«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Қазақ малшыларына етті шетелге шығаруға не кедергі болды

1557
Қазақ малшыларына етті шетелге шығаруға не кедергі болды

1905 жылы даниялық Карл Гольбек фирмасы сол жылдары Сібірден (оның ішінде Қазақстанның солтүстік өңірлері де бар) шет елге қой етін тасымалдауға, сондай-ақ союға арналған жануарларды Сібір темір жолының шегінде сою орындары орналасқан жерлерге тасымалдау үшін қолданыстағы теміржол тарифтерін төмендету туралы өтініш жазды. Қиыр Шығыстағы соғыстың жалғасуына байланысты аймақтың теміржол басқармасы тарифтік жеңілдіктер беруді орынсыз деп санады. Басшылық соғыс уақытында қой етін батысқа экспорттауды жеңілдету Сібір халқын, әсіресе әскерді ет өнімдерімен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізеді деп санады. Тарифтің қолайлы жағдайында қой етінің экспорты Сібір теміржолымен жалпы тасымалдаудың негізгі бағыттарының бірі бола алатындығын, сондықтан да үлкен маңызға ие болатынын атап өту маңызды. «Сібір темір жолының хабаршысы» («Вестник Сибирской железной дороги»)  газетінде осы мәселені жан-жақты зерттеуге «Сібір қой шаруашылығы және оның өнімдерін теміржол арқылы шетелге шығару» (№30, 1905 жылғы 8 қыркүйек) атты көлемді мақала арналды. Qazaqstan Tarihy порталы осы мақаламен танысып, оқырмандарға ХХ ғасырдың басында Сібірдің қазақ көшпенділерінің шетелге ет экспорттауына не кедергі келтіргені туралы әңгімелейді.

Мақала авторы бұл мәселені зерттеу барысында Сібір жолдары басқармасы жинаған аймақтағы қой шаруашылығының жай-күйі туралы ақпарат, сондай-ақ осы ауылшаруашылық саласының өнімдерін сату шарттары туралы ақпарат үлкен қызығушылық тудырды деп жазған.

Тобыл және Томск губернияларынан басқа Ақмола және Семей облыстары, сондай-ақ Торғай облысының екі уезі (Ақтөбе және Қостанай уездері) жататын Батыс Сібірдегі қой шаруашылығының көлемі қолда бар статистикалық деректер бойынша 7 690 000 басқа жетті, бұл ретте дала облыстарының үлесіне 4 500 000 бас келеді. Сонымен қатар, Сібір темір жолы басқармасы жүргізген зерттеу деректері бойынша қазақтардың мал басы зерттеуде келтірілгеннен әлдеқайда көп болған деп есептеледі. Қазақ халқының қоймен қамтамасыз етілу дәрежесі мынадай болған:  

«Орташа шаруашылыққа Дала өлкесінің әртүрлі уездерінде 11-ден 36,9 қойға дейін келеді. Бір жыл ішінде орташа шаруашылық кем дегенде 7 қой сатады, бұл 29 500 қырғыз шаруа қожалығы үшін Дала өлкесіне 206 500 қой. Сонымен қатар, Тобыл және Томск губернияларының шаруа аудандарында, сондай-ақ дала облыстарындағы казак халқы да қойлардың белгілі бір санын сатады» 

Сыртқа шығарылу үшін сойылған қой еті Сібір теміржолына келіп түскен, 1903 жылы ол 300 000 пұт қой етін қабылдаған. Егер қой етінің орташа салмағы шамамен 1 пұт болды деп есептесек, онда теміржол арқылы шығару үшін сойылған қой санын да 300 000 бас деп санау керек. Қой еті Орал зауыттарына, Мәскеуге, Санкт-Петербургке, сондай-ақ Ресей империясының орта аймағына (мысалы, Тамбов губерниясы) жөнелтілді. Сібір темір жолымен жөнелтілетін қой етінен басқа, оның көп бөлігі Батыс Сібірден көлікпен Оралға кететін.

ХХ ғасырдың басында қой етінің шетелдік нарықтарға - Дания мен Англияға шығуын іздеу үрдісі байқалды. Алайда бұл әрекеттерді сәтті деп атауға болмады. Зерттеушілер сәтсіздікті ет тасымалдау үшін белгіленген тариф пен өнім бағасы арасындағы сәйкессіздікпен байланыстырды. Сол жылдары Сібір темір жолы арқылы ет тасымалдаудың төмендеуі де осы себеппен түсіндірілген. Басқаша айтқанда, ет тасымалдау әрқашан қолданыстағы тарифке төтеп бере алмады. Сауалнама барысында сұхбаттасқан барлық мал иелері мен ет саудагерлері Сібір теміржолымен тасымалданатын ет жүктерінің біртіндеп азаюын дәл осымен түсіндірген.

Ағайынды Брандттардың компаниясы (Петропавлда май кеңсесі болған) шетелге - Лондон мен Копенгагенге - қой етін шығарып көрмекші болған. Сонымен қатар, Омбыдағы ағайынды Винокуровтардың фирмасы, сондай-ақ Карл Гольбек фирмасы да Копенгагенге ет шығарып көрмекші болған. Қой өсіру және оның әр түрлі өнімдерімен сауда жасау жағдайларын жергілікті зерттеу кезінде осы фирмалардың қой етін шетелге сату тәжірибелеріне көп көңіл бөлінді. Екі шартты сақтағанда қой етін сатуды дамытуға болатындығы анықталды: 1) қой еті шығарылатын аудандарда арнайы қасапханалар салу, өйткені шетелдік нарық ресейлік емес, өз заңнамасына сәйкес өңделіп, қатталған қой етіне талап қоятын; 2) етті, оның ішінде қой етін тасымалдауға тарифті төмендету.

