«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Биыл ЕҰУ-ға жиырма бес жыл

912
Биыл ЕҰУ-ға жиырма бес жыл

Бұл шағын мақаламыз әуелі ардақты ұстаздарымызға және білім жолында талап қылушы барлық ізденімпаздарға арналады.

           Ғылым – саналы адамзат тудырған ең асыл жауһар дүние. Зияткерлік, зерде, түпсіз оймен парасат биігін бір арнада тоғыстырған да – дәл өзі. Тіпті оны сезе білудің өзі екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол – адамның ұшқыр қиялының, біз түсіне алмай жүрген тереңдіктер мен биіктіктердің түсіндірушісі. Ал сол мехнатты да, тәбәрік табар ләзатты да көп ғылым жолына түсуді ниет ету ердің ері, егеудің сынығының қолынан келетін іс болар. Ғұмырды атақ пен даңқ, ақша қана деп түйсінгенге мұны аңғару, әрине, қиын. Алайда ол – тек сыртынан бағамдап түйгені.

          Әр халықтың тарих көшінде болмысын анықтайтын, өмір тәжірбиесі мен ойшылдығынан хабар беретін мәдени қабаттары бар екені белгілі. Өнер, музыка, әдебиет, салт-сана барлығы да осы қабаттардың ажырамас бөліктері. Мойындауымыз керек тарихи себептерге байланысты біз осы дүниелерге өз деңгейінде баға бере алмаған болуымызда мүмкін. Жүздеген жылдар бойы саяси отарлық қазақ даласында өз әмірін жүргізсе де, әдебиет, музыка, өнер, таным қайнарларында туып, жаңарып халық ішінде толассыз жүріп отырды. Ал осы аталғандардың ішінде әдебиеттің алар орны бір төбе. Фольклордан басталып, жазба әдебиет, жеке кәсіби әдебиетке деңгейіне өту процестерінің өзіндік ғылыми ерекшеліктері де бар.

         Осы орайда елордамыздағы әдебиеттану ғылымын зерттеп, көптеген студенттер контингентімен таныстырып жүрген ірі оқу ордасы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ұжымы. Ал ендеше ойымызды ары қарай мектеп бітіре табалдырығын аттаған, адами қатынас, қоғамдағы маман орнын айқындауда жол көрсетуші осы ұжым туралы қысқа лебізбенен сабақтасақ деген ниетіміз бар.

Бірінші кафедра туралы қысқаша анықтама бере кетсек. Қазақ әдебиеті кафедрасының негізі 1989 жылы қаланды. Әр жылдары кафедраны: ф.ғ.к., профессор Мертешова Шолпан Қасымқызы (1989-1996), ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Қамзабекұлы Дихан (1996-2000), ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Нұрғали Рымғали Нұрғалиұлы (2000-2010), ф.ғ.д., профессор Алпысбаев Құныпия Қожахметұлы (2010-2011), ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Қамзабекұлы Дихан (2011 жылдың наурыз-қыркүйек айлары), ф.ғ.д., профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы (2011-2012), ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Қасқабасов Сейіт Асқарұлы (02.04.2012-02.09.2019), ф.ғ.д., профессор Тұрысбек Рахымжан Сағымбекұлы (09.09.2019-4.10.2020) басқарды. 2020 жылдың 5 қазанынан бастап кафедра меңгерушісі – Кемеңгер Қайырбек Ризабекұлы.


1562132624_seyit-kaskabasov-1.jpg


          Қазірде кафедра штаттында 14 оқытушы, оның ішінде 6 ғылым докторы, профессор,6 ғылым кандидаты (оның ішінде 3 профессор, 3 доцент), 1 PhD (доцент), 1 филология магистрі (аға оқытушы) қызмет істейді. Кафедра профессорлары Р.Тұрысбек, Ж.Аймұхамбет, А.Әлтай, С.Жұмағұл, Б.Қорғанбеков,А.Үсен, Қ.Байтанасова, М.Оразбек, С.Айтуғанова – танымал әдебиетші ғалымдар, бірнеше ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің, монографиялардың авторлары. Кафедра доценттері Г.Ержанова, Қ.Кемеңгер, Р.Абилхамитқызы, аға оқытушы Д.Кәпұлы – жоғарғы оқу орнында көп жыл қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Әдебиеттану бағыты бойынша PhD Г.Сағынадин – ұстаздар өнегесін жалғастырған жас маман.


