Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Елорданың ескі ғимараттары

1876
Елорданың ескі ғимараттары - e-history.kz

Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы тәуелсіз Қазақстанның символы, бүгінгі қала тұрғындары үшін сүйікті қаласы. Мұнда келіп қоныстанушылар әр қиырдан келсе де бұл қала олар үшін ортақ ұя сынды. Осы орайда қаламыздың ерте тарихына қатысты біраз ғимараттарды шолып өткенді жөн көрдік.

Қаланың ежелгі тарихына қатысты оның орнында VIII ғасырда Бозоқ атты қала болғаны туралы деректер бар. 1997 жылдан бастап отандық археолог Кемел Ақышев Нұра мен Есіл өзендерінің барлық тармақтары бойына үлкен зерттеулер жүргізді. 1998 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен К.Ақышев жетекшілік еткен Есіл археологиялық экспедициясы құрылып, келесі жылы қираған қалашық орнында қазба жұмыстары басталды. Бұл жерде VIII ғасырдан бастау алатын, XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі Бозоқ қаласы орнының табылған болатын.

1816 жылы Есіл-Нұра өңіріне келген офицер И.Шангин кішігірім қала жұрнақтары қалған ежелгі Бозоқ қаласын көреді. Ал 1946-1976 жылдар аралығында әйгілі қазақ ғалымы, тарихшы, археолог Ә.Марғұлан осы өлкедегі қалашықтар туралы мәліметтер келтірді. 1927 жылы көне қалашықта ақмолалық өлкетанушы Л.Семенов қазба жұмыстарын жүргізді.

Бұдан тыс 1840 жылдар шамасында қазақ даласына келген Янушкевич: «Мынау Қараөткел болашақта бұл елдің Париж сынды қаласы болады» деп көрегендікпен болжаған еді. Ұл көсемі Әлихан Бөкейхан да: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш-Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау»,- деп Потанин айтушы еді» деп келтіретіні бар Григорий Потанин туралы жазбасында. Бұл атап отырғаны Әлекеңнің өзінің де мұраты екені анық. Сол арман, мұрат тәуелсіздік таңы атқанда орындалғандай.

Арғы тарихқа қарасақ, Ресей империясының 1862 жылдың жетінші мамырдағы шешімімен Ақмола станицасына ресми түрде қала мәртебесі берілген. Бұған дейін де бұл өлкеде бекініс болған. 1939 жылдың қазан айында Кеңес өкіметі Ақмоланы облыс орталығы етіп бекітеді. Бұл жылдары қаланың шамамен 30 мыңнан астам тұрғыны бар еді.

Бүгінгі таңда қаланың алғашқы құрылыстарынан қалған аздаған болса да жұрнақтар бар. Совет үкіметі орнағанға дейін Ақмолада қазақтың, татар мен орыстың көпес, байлары, саудагерлері алғашқы құрылыстарды салып, бұл жердің сәулетіне өзінше үлес қоса бастаған болатын. Солардың бірі һәм бірегейі Баймұхамбет Қосшығұлов пен оның ұлдары болатын. Қазір Қосшығұловтар салған ғимараттардан бүгінге жеткенінің бірі қалалық әкімдік жанындағы «Сине темпоре» деп аталатын ғимарат. Бұл ғимарат алғаш рет 1895 жылы бой көтерген екен. Оны сол кезде керуен сарай ретінде салып, ішінде 72 дүкен орналасыпты. Осының 16 дүкені Қосшығұловтарға тиесілі болған. Кейін совет кезінде оның орнына жаңа дүкендер желісі салынып, тәуелсіздіктен кейін күрделі жөндеуден өтіп қазіргі кейпіне келген. 

