Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Абай жолындағы» Дондағұлдың прототипі Боранқұл балуан

2765
«Абай жолындағы» Дондағұлдың прототипі Боранқұл балуан - e-history.kz

Біз дәстүрлі түрде «Қазақ балуандары» деген циклмен алаш топырағынан шыққан әйгілі балуандар жайлы қалам тербеген едік. Осы жолы да бұл жазбамызды одан әрмен жалғастырсақ дейміз.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жарыққа шыққан «Қазақ балуандары» деген  еңбекке негіз сүйей отырып дайындалған, бұл материал әйгілі айтыскер ақын, марқұм Қалихан Алтынбаевтың еңбегінің негізінде даярланып отырғанын қаперлеріңізге сала кетсек дейміз...

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының екінші кітабында Дондағұл есімді сұрапыл күштің иесі туралы айтылады. «Дондағұл Семейдегі бір байпатшаның (көпестің) биіктігі алты метрлік қорғанынан бір месте шайды асыра лақтырыпты» деп жазылған кітапта. Сондағы Дондағұлдың прототипі Боранқұл балуан екенін Қайым Мұхамедханов жазушының өз аузынан естіпті. Енді осыған толығырақ түсінік бере кетейік. Месте орыстың «место» деген сөзінен бұрмаланған. Былғары буманың ішіне 253 кесек тас шай салынады. Сыртындағы бумасын қоса есептегенде месте шайдың салмағы тура 100 килограмм. Шай «Ресей империясының құрметті азаматы» атағын алған, бірінші гильдиялы (дәреже) Шерияздан Мусин атты ноғай көпесінің қорғанынан лақтырылыпты. Сонша биіктен қалай асыра тастаған деңізші. Салмағы екі пұттық кәдімгі кірдің тасын ұзын арқанның ұшына байлайды да, қорғанның ішіне лақтырады. Кір тасы арғы жаққа барып түскенде, керіле тартылған арқаннан ұстап, мысықша өрмелеп, балуан да қорғанның ішіне барып түседі. Еркін күш қойсын ба, қойманың құлпын бұрап тастайды. Әуелі, бір месте шайды қорғанның түбіне апарып, аяғының астына қояды. Екінші местесін оның үстіне жартылай көлбеу жатқызады. Содан соң, бірінші местенің үстіне өзі шығып, көлбеу жатқан местені оң алақанына қондырады да, сыртқа қарай серпіп атып жібереді. Содан соң, бағанағы екі пұттық кірді қайтадан сыртқа лақтырады. Керілген арқаннан ұстап, өзі де сыртқа шығады. Шай алудың операциясы осындай. Күш те, те, әдіс-айла да керек. Сол қасиеттің бәрі Боранқұлдың бойынан табылған. Енді есептей беріңіз. Көзі көрген замандастарының айтуынша, балуанның бойы 1 метр 80 сантиметрден аспаған. Бірақ, денесі құрыштай шымыр, төртбақтау екен. Жолбарыстай шапшаңдығы тағы бар. Аяғының астына тастайтын шай местесінің қалыңдығын жарты метрге санайық. Сонда қорғанның қалған 4,5 метр ұшырмасынан бір центнер салмақты асыра лақтырған не деген қарулы қол, серіппелі бұлшық ет десеңізші. Егер қазіргі кезде туса күрестен, штанга көтеруден неше мәрте әлем чемпионы атанып, спорт дүниесінде жарқырар еді-ау, деп армандаймын кейде. Шай алу жортуылының бір сәтсіз сапарында балуан ақыры ұсталыпты. Апарып түрмеге жапқан. «Кіммен ұрладың? Жолдастарыңды айт» - деп қыспай ма тергеушілер, «жалғыз алдым» дегеніне еш сенбейді. Тіпті болмаған соң «Халықты жиыңыздар, қалай алғанымды көрсетейін» депті балуан. Түрме басшылары бұған келісіп, балуанды айдауылдар жаңа Семей слабодкасындағы Мусин байдың қорғанына алып келсін. Балуан жоғарыда біз айтқан қимыл-әрекетін қайталап көрсетсін. 