1514517476_article_b.jpegarticle_45495.jpg


Қосымша жүктемеде кафедра құрамында ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор, ҚР мемлекеттік силығының лауреаты С.Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор, ҚР мемлекеттік силығының лауреаты С.Қасқабасов, ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік және мәдени даму жөніндегі проректоры Д.Қамзабекұлы, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар С.Негимов, Қ.Алпысбаев, қызмет істейді. Отандық білім мен ғылымға, қазақ руханиятын зерттеуге сүбелі үлес қосқан көрнекті әдебиеттанушы ғалымдармен қатар ф.ғ.к. И.Нұрахметов пен PhD Ж.Кәріпбаев қызмет атқарады.


b8e49b278c523dc96523638b1833dd5c.jpg


Ендеше біз дәріс алған, алдынан өткен ұстаздарға жеке тоқтала кетсем. Әрине, бұл тек бір адамның ойы. Менен басқа студенттер мен көре алмаған, дәріс алмаған, тоқталмай кеткен аға-апайларымыздың ұстаздық тағылымын әлі талай жазар, естелік қалдырар.

Әуелі бакалавр және магистрлік жұмысыма жетекшілік еткен көрнекті ғалым Қасқабасов Сейіт Асқарұлы еді. Кез-келген халықтың рухани алтын өзегі фольклорда екендігі көпке аян. Ағамыз көптеген ғалымдардың қалыптасуына тікелей әсер етті, қолғабыс болды. Сейіт аға маған тікелей сабақ бермеді, алайда жанашыр Жанбота Кәріпбаев ағамыздан ғалымның дәрістерін аудиожазбаларын алып тыңдайтынмын. Бұл кісінің халық ауыз әдебиетін зерттеудегі мұрасы, ғылыми зерде мен жасампаздық бір адамның бойына қалай тоғысқандығын сөз ету басқа бір мақаланың жүгі болар. Диссертация жазу барысында ағамыздың шаңырағында талай қонақ болдым. Тек ғылыми бағдар емес, өз басымнан өтіп жатқан жағдайлар туралы да ағамен еркін сөйлесе алушы ем.

Мектеп оқушысы шағымда отбасымыз Ақмола облысының жергілікті басылымы «Арқа Ажары» газетінің оқырманы еді. Сол газет сандарында арқаның аймаңдай ұлдары, азаматтары, сал-серілері туралы мақалалар жарық көріп тұратын. Мақалалар авторы Негимов Серік ағамыз болатын. Бірқызығы бірінші курс дәрістерінде Серік ағамыздың алдынан да өттік. Өлең поэтикасы, әдебиеттану тарихы т.б. салаларды алғаш таныстырған да осы маман еді.              

Әр ұлт әдебиетінде «алтын ғасыр» деп аталатын кезеңдер болады. Алысқа бармай-ақ көрші орыс әдебиеті он тоғызыншы ғасырды «алтын», жиырмасыншы ғасырды «күміс дәуір» деп бейресми жіктеп жататыны бар. Бәлкім, біз үшінде кәсіби әдебиет жүйеленген кезең деп жиырмасыншы ғасырды атасақ та болар.

Шынтуайтында, кез келген шығарманың ішкі қуатын анық түсіну үшін жазушының сол кездегі жағдаятын, тұрмысын һәм кеңістік пен уақытты білу шарт. Осы орайда қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушанов ағамызға сөз берсек: «Ақындар провинцияда туады, Парижде өледі» дейді екен француздар. Қазақ жазба ақындарының соңғы төрт-бес буынының тағдырлары ұқсас. Ауыл, ауыл мектебі, Алматы, Университет, газет редакциялары не баспа маңындағы жұмыстар...». Шынымен де әдеби орта Алматыда қалыптасты. Дәріс барысында Алпысбаев Құныпия, Тұрлыбек Мәмесейіт, Рахымжан Тұрысбек ағаларымыздан сол кездегі ақын-жазушыларды жәй-күйін, толғаныстары туралы әңгімелерді қызыға тыңдаушы едік. Көп ілім тек кітаппен ғана емес, тәжірбиемен, орта арқылы алынатындығы белгілі. Сол үшінде әдеби ортаның маңызы айрықша. Кафедрамызда сол ортаның ішінде біте қайнаған А.Құныпия, Р.Тұрысбек, Т.Мәмесейіт сынды кәсіби әдебиетші ғана емес, көзкөрген ағаларымыздың бар екендігі үлкен мерей.

