«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Кенесары жазған хаттардан

643
Кенесары жазған хаттардан

Тарихи құжаттар өз кезеңінің атмосферасын ең дәл беретін жәдігерлердің бірі. Бұл жолы ҚР Ұлттық Архивіндегі 83 қорға Ресей архивтерінен әкелінген Кенесары хан мен Көшек сұлтан қолымен Шағатай жазуынмен жазылған хаттардың аудармасын ҚР Ұлттық Архивінің ғылыми қызметкері Ахат Әшуұлы аударған екен. Оның айтуынша хаттарда қос сұлтанның ел жағдайы, шекара мәселесі, соғыс барысындағы тұтқынға түскен боздақтарды босату жөніндегі, оның ішінде Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлының тағдырына алаңдаушылық білдіріп және бірнеше белді азаматтардың отбасы мүшелерінің босатылуын талап етіп шағатай тілінде өз қолдарымен жазып мөрін басқан.

– Ел бастаған ер Абылай ханның ұрпақтары да шеттерінен «атаға жете туған» оғландар, тіпті Қасым ұлдарымен қатар атқа қонған ер Бопай ханшайымның батырлық өмірінің өзі қаншама кітапқа жүк болар еді. Ел-жұртын бастап патшалықтың озбырлығына қарсы тұрып, бораған оққа жалаң қылыш-найзамен қарсы шапқан рухы өр, жаужүрек Абылай ұрпақтарының бастаған әділетті күресінің ақиқаты әлі толық ашылған жоқ, тарихшыларымыз бен зерттеушілерімізге аз да болса мәліметтер беріп үлесімізді қосу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасымен кезінде отарлаушы болған Ресей мемлекетінің архивінен әкелініп, ашылып зерттелу мен жариялануын күтіп жатқан Шағатай тілінде орыстармен жазысқан сұлтан Кенесары мен Көшектің хаттарын ашып аударып жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық Архивіндегі 83 қор жалғасты қаралуда. Бұл жолы қос сұлтанның ел жағдайы, шекара мәселесі, соғыс барысындағы тұтқынға түскен боздақтарды босату жөніндегі, оның ішінде Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлының тағдырына алаңдаушылық білдіріп және бірнеше белді азаматтардың отбасы мүшелерінің босатылуын талап етіп шағатай тілінде өз қолдарымен жазып мөрін басқан, аударылмаған, еш жерде жарияланбаған нұсқаларын ұсынып отырмыз.

Әуелі хатқа назар аударсақ:

«Өткен жаз күнінде қазылық дуаннан шыққан орыс Сарыжан сұлтанның елін шапты, көп мал, көп қазына, көп адам алды. Тұранның бір қызы, Байтас дегеннің қатыны, бір баласы және Қоңырбай деген бір бала, және Маймұрын дегеннің қатыны және бір баласы, баршасы қырық адам қолды болды, айтылған адамның тірісін жіберіңдер. Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлын жіберіңдер?!»

мөр Кенесары Қасымұлы, мөр Көшек төре Қасымұлы.

111.jpg

Міне бұл Кенесары мен Көшек сұлтанның орыс дуанына жазған хаты. Саржан сұлтанның ауылы шапқыншылыққа ұшырап, тоналып, көп адамдарының қолды болғаны айтылады. Біз бұдан Саржан сұлтанның қастандықпен қаза тапқаннан кейінгі артында қалған ауылының жағдайын аңғарамыз, әрі бұл хаттың жазылған уақытын 1838 жыл деп болжай аламыз. Себебі Саржан сұлтан тірі тұрғанда ауылына ата жауын аттап бастырмаған баһадүр батыр, 1837 жылы Бопай ханым да осы ауылға алты баласымен көшіп келеді, хаттың «өткен жаз күнінде...» деп басталуы 1837 жыл екендігін білдіреді. Тек Саржанды мұсылман бауырласпыз деп алдап шақырып, қапыда өлтірген Ташкент құсбегінің опасыздығы болмаса мұндай жағдай туылмас та еді. Сөзіміз түсінікті болу үшін сол тұстағы жағдайға шолу жасайық.

