«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Ғұндардың арғы аталары Қытайда хандық құрған

2441
Ғұндардың арғы аталары Қытайда хандық құрған

Тарихты зерттеу мен талқылау бүгінде жалпы қоғамдық процеске айналып бара жатқаны анық. Жыл сайын әр түрлі архивтерден алынған материалдардың бөлек-бөлек жинақ боп шығып жалпы оқырманға жол тартуы да көптеген тарихи фактілерге қолжетімді етті. Осындай жағдайда ұлттың өткеніне қызығушылық танытқан әрбір тұлға өзінше ізденіске барып, тың ойлар да айтылып жүр. Қазақстан тарихы порталы ақпараттық ресурс ретінде әр алуан ойлар мен пікірлерді алаламай ортаға салуға міндетті деп білеміз. Осындай оймен көптен бері қызықты пікірлерімен танылып жүрген жас әуесқой тарихшы Ерзат Кәрібаймен Ғұн мемлкетінің тұтас тарихына қатысты көлемді сұхбат алған едік. Ерзат Кәрібай соңғы кездерде жарыққа шығып жатқан Қытай деректеріне және әуелден бізге белгілі батыс және басқа да деректерге сүйене отырып әңгімелесті.

– Қош көрдік, Ерзат. Соңғы кезде ауызекі әңгімеде Ғұн тарихына қатысты қызықты ойлар айтып жүрсің, соның бірі ғұндар Қытай жерінде патшалық құрған дегенге келеді. Бұл қайдан шыққан болжам?

– Бұл тақырыпты бірден қозғамас бұрын, қола дәуіріндегі, ғұндарға дейінгі көшпенділер тарихына бір назар салып өткен жөн. Себебі ғұндар аспаннан түскен жоқ, жерден өнген жоқ, сол далада баяғыдан өмір сүріп жүрген халықтардың ұрпағы емес пе. Қола дәуірі туралы анықтама бергенде мынаны ескеру керек. Қоланың балқу нүктесі 800℃, ал темірдікі 1500℃ тан жоғары, сондықтан қоланы оңай балқытып, қарулар мен саймандарды жасауға болады. Осы технологияның табылуы мен қолданысқа енуі адамзат қоғамын алға бір қадым ілгерілете түсті. Ежелгі Мысыр мен Анталия жерінде осы қола қарулардың жасалуына байланысты шағын мемлекеттер пайда бола бастады. Оның ең алды эрамыздан бұрынғы 3300- 3000 жылдарда пайда болды.

12123.jpg

Бізге қатысты қола дәуірінен жеткені – Сейминско-турбинский құбылысы біздің эрамыздан бұрынғы 2100-1900 жылдар аралығында қола дәуірінде Орта Азия, Монғолия далаларынан табылған жадігерлер.

Ондай жадігерлерді Еуразияның солтүстік далаларынан кездестіруге болады. Осы мәдениетке өкілдік ететін көшпенділер озық метал қорыту технологиясын игеріп оны жедел дамытып пайдаланды. Осы өркениетке жататын көшпенділердің обаларынан табылған жауынгерлердің мүрделерінде қоладан жасалған соғыс қарулары бірге көмілген. Олар атты әскерлер болды, сондай-ақ екі доңғалақты соғыс арбаларын жаппай пайдаланды. Осы өркениетке жататын жәдігерлер алғаш рет Волга өзені мен Ока өзенінің бойындағы Сейминско молаларынан 1914 жылы табылғандықтан осылай аталған. Бұл оркениеттің басталған жері Ресейдің оңтүстік далалық аймақтары мен Моңғолияның Алтай тауы деп қаралады.

Демек, қола дәуірі ерте заманғы адамзат қоғамына аса зор алға басу дәуірін әкелді. Қоланың соғыс қаруы ретінде, күнделік тұтыну бұйымы ретінде (Қоладан жасалған ыдыстар мен қанжар, пышақтар, т.б) , ауылшаруашылық құрал саймандары (жер жыртатын соқа, күрек, т.б) ретінде қолдануы өндіргіш күштердің дамуын ілгерілетті. Осы себептер бөлек-бөлек өмір сүрген адамдар қауымдастығын топтастырып, бір орталықтанған мемлекеттер құруға итермелей бастады.

