Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Баймұрат батыр және оның ұрпақтары

2349
Баймұрат батыр және оның ұрпақтары  - e-history.kz
Тевкелевтің Баймұратпен алғаш кездесуі кейбір деректерде былай суреттеледі: елші киіз үйге кіріп ханға бара жатқанда оның жолын жасыл барқыттан киген халатты қазақ кеседі. Бұл Баймұрат еді

Тәуелсіздіктің арқасында Сыр бойында талай нар тұлғалы ерлердің есімдері елімен қайта қауышып жатыр. Сондай тұлғалардың бірі – қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылуы тиіс әрі батыр, әрі би Баймұрат Байбөріұлы. Тегі – кіші жүз алшын-байұлы-жаппас. Жаппастың ұраны – Баймұрат. Таңбасы түйе мойын еді [1, 151-б]. 

Баймұрат батыр қазіргі Қызылорда облысы мен қазіргі Ақтөбе өңірінде ХVІІІ ғасырдың І жартысында өмір сүрген. Батырдың бейіті қазіргі Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра бойындағы Махамбет деген жерде жатыр. Осы өңірде Баймұрат атымен аталатын Баймұрат өзені де бар. 

Ағылшын саяхатшысы Джон Кэстльдің айтуынша, Баймұрат батыр 1736 жылы орта жаста болды десе, сол кезде 35-45 жаста болғанда шамамен 1690-91 не болмаса 1700 жылы туған болады, 1759-60 жылы қайтыс болған. Кейбір деректерде ол кісі қолынан қаза болған. 

ХVІІ ғасырдың екінші және ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ ұлтының тарихындағы ең ауыр кезең болғаны белгілі, сонымен қатар халық санасына жоңғарлардың шапқыншылығынан туындаған қасірет пен жоқшылық жайлаған жылдар ретінде сіңіп қалды. Осы уақытта сыртқы басқыншылық пен жат елдердің отарлау саясаты, билік үшін өзара таластар мен алауыздық қазақ елінің енсесін түсірді. Осы қиын кезенде Баймұрат батыр өмір сүрді. 

f147cf2721c5cbdb749069957cfc74e6.jpg

Қазақтың атақты батырларының бірі Баймұрат 1726-27 жылдардағы Қалмаққырылған және 1729 жылы Аңырақай шайқасында ерлік көрсеткен. Ел аузындағы деректерге сүйенсек, батыр бабамыз Кіші жүз ханы Әбілхайырдың Ресейге бодан болу ниетіне белсене қарсы шығып, 1731 жылдың қарашасында Әбілхайыр ханның ордасын шауып, М. Тевкелев басқарып келген елшіліктің түскен үйін қоршап алып, ханның малын айдап кетеді. Бұндай әрекетті тек беделді, жүректі адам ғана істесе керек [2, 199-б]. 

Осы кезеңді толықтыратын тағы бір дерек Әбіш Кекілбаевтың 1981 жылы шыққан «Үркер» романында кездеседі: «Көп ұзамай күн шығыс жақтағы дөңбек жалдардың басына орнаған ымырт ала бөтен қалындап кеткендей қара түнек боп түнеріп қоя берді. Ол Баймұрат еді. Соңына ерткен қолы, шынында да, қарақұрым екен... Қолдарына мылтық, қылыш, найза ұстаған орыс солдаттары мен башқұрттар елшінің мекен-жайын шыр айнала қоршап тұрып алды... Ақ сұр ат мінген шаңқылдақ кісі әрлі-берлі шапқылап жүр. Баймұрат сол екен. Баяғы шеке тамыры бадырайған қызыл-сары би боп шықты. Біресе хан орданың тұсына барып шаңқылдады. Біресе елшіліктің тұсына келіп шаңқылдайды. «Кісендеулі екі жігітімді ат-шапан айыптармен қайтармайтын болсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер. Түн ортасы ауғанша мұрсат берем. Сол екі ортада талабым орындалмайтын болса, обалдарың өздеріңе. Ордаңды шағып, отын етіп жағам. Елшіңді мойнына қыл тұзақ салып сүйретіп әкетем. Жауабын патшаның алдында мен емес, сен бересің, Әбілқайыр!» – деген екен [3, 194-б]. 