Без названия.jpg

Қосшығұловтардың кондитер фабрикасы ғимараты мен үй-жайы, бес коттеджі совет кезінде мемлекет пайдалануында болып, тек 1973 жылдары ғана бұзылған. Қосшығұловтар мен көпес Забиров бірлесіп салған көк мешіт ғимаратының қазір тек қоршауы ғана аман тұр.

images (1).jpg

Бұдан тыс көпес Кубриндердің де салған ғимараттарының бірнешеуі сақталған. Көпес Матвей Кубриннің сауда үйінің ғимараты Кенесары мен Мәмбетов көшелерінің қиылысында, қаланың тарихи бөлігінде орналасқан. Матвей Кубрин – 1 гильдия атағындағы ақмолалық көпес, «Матвей Кубрин с сыновьями и Ко» сауда үйінің құрушысы. Ақмоладан басқа оның дүкендері Атбасар мен Көкшетауда ашылған. Сібір сауда-саттық жылнамасында «1913 жылы Матвей Кубриннің компаниясы дәрі-дәрмек, мануфактуралық, галантериялық, алтын сату, концтоварлармен айналысу, сонымен қатар киім, аяқ киім, бас киім, сағат, шәй, қант сатумен айналысқан» деп жазылған. 1915 жылы көпес Мәскеу қаласынан өзінің сауда орнын ашып, Ақмоладағы сауда үйін ұлы Василийге қалдырды.

images.jpg

1905-1907 жылдары ғимарат «модерн» архитектуралық стиліне сай салынды. Сыртқы бет көрінісі Кенесары мен Бөкейхан көшелерінің қарай орналасқан. Бұрыштарының қосындысында кіре беріс есік орналасқан, оның үстінде төртқырлы күмбез ерекше көз тартады. Терезелерінің арқалықтары мен карниздері садақтың оғының ұшындай сүйірлене біткен сәнді жақтаулары сауда үйінің бейнесін жарқырата түседі. Жалпы архитектуралық стиль мен архитектуралық бөлшектеріне қарай петербургтегі архитектуралық мектепті еске түсіреді. Ғимарат стилі Петербургтың атақты сәулетшісі Александр Гогеннің шығармашылық қолтаңбасына ұқсайды.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл ғимаратта «Радуга» азық-түлік дүкені мен аспаздық болды. Бүгінде онда «Астана» сауда орталығы орналасқан.

Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шах он тоғыз жыл отасқан, он үш құрсақ көтеріп, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде көз жұмған аяулы жары Мұмтазаға арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің біріне саналған Тәж Махал ескерткіш-ғимаратын салдырған екен.

Әрине, Тәж Махалдың сән-салтанатына жетпесе де ғашықтық себепкерлігімен бой көтерген тарихи ғимарат елордамызда да бар. Ол - бүгінде Украинаның Қазақстандағы Елшілігі қоныстанған Кенесары мен Бейбітшілік көшелерінің қиылысындағы ғимарат. Бұл ғимаратты 1910-1912 жылдары танымал көпес Матвей Кубриннің ұлы Василий салдырған.

4474968.jpg

Ғимарат тарихы да өте қызық. Василий Кубрин жұмыс бабымен бірде Петерборға барып, онда театрдағы қойылымды тамашалайды. Сол кезде сұлу балеринаны көріп, оған ес-түссіз ғашық болады. Ол биші қызға тұрмысқа шығуға өтініш жасап, өзімен бірге алып кетпек болады. Сол кезде қыз оған Петербордағыдай сәулетпен үй салып берсе ғана тұрмысқа шығатынын айтып, шарт қояды.

Ақмолаға оралған Василий Кубрин кідірместен үй салуға кіріседі. Сұлу биші қызға деген оның махаббаты үйде тез салып бітіруге де ықпал етсе керек. Бір жылға толар-толмас мерзімде петерборлық сұлудың қалаған сарайы дайын болады. Осыдан кейін Петерборға қайта барған Валерий уәдесін орындап келгенін айтады. Жас жігіттің өзіне деген шынайы сезімін түсінген биші қыз келісімін беріп, тұрмысқа шығады.

Өкінішке қарай, бұл үйде Василий Кубринге ұзақ тұруды тағдыр жазбайды. Сол кездегі бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы, қазақ даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс, Ресейдегі қазан төңкерісі, Ақпан революциясы, Кеңес үкіметінің орнауы секілді бірінен соң бірі болған соғыстар мен өзгерістер Кубрин әулетінің мазасын қашырып, Ресейге кетуіне тура келді.