Заманымыздан екі мың жылдың алдында құрылып табан төрт ғасыр бойы айдарынан жел ескен құдіретті Ғұн империясы көшпенді әскерилер тарихындағы ең даңықты кезеңдердің бірі саналады. Қазіргі заман тарихшыларының болжауынша 10 млн шаршы километрден аса аумақты алып жатқан. Ғұндар өз заманында қытайдың Хань патшалығымен іргелес отырғандықтан ғұнға қатысты деректер сол Хань патшалығының орда тарихында сақталған. Хань патшалығының орда тарихшысы Сы Мацянь (эрамыздан бұрынғы 145 жылдан-90 жылға дейін) жазған «тарих жазбалары» атты шығармада онан 2000 жыл ілгерідегі Шя (көне қытайша Ға) мемлекетінің тарихынан тартып өзі жасаған заманға дейінгі өмір сүрген патшалықтардың тарихын жазып шыққан, бұл Қытай тарихындағы тұңғыш кемелді жазба тарих.

– Осындағы Шя мемлекетін ғұндардың ата-бабалары құрған деген ой айтасың. Бұл қайдан алынған дерек?

– Бұл – сол Сы Мацянның жазбаларында айтылған. Көшпенділер құрған Шя деген патшалық болған деп жазады. Бірақ бұл қазба деректер арқылы әлі толық дәлелденбеген. Дегенмен Сы Мацян жазбаларының қазірге дейінгі ең сенімді дерек көзі екенін, қазірге дейін оны жоққа шығаратын да нақты дәлел жоқ екенін ескерсек, бізге осылай ой қорытуға мүмкіндік бар. Бұны асықпай дәлелдеуге мұрсат бер. Айта кетерлігі Шя патшалығы қола дәуіріндегі мемлекеттік бірлестік, сол замандағы ежелгі Мысыр, Месепотамия, Иран, Үнді, Егей теңізіндегі алғашқы мемлекеттермен ұқсатып қарастыруға болады. Баса айтарымыз қола дәуіріндегі мемлекеттердің териториясы үлкен болған жоқ.

Бұл көлемді еңбекте сол замандарда қытайлармен іргелес өмір сүрген солтүстік даладағы көшпенділер туралы да деректер кездеседі. Кейінгі «Ханнама» кітабында да алдыңғы мазмұндары негізінен «Тарихи жазбалармен» ұқсас. Онда ғұндарды, сондай-ақ, онан бұрынғы көшпенділер туралы мәліметтер келтірілген:

«Ғүнның арғы тегі – Шяхоушының (Ғaкoшенің) Зүний деп аталатын әулеті. Олар Таң-Яу, Юй-Шүн замандарынан ілгері таулық Нұмдар, Хәмюн, Хүнүк деп аталып, солтүстік далаларында малдың ыңғайына қарай көшіп-қонып жүрді... Шя хандығы бұзылған кезде, Гүн Лы егіншілік ұлықтығынан қалған соң Бат нұмдарға кетіп, олардың тұрмыс-салтын өзгертті. Бин деген жерден қала салғызды. Содан 300 неше жыл өткен соң нұмдар мен тиектер аға хан Дәнфуға шабуыл жасап, Дәнфуды Чишән тауының етегіне қуып жіберді. Биндіктер Дәнфуға ілесе барып, сол жерде қала салып, Жоу мемлекетін құрды.» делінген. Осыны талдап көрелік.