Жанат Әскербекқызы. Бұл кісі туралы ойлағанда бір оқиға есіме еріксіз түседі. Жанат Әскербекқызы – іздеп оқитын, сүйікті ақындарымның бірі. Қателеспесем, 2013 жылы апайымыздың "Айтамғы" атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Бірде аудиторияда ақыннан кітабын сұрадым, бірақ өзімен болмады. Жаз өтті. Жаңа оқу жылында университетке қайта келіп, алғаш көріскенімде ұстазымыз есінен шығармай кітабын маған берді. Бұл – қарапайым оқиға. Алайда бұл оқиғадан ұқыптылық, ізет, ерек болмыс анық байқалады деген ойдамын. «Жан таланты» деген ұғым бар. Бұл кісі керемет суреткер ақын ғана емес, еңбекқор ғалым. Егерде бұл сөзіме иланбасаңыз, Жанат Әскербекқызының жұмыс үстелін барып көріңіз.

Омар Жалелұлы ­­– прагматик, жасампаз тұлға. Ғалым бізге 3-курста Әлем әдебиеті сабағынан дәріс берді. Курстың алғашқы сабағында-ақ бізге өзі жақсы таныс: «Иллиада», «Одиссей», «Құдіретті комедия», «Фауст...» деп жалғасатын әлем классиктерінің 60-қа жуық шығармаларын оқуға берді. Сонымен әр сабақ сайын аталған мәтіндерді талдаумен болдық. Кейде бір романның алғашқы бір-екі бөліміне ғана тоқталып, аяқтауға уақыт жетпей қалатын кездер де болатын. Бірақ сол курста тобымыз әлем әдебиетінің жауһарларын таныды, кәсіби филолог ретінде үлкен мектептен өтті. Ағай мәтінді жетік білетіні, талдау кезінде герменевтикалық, аксиологиялық әдістерді еркін қолданатыны айқын көрінетін. Ғажайып кез еді... Біз бұл күйді әзілдеп «книжное пьянство» не «книжный запой» деп атайтынбыз. Ағамыз құраған «Әңгіме-дүкен" клубы шын мәнінде студентердің кәсіби шеберханасы еді. Қазақ әдебиеті, әлем әдебиетінің мәтіндері талданды және бастысы сол талдауды студенттердің өздері жасады. Елордадағы зиялы тұлғалар, ғалымдар «Әңгіме-дүкен» клубының қонағы болды. Клуб отырысына тек біздің университет емес, өзге оқу орнының студенттері тұрақты қатысушысы болды.

Бакалаврды аяқтап, төрт жыл мектепте жұмыс атқарған соң магистратурада оқуымызды жалғастырдық. Университетке қайтып оралған соң байқағанымыз кей оқытушылар жұмыс ауыстырған, кафедрамыз жаңа оқытушылармен толыққан. Өзім үшін магистратураның ең үлкен жаңалығы Қорғанбеков Болат Сағынбекұлы еді. Болат аға – ұжымдағы бағалы, өзіндік ерекше орны бар эрудит ұстаз. Ғылыми ізденіс, аналитика, тәртіп пен жасампаздық үлгісі. Фольклор, орта дәуір әдеби мұраларының маманы. Жалпы өзін толыққанды әдебиетшімін деп санау үшін мәтінді түпнұсқасынан оқи білу ауадай қажет. Біздің курста шағатай, көне қолжазбаларды оқу дәрсі өтпесе де Болат аға дәріс беретін топтардағы сабақтарға қатысуға тырысатынбыз. Ғылыми принцип, баға беру, болжау, өткеннің парқын білу, жаңаның бағдарын тану ағадай профессионалдардың қолынан келетін іс.

