Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Батыс Сібірдің минералды бұлақтары туралы

2144
Батыс Сібірдің минералды бұлақтары туралы - e-history.kz

Николай Васильевич Вершинин ХХ ғасырдың басында белгілі ресейлік ғалым-фармаколог болған. Кезінде ол көп уақытын Батыс Сібірдегі шипажайларды зерттеуге және дамытуға арнады, сонымен қатар аймақтың, оның ішінде қазіргі Қазақстанның солтүстік бөлігінің, емдік көлдері мен қайнар бұлақтарын зерттеді. 1917 жылдың қыркүйегінде Н.Вершинин Томск губерниясы дәрігерлерінің бірінші съезінде баяндама жасады, оның барысында Ұлы даланың минералды суларын да назардан тыс қалдырмады.

Қазіргі Қостанай, Павлодар, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарының бөліктерінен тұратын және түгелдей дерлік Солтүстік Қазақстан облысы кіретін Батыс Сібір аймағы минералды емдік көлдерге, балшықтар мен бұлақтарға өте бай болды. Бұл көлдер мен балшықтар негізінен Батыс Сібір ойпатының оңтүстік бөлігінде және Қазақстанда, ал бұлақтар Алтай жүйесінде болды.

Тобыл және Ертіс өзендері Батыс Сібір ойпатының оңтүстік бөлігін үш бөлікке бөлді: Орал даласы (Орал тауының бөктерлері мен Тобыл өзені арасында), Есіл (Тобыл мен Ертіс өзендері арасында) және Бараба даласы (Ертіс пен Обь өзендері арасында). Бараба даласы оңтүстікке қарай Құлынды және Белағаш далаларына жалғасты. Қазақ даласы Батыс Сібір ойпатының оңтүстігінде орналасты және Ақмола облысын түгелдей дерлік және Семей облысының көп бөлігін қамтыды.

Бұл далалар көлдердің көптігімен ерекшеленді, олардың арасында минералдылары да кездесетін.  Мәселен, Орал даласында Челябинское-Дальнее Сорочье, Ближнее Сорочье, Смолинское, Узково және басқа да минералды көлдер белгілі болды. Есіл даласында Кривинское, Медвежье, Қалибек, Кішіқара, Үлкенқарой, Теке, Селті теңіз және басқалары белгілі болды. Әсіресе, Бараба, Құлынды, Белағаш және қазақ далаларында көлдер көп болды. Мәселен, Бараба даласында Карачинское, Селитрянное, Шабақты, Абышқан, Чаны, Аткөл, Устьянцев, Зозинское, Убинское және басқа көлдер, Құлындыда - Люблинское, Солоновка өзені бар Кучук, Белағаш даласында - Горчины көлі, ал қазақ даласында - Қалқаман, Эбенты, Балпаш, Бурабай және Барнаул көлдері танымал болды.

Төмендегі кестелерде көрсетілгендей, бұл көлдер химиялық құрамы бойынша тұзды (жартылай тұзды), ащы, сілтілі және сілтілі-глауберліге жатқызылған.

d21061e2c959a5a5c350aa93e1071bce.png

1c52ee8932c9768b6e3f5f916c5d40cd.png

Карачинский, Кривинский, Медвежье, Горчины көлдерінің және Солоновка өзендерінің түбін күкіртті сутегінің иісін шығаратын қара, мақпал тәрізді, майлы, жұмсақ лай балшық басқан. Бұл көлдердің тұнба балшығында темір, алюминий, кальций, магний, калий, натрий, аммиак, сондай-ақ кремний, күкірт, тұз, фосфор және көмір қышқылдары болды. Минералды заттардан басқа оның құрамында органикалық заттардың да едәуір мөлшері болған. Ол кездері Сібір минералды балшықтарыны толық физикалық және химиялық зерттеу жүргізілмегенімен, бірақ Вершининнің баяндамасына сүйенер болсақ, бұл балшықтар Қара теңіз жағалауында орналасқан Куялницкий және Хаджибей көлтабандарының жан-жақты зерттелген балшықтары сияқты емдік мағынадағы маңызды қасиеттерге ие болған деп болжанады.  

