«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Тәуелсіздік шежіресі. 1991 жылдың маусымы

601
Тәуелсіздік шежіресі. 1991 жылдың маусымы

Qazaqstan Tarihy порталы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған материалдарды жариялауды жалғастырады. Оқиғалар хроникасы Республикамыздың 1991 жылғы маусымдағы тыныс-тіршілігі туралы баяндайды. Материал «Казахстанская правда», «Целиноградская правда», «Простор», «Вечерний Целиноград» және басқа да одақтық, жалпы республикалық, облыстық және өзге де баспа басылымдарының жарияланымдарынан жиналды.

1 маусым күні журналист Серікқали Хасанов жас драматург Ермек Аманшаевтың 1991 жылдың сәуір айында тұсауы кесілген «Үзілген бесік жыры» спектаклі туралы жазған. Спектакль жастардың өмірі, олардың мақсаттары мен жалпы әлемге деген көзқарастары туралы баяндайды. Басты кейіпкер - ауылдан Алматы қаласына жеке тұлға ретінде қалыптасып, қоғамға аз да болса пайда әкелу үшін келген Ол есімді жас жігіт. Спектакльдің сюжеттік желісінде Ол жастық шақ туралы баяндама жасамақшы. Бірақ неден бастарын білмейді. Өйткені, ол жастар өмірінің қай саласын алса да, көптеген өзекті мәселелер алдынан шығады. Осылайша, көрерменге жастар туралы «олар болашаққа алаңдамайды, тек бір күнмен ғана өмір сүреді» деген сияқты стереотиптік пікірлер көбінесе қате екендігі түсінікті болады. 

4 маусымда С.Ж. Асфендияров атындағы Алматы Мемлекеттік институты (қазіргі С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) 1991-1992 оқу жылына талапкерлерді қабылдау туралы жариялады. Ол кезде институтта емдеу, педиатрия, стоматология, фармацевтикалық және санитарлық гигиена сынды 5 факультет жұмыс істеген. Емдеу, педиатрия, санитарлық гигиена факультеттері бойынша оқу мерзімі – 6 жыл, стоматология және фармация факультеттері бойынша – 5 жыл болды. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді. 

6-7 маусым аралығында Торғай облысы (Қазіргі Қостанай облысы) Жангелдин ауданының әкімшілік орталығы - Торғай ауылында қазақтың көрнекті педагогтары, ағартушылары А.Байтұрсынов пен М. Дулатовты еске алу күндері өтті. Ғалым - лингвист А.Байтұрсынов пен журналист М. Дулатовтың тағдырлары ұқсас болған. Торғай жерінде олар ауыл мектебін, содан кейін Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған екі сыныптық училищені бітірген. Мұнда олар мұғалімдік жолдарын бастаған, фольклорды жинап, зерттеген, поэзияға алғашқы қадамдарын жасап, самодержавиелік режиммен, әлеуметтік әділеттілік үшін күрес жолына түскен. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде бірге жұмыс істеген. Олар Алаш қозғалысына бірге қатысып, кейін саналы түрде Кеңес өкіметінің жағына шыққан. Екеуі де қазақ халқының интеллектуалды жандануы мен дамуына елеулі үлес қосқан. Егер олардың өмірі 30-жылдардағы соқыр және қатыгез сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан қайғылы түрде үзілмегенде, олар одан да көп нәрсені істей алар еді. Қазір А.Байтұрсынов пен М. Дулатовтың адал есімдері ақталды. Республиканың барлық аймақтарынан келген өкілдер, Түркиядан және Югославиядан келген шетелдік қонақтар олардың есімдерін еске алу үшін Торғайға жиналды. Мұнда жергілікті ғалымдардың Қазақ КСР Ғылым Академиясымен бірлесіп ұйымдастырған А.Байтұрсынов пен М. Дулатовтың өмірі мен қызметі туралы ғылыми-теориялық конференция, республикалық айтыс, театрландырылған көріністер, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтті. Аудан орталығында А.Байтұрсынов пен М. Дулатов ескерткіші мен мұражай-үйінің ашылуына арналған митинг өтті. Оларды еске алуға арналған іс-шараларға Қазақ КСР-інің Мемлекеттік кеңесшісі М.Жолдасбеков, Қазақстан Компартиясы ОК идеологиялық бөлімінің меңгерушісі Қ. С. Сұлтанов, Республика Ғылым Академиясының президенті Ө. М. Сұлтанғазин қатысты. 