1825-1836 жылдар аралығында Ресей империясының қазақ даласында жүргізген отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс – Саржан сұлтан Қасымұлы бастаған көтеріліс. 1822 жылдан бастап Орта жүзде хандық биліктің жойылуына байланысты ресейдің шекаралық басқару мекемелері ашылып, окург және әскери бекіністер салына бастады, онымен қоса Солтүстік Қазақстандағы шөбі шүйгін, суы мол, жайылымы шұрайлы Есіл өзенінің бойындағы өңірлердің орыс-казак шаруаларына берілуі және алым-салықтың өсуі айырықша түрткі болды. Саржан сұлтан Әкесі Қасым төрені тірек етіп Інісі Есенгелдімен бірге қазақ ауылдарындағы барша халықты ашық түрде зорекерлікке қарсы бас көтеруге үгіттеп, 1825 ж. Қарқаралы округіне қарасты Қарпық болыстығы қазақтардың көтеріліске шығуына тікелей себепкер болды. Саржанның басшылығындағы қарулы жасақ керуен жүретін жолдарға және окург приказдарға тұтқиылдан қырғидай тиіп, іс басқарып отырған өңірлік билік орындарын әуреге салды, бұл көтерілісшілер қатарында өз інісі Кенесары сұлтан да болып, жасындай жарқырады.

1826 жылдың басында Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевичтің бұйрығымен жіберілген 200 казак жазалаушы жасағымен қиян-кескі шайқаста қару-жарақтың жетіспеушілігінен жеңіліске ұшырады, көтерілісшілердің біразы тұтқынға түсті. Осыдан кейін Орынборға қарай ойысқан Саржан сұлтанды Орынбор ген.-губернаторы Кіші Жүз өңіріндегі келеңсіздіктерге басты кінәлі ретінде көрсетіп, оның жолын кесуді мақсат етті, алайда оған Кіші жүз қазақтарымен қоса патша билігіне наразы орыс, татар, башқұрттар да келіп қатарына қосылып, былайғы жерде Хиуа, Қоқан хандықтарымен және Бұхар әмірлігімен байланыс орнатуына жол ашты, осылайша жасақ саны артып, көлемі кеңейе түсіп, күші мығымдалып, қатары жер-жерден шыққан көтерілісшілермен толыға берді. Қарқаралы, Көкшетау окургтеріне шабуыл жасау барысында сұлтан Абылай Ғаппасов пен сұлтан Сартай Шыңғысовқа тізе қоса отырып көтерілісті басқарды, алайда Қарқаралы окургының аға сұлтаны болған ет жақын туысы Тұрсын Шыңғысов Саржан бастаған көтерілістің жолына көптеген кедергілер жасап атақ пен мәнсап үшін патша жасағына көмектесті. Осы және басқа да мәселелердің туылуы мен күшінің әлсіреу қаупінің бар екендігіне болжал жасай отырып күшін нығайтып, қолын молайту үшін Саржан сұлтан 1832 жылы.

Бұл барыста Ташкент құсбегіне бағынышты болып келген Ұлы жүз қазақтарын да өз қол астына тарта бастады да, біртіндеп оларда Саржан сұлтанның қол астына өтуге ынталылық танытты, осы мәселені ішіне бүккен Қохандықтар неше мәрте дау-дамай тудырып, ел арасында келеңсіздіктер жасады, тікелей шабуылдауға батына алмаған Қохандықтар Ташкент құсбегі арқылы 1836 жылдың жазында Саржанды әкесімен, інілері Ержан мен Есенгелдіні, сонымен қатар олардың қасында үнемі болатын үзеңгілес, жорықтас, қандыбалақ бірқанша батырларды қонағасы береміз, қолдау жасаймыз, сыйлаймыз деп алдап Ташкентке шақырып, алдын ала сайлап қойған жоспарлары бойынша олардың барлығын өте жауыздықпен өлтірді.


Бұдан кейінгі тізгінді Саржанның інісі Кенесары Қасымұлы қолына алып, Көшек, Бопай сынды батыр бауыр-қарындастарымен бірігіп Ресейдің отарлық саясатына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына басшылық етті. Кенесары мен Көшек сұлтан орыс дуанына жазған хаты Саржанның өлімінен кейінгі оның ауылының қандай күй кешкендігі, мал-мүлік қазыналарының тоналып, адамдарының аяусыз қырғынға ұшырап, тұтқынға түскенін ашық айтып, оларды қайтаруын талап еткен. Ендігі жерде зерттеуші, тарихшыларымыз аты аталған Тұран, Байтас, Қоңырбай, Маймұрын сынды адамдардың кім болғанын және Құлжан сұлтан Көшекұлы мен Нұрхан сұлтан Бопай ханымұлының кейінгі тағдыры қалай болғанын жұртқа жеткізсе деген үмітіңміз бар. Батырлардың өз қолымен жазып мөрін басқан бұл хаттың маңызы өте зор әрі құнды құжат және дәлел болып табылады.

