық күшін жойды ма, жоймады ол жағын білмеймін, бірақ картоп насихатының науқаны өткеннен кейін, жергілікті әкімшілік, өздерінен картоп талап етпейтінін көргеннен кейін, жергілікті бұратаналардың өтінішіне құлақ асып, оларды артық міндеткерліктен босатты.

Онондағы буряттарға тұқым таратып беріп, қолдарына соқа беріп, белгілі бір десятинаға астық егуге міндеттеу ісінен де түк шықпады. Буряттар өздерінде қабылданған жүйеге сәйкес жаңа міндеткерлікті әр үйдің ауқаттылығына сәйкес бөліп, жер жыртуға, егін егуге, оны жинауға шаруаларды жалдады. Алты жылдық тәжірибеден кейін бұл іс мардымсыз деп танылды. Ресейде осындай ауыл шаруашылығын әкімшілік насихаттауға ұқсас көптеген мысалдар келтіруге болады, бірақ бұл біздің міндетімізге кірмейді.

Дайцин әулетінің жаулап алулары оны бекіністер, әскери қоныстар ұйымдастыруға, оларды мемлекеттің шетіне жылжытуға және гарнизондарын сол жерде ұстауға мәжбүр етті. Улясутай бір орнынан екінші орынға үш рет, Қобда екі рет көшірілді. Дүнген көтерілісі қытайларды батыстағы азық-түлік пункттері туралы ойлануға мәжбүр етті. Қазыналық егістік алқаптар құрылды, егіншілер қоныстандырылды, жергілікті тұрғындарға пішендік оброктар салынды, бірақ бұл оброктар қызылдықтардың картоп өсіруімен және буряттардың қара бидай егуімен бірдей жағдайға ұшырады. Енді Орхонда, Ургадан Баринге дейінгі жолда (яман тырге дзам), Тамирде, ескі Улясутай жанында қазыналық егістік алқаптары иесіз қалған. Қобда жанында олар әлі де тұр, бірақ қалай? Егістік шаруашылығын құруға қоныстандырылған моңғолдар, біздің буряттар немесе қызылдықтар сияқты, жер жыртып, астық жинауға қытайлықтарды жалдайды.

Осындай мысалдардың арқасында орталықтарда өз агенттері, сенімді және ықпалды тұлғалары арқылы танылатын, сонымен қатар өз тәжірибелерінің сәтсіздігіне наразылықтан, көшпенді тұрақты жұмыс істегісі келмейді және жалқаулығынан жерді өңдеуге қарсылық танытады деген сынды сенім таралады. Кейбір зерттеушілер егер көшпендіні табындарымен көшіп жүруге мүмкіндігі болмайтындай, шағын ғана жерге орналастыру арқылы оны жер жыртуға мәжбүрлеуге болады деген тұжырымдар да келтіреді. Бұл тұжырымдар теория ретінде ғана қалып қойған жоқ, оларды өмірге енгізуге де тырысты. Қалай болғанда да бұл тұжырымдардың қаншалықты жарамды екенін білу керек қой! Бұған фактілер жауап береді. Осыдан үш мың жыл бұрын біз Палестинадағы еврей халқын көреміз, олардың бір бөлігі егіншілікпен айналысатын, ал екіншісі көшпенді болды. Иордания сыртындағы еврейлер негізінен мал өсірушілер болды. Көшпелі өмірмен таныс адам үшін Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың өмір салты тікелей осы өмірдің толық бейнесін береді. Бірақ көшпелілердің қасында енді біз інжір ағашының немесе жүзімдіктің астында отырған еврейлерді көреміз, далада масақ теріп жатқан Русьті көреміз. Русь христиандандырылғанға дейін 2600 жыл бұрын қазіргі оңтүстік орыс даласында көшпенді скифтер мен скиф-оратайлар өмір сүрді. VIII және IX ғасырларда біз көшпелі енисейлік қырғыздарды көреміз, олар қытайлардың айтуынша тары, Гималай астығын және арпа еккен, олар туралы естеліктер Минусин бұратаналары мен сойоттар өздерінің егістіктері мен шалғындарын суару үшін пайдаланатын сансыз су арықтарында қалды. Осыған ұқсас құрылғылар Забайкальенің көптеген аудандарында бар. Еврей халқы мен скифтер деген атпен белгілі халықтардың өміріндегі айырмашылықты не түсіндіреміз? Тек өмір сүру жағдайларының айырмашылығымен... Забайкальенің ежелгі тұрғындары мен Енисей қырғыздары туралы біз олардың көшпелілер екенін білеміз. Мүмкін, соңғысы жерден ығыстырылуы себебінен егіншілікпен айналысқан шығар? Бұған ешқандай дәлел жоқ, ал қазіргі заманғы дәлелдер бұл тұжырымға қарсы. Егіншілік және шалғындарды суару көшпелілерді өздерінің көшпелі орбиталарын жиі ұзартуға мәжбүр етеді: піскен арпа немесе бидай оны кем дегенде бір рет дәмін алған малға тым тартымды жем болып табылады. Дәнді дақылдарды қорғаудың тек үш әдісі бар - далада үнемі мүмкін бола бермейтін қоршау салу, өрісті тұрақты күзетшілермен күзету - бұл тым ауыртпалықты немесе көшіп қону. Көшпенділікті ауыл шаруашылығымен ұштастырудың заманауи мысалдарына жүгінсек, бізге мұндай мысалдардың тапшылығы емес, шектен тыс көптігі кедергі келтіреді. Бұл жерде ауыл шаруашылығынан бас тарту туралы сөз болуы мүмкін емес: көшпенді қолына соқаны тек пайдасыз жерде ғана алмайды.