Ғұн – қытай иероглифімен 匈奴деп жазылады, қазіргі қытай тілімен оқығанда «xiong nu», ал көне заман қытай тіліндегі дыбысталуы: «hiong nu», «hiong na». Төтеден аударғандағы мағынасы қанқұйлы құл деген сөз. Хуын моңғол тілінде адам, яғни кісі деген сөз, қытайлар көшпенділерді жалпылай сол дәуірде хулар деп атаған.

Бұндағы Шя хоу шы – Шя (Ға) ның соңғы ұрпағы деген сөз, Шя мемлекеті қытай тарихындағы тұңғыш мемлекет болып эрамыздан бұрынғы 2070 жылы құрылған да эрамыздан бұрынғы 1600 жылдары жойылған, жиыны 17 патша билеген. Төтемі айдаһар болған, бұл ежелгі сақтардың арғы бабасы Тарғытайдың үңгірдегі айдағардан жаралыпты дегеніне сай келеді. Шяның алғашқы патшалары Хуаңдидың ұрпақтары, ал Хуаңди айдағардан жаралыпты-мыс. Олар алғашында 12 тайпадан құралып Шя тайпасын өзек еткен. Бұл қола дәуіріндегі алғашқы тайпалар бірлестігі. Ыңғайына қарағанда солтүстіктен басып кірген көшпенділер болса керек. Шяның патшалары эрамыздан бұрынғы 1600 жылдары Шаңрұңдар жағынан қуаланды болған, ал ғұндардың тегі осы жеңіліп солтүстікке қашып кеткен Шя әулетінен шыққан болады. Бұл логикалық тұрғыдан 1234 жылы Қытайды жаулап алып, 1368 жылы қайтадан Моңғолияға қуаланған Шыңғысхан әулеттерінің кешірмесіне ұқсайды. Шя патшалығынан кейін эрамыздан бұрынғы 1046 жылға дейін Шаң патшалығы өмір сүрді.

– Яғни, Шя мемлекеті ғұндардың қытай жеріне барып құрған хандығы. Бірақ кейін жеңіліп қайтадан солтүстікке ауған демексің ғой?

– Дәл солай. Осы жеңілістен кейін Шялар көшпенділер даласына қайтып батысқа, Орта Азияға жорық жасаса керек, арий тайпаларының Орта Азиядан Еуропа мен Оңтүстік Азияға, Иранға көшуі де 3500 жыл бұрынғы оқиға, Шялардың тақтан тайған кезімен сәйкеседі, демек арий тайпаларын шығыстан келген осы тайпалар келіп ығыстырса, онда сақ тайпаларының арийлардың орынын басуы дегенге сай келеді. Сақтың көсемі, сақтардың шығу тегі туралы грек тарихшысы Герадот былай дейді:

«Скифтердің айтуы бойынша, олардың халқы – ең жас халық. Ол мына жағдайларға байланысты. Бұл ол кезде адам баспаған жерде ең бірінші келген адам Таргитай деген болған. Скифтердің айтулары бойынша, Таргитайдың ата-анасы Зэвс пен Борисфен өзенінің  қызы болған (мен, әрине бұған сенбеймін). Осындай тектен шыққан Таргитайдің үш ұлы болған: Липоксайс, Арпоксайс және ең кенжесі – Колаксайс. Олар Скиф жерінде патшалық құрып тұрғанда, аспаннан алтын заттар түседі: Соқа, мойынағаш, айбалта және тостаған. Бұл заттарды бірінші болып ұлкен ағасы көреді. Ол алайын деп келгенде, алтындар қызып кетеді. Содан ол кейін шегінеді, екінші ағасы келеді, сол кезде де алтын қызып кетеді. Сөйтіп алтынның жалыны екі ағайындыны қуып жібереді, бірақ үшінші кіші інісі келгенде, от өшеді де ол алтынды өз үйіне апарады. Сондықтан үлкен ағалары патшалықты кішісіне бермек болады.

Липоксайстан Авхат деп аталатын скиф тайпасы шыққан дейді, ортаңғы ағасынан — катяр мен траспии тайпалары, ал кішісінен, патшадан — паралат тайпасы шыққан. Барлық тайпалар бірге сколот деп аталады, яғни патшалық. Иеллиндер оларды скифтер деп атайды.