Қазан төңкересінен соң Кубрин әулетінің үйлері мен дүкендері Кеңестердің қолына өтеді. Биші қыздың қалауымен салынған үйде жұмысшылар клубы мен кітапханасы орналасады. Кейіннен қаланы басқаратын атқарушы комитеттің үйі болады. 1930 жылдардағы Сталиндік қуғын-сүргін кезінде үйдің жертөлесі қудалауға ұшыраған зиялылардың жасырын бас қосатын мекеніне айналады. 1950 жылдары білім басқармасы орналасты. Ал, алпысыншы жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайына мекен болды.

Отыз жылдан астам уақыт бойы мұражай үйі қызметін атқарған ғимарат кейіннен мұражай қорына арналған орын болды. 1998 жылы Ақмола қаласы ресми түрде Қазақстан астанасы атанған сәтте, Алматыдан елшіліктер көшіп келген уақытта ғимарат Украина Республикасының Қазақстандағы елшілігіне пайдалануға берілді.

1832 жылы Ақмола округының аға сұлтаны болып Қоңырқұлжа Құдаймендин сайлаланады. Ал 1838 жылы ол өз қаражаты есебінен Ақмола қаласында мешіт құрылысын бастайды. 1842 жылы мұсылман жамағатының қаржылайқолдауымен мешіт жанынан медіресе ашылады. Қажетті оқулықтармен шәкірттердің ата-аналары өздері жабдықтап отырған. Халық арасында Алланың бұл үйі «Ескі мешіт», «Бірінші мешіт» аталып кеткен еді. Уақыт өте келе мешіт түрлі қайырымдылық шаралары өтіп, көпестер мен қолөнершілер ғимарат маңына қоныстана бастаған. Осылайша, қысқа ғана уақыттың ішінде ол танымал орынға айналып, тіпті Мешіт көшесі де пайда болады.

Қаладағы басқа да түрлі ғибадат үйлері туралы сөз қозғағанда, Константин-Елена шіркеуі алдымен айтылады. Ақмола бекінісінде 1843 жылы қазынаның ақшасына қайтыс болғандарды жерлеу және жаназасын шығару үшін жер кірпіштен жорық шіркеуі салынады. Шіркеуді 2-ші алдыңғы шептегі батальонның дін қызметкері Михаил Никольский басқарады. М.Никольский кейін 1850 жылдың ерте көктемінде шіркеу құрылысын бастау жөнінде 1849 жылы 12 қыркүйекте шекара бастығына хат жазады. Ағаштан соғылатын шіркеудің жобасы мен сметасы әзірленеді.

Құрылысты жүргізу бекіністің гарнизон инженері Г.А.Воротниковке тапсырылады. Шіркеу 1854-1856 жылдары Сібір казак әскерінің қаржысына ағаштан салынды. Ішкі жұмыстары 1858 жылы толығымен аяқталып, казак әскерінің меншігі ретінде 1900 жылы бұзылып, станицаға көшіріледі. Бұл нысан да 1938 жылы жабылып, 1940 жылы тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды. 1941-1942 жылдары шіркеу ғимаратында Ақмолада ұйымдастырылған 29-шы атқыштар дивизиясының байланыс батальоны орналастырылады, ал 1942 жылдан бастап мінәжат орнына қайта айналады.

Ақмола қаласының көрікті ғимараттарының бірі, қаланың орталығында орналасқан Александр-Невский шіркеуі еді. Бұл үйдің негізі 1891 жылдың 12 мамырында Курск-Харьков темір жолында қаза тапқан Александр III және оның отбасына естелік ретінде қаланды. Собор қалалық басқарманың және белгілі көпестер М.К. Кубрин, И.С.Силин, В.Н.Попов және басқалардың қаржысына салынады. Оның жобасын Тобылдан арнайы шақырылған инженер-технолог Павел Голышев жасады. Бірде-бір шеге қолданылмай тұрғызылған шіркеудің ішкі қабырғасын және төбесін 1914 жылы әйгілі В.М.Васнецовтың шәкірті, мәскеулік суретші М.И.Тимофееев безендірді. Алайда ҚазОАК-нің 1930 жылғы 20 наурыздағы №43 қаулысымен Александр-Невский соборы жабылып, ғимараты Халық үйіне пайдалануға беріледі. Кейінірек шіркеу драма театрға, одан соң кинотеатрға беріледі.

