Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы діни ахуалы

1863
     Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы діни ахуалы - e-history.kz

Патша өкіметі өзінің отарындағы елдердің діни-рухани істеріне байланысты алғашқы кезде исламға еркіндік беріп, соңынан ХІХ–ХХ ғасырларда мұсылман хaлықтарының құқықтарын шектеп, ислам жұртын белсенді түрде христиандандыруға кіріскен патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты болды.

        Ресей империясы қазақтың жерін иеленуді мақсат ете отырып, идеологиялық тәсілмен отарлап, рухани құлдыққа түсіруді көздеді. Қандайда бір ұлтты жаулаудың ең тиімді тәсілі ретінде рухани шабул жасау ұтымды екендігі етенеден белгілі. Ал қазақты жаулауда осы рухани шабул тәсілі қолданылып, ислам дінінен ажыратуды көздеді. Қазақ халқына сіңіп орныққан ислам дінін жою арқылы ұлтты жойуды мақсат етті. Ал ұлттық санасы жоғалған, діни сеніміне селкеу түскен халықты бүтіндей жаулап алу әрине оңайырақ болары анық. Бұл ретте Ресей имперясы дәл осы тұжырымды ұстану арқылы, қазақ халқын эканомикалық жағынан ғана емес идеологиялық жағынан жаулауды, сананы билеуді, шоқындыру саясаты арқылы бағындыруға кірісті. Жалпы отарлау саясаты қазақ халқы үшін күрделі сынақ болды. Мұрағат қорларындағы құжаттарда: «Қазіргі кезде қазақтардың ескі әдет-ғұрпы, салт-санасы босаңсыды, ал жаңасы әлі құрыла қойған жоқ. Ал, мұндайда босаңсыған халық өзіне діннен тіреу іздейді. Қазақтар өздерін мұсылманбыз дейді, бірақ көпшілігінің сол дін туралы түсінігі жоқ. Бұлардың арасында ислам дінін насихаттап, таратып жүрген саудагер татарлар, бұхарлықтар. Сондықтан, оларға кедергі жасау арқылы, мынандай босаңсып тұрған қолайлы кезеңді пайдалана отырып, қазақтарды христиан дініне қабылдау керек» делінген отарлаушы жақтың критерин көруге болады.   Алайда ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап патша үкіметі татар діндарларының қолымен қазақ жұртын мұсылмандыққа бейімдеудің болашағынан күмәнданып, саясаттың басын өзгерте бастады. Бұл саясаттың өзгеруінің себебі қазақпен татарлардың тілі, діні ұқсас болғандықтан қазақтар ислам дінін одан әрі берік ұстана бастады. Соған байланысты өлкедегі ағарту ісін миссионерлік мүддеге пайдалануға жан сала кірісе отырып, алдымен қазақтарды татарлардың рухани әсерінен ажыратып, бөлектеп, араб графикасы негізіндегі жазудың орнына орыс алфавитіне ауыстыру мәселесі қойылды.

Отарланған халықты орыстандыру, шоқындыру мақсатына патшалық ресей ертеден дайындалғаны белгілі. Осы себептермен 1797 жылы келешек миссионер кадрларды дайындалуына ерекше мән беріліп, Қазан діни академиясының ашылуы, арнайы түрдегі «Орыстандыру палатасы» мен «Переселенческая контора», 1869 жылы Мәскеуде «Миссионерлік қоғамы» құрылды. Бұл бірлестіктер қазақтарды орыстандырып шоқындыруға белсене кірісті. Бұл мақсатта «консистория» 1869 жылы мынадай қаулы қабылдайды.    Отарлау саясаты әртүрлі тәсілдермен орындалып отырды. Ашық күш көрсету, қуғындау, қамау сияқты өрескел амалдармен қатар екі жүзділік, халықты алдау да болды. ХІХ ғасырдың соңынан бастап қазақ халқы жаппай отырықшылыққа бет бұра бастады. Отырықшылыққа, қала өміріне көшкен халық айтарлықтай қоғамдық өзгерісті бастан өткеріп, сондай -ақ әлеуметтік, мәдени, психологиялық сипаттары өзгеріске ұшырап, ұлттық болмысына ықпалын тигізді.   