Егістікке қытайлықтарға жер берген князь мұрагерліктен айырылуы мүмкін. Жерді жалға алушы одан да қатал жазаға тартылады. Осының барлығына қарамастан, Орхонның сол және оң жағалаулары, ескі қытай егістік жерлерінен өзеннің сағасына дейін 50 верст және Селенга өзенінің сол жақ салалары моңғол және қытай егістік жерлеріне толы. Егін егу мұнда жасанды суарудың көмегімен де, онсыз да жүргізіледі; бұл өте маңызды, олар Забайкальеде астық қымбат кезде оны мың пұттап сатып алады; Селенга моңғолдары Забайкалье спирт зауыттарына жиі астық жеткізетін. Төменгі Орхон тұрғындарын жер жыртуға мәжбүрлейтін бірден - бір себеп - бұл пайда, Ресейге жақындық және мал шаруашылығына үнемі қолайлы бола бермейтін аймақтың табиғаты, диірмен ұйымдастыра білу, астықты Ресейге тасымалдау және оны ресейлік тауарларға айырбастау. Неліктен Қытай әкімшілігі Орхонның жоғарғы бөлігінде дәл осылай жасай алмады? Дала аймағы, өз малдарын Кукухотодағы қытайларға сату мүмкіндігі мал өсіруді артық қылды. Сонымен қатар, Қангай тауларының жақын орналасуы мұнда егіншілікті қауіпті кәсіпке айналдырады: өйткені бұл жерде жазда бұршақ жиі жауады. Жергілікті моңғолдар да «неліктен астық екпейсің?» деген сұраққа, «бұршақ жиі жауады» деп жауап берді. Сол моңғолдар, алайда, шөлді аймақтағы Туин-голу және Таца-голу өзендерінде арықтармен суару арқылы егістіктер егеді. Адам мүлде тұрмайды дерлік Гоби Алтайында да егістік көп-ақ. Егістік жерлерге жақын жерде тек қана күзетшілер тұрады, ал астық жинау үшін халық Қангайдың оңтүстік беткейлерінен келеді. Қобда маңында, біз айтқандай, моңғолдар астық өсіру үшін қытайлықтарды жалдайды, ал Булугун мен оның салаларының бойында тұратын торғауыттар мен ахачиндер астықты өздері егеді. Мұның себебі тағы да физика-географиялық және шаруашылық жағдайлары мен өмір салтында жатыр. Сол моңғол Алтайында, Қара Ертіс пен оның салалары бойында тұратын қырғыздар, торғауыттармен бірге ынталы диқаншыларға айналады. Ұрынқай жерінде, дүрбіт көштерінде, Убсанора көлінің маңында егістік жерлер өте көп. Осы жағдайлардың бәрінде, егер біз даланың бір бұрышында адам неге соқамен жүреді, екіншісінде табындарын жаяды деп сұрар болсақ, жауапты ең алдымен елдің физикалық - географиялық жағдайынан табамыз – ол ыңғайлылық пен топырақ жағдайы, өз еңбегін тиімді пайдалану мүмкіндігі, содан кейін өнімді сатудың қолайлы шарттары. Неліктен бурят биік Онон үстіртінде көшіп жүреді де, Хилкада егіншіге айналады? Әдетте: Ононда буряттарда жерде көп, сондықтан олар онда көшіп-қонып жүреді, ал Хилкада буряттарды тықсырып тастады, сондықтан қаңғырып жүретін жерлері жоқ, сол себепті де олар ақылға келіп, жер жырта бастады,- деп жауап береді. Біз жоғарыда келтірілген мысалдарды көрсетіп: неге сойоттар ешқандай қысымсыз-ақ егіншілікпен айналысты; неліктен екі мың жыл бұрын Енисей қырғыздары Минусинск округінде қырық версттық магистральдар жүргізіп, бізді таң қалдыратын суару жүйесін құрды, тек тары, Гималай астығы мен арпа егу үшін ғана ма?,- деп сұрауға болар еді. Оларды ешкім қысқан жоқ қой. Бұлар өте жауынгер, намысшыл халық болған; олармен одақ құруға Қытайдың өзі ниетті болған. Егер жерді тартып алу егіншілікті дамытудағы сондай күшті құрал болса, біздің башқұрттар жерге орналастырылғаннан кейін үлгілі егіншілер болуы керек еді ғой деп айтсақ болар еді. Алайда, бұлай болған жоқ. Керісінше, ескі зерттеушілер атап өткен жергілікті егіншіліктің бастауы, француз Ле Пле сипаттаған башқұрттың рулық және жершілдік қауымдастығы жоғалып кетті. Башқұрт енді бар болғаны жатақ, байғұс, немесе қазақша айтқанда – қайыршы.