Бопай ханым туралы қысқаша мәлімет:

Бопай сол кездегі көтерілістің бәріне белсене қатысқан батыр қыз. Қасым төренің Саржан, Есенгелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай қатарлы алты ұлының ішіндегі үкілеген жалғыз қызы. Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына ұзатылған. Жастайынан ат құлағында ойнап өсіп, бес қаруды тең игерген өжет қыз ағалары бастаған көтерілісті қолдау мақсатында өзінің күйеуі мен қайын ағалары Сартеке, Досан Әбілқайырұлдарын үгіттей бастайды, алайда олар қолдау білдірмегендіктен өзінің алты бірдей баласын алып, ағасы Саржанның қаралы ауылына келіп қосылады. Бопай батыр 600 адамнан құралған ерекше жасақты басқарып, аға жолын жалғастырған Кенесары қолын толық жабдықтаумен айналысты, осындай өте маңызды істермен жорықта жүрген кезінде ауылы шабуылға ұшырап, баласы қолды болады, жоғарыдағы хатта аталған ұлы Нұрхан міне осы жолы көп адаммен бірге қолды болған. Кенесары мен Көшек елдің жоғын жоқтап, жан-жақтан анталаған жауларымен алып жүргенде ағасының ауылын қапыда басқан орыс әскерінің ісіне ашынып, адамдарды қайтаруын талап еткен хат міне осылай жазылған.

Сұлтан Кенесары баһадүрдің Николай Петровичқа жазған хаты

Сұлтан Қасым да балаларымен қоса Ташкент билеушісінің қолынан қастандықпен қаза тапқаннан кейін 1837-1847 жылдар аралығындағы он жыл бойы Кенесары көтеріліске тікелей бас қолбасшылық істеді. Бұл уақыт аралығында өте күрделі де шиленісті оқиғалар туылды, сұрапыл соғыс, қанды қырғындар, шапқыншылық пен тонау, отарлау мақсатындағы айнала салынған бекініс қамалдар, қазақ даласының тарылуына, хандық биліктің жойылуына байланысты көтерілістер, т.б. мәселелер кезіндегі келісімшарттар мен наразылықтар, барымта-сырымталарға толы сол уақыттарда Кенесарының орыс билеушілерімен жазысқан хаттарының бірлі-жарым нұсқаларына қолымыз жетіп, қорымызға түскеніне аса қуаныштымыз. Ұлттық архив қорындағы сол құнды хаттарды шағатай тілінен аударып жұртқа жеткізу бақытына ие болғанымызға бек қуаныштымыз әрі хаттардың астарына үңіліп тариыхшылардың зерттеуіне, сұлтандардың ғұмырнамасын ашуда бұның рөлі өте жоғары деп білеміз. Мына хаттың аудармасына назар салайық:

Сұлтан Кенесары баһадүрден Николай Петровичқа көптен-көп дұғай сәлем. Бізді сұрасаңыз әлхамдулилла саламатпыз және сөзіміз мынау:

Біз патша қол астындағы еліне шын жарастық пен елдік бердік, бізге шын жарастықпен елдікті патша берсе, біздің жіберген елшіміз Асат Атанбекұлының тілегін беріп тезірек қайтарғайсыздар. Асат пен Томанның өз сөзіне иланғайсыздар, біз әр сөзімізде тұрамыз. Асат пен Томанға тапсырғанымыз патша бізге жарастық пен елдік берсе он жылға дейін кеңдік берсін. Қуандық елін және Сүйіндік елін патша жұртымен жау болып жүрген уақытта көшіріп зорлықпен алып отыр, еліміз Қаратуда еді, бізге көшіп келемін десе Құсбек жібермей отыр, енді Құсбекпен ел болсақ елдікпен, жау болсақ жаулықпен патшаның елін орнына қондырып, одан соң патшаның қандай қызметі болса да қыламыз. Қуандық пен Сүйіндіктің билері бізге келіп жатыр бізді көшіріп алыңыз деп.

Рас елдік үшін иланымдылық үшін өз қолым мен мөрімді бастым.

