Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Атом қаласы атанған - Курчатов

2484
Атом қаласы атанған - Курчатов - e-history.kz

Сурет: https://factum.kz/2019/88061/

Биыл Семей полигонының жабылғанына – 30 жыл. Қазақ халқына қайғы, қасірет әкелген ядролық қаруды жабуға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 1991 жылдың 29 тамызындағы «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы негіз болды. Содан бері атом қаласы атанған Курчатов бейбітшіліктің символына айналды. Полигон алқабы отандық ғалымдардың арқасында радиациядан залалсызданып, төңіректегі радиация деңгейі төмендеді.

Надежда – Мәскеу-400 – Семей-21 – Курчатов

Бір кездері кеңес халқына құпия болған қала бүгінде, қаңырап бос қалмаса да, бұрыңғы әскери тіршілігінен ажыраған. Бұрынғы әскерилердің орнына жаңа қоныстанушылар көшіп келген. 74 жыл бұрын, бұл төңіректе әскери-өңдірістік база тұрғызылды. Симферополь қаласындағы 52506 санды маманданған әскери бөлім Омбы арқылы күллі техника жабдықтарымен кемелер мен баржаларға тиеліп, Ертіс арқылы қазіргі Курчатов қаласына жеткен. 1947 жылғы 3 қыркүйекте КСРО Қарулы Күштері Бас штабының бұйрығында осы жерде 1 генерал, 264 офицер, 47 сержант болғаны көрсетіледі. 

IMG_2189.JPG

Алғашында әскери қалашық «Надежда» болып аталады. Кейіннен «Мәскеу-400» есімі беріледі. Қалашықтың сыртқы өмірмен қарым-қатынасын, осы жердегі тірлігін Қауіпсіздік комитетінің арнаулы бөлімі бақылаған. Яғни бір кездері қала жабық қала болған. Тіпті төңіректегі ауыл халықтары да атом қалашығы туралы аңыз-әфсанаға да сенбеген. 

IMG_2203.JPG

Әскербек Омарбекұлы, Курчатов қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ардагер теміржолшы: Мен полигонның барын 1963 жылға дейін білген жоқпын. 1963 жылы әскерге барғанда Абай ауданының балалары бізбен бірге әскерде болды. Сол балалардан алғаш естідім. Осындай бомба тексеретін әскери қалашық бар екен. Онда бомбаның түрлі сынағын өткізеді екен деп. Кейін Аягөзден Курчатов қаласына жұмыс бабымен ауысып келдім. Ол уақытта қала жабық болатын. Тіпті жақын туысқандырымыздың өзі бұл қалаға оңайшылықпен кірмейтін. Әскерилер көп тұратын.

1960 жылы қаланың аты Семей-21 болып ауыстырылды. Кейінірек сол жерде тұрып, жұмыс істеген, совет ядролық бағдарламасының атақты басшысы Игорь Курчатовтың құрметіне қаланы Курчатов деп атады. Курчатов – кеңес атом бомбасын бірінші ойлап тапқан адам.  

IMG_2193.JPG

Қала тұрғындарының айтуынша, совет одағы кезіндегі әскери қалашықтың дүкендерінде молшылық болатын. Не керектің бәрі болған. Тіпті шетелде өсетін жеміс-жидектің барлығы осы қаладан табылатын. Совет одағы ыдыраған кезеңнен бастап, қала күйреу жолына түсті. 1991 жылдың 29 тамызынан полигон жабылды. Әскерилер үйлерін тастап, Курчатовтан кете бастады. Кейіннен көптеген ғимараттар қаңырап бос қалды. Көбісі қирады. Полигон тоқтаған соң, көп адам жұмыссыз қалды. Өте ауыр кезеңдер болды.

Қырмызы, Курчатов қаласының тұрғыны: Біз жолдасым екеуміз шопан болдық. Полигон алқабынан 15-20 шақырым төңіректе мал жайдық. Көтерем болған малдарды Курчатов қаласындағы колбаса цехына әкеліп тапсыратынбыз. Ол уақытта қалаға кіріп-шығу қиын болатын. Арнайы пропускі берілетін. Қала сондай тап-таза жинақы болатын. Ылғи әскерилер жүретін еді. Өзінің кинотеатры, универмагі, мәдениет үйі, кітапханасы, демалыс орындары болатын. Көшелерінде гүлдер жайқалып өсетін. Үйлері қандай тамаша еді. Қызығатынбыз. Бірақ осы қаланың әскерлері мен оциферлері қазақ даласына атом бомбасын жарып жатқанын қайдан білейік. Бірақ олардың да кінәсі жоқ қой. Жоғарыдан келген тапсырманы орындаушылар ғана.