Алтай жүйесіндегі ең әйгілі минералды бұлақтар құрамында не бір ғана көмірқышқыл газы немесе күкіртті сутегі де бар газды акратотермдер тобына жататын. Бұларға Рахмановский, Березовский және Белокурихинский қайнар көздері кірді. Олар өте әлсіз минералданумен ерекшеленді. Мысалы, Рахманов бұлақтарында бір литр суда 0,15 гр ғана қатты қалдық болған; Белокурихинскийде біршама жоғары -  0,29 грм.  Орташа алғанда, бұлақтардың температурасы мен олардың газдану дәрежесі төмендегідей болды:

ea494719ef02f8cca58a619b05682839.png

Бұл сулардың қатты қалдықтары кальций, магний, натрий, калий, темір, алюминий, сонымен қатар күкірт, тұз, кремний және басқа да қышқылдардан тұрды. Әлсіз минералдану, олардың құрамы мен дебетінің тұрақтылығы бұл сулардың балқытылған металл немесе магма саласында пайда болған жердің терең қойнауынан шығатынын көрсетеді. Ол кезде Алтай акратотермалары нашар зерттелген болатын, бірақ соған қарамастан, ғалымдар олардың шығу тегі мен емдік күші бұл акратотермдерді физикалық қасиеттері тұрғысынан жақсы зерттелген шетелдік Gastein, Wildbad және басқа да акротермдер қатарына жатқызуға болады деп санаған.  

Бұлақтардың минералды суы ішке және ванна түрінде сыртқа қабылданды.  Көл суы тек ванна түрінде және шомылу үшін ғана қолданылды. Батыс Сібір суларын қолдану көрсетілімдеріне келетін болсақ, олар аталған типтегі барлық суларға ортақ болды.

Батыс Сібірдегі барлық емдік орындардың ішінде шипажайлық жабдықтар тек Карачинское көлінде ғана болған. Карачинское көлінде балшық және тұзды ванналарға арналған екі ванна ғимаратынан тұратын теміржол медициналық мекемесі болды. Тұзды ванна ғимаратында шомылуға арналған бассейн болған. Теміржол шипажайынан басқа, көл басында Щеглов, Малиновский және Меленис деген кәсіпкерлерге тиесілі жеке бассейндер болған. Щегловтың емдік мекемесінде тұзды және балшық ванналар қызмет көрсеткен.

Басқа көлдерде қарапайым емдеу әдістері қолданылған. Мысалы, Кривинское көлінде жалға алушылар ванна жайларының бірін балшықтан, екіншісін – кеспелтек ағаштардан, үшіншісін бөренеден салған. Бұл үй-жайларды «шипажай» деп атаған. Ванналардың тағайындалуы, ұзақтығы емдеу курсының өзі толықтай жалға алушыларға (екі шаруа мен роталық фельдшерге) тәуелді болған. Кривинское көліне келген науқастардың қайсысы болмасын емделу кезінде дәрігердің нұсқауларын сирек қолданған. Әдетте науқас өз қалауы бойынша немесе курорттық науқастардың кеңесіне сүйене отырып емделді. Науқас күніне 10 рет шомылып, осы уақыт ішінде жеңілдік көрмеген соң, келесі күні «көл ауруыма шипа емес екен» деп шешіп, кетіп қалған жағдайлар да болған. Кривинское көлінің жанында орналасқан және одан әлдеқайда үлкен Медвежье көлінде (көлемі 60 верст) тіпті емдеуге арналған құрылғылар да болған жоқ. Онда науқастар денелеріне балшықты жағып, күнге кептіріліп отырған, содан соң барып көлге шомылған, міне, бар ем осы ғана. Көпшілігі тезірек емделу үшін бұл процедураны күніне бірнеше рет қайталаған.

Емдік акротермалар ретінде бұрыннан танымал болғанына қарамастан, алтайлық акротермалар да қарабайыр пайдаланылды. Мысалы, Рахманов бұлақтары XVIII ғасырдың ортасында ашылды, алайда ХХ ғасырдың басында осы бұлақтарға апаратын тіпті доңғалақ жолы да салынбаған. Жол келесідей болды: Берелі ауылынан 30 верст атпен салт жүруге тура келді, ал бұл екінің бірінің қолынан келе қоймасы анық. Осындай ауыр жолды жүріп келген науқас бұлақ басындағы қарабайыр «қонақ үйге» келіп жетеді, ол, біреуі 19 адамға арналған, екіншісі екі адамға арналған, екі қарапайым үйден тұрады.