8 маусым күні Атбасар қаласының аудандық мәдениет үйінде Бөгенбай батырдың 300 жылдығына арналған облыстық ақындар мүшайрасының салтанатты ашылуы өтті. Бағдарламаны Целиноград (қазіргі Нұр-сұлтан) қаласының өкілдері, «Сарыарқа» облысаралық журналының бөлім меңгерушісі Нұрболат Бекетаев және Целиноград қаласының № 4 орта мектебінің зертханашысы Гаухар Сүйкімбаева арнаумен ашты. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары С.Байболов, Бөгенбай батырдың 300 жылдығын өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық ақындар айтысының қазылар алқасының төрағасы Н.Оразов, Атбасар аудандық партия комитетінің екінші хатшысы А. Жұмабеков сөз сөйледі. Олар өз сөздерінде Атбасар қаласында облыстық ақындар айтысының өткізілуі ұмытылып бара жатқан халық ауыз әдебиетінің таралуы мен жандануына үлкен демеу болады деген үміттерін білдірді. Н.Оразов көп жылдық тарихы бар Атбасар қаласының тұрғындары түсіністікпен қарап, ақындардың өнеріне барынша қолдау көрсететінін атап өтті. Атбасар мешітінің имамы жиналған ақындарға табыс тілеп, осы мәдени шараға батасын берді. Осыдан кейін көптен күткен ақындар сайысы да басталды. Айтыста бірінші болып жергілікті ақындар,  «Шертер» ансамблінің жетекшісі М.Боранбаев және аудандық өлкетану мұражайының қызметкері Ж. Әміралин бастады. Бұл жолға алғаш рет қадам басқан салыстырмалы түрде жас ақындар көрермендерге ауыз әдебиетінің бар кереметін көрсете алмады. Алған ұпайлары да сәйкесінше орташа болды. Көптеген айтыс сүйер қауым белгілі ақындар, республикалық байқаудың лауреаттары, «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі Мағжан Садыханов пен «Қойтас» кеңшарының есепшісі Сайлау Байболсыновтың айтысын асыға күтті. Өкінішке орай, бұл ақындар да көрермен үмітін ақтай алмады. Бірінші күні бірнеше айтыс өткізілді. Н.Бекетаев пен Ерментау ауданы «Қойтас» кеңшарының механизаторы К.Бекахметовтің кездесуі айтыс додасының шарықтау шегі болды. Қадырбайдың сөз саптауы ұзақ болғанымен, күнделікті өмір мен экологияға қатысты көтерген мәселелері осы сайысты қорытындылауда шешуші рөл атқарды. Қазылар алқасы бірауыздан Қадырбайға ең жоғары баға берді. Жігіт пен қыз айтысына «Целиноградсельмаш» зауытының дәнекерлеушісі Алтынбек Мұсаев қатысты. Тәжірибелі целиноградтық өзінің қарсыласы «Қарабұлақ» кеңшарынан келген Ләззат Бекжасаровадан әлдеқайда басым түсті.  Целиноград қаласынан келген «Целиноградсельмаш» зауытының штампылаушысы Саят Сағындықов пен медицина институтының студенті Бауыржан Мырзалиев айтысқа түсушілердің ішіндегі ең жас жұп болды. Қазылар алқасы болашағынан зор үміт күттірген бұл жігіттердің айтысын жоғары бағалады. 

10 маусымда Бөгенбай батырдың туғанына 300 жыл толуына орай «XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін азаттық күресі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Конференцияны Қазақ КСР Ғылым Академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты, Кеңес мәдениет қорының Целиноград облыстық бөлімшесі, Целиноград педагогикалық институты, Целиноград облыстық Халық депутаттарының кеңесі ұйымдастырды. Конференцияда XVII-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясаты, жоңғар экспансиясының қазақ-орыс қарым-қатынастарының дамуына әсері, жоңғар шапқыншылығының салдары, қазақ халқының азаттық күресі туралы баяндамалар жасалды. 