Бұл қоғамдық өзгерістерді пайдаланып, өкімет қазақ халқының тарихи дамуын орыстандыру бағытына бұрып жіберуге мол күш жұмсады. Отаршыл әкімшіліктің шоқындыру саясатының білім беру саласында да байқалады. Патшалық Ресей өзінің миссионерлік саясатын «Бұратана», «Жабайы» халықтың сауатын ашу мақсатында жүргізіп отырмыз деген желеумен бүркемелеп отырды. Ағарту ісі саласында өкіметтің жүргізіп отырған саясатының шын сырын, түпкі мақсатын сол кездегі Ресейдің Халық ағарту министрі граф Дм. Толстойдың 1870 айтқан мына сөздеріненде аңғаруға болады: «біздің елімізді мекендейтін барлық бұратана тайпаларға білім берудегі түпкі мақсат – оларды орыстандыру ... ендігі күмән тудырмауы тиіс». Патша әкімшілігінің осы саясаты ең соңғы күндеріне дейін, сол қалыпында ешқандай өзгеріссіз жүргізілгендігі белгілі.   Орыстандырудың ең басты, ең ұтымды құралы-мектеп болды. Іс жүзінде әр ауылдағы мешіт жанында мұсылман мектептері болғаны рас. Онда әліппе, әдебиет оқытылып, дұға жаттады, Құран мен басқа да діни шығармаларды үйренді. Діни оқу орындары мен орыс мектептеріне мемлекет тарапынан бар жағдай жасалынады. 1881 жылы қазақ даласынан мұсылмандарға қарсы «Киргизская духовная миссия» деп аталатын мекеме ашылып, осы мекеменің басқаруымен қазақ даласынан 1883 жылдан бастап 14 миссионерлік ұйым құрылып, осы ұйымдардың жанынан 17 миссионерлік мектептер ашылады. Бұл салада қажырлы еңбек істеген орыстың ірі миссионері ғалым, профессор Н.П. Остроумов өзінің «Историческое и современное значение христианского миссионерства среди мусульман» (Казань, 1894), «Способные ли кочевые народы Азии к усвоению христианской веры и христианской культуры» (Ташкент, 1895), «Колебание во взглядах на образование туземцев в Туркестанском крае» (Ташкент, 1910) сияқты еңбектері миссионерлік жұмысын жүзеге асыру үшін дайындалып, әрі оның жолдары көрсетілген. Ол бұдан басқа қырыққа жуық еңбек жазған. Қазақтарды орыстандыруда барлық құйтырқы тәсілдер қолданды. Әсіресе, қазақ халқы арасында исламның кең етек алып кетпеуін қадағалап, көршілес мұсылман халықтарының ықпалынан айырып, орыс мектептеріне баулу қажет деп тапты. Осындай мақсаттарын жүзеге асыру үшін құрылған төмендегідей қаулыларды көруге болады. Яғни, 1912 жылы 5 – 26 сәуірінде болған қасиетті Синод кеңесінде мынандай қаулы қабылданды: «Қазақтарға отырықшылық норма мен жер бергенде бөлек ауыл болып отыруға тиым салынсын, міндетті түрде орыспен көрші болсын. Орысқа қазақты көрші қондырғанда, қазақтан орыс саны басым болса. Орыс саны әр ауылда кем дегенде екі есе артық болсын. Сол кезде ысходта қандай мәселе қаралса да, орыс дауысы басым болады. Сонда православие иісі сіңіп, қазақ тез шоқынады.