Скифтер өз халқының шығу тегі туралы осыны айтады. Олар Таргитай бірінші патша заманынан Даридың шабуылына дейін 1000 жыл өтті деп есептейді.»

Дари жаңа ерадан бұрынғы 550-486 жылдары жасаған, егер Тарғытай одан 1000 жыл бұрын жасаса 3500 жыл бұрын жасаған болар еді, бұл Шя мемлекеті құлап Шялардың солтүстікке кеткен кезімен тұстас, Тарғытай сол замандағы батысқа келіп арийларды жеңіп құдіретті ел құрған тұңғыш көсем болуы мүмкін. Сақтардан қашқан арий тайпалары Шығыс Еуропа, Иран, Индияға жаппай көшкен. Ал қалғандары сақтарға бағынған.

Сақтардың шығыс шегарасының қайда болғаны әлі тұрақтанбаған, Тәңіртаудан батысқа қарай Қара теңіздің солтүстігіне дейін жеткен, түркі халықтарының аңызы «Оғызнама» осы Сақ заманының туындысы болуы мүмкін.

– Бұған сену қиын екен. Әсіресе «Оғызнама» туралы болжам артықтау секілді.

– «Оғызнама» сақтардыкі демеген күннің өзі сол заманнан беру келе жатқан көшпенді сюжет болуы да мүмкін ғой.

– Олай қарауға әрине болады деп ойлаймын.

– Енді Шя еліне келсек, сақтардың арғы атасы да айдағар-жылан болса, шялар, ғұндар да айдаһарды төтем еткен, үшеуі тегі бір халық деуге болатын сияқты.

Көне Жұңгоның тұңғыш жазуы саналатын сауыт-сүйек жазуларындағы таңбалармен Қазақ ру-тайпаларының таңбалары арасындағы ұқсастықтар белгілі бір сырлы байланысты ұғындырғысы келіп тұрғандай болар, Орхон- Енисей жазуларына да ұқсап қалатынын баса айытқан жөн. Қазіргі ханзу (қытай) тілінде көптеген түрік-моңғұлдық сөздер мен сөз түбірлерін мыңдап кезіктіруге болады, бұл сол тегінде осы алапты билеген Шя елінен тартып бері қарайғы көшпенділердің қалдырған ізі деуге толық хақымыз бар.

7858.jpg

4000 жыл бұрынғы сауыт-сүйек жазулары

Тағы да Сы Мацян жазбаларына кезек берейік:

«Одан 100 неше жыл өткен соң Жоудың батыс бегі Жи Чаң (яғни Жоу Уынуаң) Куанрейлерді шапты. 10 неше жылдан кейін У уаң Жоу уаңға жаза жорығын жасап, Ло-и қаласын тұрғызды. Онан соң Фыңчың, Хаучың қалаларында тұрып, жат қауым нұмдарды Жиңшүй, Лошүй өзендерінің солтүстігіне ығыстырып, уағында көпшір (салық) төлеп тұруға міндеттеді де, ол өңірді «далалық табиға» деп атады. Содан 200 неше жыл өткен соң Жоу әулеті Қожырады. Жоу Myyаң сонда да Куаннұмдарға жорыққа аттанып, небәрі төрт ақ қасқыр, төрт ақ бұғы олжа алып қайтты. Содан былай «далалық табиғадағылар» Жоуға тарту әкелмеді. Осы кезде Жоу әулеті «жаза низамы» деп аталатын жарғы шығарды. Жоу Myyаңның немересі И-уаңның тұсында Жоу әулеті әлсіреді де нұмдар мен тиектер арт-артынан шабуыл жасап Түнязы елдеріне тізесін батырды. Түнязылықтар қатты күйзелді. Бұған ашынған ақындар: дегенің үй емес, қалдырды қаран Хәмюндер – «Тұрмасаң егер күнде сақ, Хәмюн салар кесапат» деп жыр шығарған екен. И-уаңның шөбересі Жоу Шюануаңның тұсында ол қол жиып жаза жорығын жасауға жарлық түсіргендіктен, акындар: «Түре қуып Хәмюнді. Тойюаннан әрі өткіздік». «Жосылтып соғыс арбасын, Шофанда қорған соқтырдық» деп олардың ерлігін жырлаған. Бұл шар тараптағы жат жұрттар бағынып, Кіндік қағанаттың толқысыған шағы еді» дейді.