Батысқа қарай Селенга ведомоствосының құрғақ, бетпақ даласында біз тағы да жартылай көшпелі өмірді кездестіреміз; ал Селенга сағасында, кударин деп аталатын ведомоствода, біздің алдымызда тап-таза егінші әрі балықшы бейнесіндегі бурят пайда болады. Кудариндік көрші шаруадан гөрі жылқы аз ұстайды: бұрынғы көшпенді атқа салт мінуді ұмытып қалған: ер-тоқымды да кездестіре алмайсыз; бірақ қайықта, тормен, балықшы ретінде, ол кіммен болса да күш сынаса алады. Кудардағы үлкен жер сілкінісінен кейін, 1000 –нан астам десятина егістік жерін Байкал көлінің суы басып қалды да, егінші буряттар шығысқа, Еравнин көлдерінің аңғарына көшті.

Мұнда егіншілік дағдысына қарамастан, кударлықтар егістік жерлерін қысқарту қажеттігін түсінді. Тамаша балықшылар, олар Еравнин көлдерінің жақындығының арқасында балықты саудалауды кәсіп етеді және мал ұстай бастайды. Олар көшпеліге айналып кетер ме еді, бірақ олар кедей, оның үстіне ол жерге бөтен адам болды. Олардың туыстары да жоқ, көмектесетін де ешкімі жоқ.

Біз Моңғолиямен шекаралас станицаларда тұратын казактар туралы айтқан болатынбыз. Забайкалье халқының бұл бөлігі, жермен мол қамтамасыз етілген, малды да мол өсіреді, ал қожайындардың өздері табындарымен бірге далада көшіп жүрмесе де, швейцарлықтар сияқты, олар үшін жұмысшылары табындарымен бірге көшіп жүреді.

1829-1889 жылдар аралығында А.А.Ярилов сипаттаған Енисей губерниясының бұратаналары - қызыл татарларының өмір салтындағы өзгерістерді қарастырайық. 1829 жылы-ақ бұл бұратаналарр малшыларға (1349), егіншілерге (2195) және өнеркәсіпшілерге (1061) бөлінді. Барлығы 4681 жан болған. 1889 жылы халық саны 5363 болған.

1829 жылғы есеп өте дәл емес тәсілдермен жүргізілгенін және 1889 жылғы статистикалық зерттеу ғалымының деректерімен салыстыруға болмайтынын мойындай отырып, жалпы халықтың саны өте аз болғандықтан, үлкен сандық қателіктердің болуы мүмкін еместігін, және 60 жыл ішінде халық санының көбейгенін мойындауға болады. Халықтың кәсібінің қалай өзгергенін көрейік. Малшылардың саны 1,349-дан 2,265-ке, кәсіпшілік саны 1061-ден 1,247-ге өскен, диқандар саны 2,195-тен 1651-ге төмендеген. Автордан кейін бұратаналардың арасында болған пертурбациялардың егжей-тегжейіне көңіл қоя отырып, біз бастапқыда егіншілікпен айналысқан рулардың бір бөлігінің мал шаруашылығына, тіпті аңшылық кәсібіне, ал малшылардың бір бөлігінің егіншілікке көшкенін көреміз. Мұның бәрі бұратаналардың ескі қоныстарынан біртіндеп солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударуынан туындады. Олардың бір бөлігі Минусинск округына іргелес құрғақ далаларға қоныс аударды; екіншісі тайгаға қарай ығыстырылды. Осыдан, бір жағынан, бұратаналардың толық мәдени қабілетін, оның жағдайға бейімделу қабілетін анық көруге болады, екінші жағынан, неге осы құнды қасиетке қарамастан, адамдар осы уақытқа дейін мәдени жетістіктерге жете алмады?

Біз ұзақ уақыт бойы физикалық және экономикалық жағдайлардың әсерінен бұратаналардың өміріндегі өзгерістерді бейнелейтін мысалдарға тоқталдық. Жоғарыда айтылғандардан көшпелі өмір адамның еркінен тыс бірқатар жағдайларға байланысты пайда болатынын және өзгеретінін, және кейбір жағдайларда көшпелі өмірдің орнына жаңа өмір формасын құру мүмкін еместігін, кейбір жағдайларда о бастағы егіншінің малшыға айналатынын және керісінше, малшының егіншіге айналатынын, жерді кесу, көшіп-қонатын жердің тарылуы егіншілікті емес, қайыршылықты тудыратынын, ал кейбір жағдайларда сүт өнімдерін, ет, жүн және т.б. пайдалану үшін мал өсіру шаруашылықтың ең тиімді түрі болып табылатынын көруге болады деп үміттенеміз.