Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарих, Тәуелсіздік және Елбасы

1566
Тарих, Тәуелсіздік және Елбасы  - e-history.kz

22 қыркүйекте Елбасы Кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағатының 15 жылдығына арналған «Тәуелсіздік және Елбасы: жасампаздықтың жаңа тарихы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. 

Іс – шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты ұйымдастырды.  

Конференция жұмысына еліміздің саяси басшылығының, ақпараттық-зерттеу орталықтарының, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстанның мемлекеттік және ұлттық мұрағаттарының өкілдері, Қазақстанның жаңа тарихы мен жаһандық саяси трансформациялар саласындағы сарапшылар мен мамандар және т. б. қатысты.

Қатысушылар отандық мұрағат саласының дамуы тұрғысынан тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу стратегиясының ерекшеліктерін және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлін талқылады.

Конференцияға қатысушылардың атына Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминнің құттықтау хаты келіп түсті: «Бүгінде мемлекет тарихының деректі ескерткіші, құндылықтар қазынасы саналатын Ұлттық архив Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын тарихи, ғылыми, экономикалық, саяси маңызы бар құжаттарды сақтаушы ұлттық ресурстар қоймасына айналды… Жас мемлекеттің жаңа тарихын мазмұнымен байытып келе жатқан елеулі оқиғалардың шежіресін жинау, еңселі егемендігіміздің әрбір сәтін болашақ ұрпаққа мирас етіп қалдыру, көздің қарашығындай сақтап қалу – Сіздер атқарып жатқан ізгілікті іс екені сөзсіз!».


16afcb77906af497eed07ffc64a9a9b8.jpeg


«Адам санасының тұңғиығына жетіп болмайтын, ұшы-қиырсыз тарихтың асыл қазынасы, ол – архив. Архив шежіре-кеніш, шежіре-сыр… Архив қорындағы әрбір құжат – өткенді саралайтын, тарихты түгендейтін екінші нұсқасы жоқ ақпараттар болып табылады. Айғақтар мен дәйектер арқылы көмкерілген тарихи сана – түптеп келгенде, сананы қалыптастыратын құнды құрал… Тарихымыздың тереңдігін, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, мемлекетіміздің баяндылығын төрткүл дүниеге мойындатудағы Қазақстан архивтерінің рөлі өте зор», – делінген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың  құттықтау хатында.

Сондай-ақ іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков те құттықтау хат жолдап, ізгі тілегін білдірген: «Кез келген мемлекеттің мұрағаты сол елдің қағазға қатталған өткені мен бүгінін көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманат етеді. Архив – ұлт тарихының алтын қоймасы, қастерлі қазынасы. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іргесі қаланған Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві егемен елдің құнды құжаттарын шашау шығармастан болашаққа жеткізу миссиясын бұлжытпай орындап келеді. Бүгінде ол ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану арқылы мұрағат құжаттарының жалпы әлеуметке қолжетімділігін едәуір арттырып, архив ісі және құжаттану мәселелері бойынша халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыра алатын әдістемелік орталыққа айналып отыр. Қазақстанның жаңа тарихын жасауға тікелей атсалысып, архив қоймасында егемендіктің елең-алаңынан бастап бүгінге дейінгі ең маңызды оқиғаларды баяндайтын құжаттық деректер қорын қалыптастыруда көз майын тауысып, маңдай терін төгіп келе жатқан архив қызметкерлеріне әрқашан алғысымыз зор».


8c86ce4100009d8d99648116b6122a80.jpeg


Конференцияның пленарлық бөлігінде Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат құттықтау баяндама жасады.

– 1998 жылғы 22 желтоқсандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңның қабылдануымен Қазақстан архив ісінің дамуындағы шешуші кезең басталды. Кейін оны дамыту үшін архив саласында негізгі нормативтік құқықтық құжаттар әзірленіп, қабылданды. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Архив-2025» бағдарламалары архив саласын дамытудың басымдықтарын айқындаған тұжырымдамалық құжаттарға айналды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» және Президент Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақалаларының маңызы жоғары болды. Мемлекет басшысының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құру туралы тапсырмасын да осы тұрғыдан қарастырған жөн», – деп атап өтіп ол Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің  ұжымын 15 жылдық мерейтойымен құттықтады.