photo_63138.jpg


Өңірлерде оқу орындары ашыла бастады, бұндай оқу орындарын әр жылдары М.Миропиев, Н.П.Остроумов сияқты миссионерлер басқаратын. Миссионер ғалымдардың негізгі міндеті — қазақ халқының менталитетін, қалыптасқан салт-санаға байланысты ерекшеліктерін, мәдениетін, руханилығын жан-жақты зерттей отырып, отарлау саясатын жүргізуге қажетті амалдарын, іс-әрекетін анықтау болды. Миссионерлер халықтың осал тұстарын анықтап, оны өз пайдаларына шешуге тырысты. Дала генерал-губернаторларына дін қызметкерлері барлық мән-жайдан хабадар етіп, өз қаулыларының көшірмелерін жөнелтіп отырған. Сондықтан, Ресейдің патша өкіметі өздері тағайындаған қызметкерлері арқылы миссионерлік саясатпен тыңғылықты жұмыс жасап, қатаң қадағалауға алып отырды.

Орыс шаруалары - қазақты орыстандырып, жерін отарлаудағы Ресей империясының пайдаланған ең сенімді күші болды. Ең әуелі орыс шаруаларын көптеп қоныстандырудан отарлау басталды. Отарға алынған қазақ даласын идеологиялық тұрғыда басып алу үшін шоқындыру мен орыстандыру саясаты мемлекеттік деңгейде жүргізілетін дәрежеге жетті.

ХІХ ғасырдың 60 жылдары қазақ жерін ресей империясы отарлау мақсатында орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыру мен бірге бұл өлкеге православие шіркеулерін көптеп сала бастады. Оған Ресей империялық өкіметі қатты көңіл бөліп, қаржымен қамтамасыз етіп отырған. ІІ Никалай патшаның бастамасы мен ІІІ Александор император қоры құрылып, ол Сібір мен Орта Азиядағы шіркеу құрылыстары мен діни мекемелерін қаржыландырған. 1910 жылы ІІІ Александор қоры мен қоныс аудару басқармасы қоры Сібір мен Түркістандағы шіркеу құрылыстары және мектептер үшін 400000 рубль бөлсе 1911 жылы 525000 рубль, 1912 жылы 1100000 рубль бөлген болатын.   Ресей империясының қазақты рухани отралауда еш аянбағанын байқаймыз.

Қазақтар аса діншіл болмағанымен, ел ішінде, әсіресе, ауылдық өңірлерде қожа-молдаларды, имамдарды құрметтеген. «Имам» «басқарушы» деген мағынаны білдіретін араб сөзі. Басшылыққа иелік еткен кісіні діни тұрғыда «Имам» деп атайды. Діни қызметкерлер, молдалар адамдарды еңбекқорлыққа, тазалыққа, адалдық жолына тәрбиелеуде белсенді үлес қосқан. Сондай-ақ, қожа-молдалардың, имамдардың дәрежелері артып, ел ішінде билікті жүргізуге үлкен үлес қосып отырған. Ал қазақтың рухани, мәдени өмірінде діннің алар орны жоғары болған еді. Себебі, кез-келген салт-дәстүр діни сенім, ырым, діни ғұрыптарға негізделген. Мәселен, қазақтардың жазу-сызуының өзі де ислам дінінен бастау алады. Қазақ халқында мұсылман ілімі араб тілімен тығыз байланысты болған. Олар алғаш рет араб транскрипциясын меңгерді. Кейіннен, XIX ғасырдың соңына таман патша өкіметінің жарлығымен қазақтардың орыс әліппесін пайдалануы мәселесі көтеріледі. Орыс ағартушылары араб транскрипциясы қазақ тілі үшін жарамсыз деп табады. Араб тілінде, араб графикасы негізінде жазылған құнды колжазбалар мен кітаптарды түгел жоя бастады. 30-шы жылдары өкімет тарапынан Құран кітаптары қажетсіз, іске де жарамайтын қағаз ретінде жойылып жатты. Дін жанашырларынан бастап өзін мұсылман деп таныған қарапайым халық, кейбір Құран кітаптарын қорлатпау мақсатында ата-бабаларының зираттарына сақтап қалу үшін, көміп тастайтындар да кездесетін. Сөзсіз бұндай шаралардың барлығы мұсылмандық білім беру жүйесін әлсіретіп тіпті кейіннен жойылуына апарып соқты.


