Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Маман ашаршылықтың басты себептерін атады

1405
Маман ашаршылықтың басты себептерін атады - e-history.kz

XX ғасырдың басы қазақ халқы үшін аса ауыр кезең болып есте қалды. Сондай нәубетті кездің бірі - ашаршылық. Тәуелсіздік алғаннан бері бұл тақырыпқа байланысты әртүрлі пікірлер айтылып келеді. Жалпы қазақ елі қырғынға қалай ұшырады? Ашаршылыққа ұшырауының себебі неде? Нені біліп, нені білмей келеміз? Осы және басқа да сұрақтардың төңірегінде ҚР Ұлттық музейінің Қазақстан тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері Ләззат Әлжаннан жауап алып көрдік.

- Тәуелсіздік жылдары тарихымызға жаңа өзгерістер еніп, түрлі көзқарас қалыптасты. Жалпы еліміздегі ашаршылыққа қалай тап болдық?

- Бұл оқиғалардың барлығы Ресей империясының құлдырауынан кейін басталды. Бәріміз ашаршылық кезеңі 1931-1933 жылдарда ғана болды деп есептейміз. Бұлай есептеуіміз дұрыс емес. Ашаршылықтың басы 1916-1918 жылдардан басталды. Бұл кезеңде Патша билігінің жазалаушы отрядтарының өктемдік көрсетіп, бірінші дүниежүзілік соғыстың өршіген уақыты. Соның кесірінен жергілікті халық қатты зардап шекті. Деректерге көз жүгіртсек, кем дегенде 1,5-2 млн адам қырылған. Бұл кезеңдегі ашаршылықтың тағы бір себебі - табиғаттың тосын мінезі, яғни, құрғақшылықтың болуы. 1917 және 1920 жылдар аралығында ел өңіріндегі халық саны 6 218 300 адамнан 4 679 795 адамға дейін кеміді. Үшінші себебіне келсек, құрғақшылықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді.


1920 және 1923 жылдарыы жүргізілген ауыл шаруашылығы санақтарының және Қазақстандағы жерге орналастыру мөлшерін белгілеген экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецовтың мәліметінше, 1921 жылғы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған. Кейбір елді мекендерде нәубет халықтың 100 пайызын қамтып, олар түгелдей дерлік босып, біразы атамекенінде қырылып қалған. 1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жалаңаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 мың болса, сол жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жеткен.


- Ашаршылықтың басты себептері қандай? Кеңес билігі орнағаннан кейінгі халыққа жасаған реформаларының кесірі деуге бола ма?

- Мәселен, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75 пайызға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам мерт болған. Голощекин кезеңінде, 1931-1933 жылы болды. Оның басты себебі - сталиндік-голощекиндік реформа, шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жоюы себеп болды. Көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын тіршілік көзінен айырып, жаппай және күшпен отырықшыландыру науқанын жүргізу әсерінен болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін толықтай орталыққа тасып әкету. Еш негізсіз және қасақана салықтарды салу, оларды көбейту. Өздеріңіз білетіндей, жөнсіз соттау мен қудалаудың көбейгенінен деп айта аламын.


- Бұл қасірет болмағанда қазақ саны бұрынғыдан әлдеқайда көп болар еді деген пікірлер айтылып жүр. Демографиялық тұрғыда қаншалықты әсер етті?

- 1900 жылы 12 миллион болған Түркия халқының саны қазір 90 млн-ға жуықтады. Сол кезде қазақтардан саны екі еседен де аз өзбектерді көріп отырсыздар. Саны 30 млн-нан асып кетті. 1917-1926 жылдары санымыз 10-13 млн-ға жеткені туралы мәлімет бар екенін жоғарыда келтірдік. Ал біз сол санға енді ғана жеттік. Жүз жылдан кейін – 2018 жылы қарашада 12 млн 250 мың қазақ болдық. Жоғарыдағыдай нәубеттерден аман болғанда кемі 50-60 миллионнан асатынымыз даусыз еді.


Ең алғашқы 1916-1918 ашаршылық кезінің өзінде елден 300 мыңға жуық қазақ сырт елге қоныс аударды. Атап айтқанда, Қытайға, Ауғанстанға, Түркияға және оңтүстік облыстарға ауып кетті. Ал 1920 жылдың өзінде 2 миллионнан астам адам қырылған. Бұған қарап қазақ халқының көп кемігенін көреміз. Қазақтардың күнкөріс қамын қамтамасыз еткен мал шаруашылығы да оңбады. 1933 жылдың басында қазақ даласында бұрын болған 40,5 миллион бас малдан 4,5 миллион бас мал қалған деген дерек бар. 1932 жылы тамызда ҚАССР Халық комиссарлар кеңесінің төрайымы У.Исаева Сталинге: 1929 жылымен салыстырғанда бірқатар қазақ қоныстанған өңірлердегі халықтың жартысы жоқ. Өңірдегі шаруашылықтардың мөлшері 1931 жылға салыстырғанда 23-25 пайызға төмендеген деп жазған. Бұл аштық болмағанда санымыз қазіргіден екі есе көп болары сөзсіз. Бірақ болған оқиға өтіп, тарих жазылып қойды.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Олжас Адай

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?