612e504648eb56b8bd834e12441ab046.jpeg


– Тәуелсіздік жылдарында архив ісі саласындағы көптеген мәселелер зерделеніп, қайта қаралды. Атап айтқанда, Үкіметтің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен Ұлттық архив қорын отандық және шетелдік архивтерде, музейлерде, кітапханаларда және ғылыми орталықтарда сақталатын Қазақстан тарихы жөніндегі құжаттарды толықтыруға және ғылыми айналымға енгізуге бағытталған «Архив-2025» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары қабылданды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік архивтердің жұмысын толықтай автоматтандыратын және олардың келешек ұрпақ үшін сақталуын қамтамасыз ететін «Электронды құжаттардың бірыңғай мұрағаты» ақпараттық жүйесін әзірледі. Бүгінде республикада 200-ден астам мемлекеттік архив мекемелері мен олардың филиалдары жұмыс істейді, олардың бесеуі – республикалық деңгейде. Ұлттық архив қоры құжаттарының және жеке құрам бойынша құжаттардың көлемі 25 миллионнан астам сақтау бірлігін құрайды. Жыл сайын архив қорының көлемі орта есеппен 400 мың сақтау бірлігіне артып келеді, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов.


79cf4d95a8a3b14873982e59592f0b99.jpeg


Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві Ғылыми кеңесі төрағасының орынбасары Мирболат Жақыпов тәуелсіздіктің 2 сәтіне тоқтады. Біріншіден, Қазақстан мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуда көшбасшы елге айналды. Сонау 90-+шы жылдардың басында-ақ Алматыда Ұлттық Жоғары Мемлекеттік Басқару Мектебі құрылып, кейін ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы деп қайта құрылды. Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып мемлекеттік қызметке реформа жүргізді.

Спикер атап өткен екінші сәт, бұл - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты арқасында Қазақстан ТМД-да цифрландыру бойынша көшбасшы елге айналуы. Қазақстанда азаматтар үшін Ашық үкімет құрылды, соның арқасында азаматтардың сұраныстарына жедел ден қою, мемлекеттік органдардың жұмысын ашық ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мүмкін болды. Үкімет алдында е-қызмет көрсетуді 90% - ға дейін жеткізу міндеті тұр

– Ұлттық архив ұжымы мен басшылығын оның тарихының 15 жылдығымен құттықтаймын! Ұлттық архив өз саласында үздіктер қатарынан көрінетініне сенімім мол, – деді ол сөзінің соңында.

Конференцияның бірқатар отандық және шетелдік қатысушылары бейне байланыс арқылы талқылауға қосылды.


04c1f6959aefb2798cce38ab062ecb43.jpeg


– Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бауырлас және достас Қазақстан Республикасын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және Ұлттық архивтің 15 жылдығымен шын жүректен құттықтағым келеді. Елдеріміз бен мекемелер арасындағы тығыз қарым-қатынас пен сенімді серіктестік одан әрі жақсарады деп үміттенемін. Біз Қазақстанмен архив саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз, – деді Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтің директоры Угур Юнал.

БАӘ Ұлттық архивінің бас директоры Абдулла Аль-Райси өз бейнежолдауында Қазақстан Республикасын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

– Біз Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық архивтер қызметін өркендетуге бағытталған ынтымақтастық және тығыз байланыс орнату Меморандумына қол қойғанымызға қуаныштымыз. Бір-бірімізге жиі келіп, идеялармен, тәжірибемен, делегациялармен алмасамыз деп үміттенеміз, – деп атап өтті ол.

Қазақстан Ұлттық архивінің қызметі туралы директор Сағила Нұрланова баяндама жасады. Архивтің 15 жылдық қызметіндегі оның жетістіктеріне тоқтап өтті. Ұлттық архив Халықаралық архивтер кеңесінің Еуразия өңірлік бөлімшесінің мүшесі болып табылады, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түрік Республикасы, БАӘ-нің архивтік мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. «Қазақстан архивтері» журналының беттерінде архив құжаттары негізіндегі тарихи материалдардың елеулі легі жарияланды.


5f02b4f061653d27ea48dbd31a025e63.jpeg


Қырғыз Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры Жумабай Бечеков өз баяндамасында Қырғызстандағы архив ісінің даму тенденциялары мен болашағы туралы айтып берді. Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Дина Аманжолова өз баяндамасында «Қазақстанның жаңа тарихының жасампаз векторы: мемлекет және көшбасшы тұлғасы» тақырыбын тарқатты. Орталық мемлекеттік архивтің директоры Сәбит Шілдебай «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев және түркі халықтарының бірлігі идеясы» тақырыбында баяндама жасады. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақстан және дүние жүзі тарихы кафедрасының профессоры Аққали Ахмет ақпарат ғасырындағы архивтің рөлі тақырыбына тоқталды. Өзбекстан Республикасы «Узархив» агенттігінің ақпараттық қызметінің жетекшісі Анваржон Алиев архив ісін басқару үшін ақпараттық жүйелерді құру мен енгізудің әлемдік тәжірибесін зерделеу бойынша ой бөлісті. Конференция қорытындысы бойынша қарарға қол қойылды.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?