lOVz0MQFAyxg3Gsb-lg.jpg


Ресей империясы халықты мұсылман дінінен ажыратып, православие дініне кіргізу, мешіттерді қиратып шіркеулер салыныуы зорлық-зомбылық әрекеттері туралы М. Дулатов: «Халық күйзелісін сезінген сандаған адам есепсіз қаражат шашып, Петерборға жол тартып, министірлердің табалдырығын тоздырады. Бірақ оларды ескерген министрлер болмады. Ал қазіргі жағдайымызға қарасақ, сол мәртебелі менистірліктер тағайындаған түрлі шенеуніктер мен стражниктер, урядниктер солардың пиғылдарын жүзеге асыру үшін қазақ жерінің төріне аттанып жатқанын көреміз.          Байқап отырғанымыздай, шенеуниктер урядниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін тартып алып, ойына не келсе соны істеді. Енді патша чиновниктері біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет ғұрыптарымызға тиісе бастады. Діни кітаптарды тұтқынға алды»,- дей отырып, қазақтардың шұрайлы жерлерін күшпен иелік етіп, қоныс аударушылардың көптеп келе бастауына байланысты – «Енді бұл шенеуніктер қазақ даласына мыңдаған мұжықтарды жер аударып, қазақтардың суы мен шұрайлы жерлерін тартып әперуде» деп жазған болатын.

         Патша үкіметі барлық қазақ жеріне шіркеулер салдыра бастайды, соның бір Жетісу облысын ғана алып қарасақ жері шұрайлы, табиғаты бай Ыстықкөлдің жағалауына шіркеу салу қамына кіріседі. Бұл жөнінде М.Мырзахметов: «Ыстықкөл мен Николаевкада жергілікті ұлдар мен қыздарын жинап ерлер мен әйелдер шіркеуін ашқанда, генерал-майор Колпаковский бұл істі қолдап, ақшалай көмек көрсеткені белгілі мақсаттың диірменіне су құюдың өзі болып шығады» деп жазады. Түркістан мен Ташкент епископы 1881 жылы Түркістанның генерал-губернаторы Г.А.Колпаковскиге Ыстықкөлдің солтүстік жағалауындағы Күрмектіде миссионерлік бағыттағы шіркеу ашу туралы өтінішін білдіріп хат жазады. Нәтижесінде Жетісу жерінде 1895 жылы Сарқанд миссионерлік мектебі ашылады. Ал 1898 жылы миссионерлік стан ашылып, оған В.Покровский миссионер болып тағайындалады. Покровский жыл соңында беретін есебінде: «православие дінін қазақ, қалмақ балаларына үйретіліп және олар қабылдап жатыр, олар орыс тілін, божияның заңдарын, шіркеудің әндерін үйретіп жатыр» деп есеп берілген болатын.

       Ресей империясы түркі тілдес жергілікті мұсылмандардың өзара бірігіп кетуі мүмкіндігінен үрейленді. Қазақты мұсылмандықтан ажыратуға бар күшін салып, мектептерде балаларға орыс тілі мен әдебиеті, Россия тарихы, православиелік діни сабақтар (Закон Божий) жүргізілді. Сондай-ақ интернаттарда оқитын балаларды демалыс кездерінде ауылдағы әке-шешелеріне жібермейтін жайттар көп болған. Оның себебі, әке-шешелерінің қасында қалып қойып, жоғарыда айтып өткендей мұсылмандардың бірігіп, рухани күшеюінен қорқатын еді.