Жоу хандығы эрамыздан бұрынғы 770 – 256 жылдары өмір сүрген. Бұл замандардада солтүстіктегі көшпенділер оңтүстіктегі егінші аймақтарды үздіксіз мазалап отырды. Бұнда «куан рей» деп отырғаны қазақша айтқанда «куан ит» деген мағынаны білдіреді, ыңғайына қарағанда «ит рейлер» мен «ит нұмдар» сол замандағы күшті көшпенділер. Ит төтемі негізінде солтүстіктегі шанаға ти жегетін қауымдармен байланысты болса керек. Олар Сібіриядан иттерін де қалдырмай ала келген болса керек, ит қауымы есімінен біз керейдің қазіргі күндегі ителі, итемген руларын еріксіз түрде еске аламыз.

– Мен бұған келісе алмаймын. Бұл өте арыдағы тарих. Ителі мен итемген күні кеше ғана пайда болған шағын рулар.

– Күмән келтіруге қақың бар. Бұл менің ойым, тағы да айтарым, бұл осы рулар сол кезден келе жатыр дегендік емес, керісінше аталған ру атауларына осы өткен тарих әсер еткен болуы мүмкін деген ой.

– Жақсы. Әрі қарай кеттік. Жоғарыда өзің атаған Жоу елінің ғұндарға қатысы қандай?

– Бұндағы Жоу мемлекеті негізі Батыс Жоу мемлекетін меңзейді, Батыс жоулықтар кейде солтүстіктегі елдерді бойсұндырса, кейде олардан жеңіліп қайтқан. Жоғарыдағы деректегі «Куаннұмдарға жорыққа аттанып, небәрі төрт ақ қасқыр, төрт ақ бұғы олжа алып қайтты» деген жолдар сол сәтсіздіктің дәлелі деуге болады. Осы жеңілістен кейін айтуларынша далалықтар оларға тарту әкелмеген, керісінше отырықты елдерге тізесін батырған. Сол себептен де отырықшы жоулық ақындар ертедегі күшті патшаларының заманын еске алып жыр шығарған.