Бұл жолғы шай местесінің бумасы бостау болған ба қалай, қорған сыртына барып түскенде шай кесектері шашылып қалса керек…Анталап тұрған қазақтар мен ноғайлар тас шайларды талап әкетіпті. Боранқұлдың қайратына сүйсінген Мусин байпатша ұлықтарға беделін салып, қылмысты істі сотқа түсіртпей, балуанды түрмеден босатып алған. Ерлікті бағалай білген адам да ер ғой, шіркін! Мұхтар Әуезовтің Әбділда Тәжібаевпен бірігіп жазған «Аққайың» атты пьесасы бар. «Қырғын білек» атанған Дондағұл туралы онда да бірнеше жерде айтылады. Ондағы Дондағұлымыз да осы Боранқұл. Бүкіл Семей атырабында Дондағұл есімді өзге балуан болған емес. «Қырғын білек» атану себебі, Боранқұл жаяу төбелесте 20 жігітпен жалғыз айқасатын. Ал ат үстінде 30 адамға дес бермейтін. Демек, оған балуандық пен батырлықтың қатар қонғаны даусыз. Қазіргі спорт тілімен айтсақ, бокс өнерін де жете меңгерген. Мысал келтірейік, 1914-1915 жылдары Өскеменнен Лениногорскіге (бұрынғы Риддер), одан Барнауылға қосалқы темір жол тартылғанын білеміз. Осы жол «Черемшянка» елді мекенінің тұсынан өтерде Боранқұл да Аякөз төңірегінен сонда барып, жол жұмысына орналасады. Жолдың бір учаскесіне құм топырақ тасуды балуан жеке міндетіне алған. Арада біраз күн өтеді. Ғайса дініндегілердің қызыл жұмыртқа мейрамы да жетеді. Араққа желіккен «Черемшянка» селосы жастарының бірнеше қайыққа мініп, ортадағы «Ульба» өзенінен өтіп, қазақ жұмысшылары жатқан казармаға ойран салмасы бар ма. Қырдың момын жігіттерінің үрейі ұшып кеткен. Еш қарсылық көрсетпей, кез-келген қуысқа тығыла беріпті. Келген бұзақылар оларды сирақтарынан суырып алып, сабай бастапты. 

Казармадағылардың ішіндегі ең жасы менің әкем Қалиасқар. Сол кісі казармадан бір шақырым тоғай ішіндегі жеркепеде бөлек тұратын Боранқұлға хабар жеткізеді. Атпен шауып жеткен балуан аттан түсе қалып, дереу бауырларына көмекке ұмтылады. Бір ұрғаны жалпасынан түседі, қайтып бас көтермейді. Қатты қаһарланғанда балуанның бетіне тіке қарау мүмкін емес. Сақал-мұрты тікірейіп, тостағандай көздерінен от шашады. Қойшы, жиырма шақтысы сұлаған соң, бұзақылардың қалғандары қайықтарына міне салып, жан сауғалай қаша жөнеліпті. Жергілікті қазақтарға болысып, Боранқұл дәл осындай батыл әрекетті Өскемен паромында да жасаған. Қайраты қалың-ақ шығар, әрине. Алайда, күшке қоса шеберлік те керек-ау. Өзіне төнген соққыдан жалтарып үлгеретін шапшаңдық өз алдына. Біздің айтқанымызға қарап Боранқұлды бүкіл өмірін төбелеспен, ұрлықпен өткізген деп ойлап қалмаңыздар. Ол бозбала шағында шай местелері үшін түрмеге біраз жатып шыққаннан кейін ұрлыққа  еш жолаған емес. Алайда Семейдің ар жағы мен бер жағының суық жүрісті бұзақылары оны «Атаман» деп танығаны да рас. Негізінен ол жұмыскер адам. Ертіс бойындағы жалдамалы жұмысшы табының алғашқыларының бірі. Семейдің жерінде жүкші болды. Қаладан сәл төменірек, қазақтар «тас қайнатқан» деп атайтын әк шығатын жерде істеді. Бүгінгі Жарма ауданына қарасты Ақжол алтын кенішінде жұмыста жүрді. Теміржол бойында істегенін жоғарыда айттық. Замандастарының сипаттауынша, Боранқұл Ақжолда 1912-1913 жылдары тұрған. Сонда жұмыскерлерге күрестің неше алуан түрін көрсетіпті. Мәселен, қарсыластарының бұлшық етінің жоғары тұсынан шап беріп алады да, сығымдап қыса береді. Сығымына шыдамаған әлгі адам өзінен-өзі жығыла кетеді. Бейне арбалған кісідей не орнынан тапжыла алмайды, не қарсы әрекет жасай алмайды. 

