Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Солон заңы немесе Қазақстан парламентаризмінің тарихы

1773
Солон заңы немесе Қазақстан парламентаризмінің тарихы  - e-history.kz
Президент Конституция қабылданғаннан кейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, сәйкесінше қос палаталы Парламентке депутаттар сайлауы болып өтті

Парламент тарихы дегенде ертедегі грек ойшылы реформатор Солон ойға келеді. Ол – алғашқы мемлекеттік органды құрушы, «төрт жүздік үкімет» кеңес құрылысын ұйымдастырушы. «Төрт жүздік үкімет» заң қабылдаушы ұйым ретінде тарихта белгілі. Кейін Англияда мемлекеттік ұйым ретінде қалыптасып, Еуропада парламент деген заң шығарушы органды қалыптастырды. Бүгінгі таңда парламент өкілетті ұйымның атауы ретінде барлық дамыған елдерде қолданылады. Ол – Ресейде Дума шақырылымы, Украинада Жоғары Рада, Моңғолияда Ұлы Хурал, ал Қазақстанда – Парламент. Осы орайда алдағы кезекті Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанына байланысты еліміздің Тәуелсіздік алған тұстағы, яғни 1995 жылғы сайланған Парламент Мәжілісінің алғашқы шақырылымынан бастап, бесінші шақырылым кезеңдеріне дейінгі аралық тарихынан сыр шертпекпіз. 

1995 жылғы 30 тамызда жүргізілген референдумның нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Осының негізінде жаңа мемлекеттік басқаруға ие болып, Қазақстанды президенттік республика деп жариялады. 

1995 жылғы Конституция, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар биліктің әрбір тармағының мәртебесі мен функциясын реттеді. 1995 жыл Қазақстанның жаңа парламентінің тарихы ретінде ел жадында қалыптасты. Ол сол жылы заң шығарушы жоғары өкілді орган болып қалыптасты. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрды.

00c0dec01c3cb9c73491361c2030054a.jpg

1995 жылғы 30 тамызда өткізілген бүкіл халықтық референдум нәтижесінде бұрынғы мемлекеттік құрылыстың кемшіліктерін жойған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Ол Парламентті заң шығару қызметiн жүзеге асыратын, қос Палатадан: Мәжіліс пен Сенаттан тұратын жоғары өкiлдi орган ретінде айқындады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Қолданыстағы Конституцияны қабылдағаннан кейін Қазақстандағы экономикалық реформаны жүргізу үшін «даңғыл жол» ашылды. Бейнелеп айтқанда, барлығын да басқарған, бірақ ештеңені басқара алмаған Жоғарғы Кеңестің орнына, осы жылдардың ішінде елдің бет-бейнесін өзгерткен заңдарды қабылдаған қос палаталы кәсіби Парламент келді», – деп атап көрсетті. Осы Конституцияда «Парламент» деген ұғым алғаш рет ресми түрде бекітілді. Ел Президенті Конституция қабылданғаннан кейін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң күші бар Жарлыққа қол қойды, оған сәйкес қос палаталы Парламентке депутаттар сайлауы болып өтті. Парламенттің қос палаталы құрылымы саяси жағынан толысқан, еліміздің саяси болмысындағы жаңа элементке айналды және әлемдік практикада қабылданған парламентаризмнің қағидаттарына сай болды. Ең бастысы, Қазақстанда қос палаталы Парламентті құру қабылданатын заңдардың сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. 

Бірінші шақырылым және саяси қайраткер Марат Оспанов (1996-1999 жж.)

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінің тұңғыш сайлауы 1995 жылы 9 желтоқсанда болды. Алғашқы мәжілістік мінберге 67 депутат сайланды. Алайда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктері 1996 жылы 30 қаңтарда басталды. Алғашқы Мәжіліс депутаттары құрамында республикалық комитеттер мен министрліктер қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері, мәслихат басшылары, кәсіпорын мен қауымдастық басшылары, ЖОО қызметкерлері мен мұғалімдер болды. 

b979c274526141400ba5a3aa2530531c.jpg

Мәжіліске сайланған 67 депутаттың 19 адамы жергілікті атқарушы орган өкілдері және мәслихаттың басшылары мен қызметкерлерінен құралды. Әрбір бесінші депутат кәсіпорынның, қауымдастықтың, фирманың, қордың және басқа құрылымдардың басшылары болып жұмыс істеген. 9 депутат ғылым, жоғары оқу орындары қызметкерлері, мұғалім болған. Әрбір оныншы депутат Президент Әкімшілігінің, министрліктер мен республикалық комитеттердің қызметкерлері болған. Мәжілісте 7 ғылым докторы, 10 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Парламентарийлердің арасында 9 депутат әйел болды. 

