Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғарышқа бет алған «Ghalam»

2078
Ғарышқа бет алған «Ghalam» - e-history.kz

Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Тәуелсіздік алғаннан кейін өз бетімізбен әр саладағы төл жобаларымызды жүзеге асырып, дербес жол табуға ынталы болдық. Сол ынтаның бірі ғарыш саласына қатысты талпыныстар еді. Бүгінгі таңда еліміздің ғарыш саласы да екпінді даму жолына бет алған. Осы салада үлкен жетістікке жеткен компаниялардың бірі Қазақстан Ғарыш Сапарына қарасты «Ghalam» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ghalam компаниясы Қазақстан мен Франция арасындағы серіктестік келісім шеңберінде ғарыш кемелерін жинау-сынау кешенін (SIBK SC) құру және оны одан әрі пайдалану жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында 2010 жылы құрылған екен. Ол қазір Ұлттық Ғарыш орталығы ғимаратының 1/3 бөлігінде орналасып, өз алдына күрделі конструкторлық және ғылыми-текхникалық өндірісті қолға алып отыр.

Ғалам компаниясының жоғары техникалық мүмкіндіктерімен танысу және жетістіктері туралы ақпарат алу мақсатында Ghalam-ның конструкторлық бюросының жетекші констрктуры Берік Жұмажановпен шағын сұхбат жасап, экскурсия жасап қайтқан едік.

– Ғалам 2010 жылы Францияның Airbus Defence & Space SAS компаниясы мен Қазақстан Ғарыш Сапары компаниясы арасындағы еншілес компания ретінде құрылды. Оның бастапқы мақсаты – Қазақстанда ғарыш аппараттарын құрастырып және сынауды ұйымдастыру, ғарыш аппараттарының қосалқы бөлшектерін жасау мақсатында және осында конструторлық бюроны орнату мақсатында құрылды. Қазір осында жоғары тәжірибелі конструкторлардан құрам тапқан конструкторлық бюро мен олар жасаған, құрастырған жаңа жобаларды тәжірибеден өткізетін сынау орындары бар.

Сол кезде жоспарланған шаралардың бәрі іске асып, кешен ғарыш аппараттарын жасап, сынауға қажетті барлық аспаптармен жабдықталды. Бүгінгі таңда осындағы ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенінде салмағы 6 тоннаға дейін, өлшемдері 3х3х6 метрге дейінгі спутниктерді жасап, сынақтан өткізе аламыз.

2018 жылы 4 желтоқсанда АҚШ-тың Вандербег космодромынан біздің компанияның инженерлері және Англиядағы ССТЛ компаниясының инженерлері бірігіп жасаған KazSTSat ғарыш аппараты Falcon-9 зымыран тасығышымен ұшырылды. Ол аппараттың негізгі мақсаты ғылыми-технологиялық мән алды. Олай дейтініміз – Қазақстанның өз инженерлері бірнеше жылдық еңбек нәтижесінде ойлап тауып, осында құрастырылып жасалған құрылғылары соған орнатылды. Қазір бұл аппарат орбитада ұшып жүр, ғылыми бағытта жұмыс атқаруда. Ғарыш аппараттарында маңызды болып саналатын бір нәрсе – оның ұшу тарихы. Егер осы аппаратты өзге бір ел, не компания сатып алмақшы болса, олардың аса маңыз беретін шарты осы ұшу тарихы. Себебі бұрын қолданылмаған, тәжірибеден өтпеген ғарыш аппаратын сатып алу үлкен тәуекел болып есептеледі. Көптеген компания ұшу тарихы жоқ аппараттар мен құрылғыларды қолдануға батпайды. Қазір бұл аппараттың ұшу тарихы үш жылға таяды, әдетте ең сенімді аппараттар кемінде 5 жыл ұшқан аппарат болып саналады. Бұл Ғалам компаниясының имиджіне де жақсы әсерін береді, – дейді Берік мырза.

Ол компанияның инженерлер құрамы және өзінің жұмыс тәжірибесі туралы сұрағымызға былайша жауап берді:

– Мен өзім осы салада 16 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. 2006 жылдан бері осы саладамын. Оған дейін Алматыдағы Қазақ-Америка университетінде физикадан сабақ бердім. Біздің конструкторлық бюроның штаты негізінен бұрындары шетелде өндірістік тәжірибеден өткен білікті, тәжірибелі мамандар. Францияның Airbus Defence & Space SAS компаниясы мен Ұлы Британиядағы SSTL компаниясында тәжірибеден өткен көбі. Airbus өте үлкен компания, оның жұмыс ауқымы біздің компанияға сәйкес келе бермейді, ал SSTL біздің компаниядан 2-3 есе үлкен болғанымен, Airbus-пен салыстырғанда сәл кішірек компания болғандықтан, олардың әдіс-тәсілдері бізге ыңғайлы келеді. Осы себепті біз өзіміздің алғашқы спутникті солармен бірлесіп жасайық деген шешім қабылдадық.