Боранқұл бұл әдісті «Қырым татарларынікі» дейді екен. Ақжолда бір күні Боранқұл мынадай қызық көрсетіпті. Ең таңдаулы сегіз жігітті іріктеп алған. Біреуін алдыңғы жағына, екіншісін сырт жағына тұрғызған. Екі жігітке екі иығының үстінен, екі жігітке қолтықтарының астынан, екеуіне аяғынан ұстатқан. Сөйткен де: «Ал, кимылдаңдар!» деген. Бірақ әлгілерден өзі бұрын қимылдап, үлгертпепті. Екі иығын көтеріп екі жақ сүйегімен кезек-кезек қысып қалғанда, иықтарының үстінен ұстап тұрған екі жігіт: «ойбай, қолымыз сынды» десіп, отыра-отыра қалған. Екі қолтығын қысып қалғанда, екі жігіт құлап түскен. Осы секілді екі аяғын кезектестіре қысып қалғанда, екі жігіт те құлап түскен. Алдындағы жігітті бір қолымен артындағыны екінші қолымен әлгілердің үстіне қоса жығып, өзі ойнақтап шыға келген. Сөйтіп, сегіз жігіт үйме-жүйме болып қалған. Сегіз жігіттің бәрінің бір мезгілде қимылдамауынан, күш біріктіре алмауынан деп түсіңдіреді екен балуан, мұның мәнісін сұрағандарға. Онысы рас та шығар. Алайда, сонымен бірге, балуанның бүкіл дене мүшелерінің түгел шыныққанын, темірдей қаттылығын  да дәлелдейді ғой бұл. Табиғат сүйегіне бітірген мол қайрат бар. Оның үстіне өмір бойы қара жұмыс істеп шымырланған және қолы бос уақытында үнемі жаттығады екен. Балуанды көзі көрген Ақжолдың қарт тұрғыны Күндебай Қалиевті тыңдайық. Ол қолына түскенін маңындағы кедей-кепшіктермер тең бөлісетін жомарт адам болыпты. Өзіне өмір бойы жалғыз атынан басқа мал бітпеген. Тек алып қайратының арқасында ғана күн көрген.Балуанның күресу тәсілі де басқалардан өзгешелеу. Аса бір қысылғанда болмаса, сол қолын іске қоспайды. Оң қолымен киімнің өңірінен бүркітше шеңгелдеп қысқанда, қарсыласының жауырыны қусырылып, бүрісіп кетеді екен. Сол күйінде қапша арқалап алып, иығынан асыра тастайды. 

1913 жылғы күз айында Ақжол кенішінде Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуы мерекеленген. Сонда, Ақжолдың 800 жұмыскері атынан күрес алаңына Боранқұл шығыпты. Қарсыласы Баянды Сәтімбайұлының денесі Боранқұлдан екі есе зор. Сол маңайдағы байлардың ақшасына, тіккен бәстеріне жалданып күресетін. Боранқұл сол балуанды жоғарыда айтқанымыздай иығынан асыра лақтырыпты. Оңбай жығылған әлгі балуан қой сойғызып, сорпаланып, бір ай дегенде зорға оңалыпты. Боранқұл ешуақытта моншаға түспейтін. Денедегі қан-сөлді ыстық сорып алғандықтан әрі күшің кемиді, әрі жүрегің нашарлайды деп есептейтін. Үйінде жәй жылы суға ғана шомылатын. Балуан, тегі, тіл мен көзден де сақтанатын болса керек. Әкем Қалиасқар Алтынбаев айтатын Ақжолда тұрғанда әр кеш сайын Боранқұлдың үйіне барып, арқасын ысқылаушы едік. Денесінің еттері буылтық-буылтық, қатты келетін. Ысқылатар алдында бұдырмақты, жұмырлау тас беретін қолыма. Сонымен арқасын аяусыз ысқылататын. Мен әбден болғанда: «құрыс-тұрысым әбден жазылды» деп отыратын.Боранкұлдың ерен қайраты жөнінде ел ішінде аңыз көп. Бір жылы қалың қар түскен Жарма станциясының желкесіндегі «Қарақай» кезеңіне аты шыға алмапты. Ашуланған балуан кезең үстіне атын лақша көтеріп алып шығыпты. «Батыр-ау, мұның не?» дегендерге бұл жануар мені күнде көтереді. Мен оны неге бір көтермеймін? депті. Архат бекетінде Боранқұл орыстармен бәстесіп, шана толы түз салған қаптарды, шанасымен қоса арқасына таңып, көтеріп әкетіпті. 75 сомға бәстесіп, (3 жылқының құны) Ақжолдағы кен-байыту фабрикасының алып доңғалағын иығын тіреп тоқтатыпты. 