Тұңғыш сайланған Парламент Мәжіліс шақырылымында белгілі қоғам қайраткерлері Оразалы Сабденов, Қаратай Тұрысов, Марат Оспанов, зерттеуші ғалымдар, профессор Мырзакелді Кемел, Өмірбек Жолдасбеков, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қалдырған қаламгерлер Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсыновалар болды. 

Бірінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Марат Тұрдыбекұлы Оспанов. 

М. Оспанов – тәуелсіз еліміздің мемлекеттік құрылысына ерен үлес қосқан танымал саясаткер. Ол мемлекетімізде нарықтық экономиканың қалыптасып, заңнамалық базамыздың өмірге келуіне негіз қалады. Осы істің барлығын Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет құру жолындағы бастамалары мен елде жүргізген саясатын негізге ала отырып жүргізді. Яғни ол Президентіміздің басты қолдаушыларының бірі болды. 

32801ace3f3408893a562b7824100e5f.jpg

Сонымен қатар Марат Оспанов – Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңесінің XII және XIII шақырылымдарының, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің I және II шақырылымдарының депутаты, экономика ғылымының докторы, «Еуразия» халықаралық академиясының академигі. 

Екінші шақырылым және саяси партиялар теңдігі (1999-2004 жж.) 

Жаңа ғасырға аяқ басар тұста Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгерістер мен жаңартулар болды. Соның негізінде, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне сайлау өтті. Алғаш рет саяси партияларға тең өкілеттік беріліп, партиялық тізім бойынша Парламентке сайлану мүмкіндігін берді. Осындай жаңалықтардың нәтижесінде бұл сайлау парламенттік үлгідегі саяси партиялар құру процесін ынталандыра отырып, жоғары саяси мәнімен және баламалы түрде өтуімен ерекшеленді. 

Екінші шақырылымға 10 саяси партия қатысты. Мажоритарлық бір мандатты округтарда 547 кандидат тіркелді. Жалпы сайлау барысында сол кезеңде Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған кандидаттар саны – орташа есеппен бір орынға сегіз адам тіркелді. Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша бір мандатты округтар бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Жеті проценттік өлшемді еңсерген төрт партия – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері Парламент Мәжілісіне сайланды. 

3ee60ad7e5adc6389db87f15b3d5e672.jpg

Сайланған депуттар қатарында 8-і – нәзік жандылар. Екінші шақырылым депутаттар арасында 1 академик, 7 доктор және әр түрлі мамандықтары бар 20 ғылым кандидаты болды. Депутаттық корпустың басым көпшілігі инженерлер – 30, заңгерлер – 22, экономистер – 16, педагогикалық білімі барлар – 14, ауыл шаруашылық ғалымдары мен мамандары – 8, сондай-ақ журналист, дәрігер, тарихшы, менеджер, әскери қызметші, халықаралық қатынастар мамандары болды. 

Екінші сайланған ҚР Парламенті мәжілісі депутаттары қатарында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет және өнер қайраткерлері, спорт саңлақтары мен ғалымдар болды. Олардың қатарында: Шерхан Мұртаза, Ғалым Байназаров, Ғани Қасымов, Амангелді Айталы, Серік Қонақбаев, Серік Абlрахманов, Асхат Дауылбаев, Владислав Косарев. 

Екінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Жармахан Айтбайұлы Тұяқбай. 

Үшінші шақырылым және көппартиялы сайлау (2004-2007 жж.) 

Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін сайлау 2004 жылғы қыркүйекте болып өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысты. Сайлау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 77 депутат сайланды. 67 депутат Республиканың әкімшілік-аумақтық бірлігі ескеріле отырып құрылған, шамамен сайлаушылардың саны тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. 10 депутат барабар өкілдік жүйесі бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланды. Сайланған парламентарийлердің жалпы санынан 59 депутатты саяси партиялар ұсынды: «Отан» республикалық саяси партиясынан – 42, «АИСТ» сайлау блогынан – 11, «Асар» республикалық партиясынан – 4, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 1, Қазақстан Демократиялық партиясынан – 1, Өзін өзі ұсынғандар – 18 депутат. 

2fab8a7d8074070a265e1bbdbed951ff.jpg

Үшінші сайланған Мәжіліс депутаттары құрамында әртүрлі мамандықтағы инженерлердің саны едәуір, олар – 21, заңгерлер – 14, экономистер – 16. Бұдан басқа, үшінші сайланған Мәжілісте ауыл шаруашылығы, халықаралық қатынастар мамандарының кәсіби біліктілігін иеленгендер, менеджерлер, дәрігерлер, педагогтар, әскери қызметшілер, журналистер, мәдениет қайраткерлері болды. 