Тарихшы Радик Темиргалиевтің «Эпоха последних Батыров 1680-1780» деген кітабында батыр жөнінде мынандай деректер кездеседі: «...Жаппасы с криками окружили ханскую орду. Едва перевалило за полночь, жигиты Баймурата, закинув петлю на юрту Тевкелева, стали разбирать ее, тут прискакал гонец из ханской орды, крикнув: «Погоди батыр, твоих двух жигитов освободили», – остановил Баймурата». 

c3ac7676de83fa046fc688473c5e5497.jpg

Тевкелевтің Баймұратпен алғаш кездесуі кейбір деректерде былай суреттеледі: елші киіз үйге кіріп ханға бара жатқанда оның жолын жасыл барқыттан киген халатты қазақ кеседі. Бұл қазақтың оң жақ көзі шарасынан шығыңқы Баймұрат еді. Баймұраттың шығыңқы көзі елшінің өңмеңінен өтті. Олар бір-біріне үнсіз қарап тұрды. Баймұрат иығын елшіге қарай қозғап, өзін әрең ұстап, қарлыққан үнімен: «Сен өз дініңді сатқан біздің далаға неге келдің? Біздің киіз үйде нең бар?» деп ақ саусақтарымен күміспен қапталған қамшысын қыса түсті. Төрде отырған хан: «Тоқтат, Баймұрат!» деп айқай салды [4, 59-б]. Баймұрат батыр Әбілхайыр ханның қаза болғанын естіп, 1748 жылдың қазан айында анасы Бопай ханымға бара жатқан Нұралы сұлтанға (болашақ кіші жүз ханы) ерген 12 (он екі) адамның бірі болып көңіл айтуға хан ордасына барады. Кейін Баймұрат батыр хан кеңесінің мүшесі атанып, қазақ жерін қорғауда асқан ерлік көресткен дара тұлғаға айналады. 

Баймұрат батыр туған жерін қорғауда асқан ерлік көрсеткен тарихи тұлға және Қазақ хандығы заманында беделді би болғанымен белгілі [5, 65-б]. Совет дәуірінде А. Сергеевтің 1980 жылы жарық көрген «Петербургский посол» романында Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты тарихи оқиғалар туралы баяндаған. Сол оқиғалардың бел ортасында болып белсенді қатысқан басты кейіпкер Баймұрат батыр болды. Бірақ, аталған роман КОКП идеология заманына байланысты Қазақстанның Ресейге қосылуына байланысты қарсылық білдірген Баймұрат батырды автор бір көзі соқыр, жағымсыз кейіпкер етіп бейнелеген. Шын мәнінде Баймұрат соқыр емес, керісінше сұлу жігіт болған, тек бір аяғы ақсақ еді. 

Енді батырдың ұрпақтарына келсек, Баймұрат батырдың 5 баласы болған. Балаларының ішінде Қара, Байтүгел, Алаң батырлықтарымен аты шығады. Қара батырдан Тоғызақ, одан Әлмембет, Әлмембеттен Көкір батыр дүниеге келеді. Қазіргі Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра бойында Көкір батырдың атында Көкір сайы, Көкір жары және Баймұрат батырдың тағы бір шөбересі Махамбет атында жер бар. Қалмақ қызынан туған баласы Алаң батырдың кенжесі болған. Алаң батыр қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданында өмір сүрген. Баба бейіті қазіргі Қызылорда облысы Сырдария ауданының Мыңшоқы деген жерінде. Алаң батыр жауға шапқанда «Баймұрат» деп ұрандап шығады. Содан кейін бүкіл жаппас пен алтын елінің ұраны «Баймұрат» болған. 