Қазақ танымының білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Ғылым-білім» туралы еңбегінде: «Ғылым-білімнің ең әуелгі пайдасы – мінез түзету. Ғылым әдепті, ибалы, жақсы мінезді адамға орнығады», – деп атап өтетіні бар. Осы орайда көп студенттердің жанашыр ағасына айналған, сыйластық, ұстаздық тағылымның көркем үлгісі – ғалым Сағымбай Ботпайұлы. Ғалым аяулы алаш тақырыбына қалам тербеп, көптеген ғылыми зерттеулер мен кітаптардың жарық көруіне себепкер болды. Кішіге ізет көрсетер осындай ағалардың бары, әрқашан көңілге медеу, екі буын арасындағы берік сабақтастықтың жарқын үлгісі.

Филология сөзінің мағынасының өзі грек тілінен аударғанда «сөзге (мәтінге) махаббат» деген мағына береді. Осы орайда кәсіби әдебиеттанушы болу үшін көп мәтінді игеру қажет. Себебі, ол болашақ маманның үлкен арсеналы, мәтінді білмей әдебиетшімін деу, қарусыз майданға барғанмен пара-пар іс. Әлтай Аманжол, Айтуғанова Саулеш сынды ұстаздарымыз көптеген студенттердің жыраулар, зар заман поэзиясының мәтіндерін жаттап, қаруланып шығуға себепкер болғанын атап өтуіміз қажет.

Оқу – үздіксіз жүретін процесс, ал толыққанды маман дайындау тек қана білімге ғана емес, оның берілу жолына да тығыз байланысты. Осы орайда кафедрамыздағы әр ұстаз өзіндік білім беру стилімен ерекшеленетінін баса айтамыз. Көптеген жағдайларда біздің мамандықты тәмәмдаған көптеген түлектер, ары қарай жұмысын мектеп қабырғасында жалғастырып жатады. Кафедрамызда оқыту тәсілдері, ғылыми мақалалардың жазылу шарттарына дағдыландыру жүйелі орынға қойылған. Ал Байтанасова Қарлыгаш Медетқызының дәрістерінен студенттер осы бағытта көп көмек алғандығына бек сенімдіміз.

Соңғы жылдарда білім саласында көптеген өзгерістер орын алғандығы белгілі. Ол студенттердің шығармашылық дамуына, өз ойын еркін жеткізу, ғылыми материалдарды талдап, оны басқа да ғылым салаларымен бір арнада салыстыра білуге үйретеді. Бірқызығы кей оқытушылар болады. Автократ. Алдында өз ойыңды айтуға қысыласың, дәрісі диалогқа алыс, монологқа жақын. Көп жағдайда өткен жылғы дәріс берген профессор, келесі жылғы дәрісі де сол қалып, сол дауыс, сол тәжірбие болып қала береді. Біздің ұстаздар демократ, жаңаны қабылдауға, үздіксіз дамуға бейім. Өз басым Оразбек Макпал, Үсен Айгүл сияқты ұстаздарымыздың сабақтарында, студенттердің өз ойын еркін жеткізетініне және сол тақырып аясында ғана емес басқада ізденістерге баруға бейім екенін байқадым. Тыңдай білу, шабыттандыру, студенттің білімге деген мотиватциясын арттыру – жаңа заман ұстазына қажет үлкен дағды.

Өмір – өзен... Сонымен университет жылдары көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Қазір сол алдарыңызда отырған студенттер әр тарапқа кетіп, замана ағысына түсті.Себебі ғұмыр жолында: түсінік,адам, көзқарас, бәрі де өзгереді, бұл өмірде ештеңе де бірқалыпта тұрмайды. Бірақ біз үшін өзгермейтін нәрсе бар. Ол сіздерге деген құрмет және сіздердің жүрегімізде қалдырған өрнектеріңіз.

Сөз соңында айтарымыз… Мінеки, осы тұлғалар біздің аяулы ұстаздарымыз.Біз бұл сөзді мақтанышпен айта аламыз. Қазірде азаматшыл, ұлтжанды Ардақ Бейсенбай жетекшілік ететін факультетіміз, тектінің ұрпағы, ақжарқын қамқор ағамыз Қайырбек Кемеңгерұлы бастаған кафедрамыздың алар белестерінің көп боларына сенеміз. Түлеп ұшққан университетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!

                                                                                                                                                                      Ақниет Озатұлы