Екінші спутнигіміз KazSciSat деп аталады. Біріншісі KazSTSat болған. Бұл спутникке отмосфераның жоғарғы қабатының магнит өрісін өлшейтін аппараттар орнатылған, шағын көлемдегі спутник болды. Бұны жасаған Алматыдағы Ғарыш техникасы мен технологиялар институты, біз жобаға бастан-аяқ кеңесші болдық және барлық құрастыру жұмыстары біздің инженерлердің тікелей қатысуымен біздің компанияда жүзеге асты. Сондықтан бұны да біздің компанияның жетістіктерінің қатарына қосуға болады. Қазір Қазақстан Ғарыш Сапарында жерді қашықтан зонттайтын екі спутник бар, бірі Ажырату мүмкіндігі өте жоғары KazEOSat-1 және KazEOSat-2 деп аталады. Біз осы спутниктерді басқарудың техникалық қолдауын өзімізге алып отырмыз. Спутниктерден қандай да бір ақау шықса, соны біздің орталық тексеріп, қайта іске қосуға жауапты. KazSciSat спутнигін осы ғимаратта өзіміз жасақтаған жер станциясында бақылап, басқарамыз. Бұл спутник күніне жерді 14 рет айналады, соның ішінде Қазақстан аспанынан күндіз үш рет, түнде үш рет өтеді.

Сонымен қатар компания ғарыш аппараттары мен тікұшақтарға қолданылатын кабельдерді өндіреді. Ғарыш аппараттарында қолданылатын көп қабатты жылу изоляциясын жасайтын цехтар бар. Бұның сыртында әр түрлі механикалық цехтар, өте жоғары дәлдіктегі 3D принтері бар. Осындай техникалық мүмкіндіктерге сүйене отырып, ғарыштан өзге де өндірістік бағыттарда тапсырыс алып жұмыс жасап отырмыз. Соның бірі адам омыртқасына салынатын инпланттарды жасап шығардық. Бұл қазір қолданыста. Қазіргі таңда ғарыш саласынан бөлек, медицина мен әскери саладағы тапсырыстарды қабылдаймыз, – деді компанияның техникалық мүмкіндіктері мен бүгінгі беталысы жайында.

Одан әрі аса жоғары дәлдіктегі цехтар мен 3D принтерді және ғарыш аппараттарын сынақтан өткізуге арналған алып кешенді көзден кешіруге мүмкіндік туды.

20210909_161502.jpg

Қазіргі таңда қолданыстағы ғарыш аппаратының макеті. 

Бұл аппараттың 90 пайыз конструкторлық жұмысы мен 40 пайыз техникалық жабдығы "Ghalam" ЖШС-ға тәуелді.

20210909_162421.jpg

20210909_163312.jpg

20210909_162922.jpg

Жоғары дәлдіктегі 3D принтер және өзге де цехтар.

20210909_163216.jpg

"Ғалам" ЖШС жасаған омыртқаға арналған инпланттар және өзге де заттар.


20210909_161231.jpg

Бұл жерде ғарыш аппараттары жерден басқарылады.


Мұндағы ғарыш аппараттарын сынау кешені – ғарыш аппараттарын барлық бағыттан сынақтан өткізуге арналған. Кешендегі Электро-магниттық сынақ бөлімінің жетекшісі Антон Иванов кешен туралы қысқаша ақпарат берді. 

– Кешен бірнеше түрлі сынақ бөлімдерінен құралады. Негізгі бөлек құрастыру залына тәуелді, бұнда спутниктар құрастырылады және бірнеше шағын сынақ алаңы бар, қалған бөлігі учаскелер арасындағы қозғалыс пен тасымалдауға арналған. Кешен, жалпылай алғанда, үш үлкен бөліктен тұрады. Олар, механикалық сынақ бөлігі, электрлік сынақ бөлігі және термо-вокумдық сынақ бөлігі. Кешеннен спутник әрі құрастырылады, әрі толықтай сынақтан өтіп, қолданысқа берілуге дайын күйінде шығады,– дейді ол.

20210909_165650.jpg

20210909_164735.jpg

Ғарыш аппараттарын сынақтан өткізу кешені

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?