Сол жылдары әрекет еткен шарттар бойынша жоғарыда аталған экспорттық фирмалардың тәжірибелері оң нәтиже берген жоқ және бұл фирмалар бір-екі рет ет жөнелткеннен кейін бұл бағыттағы әрі қарайғы жұмысын тоқтатты. Жіберушілердің айтуынша, бұл сәтсіз нәтижелердің басты себебі теміржол тарифінің қымбаттығы болды. Жіберушілердің тұжырымдарының дұрыстығын 1 пұт жүкке арналған келесі есептеулер растайды. Сонымен, Омбыда жаңа сойылған қой еті орташа есеппен 2 р. 20 т., Ресей темір жолдарының жалпы жүк тарифі бойынша Омбыдан Ригаға тасымалдау - 83 тиын, Ригадан Копенгагенге дейінгі теңіз көлігі - 12 тиын, қосымша төлемдер (теміржол және теңіз) - 6 тиын, әр түрлі үстеме шығындар - 40 тиынды құрайды. Нәтижесінде бір пұт 3 рубль 61 тиынға шыққан. Копенгагенде осындай қой еті пұтының бағасын 3 рубль 70 тиынға теңесек, бұл кәсіптегі кірістің мардымсыз болғанын көруге болады - бір пұт үшін 10 тиын ғана. Бәлкім, мүдделі тұлғалар айтқандай, шетелге қой етін сатудағы шығындар сондай бір керемет үлкен бола қоймаған шығар.  Алайда, осы істі қолға алғандардың бәрі оны тастауға мәжбүр болды, олар басқа жағдайда, басқа шарттарда бұл істің өте пайдалы болатындығын да мойындаған.

Бір Далалық өлкенің (12 уезд) қой шаруашылығы тек қазақ халқына қой, жүн және өзге де заттарды сатудан 5 миллион рубльден астам қаражат берген. Бұл қаражатты алу мүмкіндігі халықты шаруашылықтың осы саласының өнімдері үшін неғұрлым тиімді нарықтар іздеуге және Сібір темір жолының қызметтеріне жүгінуге мәжбүр етті. Қой өнімдерін Сібір темір жолы арқылы Сібірден тыс нарықтарға шығарудың көбеюі осыдан келіп шығады. Сібір темір жолын айналып өтіп, қой шаруашылығы өнімдері ат-арба көлігімен және Ертіс, Тобыл, Тура өзендері арқылы су көліктері арқасында нарықтарға түсіп отырды. Уақыт өте келе тірі қойды теміржол арқылы тасымалдаудың азайғаны байқалады. Бұған себеп - қолданыстағы тарифтердің қымбаттығы. Мәселен қой етінен қымбат қой майы Омбыдан Мәскеуге пұты үшін 48,86 тиынға, ал қой еті пұтына 63,74 тиынға тасымалданды.  

Мақала авторы сібірлік қой етін сыртқа шығару үшін және осы жүкті теміржол арқылы тасымалдау үшін тарифті төмендету қажет деп қорытындылайды. Оның ойынша бұл Далалық өлкенің мал шаруашылығы үшін еуропалық нарықты ашар еді, ал бұл тек жергілікті ғана емес, сонымен қатар жалпы мемлекеттік те мәнге ие болар еді. Автор әдетте қой ең көп сойылып, Сібірден шығатын қара күзде тарифті төмендеткен жөн деп санайды:

«Если же впоследствии, с развитием овцеводства в Сибири, вывоз баранины разовьется настолько, что встретится надобность в перевозке свежей баранины и в летнее теплое время, то, конечно, тогда потребуется устройство специальных вагонов-холодильников и введение специальных ускоренных поездов; последнее при постоянном развитии вывоза сибирской баранины заграницу будет являться мерой желательной и необходимой, как это уже установлено по отношению вывоза за границу сибирского сливочного масла» 

Сібір темір жолы басқармасына келетін болсақ, ол тарифті Омбыдан Ригаға дейін қой етін тасымалдау үшін 83 тиынның орнына 55 тиынға дейін төмендетуді ұсынды. Мұндай тарифте егер қой етін Копенгагенге жеткізудің жоғарыда келтірілген есебін назарға алар болсақ, онда онда бұл кәсіптен әр пұттан 30-40 тиын табыс түсер еді, қой етін шетелге шығарудың дамуын күтуге мүмкіндік берер еді.  

Орыс теміржол желісі бойынша қой етін тасымалдау статистикасы жасалмағандықтан, бұл тасымалдаудың мөлшері шамамен анықталған. 1901-1903 жылдар аралығында Сібір теміржолымен ет тасымалдау туралы статистикалық мәліметтерде қой етін тасымалдау ет жүктерін тасымалдаудың жалпы көлемінің 20-25 пайызын құраған. Сондықтан Сібір теміржолының басқармасы өз зерттеуі барысында 1901-1903 жылдар аралығында станциялардан жіберілген қой етінің мөлшері жылына орта есеппен 300-ден 600 пұтқа дейін болды деген қорытындыға келген.

Бұл мәселе Ресей теміржолдары өкілдерінің жалпы тарифтік съезінде де талқыланған. Орталық теміржол мекемелерінің пікірі: бұл мәселе Сібір темір жолы қызмет ететін бүкіл аймақ үшін өте маңызды экономикалық мәнге ие. Бірақ сонымен бірге съезд де, Теміржол басқармасы да қой мен қой өнімдерін тасымалдау тарифін төмендету мәселесі бойынша түпкілікті шешімді соғыстың соңына дейін кейінге қалдыру қажет деп тапты, өйткені сол уақытқа дейін Сібірдің өзінде де қой етіне деген сұраныс өте жоғары болады деп болжанды. 

Автор: Аян Аден