Тарихи деректе: «Жоу Юуаңның тұсында, ол ерке тоқалы Бау Сының себебінен Шін бегімен жауласты. Каны қайнаған Шін бегі гуаннүмдармен бірлесе шабуыл жасап Жоу Юуаңды Лишан тауының етегінде өлтірді. Жоу әулетінен Жаухо деген жерді тартып алды, онымен тынбай Жиншүй, Уйшүй өзендерінің аралығындағы алапты басып алып, Кіндік қағанатты үнемі шауып мазалай берді. Чин Шяңгүң аламан жіберіп Жоу әулетiн құтқарды. Содан кейін Жоу Пиңуаң Шыңжиң, Хаужиң қалаларын тастап шығыстағы Ло-и қаласына көшіп кетті. Бұл кезде Чин Шяңгүң нүмдарға жаза жорығын жасап, оларды Чишанға дейін қуды, содан былай ол бектердің қатарына қосылды. Содан 65 жыл өткенде таулық нүмдар Ян бектігінен аттап Чи бектігіне шабуылдады да, Чи Лигүң олармен Чи бектігінің жерінде соғысты. 44 жылдан кейін таулық нұмдар тағы да Ян бектігіне шабуыл жасады. Ян бектігі Чи бектігінен шұғыл көмек сұрады. Чи Хуангүң солтүстікке шеру тартып, таулық нұмдармен соғысты, таулық нүмдар жеңіліп шегінді. 20 неше жыл Өткен соң нүмдар мен тиектер Ло-и қаласына келіп Жоу Шянуаңға шабуыл жасады. Жоу Шянуаң Жың бектігінің Фән-и қаласына қашып барды. Тегінде Жоу Шянуаң Жың бектігін шауып алу үшін тиектің бір қызын ханымдыққа қалап алған болатын әрі нүмтиектермен бірлесе Жың бектігін шапқан еді. Содан көп өтпей-ақ ол тиектен алған қатынын ханымдықтан қақты. Бүған оның тиек ханымы қатты наразы болды. Жоу Шяңуаңның өгей шешесі Шах-ана Хүйдың Зыдай есімді ұлы бар еді. Ол осы үлын таққа отырғызбақ болды. Сондықтан Шах-ана Хүй мен тиек ханым және Зыдай ішкі жақтан сәйкесіп нүмдар мен тиектерге жамбыл қақпасын ашып берді. Сонымен жамбылға кірген нүмдар мен тиектер Жоу Шянуаңды жеңіп, оны қуып шықты да Зыдай патша болды. Нүмдар мен тиектердің бір бөлегі Лүккүнда ірге теуіп, шығыс шекарасын Уй бектігіне дейін кеңейтті, Түнязы елдерін жиі-жиі шауып тұрды. Жоу Шянуаң төрт жыл бойы шет жұртта сергелдең болып жүрді де, ақыры көмек сұрап Жин бектігіне елші салды. Енеді ғана бек болған Жин уынгүң бектердің бегі болу дәмесімен нұмдар мен тиектерге жаза жорығын жасап, оларды қуып тастады. Зы дәйді өлтіріп, Жоу Шяңуаңды еліне апарып Ло-и қамалында қайтадан таққа отырғызды.» делінген. Енді осы деректі саралап көрелік.

Эрамызан бұрынғы 992-922 жылдары Ит нұмдары күшейіп Жоу патшалығымен көп қақтығысқан. Кейінгі Хань патшалығы (эрамыздан бұрынғы 202 жылдан эрамыздың 220 жылына дейін) Миңди патша кезінде Ит нұмдар туралы мынадай айтылым бар екен: «Ақ қасқыр қатарлы жүздеген елдер... түтін саны 130 мыңнан асады, халық саны 6 млн.нан асады» делініпті, бұндағы сан 6 млн емес 600 мың болуы мүмкін. Осы көшпенді тайпалар Ит нұмдар эрамыздан бұрынғы 771 жылы Жоу Юаңды өлтірді, Батыс Жоу патшалығы ақырласады да, Шығыс Жоу патшалығы басталады. Ит нұмдары әжептауір мықты тайпалар бірлестігі болған, деседе эрамыздан бұрынғы 220 жылдары темір дәуірі басталған соң барып құдіретті Ғұн империясы құрылды. Қола дәуірінде отырықшы елдердің териториясы кіші болып қана қоймай, көшпенділер де соларға ұқсас құдіретті мемлекет құра алған жоқ.

Бұндағы Ит нұмдардың тегі «Тау мен теңіз дестірі» атты кітапта былай баяндалады:

«Ит нұмдары Хуаңдидың ұрпақтары, олар Рұң Пу тауында тұрады, әкелері ақ иттен туғандықтан осылай атанған»

Демек ит нұм тайпалары сол заманда недауір күшке ие тайпалар бірлестігі екеніне гүмән жоқ. Олар Жоу патшалығын жойған соң Чин бегі Чин Шияңгүң әскер жіберіп Жоу әулетін құтқардыда сонан бастап шығыс жоу патшалығы басталды. Чин Шияңгүң нұмдарға жаза жорығын жасағаннан кейінгі 65 жылда далалық көшпенділер туралы дерек кездеспейді.

