Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Зерттеуді жергілікті мұрағаттарда жүргізу керек

1532
Зерттеуді жергілікті мұрағаттарда жүргізу керек - e-history.kz

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Арайлым Сәбитқызы Мұсағалиева – саяси репресииялар мәселелерін зерттеушілердің бірі. Өзінің тынымсыз зерттеу қызметінің арқасында ғалым Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі болды. Өздеріңіз білетіндей, 1997 жылдан бастап жыл сайын 31 мамырда Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні атап өтіледі. Арайлым Сәбитқызы Qazaqstan Tarihy порталына саяси қуғын-сүргін тарихы және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі туралы өз зерттеулерінің нәтижелері туралы айтып берді.

- Сәлеметсіз бе, Арайлым Сәбитқызы. Саяси қуғын-сүргін тақырыбы сіздің ғылыми ізденістеріңіздің нысанасына қалай айналғаны туралы айтып берсеңіз.

- Бұл менің «Қазақстанның орталық және жергілікті мұрағаттарының құжаттары саяси қуғын-сүргін тарихының тарихи дереккөзі ретінде (1917-1956 жж.)» деген докторлық диссертациямның тақырыбымен байланысты. Сондықтан да осы тақырыппен мен 20 жылдан астам уақыт бойы айналысып жүрмін. Осы жылдар ішінде көптеген қазақстандық және халықаралық ғылыми жобаларға қатыстым, осы тақырыпта түрлі тілдерде, соның ішінде, орыс, ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, түрік және басқаларында көптеген мақалалар жазылды, біздің студенттерге, магистранттарға және докторанттарға арналған авторлық курстар әзірленіп, оқылуда. Осы тақырып бойынша бірнеше монография, оқу құралдары жарық көрді.

b44586f36bee7643f7bbab55a4eba9aa.jpg

- Қазақстан мұрағаттарындағы ғылыми ізденіс барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Қандай шетелдік мұрағаттарда жұмыс істей алдыңыз? Шет елдер мен Қазақстан мұрағаттарының жұмысындағы қандай да бір ерекшеліктерді, айырмашылықтарды көрсете аласыз ба?

- Иә, осы уақыт ішінде Қазақстанның көптеген орталық және жергілікті (облыстық және аудандық) мұрағаттарында жұмыс істедім. Әр түрлі жағдайлар болды, бірақ саяси қуғын-сүргін құжаттарын мұрағаттардан табу қиын екенін атап өткен жөн. Кеңес заманында мұрағаттар ұлттық, стратегиялық нысандар ретінде қарастырылды, сондықтан 1938 жылдан бастап олар Ішкі істер халық комиссариатының қарауына берілді. Осыдан кейін құжаттарға қолжеткізуді шектеу басталды. Кеңес Одағының мұрағат қоймаларында «өте құпия» белгісі бар көптеген құжаттар жинақталған. Көп жылдар бойы пайдаланылмаған құжаттардың көбі әртүрлі қазақстандық ұйымдарда сақталды.

Шетел мұрағаттардан мен РФ мемлекеттік мұрағатында және РФ әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатында жұмыс істедім. Кеңес заманында Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты «қызыл мұрағат» деп аталды, өйткені онда кеңестік кезеңнің негізгі құжаттары, соның ішінде саяси қуғын-сүргін дереккөздері сақталған. Сондай-ақ, 1990 жылдан бастап ресейлік мұрағатшылар, тарихшылар шетелдік ғалымдармен бірлесіп, негізінен БКП(б) ОК партиялық-мемлекеттік басшылығының жоғары органдарының, Саяси бюроның, Ұйымдастыру бюросы мен Хатшылығының, ОАК мен РСФСР ХКК, ОГПУ, әртүрлі Халық комиссариаттары, Жоғарғы сот және Прокуратура, армияның Саяси Басқармасы және басқа ұйымдардың бұрын қолжетімсіз болған мұрағаттарынан кеңестік құжаттарды жариялай бастады. Мәскеудегі күш құрылымдарының құжаттарында, басқалармен қатар, республиканың барлық облыстары туралы мәліметтер бар. Біз өз зерттеулерімізде осы жарияланған құжаттарды қолданамыз.

Қазақстан тарихын зерделеуде қазақстандық мұрағаттардың өте маңызды екені сөзсіз. Біздің жергілікті және Орталық мұрағаттарда республикалық маңызы бар мекемелердің қызметі мен өткізілген іс-шаралары туралы құжаттар сақталған. Біртіндеп жаппай саяси қуғын-сүргінге айналған кеңес үкіметінің террор саясаты туралы Мемлекеттік мұрағаттардағы дереккөздер көптеген мәселелердің бетін ашып, олардың түйінін шешеді және көптеген жаңа материалдарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Оларды ҚР Президентінің мұрағаты, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, сондай-ақ облыстық мемлекеттік мұрағаттар құрайды. Мысалы, республиканың жоғары партия органдарының құжаттары ҚР Президентінің мұрағатында сақтаулы.