Сұлтан Кенесары Қасымұлы мөрі

22222.jpg

Бұл хаттан Кенесары Баһадүрдің сол кездегі аумалы-төкпелі жағдай астында ел-жұртының басын құрап алу мақсатын аңғарамыз, себебі патшалық қазақ даласының құйқалы да шұрайлы өңірлеріне бекініс қамалдарды көптеп салып, өз адамдарын әкеліп қоныстандыруына байланысты және жақындарының жау қолынан қаза тауып, өрісі мен қонысы тарылып, қалың елімен босып жүрген уақытта орыстың басқарушыларына уақытша бағыну мен кеңдік сұрау арқылы Ташкент құсбегі қол астына қаратып алған Орталық қазақ даласын ұстап тұрған негізгі күш болып табылатын Қуандық пен Сүйіндік елін патшалықтың айбарын пайдаланып өзіне қаратып алу мақсаты айқын көрінеді. Егер осы іргелі елді өз қарамағына алса жан-жақтағы жауынгер елді жинап, күшін нығайтып, кейінгі отаршылдық пен зорекерлікке қарсы шығуына болар еді. Патшалыққа қарсы тұру үшін Қохан билігімен одақтасудың соңы қанды оқиғамен аяқталып, күші әлсіреп, адамдары азайған кезеңде Асат, Томан қатарлы дипломатиялық сауаты бар елшілерін дұғай сәллеммен орыстарға жібергенімен олардың арызын қабылдамай кешеуілтете берген кездегі орысқа түбеселікті бағынуға дайын екендігін білдіріп жазған бұл хаттың берер деректері өте мол, ары қарай тереңдей зерттесе көптеген астарын ашуға болады. «Бұл патшаның елі, патша елдік берсе қызмет қыламыз» деуінің астарында өз күшін нығайту мақсаты бар, ал патшалық елшілерін жібермеу арқылы Кенесарыны қолға түсіргісі келді, бірақ оған ол жол бермеді, өте парасатты сұлтанның анталаған жауының ортасында отырып керемет айламен қазақ даласын сақтап, хандық билікті қалпына келтіру жолындағы стратегиясын осы мәліметтер арқылы ашуға болар еді.

ІІ хат:

1840 ж. Сұлтандар Кенесары мен Көшек Қасымовтардың Батыс Сібір генерал-губернаторв княз П. Д. Горчаковқа жолдаған хаты

Тобыл халқын билеуші губернатор жандаралға Кенесары сұлтан мен Көшек сұлтан Қасымұлдарынан арыз:

«Біз бәріне жаулық қылдық, қазақтардың сөзімен жау болдық, зорлықпен дуанға түсірді» деп бізге арыз қылды.

Енді «патша зорлық қылған жоқ екен қазақ өзі еркімен дуанға түскен екен», енді Мұхаммедтің ескі законда «мұсылман мен орыс жау болмақ сүннет, елдеспек парыз» деген сөзі бар. Енді жаулықтағы өлген адамдарды сіз де, біз де салауат қылайық, біздің қолымыздағы казак-орыс ұстап жүрген Тован Лабановты жібердік, сіздерде патша қазіретінің жараны болса Сібірдегі ұстаған біздің кісілерді жібергейсіз, көптен-көп тілейміз. Бізге шын елдік берсеңіз Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан дегенді бізге бергейсіз және тұтқындағы екі жігітті жіберсеңіз, патша қазіретінің жұртына оқ атып, қылыш суырмасқа ұлық тағны берсеңіз уәде қыламыз, егерде елдік бермесеңіз Бұқараға, Үргенішке кетеміз.

мөр Кенесары Қасымұлы, мөр Көшек төре Қасымұлы

33333.jpg

Кенесары Ақмола мен Ақтау бекінісін тас-талқан етіп жойып, одан кейінгі уақытта солтүстік батыс өңірлердегі қамалдарға да тынбай шабуыл жасаған кезде кескілескен ұрыста екі жақтан да көптеген адамдар қырылды, казак-орыстармен шайқаста олардың қолға түскен маңызды адамдарын босатып, оның орнына Сібірде тұтқында жатқан елшілерін, тағы басқа адамдарын босатуды талап еткен, өлген адамдарды салауат етіп ендігі жерде елдесейік деу арқылы маңызды адамдарын босатып алса алдағы уақытта күшінің мығымдала түсері даусыз, бір жағынан адамдарын қайтармаса Бұхара, Үргеніш жаққа барып олармен одақтасатын болсақ патшалықтың жағдайы мүшкіл халге түседі, жеңістік бермейміз деп сес көрсеткен. Батылдықпен патшалыққа осылай хат жазу Кенесарыдай баһадүрге тән ерлік, осы хаттан кейін адамдары босатылды ма, Асатұлы Шорман мен сот Айманұлы Шыбан деген адамдар кім, олар қандай жұмыстар атқарды деген мәселелерді зерттеу осы ұрпақтың парызы, ендеше тарихшыларымыз осыны қолға алуы қажет деп білеміз.

Хаттарды аударып, түсініктемесін жазған: ҚР Ұлттық Архивінің ғылыми қызметкері Ахат Әшуұлы.

Порталға дайындаған: Есбол Нұрахмет