Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ топырағындағы миссионерлік саясат. II бөлім

1413
Қазақ топырағындағы миссионерлік саясат.  II бөлім - e-history.kz

XVIII-ХIХ ғасырлар аралығында Ресей империясының қазақ топырағында жүргізген діни саясаты күрделі реформалар арқылы іске асты. Бұл туралы сол жағдайды зерттеуші ғалымдар, өлкетанушылар, тарихшылар жазбасынан анық біле аламыз. Енді алдыңғы бөлімде қаузаған қазақ жеріндегі миссионерлік саясаттың  астарына үңіліп, аталған тақырып жөніндегі жазбамызды жалғастырып отырмыз...

Көшпелі қазақтар арасындағы Ресейдің діни саясатының нәтижелері Қазақстанның революцияға дейінгі зерттеушілерінің еңбектерінде тіркелген. Олар даладағы ислам ықпалының тұрақты өсуін өздерінің жазба деректерінде атап өткен. Осылайша XVIII ғасыр зерттеушісі және саяхатшысы П. С. Паллас қазақтардың ислам нормаларын білуін жазып өтті. Мысалы, «қырғыздарда(қазақтарда) мұсылмандық заң бар» деп атап өтті [1]. И. Г.Георгидің айтуынша, «Олардың молдаларының саны аз, олар ресейлік немесе басқа да татарлардан тұрады, бірақ исламға жүгінген қазақтар өз сенімдерін құрметтеді» делінген [2]. XVIII ғасырдағы швед саяхатшысы болса, «мұсылман қырғыздар(қазақтар) өте дөрекі... Мешіттері де, мектептері де жоқ» депті [3].

Осы кезеңнің этнографы әрі шығыстанушысы Ш. Ш. Уәлиханов XVIII-Х1Х ғғ. аралығында Ресей империясының аймақта жүргізген діни реформасының арқасында ислам дінінің орнығуына байланысты қазақ даласы «біркелкі емес» деп есептеді [4]. XIX ғасырдың басында қазақтар арасында православиенің таралуын көтермелеуге бағытталған империяның алғашқы заңнамалық актілерінің пайда болуы жатады. Мысалы, 1808 жылы 23 мамырда орыс халқының қазақ балаларын сатып алуы және қазақ балаларын «хиуалықтарға сатып алуға тыйым салу» туралы жарлық шықты. Жарлыққа сәйкес, 25 жасқа толғаннан кейін сатып алынғандар еркін болып, православие дінін қабылдай алды. Ал оларға материалдық сыйақы берілді.


cdaae40babca51de8b19f95ffa2f72ac.jpg


Өте толық жүйелі талдауды тағы бір шығыс еуропалық ғалым А.Терещенко беріп кетеді. Өзінің Бөкей ордасының қазақтарын зерттеу еңбегінде былай деп жазады: « Қазақтарда көп уақытқа дейін нақты бір рухани сенім болған жоқ. Бірақ Жәңгір ол олқылықтың орнын толтырғысы келіп, Ордадағы қазақтардың ішінен дінге жақындарын таңдап, Орынбордың үздік деген молаларына оқуға жіберіп отырды. Оның ішінде тек қана жасөспірімдер ғана емес, үлкен әм ересек ер адамдар да көптеп кездесіп отырған». Бұл тек бір ғана ғалымның дәл осындай ойы емес, көптеген ғалымдар қазақ қоғамында «ислам өз орнын толықтай алды» деп айту қиын. Таза ислам дінінің қағидаттарынан бөлек те сенімдер кездесті. Кейбіреулері(құдайға), кейбірі (шайтан) зұлым күшке сенетін адамдарды байқағандарын жазады.Тіпті адам жаны өлгеннен кейін жұлдызға айналады, өлген адамды «ұлы» санап, оның бейітінен ағаштың бекерге шықпайтының айтады. Абыздар оттың ішіне қойдың майын лақтырып, жанған оттың түсінен түрлі жортулар жасайтын. Жұлдызшылар жұлдызға қарап, бал ашады. Бақсылардың ерекше дәстүрлері, қолына қобыз алып, түрлі мақамда ауруларды емдейтіндері шетелдіктерді қатты таңқалдырған [5].

Отбасылық және неке қатынастарында А.Терентьев пұтқа табынушыларды да көптеп кездестіргенін және ол «жергілікті мұсылмандық жоралғыларымен араласып, ерекше сипатқа айналған дін» деп жазады. Неке қию рәсімі кезінде молданың болуы міндетті емес еді. Күйеу жігіттің куәгерлерге «алдым» сөзін айтуы жеткілікті болды. Бұл – «аламын» дегенді білдіреді және ата-анасынан «бердім» деген сөзді естігені жеткілікті болуы. Кейін қалың мал дәстүрін де ерекше атап жазады(яғни, қыздың құнын төлеу).