12 маусымда КСРО Жоғарғы Кеңесінің жазғы сессиясында Арал теңізінің жай-күйі туралы мәселе қаралып, бұл аймақ апат аймағы деп танылды. Осыған байланысты зерттеу құжаттарын нақтылау үшін Аралға профессор Я.Луцкий бастаған РСФСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас мамандары келді. Осы сапар барысында олар теңіздің қоршаған ортаға тигізетін әсерін мұқият зерттеді. 

13 маусымда Жоғарғы Кеңестің таңғы отырысында «Тауар биржасы туралы» Заң жобасы қаралды. 14 баптың 13-і қабылданып, ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып қайта қаралуға тиіс 14-бабты қарау жөніндегі келісім комиссиясы құрылды. Содан кейін Парламентте «Қазақ КСР бюджет жүйесі туралы» Заң жобасы талқыланды. Заң жобасы бойынша Жоғарғы Кеңестің Экономикалық реформа, бюджет және қаржы комитеті төрағасының орынбасары М.Т. Оспанов мәлімдеме жасады. Жарыссөзге А. Т.Тұрғанбеков, Н. Сапаров, Б. А. Қадырбеков, П.П. Коваленко, В. И. Воронов, С. С. Сартаев, М. М. Нұртазин, А. А. Княгинин, Э. К. Кузьмик, В. И. Котельников, А. С. Еременко, П. П. Потапов, А. А. Зайка, П. М. Федосенко, Е. М. Золотарев қатысты. Заң жобасы бірінші редакцияда қабылданды. 

17 маусымда Гурьевте (Атырау) Астрахань, Волгоград, Ақтөбе, Орал, Маңғыстау облыстары өкілдерінің қатысуымен облыс аумағындағы зымыран-ядролық полигондар проблемасына арналған өңірлік конференция өтті. Конференцияны Гурьев облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Қ. Алдамжаров кіріспе сөзімен ашты. Конференцияда «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі жазушы Олжас Сүлейменов сөз сөйледі. 

18 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қарағанды еркін экономикалық аймағын құру туралы» Қаулысы қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес, Қарағанды экономикалық аймағы үш негізгі қағидатқа сүйенуі тиіс болды. Біріншіден, облыс ЕЭА-ның қалыптасуы мен жұмыс істеуінің кез келген барысында басқа өңірлер алдындағы, сондай-ақ республикалық бюджетке жарналар бойынша шарттық міндеттемелерді толық орындауға міндеттеме алуы тиіс еді. Екіншіден, әлеуетті әріптестердің жаңа технологияларын, жиынтықтауыштары мен шикізатын енгізу есебінен облыс әлемдік стандарттарға жауап беретін өнім шығаруды едәуір ұлғайтуға тиіс болды. Үшіншіден, қарағандылық кәсіпкерлер сындарлы ынтымақтастық, еркін экономикалық аймақ аясында кез келген әлеуетті серіктеспен тәжірибе алмасу үшін ашық болды.

20 маусымда Қазақстанның астанасы Алматыға қайырымдылық ісімен айналысатын америкалық әйелдер тобы келді. Оны сенатор Эстер Куперсмит бастап келді. Америкалықтар Алматыға құны 25 мың доллар тұратын антибиотиктерді жеткізді. «Балаларыңыз әрқашан мықты және дені сау болсын», – деді Э.Куперсмит бірінші қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне сыйлықты беріп тұрып. 

