«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Мәскеуде Алтын Орда тарихының өзекті мәселелері туралы айтылды

430
Мәскеуде Алтын Орда тарихының өзекті мәселелері туралы айтылды

Мәскеу қаласында өткен«Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми- практикалық конференцияның «Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы: тарихтан бүгінге дейін» атты бірінші сессиясының аясында екі ел арасындағы тату көршілік қатынастардың негізі ретіндегі халықтар арасындағы тарихи-мәдени байланыстар мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Баяндама жасаған тарихшылар заманауи әдістеме мен ғылыми жетістіктер негізінде мамандардың бірлескен жалпылама еңбектерін дайындаудың маңыздылығына назар аударды.

Атап айтсақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.Қ. Көшкімбаев өз баяндамасын Алтын Орда тарихының өзекті мәселелеріне арнады.

«Бұл ортағасырлық орасан зор мемлекеттің тарихын қарастыра отырып, ол заманауи тарих ғылымындағы дәстүрлі және сонымен бірге ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі болып қала береді деп айтуға болады. Сонымен бірге бүкіл бай тарих, қарым-қатынастардың барлық спектрі – дипломатиялық келіссөздер, сауда қатынастары, мәдени алмасу, экономикалық өзара іс-қимыл және жай ғана достық қатынастар, әртүрлі ұлттардың өкілдері, соның ішінде неке байланыстары да көлеңкеде қалып отыр», - деді А. Көшкімбаев.

Осы тұрғыдан алғанда заманауи жетекші орыс тарихшыларының бірі – РҒА ҚҒҒАИ Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі И.В. Зайцеватің баяндамасы қызықты болды. Ғалым XIX ғасырдағы қазақ тарихнамасының ескерткіштері туралы соңғы зерттеулерімен бөлісті, олардың бірегей тізімдері Ресей астанасының жинақтарында сақталған.

И.В. Зайцев 2017 жылы «Кенесары Қасымов пен Садық Кенесарин тарихы» («Насаб-наме-йи Сұлтан Садық» - «Сұлтан Садықтың шежіресі») қолжазбасының факсимилесі және аудармасы жарық көргенін атап өтті. Ахмет Кенесарин 1887 жылы аяқтаған бірегей қолжазба Ресей Федерациясының Мемлекеттік тарихи музейінің жазба деректер бөлімінде сақталған.

Қазір жыл сайын мұрағат мәліметтерімен жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктері пайда болып, жаңа дерек көздер ашылуда. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлының ХІХ-ХХ ғасырлардағы Ресей империялық армиясының қатарындағы қазақ офицерлерінің тағдыры туралы хабарламасы үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстандық парламентарий «көп ұзамай олардың көпшілігі туралы кітаптар шығарылады, фильмдер түсіріледі және біз олардың есімдерін құрметпен, естелікке айналдырамыз» деген үмітін білдірді.

Сондай-ақ, бірінші сессия аясында Қазақ хандығы мен Ресей мемлекеті арасындағы 16-17 ғасырлардағы қатынастарының алғашқы кезеңіндегі дипломатиялық қатынастар тарихының мәселелері де талқыланды.

ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Н.С. Лапиннің пікірінше, бұл кезең жалпы екіжақты қатынастарды қалыптастырудың маңызды бөлігі болып саналады, оны зерттеу «қазақ-орыс қатынастарының ұзақ тарихының кейінгі кезеңдерінің ерекшеліктерін анықтауға көмектеседі».

Айта кетер болсақ, 20 сәуірде Мәскеу қаласында Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтында «Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» тақырыбында халықаралық ғылыми – практикалық конференция өтті.

Халықаралық конференция жұмысына қазақстандық және ресейлік тарихшы-ғалымдар, саясаттанушылар, халықаралық қатынастар мамандары, Қазақстан мен Ресей парламенттерінің депутаттары қатысты. Ғылыми форум жұмысына онлайн форматта қосылған РҒА ШИ, Е.Примаков атындағы РҒА ӘЭХҚИ, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.