Пұтқа табыну мен исламның ұқсас синкретизмі А.Терентьевтің Бөкей Ордасындағы қазақтардың жерлеу салтында да кездескенін жазады. Марқұмды дәстүр бойынша жылап, әсіресе әйелдер, олар айғайлап, бетін тырнап, шаштарын жыртып, исламдық дәстүрді бұза отырып, марқұмның денесін жерлеу орнына дейін бірге еріп жүретінін. Кейбір әйелдер қайтыс болған адамды бірнеше күн қатарынан күйеуінің киімін киген қуыршақтың алдында жоқтайды. Жерлеу рәсімінде молда намаз оқып және қайтыс болған адамға жақсы мадақтаулар айтады... Оның денесін киіндіріп немесе ақ киізге орап жерлейді. ... Олар 40 күннен кейін еске алады, ал ең бастысы – бір жылдан кейін еске алу дәстүрі» деп жазады [6].

Ресейдің қазақтарға қатысты діни саясатының үрдістерін ескере отырып, осы кезеңге қарай орыс православ шіркеуінің империяның «өзге» тұрғындары арасында діни насихатты жүргізуде айтарлықтай тәжірибе жинақтағанына қарамастан, XVIII ғ.-XIX ғ. бірінші жартысы аралығында қазақ даласында православиелік миссионерлікті ұйымдастыру туралы мәселе әлі де болса қолға алынбаған болатын. Сонымен қатар христиан дініне көшу процесі «жасанды түрде шектелді және белгілі бір бюрократиялық кедергілермен бірге жүрді».


3zbkfxa0f0279vehwqz1_vnqpztlfkb3nwou4sfcx.jpg


Мәселен, 1804 жылғы ереже бойынша, Орынбор өлкесінің діни қызметкерлері Кіші жүз қазақтарын Орынбор шекаралық комиссиясының арнайы рұқсатынсыз шоқындыру рәсімін өткізу құқығы болмады. Мұндай рұқсатты алу үшін көп сатылы кезеңдерден өту керек болды: «...Рухани консистенцияның делдалдығымен шекара комиссиясына шоқындыру рәсімінінің өту туралы өтінішпен жүгіну, әр жеке факт бойынша тергеу жүргізу, ең соңында оның қорытындысы болуы қажет еді. Содан кейін Орынбор әскери күштерінің губернаторына ешқандай мәжбүрлеу факторының болмағаны туралы фактіне дәлелдеуді қажет етті. Ең соңында шешімді шығарушы осы генерал-губернатор болды [7].

Алайда шекаралас аймақтағы орыс және қазақ халықтарының әлеуметтік-мәдени жақындасуының объективті процестері көшпенділердің кейбір бөлігінің православиені қабылдауына ықпал етті. Бұл үрдістің басты себебі экономикалық фактор болды. Жайылымдарды экспроприациялау және оларды Орал, Орынбор және Сібір казак әскерлеріне пайдалануға беру үдерісімен байланысты көшпелі қазақтардың жаппай күйреуі көшпелі шаруашылықтың дағдарысына алып келді. Қазақтар өмір сүрудің жаңа нысандары мен көздерін іздеуге мәжбүр болды. Нәтижесінде олардың казактармен әлеуметтік-экономикалық байланыстары айтарлықтай өсті. Көшпенділер казактардан жұмыс алуға ұмтылды. Көбіне олардың фермаларында және балаларын да сол жерге орналастыруға ұмтылды. Орал әскери кеңсесінің хабарлауынша, қазақтар жұмысқа қабылдау кезінде православие дініне көшуге ниет білдірді. Бұл олардың әлеуметтік мәртебесін арттыруға және жаңа өмір жағдайларына сәтті бейімделуге мүмкіндік берді [8].

Көшпенділер де балаларын шоқындыру рәсімінен өткізуді талап етті, өйткені қолданыстағы заңнама аясында он сегіз жасқа толғанда, соңғылары казактар классына жазылуға және осылайша тұрақты табыс көзін алуға мүмкіндік алды. Мысалы, қазақ Николай Алексеев дәл солай істеді. Ол «кішкентай кезінен бастап прапорщик Никифор Старковтың жанында жүріп, өз қалауы бойынша қызмет етті», кейін шоқындыру рәсімінен өтті [43].