Шығыс Жоудың эрамыздан бұрынғы 770-476 жылдары жылнама заманы деп аталады, жиыны 480 нен реттен көп соғыс болған. Жер-жердегі шонжарлар ұқыққа таласып қырқысқан соғыс жүргізген. Бұл қола дәуірінің дамыған тұсына тура келеді, соғыстың қажетіне орай соғыс арбалары ойлап табылды, сондай-ақ алуан түрлі соғыс тактикаларыда жарыққа шықты. Жоғарыда айтылған 65 жылдан кейін көшпенділер Ян бектігін шауып, чи бектігі (Қазіргі Шандүнь провинциясы) бегі осы дәуірдің тұңғыш шонжары Чи Хуангүңмен соғысты. Көшпенділер шегініп кетеді. Отырықшы аймақтардағы ұсақ мемлекеттер бір-бірімен қырқысып, кейбірі далалық көшпенділермен одақтасып көрші бектіктерді шабудан тайынбады. Жоу бектігінің сол кездегі ханымы көшпенділердің қызы болуы осы мүддеден туындаған. Оның ханымдықтан қағылуына байланысты көшпенділер басып кіріп, Жоу Шияңуаңды қуып жібереді. Ол жин бегі Жин Уынгүңнан көмек сұрады, Жин Уынгүң көмек беріп көшпенділерді шегінуге мәжбүр етті, Жин Уынгүң тұтас сол дәуірдегі бес мықты шонжардың бірі еді. Сол заманда шығыс таулардағы көшпенділер – таулық нұмдар, Сары өзеннің түңкелі жерлерін қоныстанғандар – орман хулары, ал батыстағылар қияндар деп аталды.

«Бұл кезде Чин, Жин бектіктері мығым елдер еді. Жин Унгүң нұмдар мен тиектерге жорық жасап, оларды Хыши өңіріндегі Йыншүй, Лошүй өзендерінің аралығына ығыстырды. Бұлар қызыл тиек, ақ тиек деп аталды. Чин Мугүң Юнаны ішке тартып ақылман еткеннен кейін, батыс нұмдардың сегіз елі Чин бектігіне бағынды. Содан былай Лүңшанның батыс алабында нұмдардың Мянжа, Куаннүм (ит нұм), тиек, гуан тармақтары, Чишән, Ляңшән таулары мен Жиншүй, Чингүй өзендерінің солтүстігінде нака, датлей, аше, қоган тармақтары тұрды. Ал Жин бектігінің солтүстігінде лимғу, леубан нұмдары, Ян бектігінің солтүстігінде шығыс ғулар, таулық нұмдар болды. Таулы алқаптарға шашырай қоныстанған бүл тайпалардың алды-алдына ақсақалдары бар еді. Әр жерде сол нұмдардың жүз шакты тайпасы бола тұра, олардың басы бірікпейтін.» дейді жазбаларда.

– Осы деректі тарқата кетсең.