1939-1940 жылдары Собор ғимараты құлатылады. 1940 жылы ақпан айында қаланы абаттандыру жөніндегі жоспар бойынша аумағы 400 шаршы метр жұлдызды шеңбердегі гүл бағына айналады. Мұнда 1964 жылы Кеңестер үйі ғимараты бой көтереді. Бұл тарихи нысан 90-шы жылдары қайта жөндеуден өткен соң 1997-2005 жылдары Президент Әкімшілігі және Үкіметі орналасқанын, ал қазіргі уақытта мұнда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің аппараты орналасқанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Архив мұралары синагоганың тарихы туралы дерекке де кенде емес. Белгілі жазуші С.Марков өзінің Ақмола қаласы туралы жазбаларында «Ақмола еврейлері бұрыннан бекіністе бар халық» деп жазады. Сол уақытта бекіністе орналасқан 2-ші Сібір батальонының құрамында еврей ұлтының өкілдері аз болмаған.

«Еврейлер діни ғұрыптарды жеке үйлерде, кейде бос казармаларда өткізген. 1866 жылы әскери еврейлер өз қаржыларына жеке үй сатып алып, оны синагогаға айналдырады. 1895 жылы сәуірде ақмолалық 200 еврейдің атынан еврейлердің діни қоғамдастығы әскери губернаторға азаматтық хал актілерін тіркеуге рұқсат беру жөнінде өтініш жолдағаны туралы деректер сақтаулы», - дейді Ғазиза Исахан.

1961 жылы 20 наурызда Ақмола шаһары – тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына айналады. 1960 жылы 16 желтоқсанда Орталық комитеті Н.С. Хрущевтың бастамасымен Қазақ КСР-нің құрамында Тың өлкесін құру туралы қаулы қабылдады. Ақмола облысы 1960 жылы желтоқсанда таратылды. Мәскеу, Ленинград еңбекшілерінің Қазақ КСР-нің солтүстік облыстарына шефтік көмек көрсету жөніндегі үндеулері жарияланды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру саясатымен қала күн санап өсті. Өлке орталығында түрлі шаралар өткізетін кең қоғамдық ғимарат қажет болды. Тіпті 1961 жылы Н. Хрущев Целиноградқа келгенде жиналыс өткізетін лайықты зал таппай өндіріс орындарының бірінде өткізуге тура келеді. Осыдан кейін Тың игерушілер сарайының құрылысын салу жөнінде шешім қабылданады. Рига қаласындағы «Латгипрогорстрой» институтының сәулетшілері П.Ю. Фогелс, Д.К. Даннеберг және О.Н. Крауклис әзірлеген КСРО-да Кремль съездерінің сарайына пара-пар ғимарат жобасы Целиноград қаласында салынатын болып шешілді.

«Тың игерушілер сарайының құрылысы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі бекіткен жобалық-сметалық құжаттамасы бойынша 1961 жылы 15 қазанда басталып, 1963 жылы 6 қарашада пайдалануға берілді. Еңбекшілер депутаттары Целиноград қалалық Советінің атқару комитетінің 1963 жылы 20 мамырдағы «Родина» кинотеатрын Депо-2 ауданына көшіру жөніндегі шешіміне сәйкес 1963 жылғы 26 маусымда 15 шілдеге дейін берілген алаңды абаттандыру жөнінде қарар қабалданады. Сөйтіп кинотеатр көшіріледі«, - деді Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік мұрағатының ғылыми-зерттеу бөлімі басшысы.

68e3949ef19aa2798e6dca4d01ca23dd.jpg

Ал жаңадан салынған 2340 орынға арналған көрермендер залы мен ең алдыңғы қатарлы жабдықтау жүйесі, 150 орындық кафесі бар сарай қаланың мәдени өмірінің орталығына айналды. Бұл жерде партия жиналыстары, концерттер, кинокөрсетілімдер, жаңа-жылдық мерекелер, фестивальдар өткізілді. Тың игерушілер сарайы 1990 жылдардың соңындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 1999 жылдан бастап Конгресс-холл аталды.

2016 жылдан бастап «Астана» концерт залы болып атауы өзгерді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?