22 маусымда Алматы саясаттану және басқару институтының партия мұрағаты секторы еліміздің көрнекті партия және мемлекет қайраткері Т.Р. Рысқұловтың шығармалар жинағын дайындау бойынша жұмысқа кірісті. Оның өмірі мен қызметіне көптеген ғылыми және публицистикалық жұмыстар арналған, 1984 жылы таңдамалы еңбектері жарық көрді. Т. Рысқұловтың өмірбаянында ақтаңдақтар қалмаған, барлығы зерделеніп, жұртшылықтың игілігіне айналған сияқты болып көрінетін. Алайда дайындық жұмыстары барысында еліміздің әртүрлі мұрағаттарының қорларынан бұрын белгісіз болып келген бірқатар құжаттар анықталды.  Олардың көпшілігі оның өмірінің соңғы кезеңіне - 1935-1938 жж. жатады. Олар ұзақ жылдар бойы белгісіз болған Тұрар Рысқұловтың қаза болған нақты күнін де атауға мүмкіндік береді. 

24 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Көкшетау облысының «Карасевский» совхозына Үкілі Ыбырайдың есімін беру туралы» Қаулысы қабылданды. Үкілі Ыбырай - белгілі әнші (тенор), суырып салма ақын, қазақ халық композиторы, классикалық халық музыкасы өкілдерінің бірі. 1860 жылы Көкшетау облысы Володар ауданында дүниеге келген. Ақын бала кезінен өлеңге, әнге құмар болып, халқының құрметіне ие болған. Ақын, әнші ретінде ол Орынбай, Арыстанбай, Шөже, Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Тезекбай және т.б. белгілі ақындардың, әншілердің шығармашылығында қалыптасқан. 

Сондай-ақ осы күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Шымкент облысының «Славянский» совхозына Жолдыбай Нұрлыбаевтың есімін беру туралы» Қаулысы қабылданды. Кеңес Одағының Батыры Жолдыбай Нұрлыбаев Сталинград шайқасына қатысқан. 1945 жылы қаңтарда Лукатц Крейц қаласы (қазіргі Кшиж-Велькопольски) (Польша) үшін болған ұрыста қарсыластың миномет батареясын және бірнеше атыс нүктесін жойып, жаумен шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Пила (Польша) қаласында жерленген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен неміс басқыншыларына қарсы майдандағы қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және сонымен бірге көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін капитан Нұрлыбаев Жолдыбайға Кеңес Одағының Батыры атағы, Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі берілген. 

26 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Негізгі жалақыны есептеу тәртібі туралы» Қаулысы қабылданды. Кәсіби даярлық, біліктілікті арттыру және қайта даярлау кезеңінде азаматтарға төленетін жұмыссыздық бойынша төленетін жәрдемақылар мен стипендиялардың мөлшерін айқындау үшін негізгі жалақыны есептеу тәртібі Қазақ КСР Кәсіподақтар федерациясының кеңесімен келісілді және 1991 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. 

26 маусымда Балқаш дүкендерінің сөрелерінде сазан балығы пайда болды. Тоқырау жылдарында көл батпаққа айналып, уылдырық шашатын жерлер құрғап, сазан жоғалып кеткен болатын. Бірақ қайта құрумен көлге көбірек көңіл бөліне бастады, ондағы су деңгейі көтеріліп, уылдырық шашатын жерлерге жан бітіп, сазан көбейе бастады. 

29 маусымда Қазақстан Компартиясы ОК-де «Қазақ КСР-індегі Тілдер туралы» Заңның күшіне енуінің бір жылдығына арналған баспасөз конференциясы өтті. Іс-шарада журналистер алдында Қазақ КСР Премьер-Министрінің орынбасары М.Д. Жолдасбеков, халыққа білім беру министрі Ш. Ш. Шаяхметов, баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Қ. З. Закирьянов, Республика Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының директоры А. Т. Қайдаров сөз сөйледі. Бір жыл ішінде республикада қазақ тілінде оқытатын және тәрбиелейтін тағы 482 мектепке дейінгі балалар мекемесі қосылды. 8126 жалпы білім беретін мектептің 2768-і қазақ тілінде болды. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың және т.б. шығармалары қайтып орала бастады.

Ақпарат жинауға және материал дайындауға «ҚазАқпарат «ХАА» АҚ-да «Қазақстан тарихы» интернет-жобасының базасындағы өндірістік практика аясында тәжірибеден өтуші Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша 2 курс студенттері Бегінбекова Шынар мен Арнұр Маххабат қатысты.