Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елордада Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші ашылды

1701
Елордада Жұмабек Тәшеневтің ескерткіші ашылды - e-history.kz

Бүгін елордада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында әскери-тарихи музей жанындағы алаңда мемлекет қайраткері, ұлт батыры Жұмабек Ташеневке ескерткіш қойылды.

Ескерткіштің ашылуына мемлекет және қоғам қайраткерлері, Тәшеневтің ұрпақтары, елорда тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Мырзатай Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов ашты.

«Бүгін көрнекті мемлекет қайраткері, еліміздің гүлденуіне үлкен үлес қосқан Жұмабек Ташеневке ескерткіш ашып отырмыз. Осыған дейін Нұр-Сұлтанда ұлы тұлғамызға көше аты берілген болса, жуырда мектепке есімі қойылды. Енді міне кезек ескерткішке келіп отыр. Ағамыздың мүсіні комиссия мүшелерінің, зиялы қауым өкілдерінің, ұрпақтарының келісімімен құйылды. Дәл сондай-ақ ескерткіштің тұрған орны да мүдделі тараптардың келісімімен таңдалды. Бүгінгі елорда отанымыздың тек саяси ғана емес мәдени және рухани ордасы. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтанда еліміздің танымал тұлғаларына арналған бірқатар ескерткіш ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында пандемияға қарамастан еліміздің руханиятын көтеретін бастамалар ары қарай да жалғаса береді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов.

Ескертіштің ашылу салтанатында сөз алған экс-сенатор Оралбай Әбдікәрімов ұлт қайраткерін жергілікті билік көзге елемесе де, халқы әрқашан оның ерлігін ұмытпай, ұлықтап келеді деді.

705e6055ab9392c422f8759001635968.jpg

«Жергілікті билік елемесе де, Жұмабек Тәшеневті халық қолында ұстады. Бұл ескерткіш біздің тәуелсіздіктің символы ретінде тұрады. Ол кісі қайтыс болғанда туған жерге жерлемек болғандар болыпты. Бірақ тірісінде өзі айтқан екен: «Қазақтың қай жерінен топырақ бұйырса да бақыттымын» деп. Сондықтан ол қазақтың бақытты ұлы», - деді мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов.

Ұлт батырының ұрпақтары атынан сөз алған Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы елорда төрінен Жұмабек Тәшеневке еңселі ескерткіш ашылғаны үшін Мемлекет басшысына алғыстарын білдірді.

«Бүгін біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Себебі әкеміздің ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіштің ашылғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына рахметімді айтамын. «Әкеңнің еңбегін неге насихаттамайсың?» деген адамдар көп болды. Нағыз еңбек сіңірген адамды халық өз құрметтейді. Біздің әкеміз тек әке емес, нағыз патриот болғанына қуанамыз. Туған жерінде тұрған ескерткіш қандай керемет. Бәріне рахмет», - Саян Жұмабекұлы.

Жұмабек Ташенев ескерткішінің сәулетшісі – Қ.Қорғанов, мүсінші – Е.Ержанов. Мүсін қоладан, тұғыры граниттен құйылды, ескерткіштің жалпы биіктігі 8,2 метр.

Қысқаша дерек: Жұмабек Тәшенев 1915 жылы 2 наурызда Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Бабатай ауылында (Тана ауылдың кеңесі) дүниеге келген. Бүгінде – Ақмола облысы, Вишневка ауданы, Қойгелді ауылы. 1928-1933 жылдар аралығында Бабатай шаруа жастар мектебінде білім алған. 1947-1948 жылдары Казақ КСР ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің партия және кеңес жұмысшылары басшыларын қайта даярлау курсынан өтеді. 1955 жылы сырттай Жоғары партия мектебін тәмамдайды. Ал 1962 жылы Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады.

94f7c283b63803092695eb4980aa090b.jpg

Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы партиялық және мемлекеттік органдардағы қызметінде өзін жақсы қырынан көрсете білген. 1955-1960 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін атқарған. 1960-1961 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, кейін «жұмысын дұрыс атқара алмады» деген желеумен қызметінен босатылған. Сондықтан да 1961 жылдан бастап Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған. Партиялық және әкімшілік жазаға тартылмаған, сот пен тергеу амалдары жүргізілмеген.

Жұмабек Тәшенұлы билік басында болғанда, экономикалық көрсеткіштер едәуір жақсарды: электр қуатын өндіру 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір – 2, цемент өндіру – 15 есе, аяқ киім өндіру – 4, ет өндіру – 2 есеге т.б. ұлғайған.

Оқи отырыңыз: #ТАРИХАҒАЙ №8: Тәшенев пен Хрущевтің айқасы. Кім жеңеді?

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?