IMG_2162.JPG

Қазір Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық жұмыс атқарады. 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қаулысымен 1992 жылдың мамырында ҚР Ұлттық ядролық орталығы құрылды. Әу бастағы орталықтың мақсаты ядролық инфрақұрылымды залалсыздау, салдарын жою, әскери кешенді конверсиялау еді. Осыдан кейін бейбіт атомды, энергетиканы дамыту үшін кадрлар даярлау болды.

IMG_2175.JPG

Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми қызметкері, Медет Рысқалиұлы Қазақстан тарихы порталына полигон аумағының қазіргі радиациялық жай-күйі туралы айтып берді. Оның айтуынша, жыл соңына дейін полигонның аумағының соңғы 2500 шақырым аумағы залалсызданады.  

3.JPG

- Семей полигонының аумағы  18500 км. Сол аумақты 2008 жылдан бері ҚР Ұлттық ядролық орталығы радиациядан тазарту жұмыстарын жүргізіп келеді. Барлық шаруа мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып келеді. Сондай-ақ орталықтың ғалымдары полигон аумағының радиациялық қауіпсіздігін кешенді түрде де зерттеп келеді.  Жыл сайын әрбір полигон алаңдарын зерттедік. Биыл жалпы аумақтың соңғы 2500-ы қалды. Бұл жұмыстар былтыр басталды. 2500 шақырым биыл бұйыртса, аяқталады. Жылдың аяғында. 

5.JPG

Бұл жұмыстардың ең басты мақсаты осы қазіргі радиялық деңгейін, қазіргі жағдайын, қазіргі табиғатқа зиян келтірген радиялық қалдықтары қанша мөлшерде екендігін зерттеп, толық анықтама алу. Толық және кешенді зерттеулерге ауа, топырақ, су, өсімдіктер, жануарлар жатады. Олардың сілтемелері алынып, оларға зерттеулер жүргізіледі. Осы жұмыстардың  қазіргі уақытта болжам бойынша, 80 пайызға дейіні зерттелді - деді М. Рысқалиұлы. 

Ең алғашқы ядролық жарылыс жасалған жер - «Тәжірибе алаңы»

1949 жылдың 29 тамызында Курчатов қаласынан 70-80 шақырым жердегі «Тәжірибе алаңы» аумағында алғашқы сынақ жарылыстары іске асырылды. Бомбаның қуаты 22 килотоннаны құрады.

2.JPG

Ядролық тәжірибелер үшін Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағынан 18500 шақырым жер бөлінген. Ядролық жарылыстар 1949 жылмен тоқтамады. Жер асты, жер үсті, су асты әдістерімен жарылыстардың небір түрлерін жасады. 1951 жылы 18 қазанда уран бомбасы, 1953 жылы 12 тамызда 500 килотонна болатын сутегі бомбасы сыналды. 40 жыл ішінде жоғарыда аты аталған облыстардың аумағында үздіксіз түрде 470-ке жуық сынақ жүргізілді. Осы уақыт аралығында жасалған жарылыстардың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе күшті. Түрлі есептеулер бойынша, Қазақстанда полигон сынақтарынан 1500000-нан астам зардап шеккен.

Әсіресе сынақ жарылыстары бұрынғы Семей облысының Абыралы өңірі мен Абай ауданына қатты зиян келтірілді. Аталған аудандардың бай флорасы мен фаунасы жойылып, түрлі тарихи оқиғалар өткен ғасыр куәсі болған жерлер полигон атырабында қалып қойды. Қаншама жасанды көлдер пайда болды. Солардың бірі Курчатовқа жақын – Атом көлі.

1.JPG

1965 жылдың 15 қаңтарында Семей полигоны аумағында Шаған мен Ащысу өзендері тоғысқан жерде алғашқы өнеркәсіптік жарылыс жасалды. Бұл жасанды шұңқыр қуаты 140 килотонна термоядролық жарылыс нәтижесінде пайда болған. Атом көлінің диаметрі - 400 метр, тереңдігі - 100 метр.

Курчатов қаласынан түсірілген фоторепортаж сілтемеде.

Фотосуреттер автордікі

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?