Батырдың «Алаң» деп аталу себебі былай болады. Бірде Баймұрат батыр жорықта жүріп тұтқынға түскен бір қызды көреді. Ол қалмақтың ханының қызы еді. Содан Баймұрат батыр қыздың қасына келіп: «Атыма мінгес», – дейді. Сонда қалмақтың қызы: «Жаппас Баймұрат батыр және де тағы да басқа батырлардың аттарын атап, олар болмаса мен мінбеймін!» – деген екен. Біраздан кейін Баймұрат батыр екенін біліп, оған үйленеді. Қалмақтың қызы жүкті болғанда, Баймұрат батыр оны тастап кетеді. Тек айтқаны: «Балам өскен соң қазақтарға қайта апарып қосарсың», – дейді. Осыдан бастап әйелі алаңдап күтіп жүрген соң, туылған баланың атын Алаң деп қояды. Ал Нағи Ілиясовтың баласы Ринат Нағиұлының дерегінде: «Баймұрат батыр қалмақтың қызын алып кетеді, онда қалмақ қызы жүкті болғанда еліне кашқысы келеді. Оның бұл ниеттерін байқаған Баймұрат батырға: «Мен елімде туып, баламды қазақтарға қарсы қойып өсіргім келген» деген ойын айтады қалмақ қызы. Баймұрат батыр қалмақ әйелінің алаңдап күтіп жүрген соң, туылған баланың атын Алаң деп қояды және оны бәйбішесіне беріп, нағашысын найман деп өсіреді». Алаң батыр болып өседі. 

Алаң батыр Сыр бойында қоныс теуіп жүріп, қалмақ пен қарақалпақтармен соғысады. Бірде жорыққа шығарда рубасылар өздерінің ұрандарын айтып шығамыз деп ақылдасады. Соғыс басталған кезде Алаң батыр Баймұрат бәйбішесінің баласының қолындағы туды жұлып алып, әкесінің атын айтып «Баймұрат, Баймұрат» деп ұрандап қарақалпақтарға қарсы шаба жөнеледі Қарақалпақтар қазақтардың осы соққысынан «Жиденің ағашы қазығымыз, түйнегі азығымыз еді» деп Сыр бойынан қуылған. Кейбір деректе қарақалпақтар қашып бара жатқанда Сырды қимай, «жидесі балаларымыздың азығы еді, бұзауымыздың қазығы еді», – деп еңіреп кеткен делінген. 

Алаңнан Маймақ дүниеге келеді. Маймақ батыр Кенесары ханның серіктерінің бірі болған, сондықтан ол кісіге риза болған Кене хан оған датқа атағын береді. Маймақ датқадан Мүсілім дүниеге келеді. Мүсілім қарапайым шаруа болған, кейін екі көзінен айырылған екен. Мүсілімнен Жәрімбет батыр-ұста дүниеге келеді. 

Жәрімбет батыр-ұста кезінде генерал-губернатор В. Перовский Жәрімбет ұстаны мықты шебер екенін естіп, жолбарысқа ауыздықты алтыннан жасап беруді тапсырады. Жәрімбет ұста алтыннан жолбарысқа ауыздықты жасап береді. Содан кейін ауыздықты жолбарысқа салып оны тірідей алдыма алып кел деп тапсырады. Жәрімбет ұста жолбарысты алдына алып келіп, жолбарыстың көзінің орнына асыл тастан көз жасап береді. Генерал-губернатор В. Перовский Жәрімбет ұстаның жұмысына ырза болып қалады. Жәрімбет елде батырлығымен, өте беделдігімен аты шығады. 

Бірде Сыр бойының белгілі азаматы Дәуітбаев Төлегеннің әкесі біреудің Алуа есімді әйелін алып кетеді. Сосын дау-жанжалдан сақтану үшін алып келе жатқан келіншекті батыр Жәрімбет ұстаның үйіне түсіреді. Ешкім батыр Жәрімбет ұстаның үйіне баруға бата алмайды, сөйтіп Алуа ару Дәуітбай шаңырағында қалады. Батыр Жәрімбет ұстаның бейіті Қызылорда облысы Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылының манайында. Жәрімбет ұстадан Ілияс ұста (18?-1929/30) дүниеге келеді, ол кісі жаппай қуғын-сүргін заманда қайтыс болады. Ілиястан Нағи (1920-1987) – Совет Одағының Батыры дүниеге келеді [6]. Нағиді жас кезінде ауылдың ақсақалдары түп нағашылары қалмақтың елі болғандықтан «қалмақ» деп, әулетін «шұбарлар» «шұбар төс» деген екен. 

4a9853b12a7b779588f0bf20563cae95.jpg

Нағи Ілиясов 2 Украин майданы, 46 армия, 99 атқыштар дивизия, 473 атқыштар полкісінің 2-дивизионының барлау бөлімінің командирі болған. 1945 жылы Мәскеуде Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадына қатысты. Нағи Ілиясов 1972-76 жылдары Сырдария ауданы «Комсомол» совхозының директоры, 1976-81 жылдары облыстың еңбекке орналастыру және жұмыспен қамтамасыз ету мекемесінде басқарушы болып істеді. Өзі басқарған шаруашылыққа 1992 жылы Нағи Ілиясов аты берілді [7, 536-б]. 