XIX ғасырдың алғашқы жылдарында қазақтарда шоқыну туралы өтініштер жиі болып тұрды. Бұл Орал казак әскерінің кеңсесін Орынбор шекара әкімшілігіне түсіндіру, одан арғы іс-қимылдар туралы нұсқаулық алу үшін жүгінуге мәжбүр етті [9]. Соңғысы жалпы империялық заңнама аясында әрекет етуді ұсынды [10]. Православиені қабылдаған 10 жастан асқан барлық қазақтарға XVIII ғасырда Орынбор өлкесінде құрылған «жаңа шоқындыру рәсімінен өткен елді-мекендерге», жаңа тұрғылықты жерге жіберу ұсынылды. Шекара комиссиясы сондай-ақ жергілікті билік органдарын казак сословиесіне жазуға, әскердегі қызметтен үш жылға босатуға, 5-тен 10 рубльге дейін жәрдемақы беруге міндеттей отырып, жаңадан шоқындыру рәсімінен өткен қазақтар үшін бірқатар жеңілдіктерді растады.

Алайда жалпы қазақтардың православие дініне жүгінуіне байланысты мәселелерде жергілікті әкімшілік өте сақ болды. Мысалы, XIX ғасырдың 40-жылдарының басында Бөкей хандығында орын алған жағдай дәлел бола алады. Шекара билігі Бөкей Ордасы ханының алдына: «Жәңгір хан тағына хандықтың астанасы - Ордада тұрақты тұратын және көктемгі, күзгі жәрмеңкелер кезінде сол жерге шамамен келетін православие дініндегі адамдардың саны туралы ақпарат жинауды міндеттеп қойды. Хан Жәңгірдің айтуынша, Ордада тұрақты түрде ерлер мен әйелдердің 114 адамы, казак дәрежелері бар – 134 астрахандық, оралдық шенеуніктер. Ал олардың әйелдері мен балаларының саны 21 екенін өзі атап кетеді. Жәрмеңкеге 300-ге дейін адам келеді. Олардың тұруы мұнда 5-тен 15-ке дейін, әрі өте сирек уақытта 20 күнге дейін созылады». Алайда хан қазақ халқына православиелік діни қызметкердің ордаға келуі туралы хабарландырудың наразылықпен, сенімсіздікпен қарсы алғанын ескертті.

Бұл жағдайда Орынбор өлкесінің әскери губернаторы В.А. Обручев Мемлекеттік мүлік министрі П.Д. Кисилевке былай деп ұсыныс жасайды: «...Хан Жәңгір Бөкеевтің ордасы бойынша шіркеу салуды кейінге қалдыруға болады. Өйткені бұл қырғыздарға күдікті болып көрінуі мүмкін және оларға біздің үкіметке деген сенімсіздікті тудыруы мүмкін»-деп, арнайы хат жазады [11]. Бұл жерден біз Орынбор өлкелік комитетінің билеуші адамдарының хатынан, әлі де болса қазақ даласындағы Ресей империясына деген сенімнің жоқ екенін аңғаруға болады. Істелініп жатқан іс-қимылдарға қарамастан, қазақ халқының көңіл-күйіне қарап отырған секілді кейбір жақтарын көруімізге болады. Бұл мәселені, ең алдымен Жәңгір ханның өзі де байқап отыр. Оған басты себеп – дәл осы Жәңгірдің өзіне де халықтың сенімі жоқ екені. Ооны Ордада болған үлкен көтерілістен де оңай байқауымызға болады. Бұл мәселедегі соңғы нүктені император Николай I қойды. Себебі ол барлық жағдайды анықтағаннан кейін, стационарлық шіркеудің емес, лагерьдің қызметін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. «Мұны істеуге мәжбүр емес, бірақ әркім өз заңы бойынша діни жоралғыларды жіберуі керек. Егер шетелдіктер бұл әрекетті ешқандай тыйым салусыз жасаса, онда православие де сол құқықтан айырылмауы керек. Сондықтан хан Жәңгірді орындауға ыңғайлы уақытты таңдауға шақырыңыз. Бұл тұрақты, бірақ уақытша шара түрінде болмаса да, мекеме өзінің нақты қадамдарын анықтап алуы қажет»-деді ол. 1822 жылы Сібір ведомствосының қазақтары үшін хан билігін жойып, Орта жүзде Ресейдің әкімшілік-аумақтық және сот құрылысын енгізген «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» әзірленіп, қабылданды. Жарғының авторлары діни мәселелерге, ең алдымен жүздің қазақ халқы арасында православиені насихаттауына көбірек көңіл бөлді. Шоқындыру рәсімін қабылдаған адамдар үшін XVIII ғасырдың соңында мақұлданған ынталандыру шаралары жүйесі енгізілді.