1916 жылы баласының орнына Минск төңірегіне окоп қазу жұмысына барған Боранқұлдың патша әкімдерімен бәстесіп, Владимир тұқымдас денелі де салмақты айғырды мойнына көтеріп алғанын өз көзіммен көрдім... Бүгінде Аякөзде тұратын Қабділахмет Шәкеров, Жарма ауданының  совхозында тұратын Сіләмшайық ақсақал, этнограф-жазушы Садық Қасиманов секілді көп көрген адамдардың аузынан осындай әңгімені талай рет естідік. Боранқұлдың сұрапыл қайратына қоса өте сұсты, айбарлы болғандығы Ілияс Жансүгіровтың «Жолдастар» романында бірнеше жерде айтылады. Балуанның айбарынан жасқанып, стражниктер Павлодар пристанында Мәмбет есімді қылмысты жігітті пароходтан түсіріп алып қалуға батылдары жетпепті. Өйткені, Мәмбет қашып келіп Боранқұлды паналаған ғой. «Бұтаға паналаған торғай да аман қалмақ, мен бұта құрлы жоқпын ба?» дейді екен балуан. Әбділда Тәжібаевтың «Есімдегілер» деген кітабында күш атасы Қажымұқанның Семей арасындағы бір атақты ұрымен белдескені қызықты баяндалған. Автор онда Қажымұқанның өзін сөйлетеді. Тостағандай екі көзінен от шашыраған әлгі төртбақ жігіт белімнен мықтап алып, шыркөбелек айналдырды, - дейді күш атасы. Әрине, тыңдаушыларды өзіне тарта түсу үшін Қажекең әсірелеп те айтқан шығар. Әйтпесе, оған қазақ баласында, тіпті бүкіл шығыста кім тең келсін. Дегенмен, екеуінің белдескені анық. Әлем чемпионымен белдесуге жараған ол кім болды екен? Осынау сұрақ көптеген адамдарды мазалап келген-ді. Ақыры кім екенін таптық. Бірінші болып анықтаған кісі сол бір жылдары Семей облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, бертінде Алматыдағы жоғары партия мектебіне директор болған Әнуарбек Кәкімжанов жолдас. Ол кісі Көкшетауда өз ауылында жүргенде «Есімдегілер» кітабында айтылатын оқиғаны Қажекеңнің өз аузынан естіпті. Содан Семейге хатшылыққа келген соң, іздестірмей ме. Ақыры Аягөз, Жарма аудандарындағы көп білетін, көнеқұлақты қариялар арқылы күш атасымен белдесушінің Садырұлы Боранқұл екенін анықтаған. Мұны Шәкәрімнің баласы Құдайбердиев Ахат марқұм да растайтын. Семейдегі Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Мұздыбай Бейсенбаев бұл жөнінен жақсы хабардар. Енді біз артына қыруар аңыз қалдырған балуанның өмірбаянына қысқаша тоқталайық. 

Боранқұл Садырұлы 1865 жылы бүгінгі Жарма ауданының Абай ауданымен шектесетін жеріндегі «Қарасай» қыстағында дүниеге келген. Ескіше Ақшатау болысына қарайды. Найманның ішінде Сыбан руынан, оның ішінде Сахара дейтін атадан. Әкесі Садыр жалғыз атты кедей, шақпа тілді, суырып-салма ақын болыпты. 1885 жылғы «жалпақ қоян» жұтында шаруасы күйзелген көптеген үйлермен бірге Садыр да Семей қаласына көшіп барады. Өзі биржевойлыққа (ат айдаушы), 20 жастағы баласы Боранқұл затонда жүкшілікке орналасады. Байпатшаның биік қорғанынан Боранқұлдың месте шайды лақтыруы сол жылдары болса керек. Боранқұлға он үш жасында күш дарыған. Түсінде қансыз қарасұр бұқа болып шабын жарып, ішіне кіріпті. «Өлдім-ау!» деп айғайлап, шошып оянса керек. Сол күннен бастап екі білегі сыздап, күреспесе тұра алмайтын болған. Күресуге кісі шықпаса, тас көтеріп ермек қылады екен. Боранқұлдан Сапа есімді бала қалған. Оның қазір өмірде бар-жоғы, балуаннан ұрпақ болса олардың қайда тұратыны беймәлім. Себебі, 1919 жылы балуан Семейден төмен қарай, Ертіс бойындағы бір ауылға (біреулер «Тұзқала», біреулер «Талқала» деседі) көшіп кетіпті. Содан 1921 жылы оба дертінен көз жұмыпты. Бұл біздің естуіміз. Ал Ә. Кәкімжанов жолдастың дерегі бойынша, әлгі ауылдағы орыс бұзақылары жолын тосып, атып өлтіріпті. Сөйтіп, балуанның өмірінің ақырғы жағы жұмбақтау. Бұл жұмбақты шешу үшін, балуаннан қалған ұрпақтар немесе ет жақын туыстары үн қатар деген ойдамыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?