ХІХ ғасырдың І жартысында Баймұрат батырдың ұрпағы Игібай батыр қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданында өмір сүрген. Бұл кісі Қоқан бектерінің озбырлығына қарсы шығып ерлік көрсеткен. Бір күні Қоқанның бегі Сыр бойының он шақты батырын бір жиынға шақырады. Бектің шақыруына жылкелді жаппас Құрақ батыр (1810-1882), баймұрат жаппас Игібай батыр және т. б. Сыр бойының батырлары барады. Өкінішке қарай, қалған 8 батырдың есімі ұмытылып қалған. Батырлар бара жатқанда: «Бізді бек бекәр шақырған жоқ, у беріп өлтіруі мүмкін» деп ойланады. Құрақ батыр: «Барғанда бектің тағамын ішпеңдер», – дейді. Бектің ордасына келгенде оларға өзбектің шалап деген тағамын береді. Сонда баймұрат жаппас Игібай батыр: «Ішіп көрейін» – деп, ұрттайды да заматында өледі. Қасында отырған Құрақ батыр: «Ішпе!» деп Игібай батырдың қолынан қағып жібереді. Кейін Құрақ батыр айтып жүреді: «Уланған Игібай батырдың қолынан қағып жіберген қолым 3 жыл тулап жүрді. Игібай қатты уланған еді» деп. Игібай батыр құлағаннан кейін, Құрақ батыр және т. б. қоқандықтармен ұрыса кетіп, қоқандықтардың біреуін де қалдырмай қырып жіберген. Сыр бойының батырлары бұл жиынға жалғыз бармаған, әр батырдың қасында жігіттері болған. Қазіргі уақытта баймұрат жаппас Игібай батырдың ұрпақтары Қызылорда облысы Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында тұрады. 

ХХ ғасырдың Екінші дүниежүзілік соғысқа да Баймұрат батырдың ұрпақтары қатысады. Баймұрат батырдың ұрпақтары Боқанов Мырзабек (1902-1944), Әміров Қали, Әміров Әли, Әміров Сейіткәрім, т. б. майданда ерлік көрсетеді. Қазіргі кезеңде Баймұрат батырдың ұрпақтары Сыр бойын мекен еткен, нақтылай айтсақ, қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданында үлкен бір қауым ел болып отыр. 

«...Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, жанын пида еткен шейіттерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы...» – деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Сол сияқты қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар. Сондықтан, біздер кейінгі ұрпақ, кезінде халық мүддесін қорғап батырлығымен ел құрметіне бөленген Баймұрат батырдың және оның батыр ұрпақтарының есімдерін ұмытпауымыз керек. Осы қарекеттің тек Баймұрат батырдың әулеті үшін емес, халқымыздың тарихын терең ұғынуға, оған жаңаша көзқараспен қарап, баянды болашақтың иелері – жастарды отансүйгіштікке және рухы биік азамат етіп тәрбиелеуде аса маңызды. 

Бақытжан Ахметбек, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 

1. Ж. Бейсенбайұлы. Қазақ шежіресі. 2-т. – Алматы: Атамұра, 1994. – 151-б. 

2. Т. Дайрабай. Сырдың сырлы сыры. – А.: Арыс, 2005. – 199 б. 

3. Ә. Кекілбаев. Он екі томдық шығармалар жинағы. 4-т. – Алматы: Өлке, 1999. – 194-б. 

4. Қ.Табылдиев. Қазақ батырлары. – Астана. Фолиант, 2008. – 59-б. 

5. Қазақ ұлттық энциклопедия.  2 том. – Алматы, 1999. – 65-б. 

6. Б. Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда қаласының тұрғыны, Баймұрат батырдың неменесі, Совет Одағының Батыры Нағи Ілиясов (1920-1987) ағамыздың зайыбы 1927 ж.т. Гүлбаршын апайдың берген мәліметі ауыл тұрғыны, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ студенті Қожахметов Серіктен алынған. 

7. Сыр елі. Қызылорда облысы энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 2005. – 536-б.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?