Бөлмелерінің іші тар әрі жайсыз болған. Кедір-бұдыр қабырғалары балшықпен сыланып, ағартылған. Төбесі төмен, едені лас және үңірейген тесіктері бар, кереуеттердің орнына жалаңаш тақтай төсектер қойылған. Осының бәрі науқастың ұнжырғасын түсіріп, психикалық тонусын күрт төмендетіп жіберетін. «Қонақ үйден» басқа, 40 адамға арналған казармалар болды, олар ерлер мен әйелдерге арналып іргелі қабырғамен бөлінді, терезелері жоқ және төсек-сәкінің астында еден де болмаған, казарманың ортасында темір пеш тұрған. Бұл ғимараттар сыртынан да, ішінен де тозығы жеткен, әрсіз және жұпыны, іші сыз және жан-жағынан жел соғып тұратын. Маусым қызған шақта бұл үй-жайлардың ешқайсысы бос болмаған, тіпті казармалардың өзінде бос орын болмаған. Сондықтан да кейбіреулер өздерімен киіз үй немесе шатыр әкеліп, бұлақ басына орнатқан. Климаттық жағдайларға байланысты бұндай үй-жайлар науқастарға жарамайтын. Рахманов алқабы климатының қатал болғанын айта кету керек.  Орташа температура біршама төмен болған. Ауа-райы қолайлы болса да, маусым кезіндегі температура құбылмалы болып, күн мен түннің арасындағы температурада үлкен айырмашылық болатын.

Науқастарды алыстан тартқан емдік бұлақтарға келетін болсақ, олардың терапиялық маңызы зор болды, дегенмен ол кезде тек 6 бұлақ қана пайдаланылды (ең қарабайыр түрде). Олардың біреуі ішуге арналса, ал қалғаны ванна түрінде, сыртқы қолдануға арналған. Бұлақ суын әртүрлі ауруларға, әртүрлі уақытта және өлшеусіз ішілді. Ванналар бұлақтардың жер бетіне шығатын жерлерінде орналастырылды және тасты топырақта жасалған, іші тақтаймен қапталған және әрқашан минералды сумен толтырылған ойықтар тәрізді болды. Олар қоймаға ұқсайтын жабық үй-жайда орналасты. Әрқайсысы екі адамға арналған осындай бес ванна болды. Ваннаға бір немесе екі науқастан отырды. Су ағып кетіп отырғанына қарамастан, ваннадағы су баяу жаңаратын, қандай аурумен ауырған науқастан кейін болса да, ванна тазартылмайтын, сондықтан бұндай ваннаны қабылдауға екінің бірі тәуекел ете қоймайтын. Онда ешкім де ванна қабылдау уақытын, тәуліктік шомылу мөлшерін көрсетпейтін, сондықтан науқастар өз қалауы бойынша ванна қабылдай беретін. Ваннаны күніне бір реттен төрт ретке дейін, кейде одан да көп қабылдап, ішінде 10 минуттан 1 сағатқа дейін кейде одан да көп отыратын. Емдеу курсына да шектеу қойылмайтын. Науқастар бұл жерде 5 күннен 15 күнге дейін, кейде бір айдан аса да тұратын. Бұлақтарды осындай қарабайыр қолданғанның өзінде ауруынан жазылғандар болған, алайда шипажай тиісінше жабдықталған болғанда, жазылушылар саны әлдеқайда көп болар еді. Бұл ретте Рахманов алқабы акрототермаларының арқасында ғана емес, сонымен қоса таулы климаттық станция ретінде де бағалы болған.  

Берілген мысалдардан Батыс Сібірдегі шипажайлық кәсіптің ең бастау шағында болғанын көруге болады. Бұл арада Батыс Сібір басқа облыстарға қарағанда жергілікті шипажайлық емделуге мұқтаж болған. Климаты қатал болғандықтан бұл жерде климаттық шипалы сумен емдеуді қажет ететін науқастар көп болған.

Сонымен қатар, Семей округінің округтік инженері Владимирский Вершининнің баяндамасына қосымша Далалық оңтүстік таулы округте орналасқан Көлше көлінің емдік қасиеттері туралы хабарлама жасаған. Инженердің айтуынша бұл көл ас тұзын алу үшін жалға берілген. Ол Ертіс өзенінің оң жағалауында орналасқан.

«Шын мәнінде Көлше көлі тұзды емес, ащы көл, ондағы NaСl небәрі 10% құрайды»,- деген Владимирский.  Көлді жалға алушы глаубер тұзын алу үшін көлді 12 жылға жалға беруді сұрап Тау-кен басқармасына жүгінген, бірақ Тау-кен басқармасы көлде санаторий мен емдік шипажай салу үшін барлық жағдайдың бар екенін көрсетіп, қарсылық білдірген. Бұдан басқа, жергілікті қазақтар Көлше көлінің балшығын бұрыннан пайдаланған және Көлшеден 1,5 верст жерде орналасқан тұщы Шарбақты көліне шомылған. Сол жылдары мұнда керемет құмды жағажай, ал одан 0,5 верст жерде қымызбен емделуге болатын қарағайлы орман болған.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?