Бірақ, Қазақстанның орталық мұрағаттары ғана емес, сонымен қатар жергілікті мұрағаттар да зерттеудің бастапқы базасы болуы тиіс. Саяси қуғын-сүргін жергілікті жерлерде өткізілгендіктен, құжаттар тікелей жергілікті мұрағаттарда сақталады. Мысалы, кулактардың мүлкін тәркілеу, тәркілеу және репрессия, астық дайындау кампаниясына дейін және соның барысында жергілікті жерлерде жүзеге асырылды. Немесе жер аударылған халықтардың қоныс аударуы мен жайғастырылуының өзі жергілікті жерлерде, яғни тікелей республиканың облыстарында жүргізілді. Олардың өзгешелігі осында.

68551c1a4d2e25b0a7ce548643998b1b.jpg

- Сіз өз зерттеулеріңізде депортация тарихына баса назар аударасыз. Кеңес басшылығы тұтастай халықтарды күштеп көшіру сияқты қадамға неліктен барды деп ойлайсыз? Мұны большевиктік режим саясатында жиі кездесетін тәжірибе деп атауға бола ма?

- Адамдар мен халықтардың жаппай күштеп қоныс аударуы Кеңес мемлекетінің репрессиялық саясатының бір бөлігі болды. Дәл осы «жазаланған халықтар» арнайы қонысаударушылықтың негізі болды. Адамдарды тұрғылықты жерінен сот талқылауынсыз, әлеуметтік, ұлттық, саяси белгілері бойынша күштеп көшіріп жіберді. «История немцев России» («Ресей немістерінің тарихы») кітабында арнайы қоныс Кеңес Одағы тарихындағы ерекше құбылыс деп аталады. Немесе, неміс тарихшысы Й. Хоффман: «мәселе кейбір халықтардың сенімсіздігінде емес, КСРО-ның ұлттық саясатының жалпы күйреуінде болды»,- деп санайды. Біз осы авторлармен келісеміз.

- Мемкомиссияның қызметі жайлы айтып берсеңіз. Кулактарды, байларды, жартылай феодалдарды (орта шаруаларды) және шаруаларды ақтау бойынша қорытындыларды және ұсынымдарды зерттеу, дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретіндегі Сіз қандай жұмыс атқарасыз?

- Қазақ байы орталық тұлға, айналасында қоғамдастықтың қалған мүшелері топтастырылған қазақ қоғамының негізгі ұстыны, көшпенділердің бүкіл өмір салтының өзіндік орталығы болды. Кеңес өкіметі осы көпғасырлық орныққан жүйені жоймай, дала қазақтарын басқару мүмкін емес екенін түсінді. Қазақ қоғамында байлардың мүлкін тәркілеу, оларды көшіру және одан кейінгі ұжымдастыру біртіндеп орасан зор қасіретке әкелді. Ірі бай-жартылай феодалдарға қарсы бағытталған жаңа реформа Қазақстандағы ашаршылыққа әкеп соқтырған қазақтардың дәстүрлі жүйесінің жойылуының бастауы болды. Байлар институтының жойылуы дәстүрлі қоғамның жойылуына әкелді.

Біздің тақырыбымыздың басты мәселесі - тәркілеу мен кулактардың мүлкін тәркілеу құрбандарының саны анықталмаған. 1930 жылдардағы тәркілеу және кулактардың мүлкін тәркілеу құрбандары санының әртүрлі қайта есептеудің себебі осы тақырыпты кешенді зерттеудің, оны жүйелеудің жоқтығы, және қазақстандық мұрағаттардың көптеген құжаттары (тіпті құпиясыздандырылған) әлі де ғылыми айналымға енгізілмегендігі деп санаймыз. Сондықтан біздің жұмысымыз жаңа мұрағаттық құжаттарды ашу және қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан азаматтарын толық ақтау болып табылады. Қазіргі уақытта мен облыстық және аудандық мұрағаттарда жұмыс істеймін, қуғын-сүргінге ұшыраған байларды, кулактарды анықтаумен және ақтау үшін тұтас тізімдер жасаумен айналысамын. Сонымен қатар, байлар мен кулактарға қарсы репрессия туралы ғылыми мақалалар жазамын. Бұл тақырыпты толық ашу үшін осы тақырыпты жан-жақты ашатын көп томдық құжаттар жинағы шығарылуға тиіс деп ойлаймын.

- Мемкомиссия қызметінен қандай шешімдер, қорытындылар, нәтижелер күтесіз?

- Иә, 2020 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия міндеттерінің ішінде мынадай тармақ бар: «Қазақстан Республикасы Президентінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және басқа да мемлекеттік мекемелердің архивтеріндегі жабық қорлардың саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарының комиссия мүшелеріне, зерттеушілерге және ұрпақтарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу». Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы кеңестік кезеңнің жаңа мұрағаттық құжаттарын мемлекеттік деңгейде құпиясыздандырудың келесі кезеңі болады деп ойлаймын және тарихшы ғалымдардың үлкен де қажырлы еңбегі белгісіз есімдер мен беймәлім оқиғаларға жарық сәуле түсіретіні сөзсіз. 2021 жыл – Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық мерейлі жылында Қазақ халқының тағдырындағы қасіретті ХХ ғасыр тарихын зерттеуге жаңа серпін береді деп ойлаймыз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?