Кеңес үкметі орнағаннан кейін биліктің дінге деген қарым-қатынасы мүлдем өзгерді. Бүкіл Ресей соның ішінде Қазақстанда дін жабайылықтың, надандықтың сипатында көрсетілді. Қысқа уақыт аралығында мешіттер, намазханалар, ғибадат үйлері, шіркеулер қиратылып, біршамасы жабылып, тіпті сауық-сайран құру орындарына берілді, кейбіреулері қойма, асхана, ат қораларына айналды. Азамат соғысы тұсында ірі қалаларда қоңырау дыбысын шығаруға тыйым салынып, дін қызметкерлерінің қоғамдық орындарда шіркеулік киімдермен жүруіне де шектеу қойылды. Бұндай заңның бұрмалануына қарсылық білдіргендерді ел ішінде дүрбелең туғызды деп аяусыз жазалап, қуғындалды. Осындай қатал да, қатаң саясатты ұстанған билік басындағылар қарапайым халықпен санаспай, мұң-мұқтажын ескермей, адамдық құқықтық нормаларын аяққа таптап, халықтың наразылығын арттыра түсті. Қазақ халқын біресе христиан дініне күштеп өткізіп, біресе дін жоқ деп әбден сандалтып қажытқан кеңестік билік өз іс-әрекетімен наразылықтардың біреуінде ескермей өз мақсаттарын ары қарай жалғастыруға орасан күш жұмсай түсті. ХХ ғасыр басында 20 миллионға жуық мұсылман тұрғыны бар Ресей үкіметі үшін діни басқармаларды қайта құру ең өзекті мәселелердің бірі еді. Әсіресе, мұсылмандық діни басқармаларды реттеу күн тәртібінің басты мәселесі ретінде қарастырылды. Ал бұл уақытта христиандық діни ұйымдар мәселелері қаржылық жағынан да, моральдық жағынан да қолдау тауып миссионерліктерін жалғастырып бір ізге түсіп үлгерген еді. Мұсылмандық діни басқармалар сол қалыпта жүйесіз күйде өз күндерін өзі көріп жатты. Сондай-ақ олардың қызметтерін түрлі заңдармен шектеп отырды. ХХ ғасырдың басында мұсылман діни бірлестіктерінің жұпыны жағдайын, оның құрылымын түпкілікті өзгертіу керектігі жайлы ұсыныстар білдіре бастады.   

       Ресейде сол кезде мұсылмандар діни басқармалары былайша бөлінді: 1).Закавказьедегі ерекше құқылық Шейхь-уль-ислам басқаратын және қосымша басқару ретіндегі мәжіліс; 2). Қырым мен Батыс губерниялардағы мұсылмандардың тавриялық мұсылман діни басқармасы; 3). Түркістан өлкесіндегі генерал-губернаторлыққа және Закаспиде облыстық әкімшілік басшылығына бағынған; 4). Ақмола, Семей, Орал, және Торғай облыстары әкімшілік және азаматтық ведомостволарға бағынған; 5). Солтүстік Кавказ бен Азиялық; қалған бөлігі Орынбор муфтиаты мен оның басқармасына бағынды.

       1917 жылғы «Жер туралы» декреттің нәтижесінде Үкіметтің шіркеуді мемлекеттен бөлуге бағытталған алғашқы қимылы жасалады. Декіретті негізге ала отырып Қазақстандағы діни қауымдар және олардың меншігіндегі жер-су комиттетке өткізілді. Ресей халықтары құқықтарының Декларациясына сәйкес барлық ұлттық және ұлттық-діни артықшылықтар мен шектеулерді жою еді.

        1917 жылы 18 желтоқсанда РКФСР ХКК «Азаматтық неке» туралы, «балалар және хал-ахуал кітабын» жүргізу туралы, ал 19 желтоқсанда «Некені бұзу туралы» декреттерін қабылдап, туу, неке және өлімді тіркеуді мемлекеттік ұйымдардың қарамағына өткізді. Мешіттер мен шіркеулерде неке қию рәсіміне үзілді-кесілді тиым салынды. Яғни, молдалардың мұсылмандық заңмен мешіттерде неке қию рәсіміне рұқсат етілмеді. Ал қарсылық білдірген жағдайда ақшалай айыппұл салынатын. Мысалы, Жетісу обылыстық атқару комитеті 19 сәуірде Татар слободкасының №57/74 мешіт молдасы Шәкір Ахметұлы Ғафаровқа неке қиғаны үшін айып салынып, қатаң ескерту айтылған. Сонымен қатар, мектептерде діни үгіт -насихан айтуға қатаң тиым салынған болатын.