– Жин Уынгүңның билігі эрамыздан бұрынғы (636-628 жылдар) болған. Ол өлген соң оның ұлы орынына отырған, ол көшпенділерге жорық жасап оларды батысқа қарай ығыстырған. Қытайлықтардың ең батысына орналасқан Чин бектігі күшейе бастап, Чин Мугүң көшпенділерге жорық жасап оларды батысқа қарай ығыстырады. Чин мугүң заманында (эрамыздан бұрынғы 683-621 жылдар аралығы) батыстағы нұм тайпалары Чин еліне үнемі лаң салып тұрды, Чин елі «Алдымен күштісін, соңынан әлсізін алу» тактикасын қолдланып, олардың ең белді көсеміне қыз беріп, оны өзінің салтанатты ордасына тұрғызып көп жыл сайрандатады, ақыр исоңында оны еліне қоя береді. Сол аралықта оның елінде басшы болмай елі былығады да, чиндіктерге тайпалар арт-атрынан бағынады. Бұл кезде далалық көшпенділер ұсақ ұлыстарға бөлініп кеткендіктен бастары бірікпейді. Олар 10-нан аса ұсақ ұлысқа бөлінген, олар: мянжа, куаннүм (ит нұм), тиек, гуан, нака, датлей, аше, қоган, лимғу, леубан, шығыс ғулар, таулық нұмдар, қызыл тиек, ақ тиек қатарлы оннан аса ұлыс еді. Бес шонжар заманынан ілгеріде терістік даладағы көшпенділер «гүй фаң» (Албастылар жақ) деп аталатын. Жоғарыда айтылып отырған шығыс хулар расында да Модон (Бақтұқ немесе Боғда) тәңірқұт кезіндегі шығыс ғулар болса, ол сәнбейлердің ата-бабасы саналады. Бұған қарағанда шығыс ғулардың тарихы ғұндардан ұзақ болады. Эрамыздан бұрынғы 623 жылы батыс нұмдар жорығы болғанын ескерсек, шығыс ғулардың сол заманда бар екенін көруге болады, сонда тегін шығыс ғудан бастайтын санбейлердің тегі 2600 жылдан арыға кетеді. Кейінгі керейлердің тегі осы сәнбейлер.

Жазбаларда: «Содан 100 неше жыл өткен соң, Жин Даугүн нұм-тиектермен рақайласуға Уи Жянды жібереді. Нұм-тиектер де Жин бектігін зиярат қылды. Тағы да 100 неше жылдан кейін, Жау Шянзы Гужу тауынан асып, Дәй бектігін күйретіп өзіне қосып алды да, ғулар мен ғақтардың жеріне төнді. Одан кейін Жау Шянзы Хан, Уй бектіктерімен бірлесіп дебектерді жойып, Жин бектігінің жерін бөлісіп алды. Содан Жау бектiri Дәй бектігі мен Гужу тауының солтүстігін, Уй бектігі Хыши өңiрi мен Шаңжүнды иеленді де, нұмдармен іргелес отырды, кейінірек нака нұмдары қала-қорған салып қорғанысты күшейтсе де, Чин бектігі олардың иеліктерін бір-бірлеп жегі кұрттай жалмап, Чин Хүйуаң заманына келгенде нака нумдарының 25 қаласын тартып алды. Чин Хүйуаң Уй бектігіне шабуыл жасады. У бектiгi Шихы мен Шанжүнді Чин бектігіне аққұла бере салды. Чин Жаууаңның тұсында нака нұмдарының ханы Чин бегінің бекайымы Шюанмен көңілдес болып, одан екі ұл туды. Бекайым Шюан Гәнчан сарайында нака нұм ханын сайқалдықпен өлттiрi де, іле-шала қол аттандырып наканы күйретті. Бұл кезде Чин бектiгi Лушпи, Бейли, Шанжу өңipлерін иелігіне алады және ұлы қорғанды тұрғызып, ғулардан қорғаны.»

Арада тағыда 100 жыл уақыт өткеннен кейін (эрамыздан бұрынғы 530 жылдар) Жин ханы Дау гүң көшпенділермен елдесуге адам жіберген. Эрамыздан бұрынғы 476 жылға келгенде жаңа дәуір – Жауласқан бектер заманы басталды. Олардың терістігіндегі көшпенділер орман ғулары, лоуфандар, ғұндар, шығыс хулар(дұңхулар), ичулар деп аталды. Эрамыздан бұрынғы 455 жылы Жин мемлекетін үш әулет бөліске салып Хань, Жау, Уй деп үшке бөлінді де, Қытай елі дербес жеті кіші мемлекетке бөлініп, бір-бірімен толассыз соғысады. Ян, Жау, Чин, Уй бектіктері солтүстіктегі көшпенділерден қорғану үшін шегараға ұзын қамал тұрғызды, бұл тарихтағы «Қытай қорғанының» басталуы еді.

– Мағыналы ойларың үшін рахмет!

(Жалғасы бар)