Үшінші шақырылым депутаттық мінберінде елімізге танымал қоғам белсенділері мен мемлекет және саяси қайраткерлер, санлақ өнер жұлдыздары көп болды. Олардың қатарында: Халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, композитор Төлеген Мұхамеджанов, саяси қайраткерлер: Орал Мұхамеджанов, Сергей Дьяченко, Дариға Назарбаева, Нұртай Сабилянов және ең жас депутат Тәңірберген Бердіоңғаров болды. 

Үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Орал Байқонысұлы Мұхамеджанов. 

Төртінші шақырылым және көпұлтты өкілеттілік (2007-2011 жж.) 

Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауы Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, сол жылғы тамызда өтті. Жаңартылған Конституцияға сәйкес Мәжіліс 107 депутаттан құралды. 98 депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша жасырын дауыс беру жағдайында жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланды. Қалған депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. 

0622635059ce18e02790654fc842589e.jpg

Жеті саяси партия қатысқан 2007 жылғы 18 тамыздағы сайлауда 7 проценттік барьерді тек «Нұр Отан» Республикалық Халықтық-Демократиялық партиясы ғана еңсерді, одан сайланған депутаттар Парламент Мәжілісіндегі барлық 98 орынды алды. Палатадағы 9 орын Қазақстан халқы ассамблеясы 2007 жылғы 20 тамызда сайлаған депутаттарға берілді. Мәжілістің құрамына бұрынғы сайланымның депутаттық корпусынан – 39 депутат, мемлекеттік басқару органдарынан – 24 адам, жергілікті басқару органдарынан – 19 адам, бизнес құрылымдарынан – 8 адам, білім беру, ғылым және мәдениет саласынан – 8 адам және басқа салалардан 9 адам кірді. 

Палатада білімі бойынша әр түрлі біліктілігі бар инженерлер – 42, заңгерлер – 34, бір бөлігі басқа бейін бойынша екінші жоғары білім алған педагогтар басым – 23 депутат, 21 депутаттың экономикалық білімі, 9-ның ауыл шаруашылық білімі болды. Депутаттық корпуста сондай-ақ дәрігерлер, халықаралық қатынастар мамандары, журналистер, мәдениет пен өнер және басқа да мамандықтар қызметкерлері болды. Мәжілісте 15 ғылым докторы және 27 ғылым кандидаты жұмыс істеді, 35 парламентарийдің екі жоғары білімі болды. Палатада әр түрлі ұлттардың өкілдігі кеңейді. Депутаттық корпустың құрамына 82 қазақ, 17 орыс, 2 неміс және бір-бірден белорус, балқар, кәріс, украин, өзбек және ұйғыр кірді. 

Төртінші шақырылым құрамында белгілі қоғам қайраткерлері Бекболат Тілеухан, Ирак Елекеев, Камал Бұрханов, Зағипа Балиева, Алдан Смайыл, Қуаныш Сұлтанов, Мұрат Әбеновтер болды. Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Аслан Есболайұлы Мусин. 

Төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов. 

Бесінші асу немесе үш партия жасағы (2012 жыл – қазіргі уақытта) 

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда жасақталды. Сайлауға жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың 7%-дан астам дауысына ие болып, Парламент Мәжілісіне өтті, олар: «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстан коммунистік халық партиясы (7,19%). Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан – 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 8 депутат, ҚКХП-дан 7 депутат жұмыс істейді. Қазақстан халқы ассамблеясынан 9 депутат бар. Мәжілісте барлығы 107 депутат жұмыс істейді. 

Бесінші шақырылым құрамында белгілі қоғам қайраткерлері, мемлекеттік тіл жанашырлары Оразгүл Асанғазы, Нұртай Сабилянов, Халық қаһармандары, қазақтың батыр ұлдары Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл, Абай Тасболатов, мемлекет және саяси қайраткерлері Серік Сейдуманов, Розақұл Халмұрадов, Азат Перуашев, Жамбыл Артықбаев, Сидней олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигиналар болды. 

b6220f40e5ccbfaf2ccbfe5d3be76998.jpg

Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы: Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин. Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасы: Қабиболла Қабенұлы Жақыпов. 

Алтынбек Құмырзақұлы 

Мәліметтер Қазақстан Республикасы Парламентінің ресми сайтынан алынды

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?