1918 жылғы Конституция дін қызметкерлерін сайлау құқығынан айырды. Тіпті дін басы имамдарды ар –ожданына тиіп, қорлап, оларды күштеп ішімдік ішуге, шылым шегуге мәжбүрлеген кездер де болған. Әулиелер адамдар мен ата-бабалардың зиратын талқандап, бағалы мұралар аяқ асты етілген. Алматы қаласы, Шелек ауданының дихандары бұндай қорлықтан әбден мезі болып, мешітке бара беруді азайтып, сауат ашып білімдерін арттыруды жөн санайды. Осылай 1913 жылмен 1929 жылды салыстырғанда бұл аудандағы 94 мұсылман ғимаратары толық қиратылған, ал дінге сенушілер саны бастабында 26.000 адам болса 6.000 адамға дейін кеміген еді.

        Дін орындарын жабудағы мұндай кемшіліктер мен заңды бұзушылықтың жолына тосқауыл қою мақсатында 1930 жылы 19 наурызда ҚазОАК-і мен ХКК-і қаулы қабылдады. Қаулыда былай деп жазды: «1. Дін орындарын ауыл, поселке халқының басым көпшілігінің келісімімен жабу, немесе олардың шешімінсіз, жәй сыртынан ырзашылық білдіруімен жабу тоқтатылсын; 2. Мешіт, шіркеу иелері ауыл, поселке халқының шын мақұлдауын алған соң ғана Қазақстан Орталық Кеңес Комитеті Президиумы мәселені бекіткен соң ғана жабылсын». Бұл қаулының әділ орындалуын Ішкі Істер Комиссариаты мен оның жергілікті бөлімдеріне бақылау міндеттелді.

1926 жылы қазақ халқының ежелден келе жатқан наурыз мерекесін тойлауына ресми түрде тыйым салды. Тек елдің қариялары ғана өз сенімдеріне берік болды. Ауыз әңгімелерге сүйенсек осы дінге деген қатаң көзқарас кезеңде ата-апаларымыз есік-терезелерін қымтап, жасырын намаз оқып Жаратушыға жалбарынған. Өйткені бөгде адамдар көріп қойса оларды ұстап беруінен қауіптенді. Деседе айт, наурыз мерекелерін ұмыт қалдырмай, белгілі дәрежеде тойлаған. Мүмкіндігінше діни салт-дәстүрлерінен ажырап қалмауға тырысқан.

      Бәрімізге ортақ тұжырым: «Діннің міндеті, егер ол шын мәнінде халықтың қажетіне қызмет ететін дін болса, жұртшылықты Құдайға күні-түні құлдық ұрып, жанға сауға сұрауға жұмылдыру емес, еркін өмір сүретін қоғамдастық құруға бағыттау болып саналады деген ұсыныс. Негізінен кез келген қоғамның ұлттық рухани өрісі – дәстүрдің, әдет-ғұрыптың, діни болмысының орнықтылығымен, яғни, ұлттық менталитетінің дәрежесімен өлшенеді. Бұл орайда қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен діни наным-сенімдері үнемі қоғам мүддесімен үндесіп, ұдайы өмір салтын, тіршілік болмысын шыңдауға қызмет етіп отырды. Адамдар қоғамының дамуын арттырғысы келсе, өнеркәсіптік, технологиялық мәдениетті ғана емес, діни руханилықты да өркендету керек» деген пікірді қазіргі мәдениеті жоғары адам қолдайтыны сөзсіз.

Бұдан мұсылмандық ілім қазаққа саяси мәні емес, әлеуметтік-мәдени мәні басымырақ деген ұғым қалыптасып отыр. Адамзат баласы әлеуметтік дамуы мен рухани жетілуінде діннен, діни құндылықтардан артық болар тиімді құрал ойлап таба қойған жоқ. Қағамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеуде діннің игілікті ықпалы ерекше екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ретте саяси-әлеуметтік қарым-қатынастарды реттеуде діни құндылықтарға арқа сүйеу, қажетті алғы шарттардың бірі болып саналады.