Шекаралық қазақтардың православиеге көшу үрдісіне қарамастан, жалпы жергілікті билік қазақ даласында православ миссиясын ашу мәселесі бойынша ұстамдылық танытты. Жергілікті биліктің қазақтар арасында миссионерлік мәселе бойынша ұстанымын Орынбор өлкетанушысы нақты тұжырымдады. ХІХ ғасырда және ғасырдың бірінші жартысында жазған Орынбор тарихын білуші-өлкетанушы М.Чернавский «...күдікті наразылықты қоздырмау үшін қандай да бір әрекет жасау қауіпті болды, өйткені оларға(қазақтарға) қолсұғушылық немесе сенімнің өзіндік ерекшелігі оларды орыс азаматтығынан алыстатуы мүмкін» [12]. Реформаны іске асыру барысында белгілі бір жетістіктерге қол жеткізілді. Алайда көшпенділердің дүниетанымында терең өзгерістер болған жоқ. Діни сана синкретикалық формаларды қабылдады. Онда қазақтардың пұтқа табынушылығы және онымен байланысты культтар, әдет-ғұрыптар белгілі бір трансформацияға ұшырады. Көшпенді қазақтардың өмір салтына сәйкес келетін және соңғылары талап ете алатын исламдық дәстүрліліктің кейбір элементтерін сіңірді. Дәстүрлі қазақ қоғамы мұсылман құқығының көптеген нормаларының күшін жойған, исламның жекелеген салттық жақтарына ықпал еткен адал заңдары бойынша өмір сүруді жалғастырды. Нәтижесінде Қазақстан XIX ғасырдың ортасына қарай «ислам әлемінің перифериясы» мәртебесін сақтап қалды. Мұнда пұтқа табынушылықтың исламдық діни-мистикалық ағыммен үйлесуімен сипатталатын аймақтық һәм тұрмыстық ислам дами берді. XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақтардың православие дініне өту жағдайлары жиілеп кетті. Алайда мемлекет осы уақытта Ресей империясының Азияда православиелік миссиялардың ашылу үдерісінің белсенді өрістеуіне қарамастан, қазақ даласындағы аталмыш үрдісті тежеді.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Паллас П.С Путешествие по равным провинциям Российского государства. Ч. І . Спб, 1773.

2.     Георги Г.И Описание всех обитающих в Российском государстве народов. Ч. ІІ ,Спб, 1799.

3.     40. Терещенко А. Следы Детш-Кипчака и Внутренняя киргиз-кайсацкая орда // История Букеевского ханства. 1901-1852 гг. / Сборник документов и материалов. Алматы, 2002. С. 862.

4.     48. Валиханов Ч.Ч. О мусульманстве в степи : собр. соч. : в 5 т. Алма-Ата, 1985. Т. 4. С. 73.

5.     41. Горбунова СВ. Крещеные казахи Российской империи // Центральная Азия и Сибирь. Барнаул, 2003. С. 249.

6.     42. Октябрьская И.В. Ислам и православие: опыт взаимодействия в свете стратегий межэтнической коммуникации (на примере казахов Алтая) // Народонаселение Сибири. Стратегия и практика межкультурной коммуникации (XVII-XX века). Новосибирск, 2008. С. 344.

7.     43. ГАОО. Ф. 3. Оп. 1. Д. 736. Л. 1-62.

8.     44. Чернавский Н.М. Оренбургская епархия в прошлом её и настоящем. Вып. 2. СПб., 1903. С. 455.)

9.     45. История Букеевского ханства. 1801-1852 гг.: сборник документов и материалов. Алматы, 2002.Док. №301. С. 408.

10. 46. Октябрьская И.В. Ислам и православие: опыт взаимодействия в свете стратегий межэтнической коммуникации (на примере казахов Алтая) // Народонаселение Сибири. Стратегии и практики межкультурной коммуникации. XVII - начало XX в. Новосибирск, 2008. С. 345.

11. 47. Горбунова СВ. Крещеные казахи Российской империи // Центральная Азия и Сибирь. Барнаул, 2003. С. 250.

12. 49. Курныкин О.Ю. Из истории религиозной политики России в Казахстане в первой половине XIX в. // Востоковедные исследования на Алтае. Вып. V. Барнаул, 2006. С. 181.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?