       Осылайша ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ діні үшін қасіретті кезең болып тарихта таңбаланып қалды. Себебі осы тұста шариғат законмен алмастырылып, оңтүстіктегі мешіт-медреселер жұмыс жасауын тоқтата бастады. Ноғай, башқұрттың шала сауатты фанатик молдалары елді адастырды. Н.Ильминский сынды орыстың миссионер ғалымдары қазақ халқының діни түсініктері, ұстанымдары туралы, қазақтардың арасында жүріп жете меңгереді. Сөйтіп ол қазақтарды шоқындырудың, христиандандырудың жолдарын Орынбор оқу округының басшыларына Халық ағарту министрі мен Синодтың атына жазған хаттарында былай деп ұсынады: «Қазақ халқы ислам дініне құлай берілмей, ата салтын мығым ұстанған, сондықтан діни фанатизмінің болмауы миссионерлік саясатқа аса қолайлы жағдай жасап, жаңа дінге тез көндігетін халық» деген тұжырым жасады.

       Жалпы ХІХ ғасырда қазақтың басынан береке кетіп, «зар заман» атануы да сондықтан. Ал ХХ ғасырда қазақ дінінің жaғдайы одан да нaшарлай түсті. ХХ ғасырдың жиырмaсынша жылдарына дейін дінге айтарлықтай қысым болған жоқ. Бұл жылдары діни өмірдің белсенді қарқыны байқалған. Әр түрлі дін бaсыларымен байлaныса отырып: қазaқ, ұйғыр, дүнген,татарлармен бірге елдің барлық өңірлерінде мұсылмандық мекемелер өз қызметін атқарды. Қaзақтар дінге сенушілір мен дін қызметкерлері үлесінің 90% құрады. 1924 жылдaры республика бойынша ондаған медресе ашылып, мешіттер салынып шариғат заңына негізделген сот жүйесі болды. Исламның дамуы оңтүстік аймақтарда қарқынды жүрсе, солтүстік өңірлерде даму қарқыны бәсең еді. Ал 1926 жылдан бастап исламды қуғынға алудың қатаң саясаты басталады. Бастапқыда бұл әрекет идеологиялық тұрғыдан көрініс тапса, кейіннен қуғын - сүргінге ұшырату мен репрессиялық тұрғыда сипат алады. Билік мұсылмандықты «антисоветтік сипатта» көрініс тапқанын жариялайды, Бұл жерде дінге қарсы үгіт қана емес, исламмен күресудің әдісі мәселесі қарастырылды. Дін еңбекші таптың қас жауы деп табылды. 1929 жылдан бастап мектептерде ислам негіздерін үйретуге тыйым салынып, дінге қарсы ауқымды іс шаралар жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш 1930 жылдары үдей түсті. Бүткіл Кеңес Одағы бойынша мыңдаған мешіттер жабыла бастады. Көптеген мәдени ескерткіштер қиратылып шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылды. Құдайға сенім танытып құлшылығын жасағандарды өзара ұстап берушілік сатқындық көріністері белең алып, көптеген басқа дін конфессия қызметкерлері сотталып тіпті ату жазасына дейін бұйырылды.

Бұл туралы Н.Нұртазина «Борьба с Исламом» атты еңбегінде: «мәдени революцияның «жалғамалы бөлігі», Кеңес үкіметінің дінмен күресіндегі жарияланған жүйесі болды. Бұл саясатты жүзеге асыру барысында келесі заңдылықтар бақылауға алынды. 1920 жылдардың ортасына дейін исламға деген абай болу тұжырымдамасы байқалды. Бірақ 1930 жылдары бүкіл кеңестік дінге қарсы компанияның аясында керісінше шағын ұлттардың діні аяқ асты етілді.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?