Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жоралғылы жорық

671
Жоралғылы жорық - e-history.kz
Қазақтың соңғы ханы Кенесарының бассүйегі көптеген зерттеушілерді алаңдатып келеді. Атақты тарихи тұлғаның басын іздеу жолында жазылған бұл жазбаның құны жыл өткен сайын арта түседі

Ханның басы қайда? 

Әр сапардың өзiндiк мақсат-мұраты болатыны белгiлi. Бiздiң мақсатымыз елiмiздiң тәуелсiздiгi үшiн күресiп, жанын пида еткен ұлы бабамыз Кенесары ханның бас сүйегiн iздестiру едi. Жолға шығар алдында түрлi дайындық жұмыстарын жүргiзуге тура келдi. Көптеген тарихи деректер қолымызға түстi. Манаш Қозыбаев, Оразақ Смағұлов, Нұрсан Әлiмбай, Кемел Ақышев, Карл Байпақов, Дүкенбай Досжанов сияқты зиялы қауым өкiлдерiмен ақылдасып-кеңестiк. Бiр бiлсе осы кiсiлер бiр дерек бiлер деген үмiтпен Шота Уәлиханов және Напуса Кенесариналармен де хабарласып, әңгiмелестiк. Бiрақ бәрi де жалпылама бағыт-бағдар сiлтеп, жанашырлық бiлдiрiп, сапарымызға сәттiлiк тiлегенiмен, нақты ештеңе айта алмады. 

Жалпы, тарихи дерек көздерiне сүйенсек, бабамыздың басын алған қырғыз манаптары патша ағзамға жақсы атану үшiн Батыс Сiбiрдiң генерал-губернаторы болған П.Д. Горчаковқа апарып бередi. Ол 1851 жылы Горчаковтың орнына Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болып тағайындалған Г.Х. Гасфордтың қолына түседi. Аталмыш мырза оны Санкт-Петербургке, яғни патша ағзамның құзырына жөнелтедi: «...Бунтарская голова Кенесары Касымова находится у меня под железным замком, переданная князем Горчаковым, направляю к Вашему величеству...» – дейдi Николай патшаға жазған қатынас қағазында Гасфорд мырза. 

Бас сүйектiң бұдан кейiнгi тағдыр-талайы туралы тарихи деректер жоқтың қасы. Ал аңыз-әңгiмелерге бергiсiз алыпқашпа сөздер жетерлiк. Бiреулер Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда тұрғанын көрiптi-мiс. Ендi бiреулер қолдарымен апарып қойғандай, Антропология мұражайында сақтаулы тұр дестi. 

* * * 

Ресей мұрағаттары мен мұражайларында iздестiру-зерттеу жұмыстарын жүйелi жүргiзу үшiн ең алдымен құзырлы мекемелерден рұқсат алу қажеттiгi туындады. Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлігінің арқасында Ресей Мәдениет министрлiгiнен рұқсат қағаз алуға қол жеткiздiк. Оған қосымша еліміздің Мемлекеттiк хатшысы экспедиция мүшелерiне мүмкiндiк туғызуларын өтiнiп, Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының әкiмдерi Ю.М. Лужков пен В.А. Яковлев мырзаларға ресми хат жазып бердi. 

* * * 

Жолға шығардан бiр күн бұрын осы сапардың ұйымдастырылуына ұйытқы болып, демеушiлiк жасап жүрген ұлтжанды азамат, Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары, Қазақстан Ұлттық ат спорты федерациясының президентi Қайрат Сатыбалдыұлы Назарбаев хан сүйегiн iздестiру мақсатында құрылған экспедицияның алғашқы тобын Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына шығарып салу үшiн Алматы қаласына арнайы келдi. 

Алғашқы топтың мүшелерi болып мұражай ісін жетік білетін зерттеуші-қаламгер Тұрсын Жұртбай және мұрағатпен жұмыс істей алатын тарихшы-ғалым, Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында» атты Кенесары хан туралы атақты монаграфиясын қазақшаға тәржімелеген Шәріпбек Әмірбеков таңдап алынды. Оған бастамашы ретінде мен қосылдым. 

7368e7f7f212b4e4895cc9053e7d124e.jpg

Қайрат Сатыбалдыұлы бізбен кең отырып әңгімелесті. Әр түрлі ой-пікірлер ортаға салынды. 

– Сапарларыңыздың сәтті болуына тілектеспін! Тым болмаса бір дерек тауып келсеңіздер жақсы болар едi, – деді сөзiнiң соңында. 

– Сенсеңiз, аруақ разы болуы үшiн қолымыздан келгеннiң бәрiн жасаймыз. Егер көңiлiңiзде титтей де болса күдiк болатын болса, ашып айтыңыз. Өйткенi бiздiң құр қол қайтуымыз да ғажап емес. Ондай жағдайда артымыздан түрлi сыпсың сөздердiң өретiнiн де алдын ала ескертiп қояйын... – дедi арамыздағы жасы үлкенiмiз Тұрсын аға барлық жағдайды ашық айтып. 

– Ештеңеге алаңдамаңыздар. Мен сiздерге сенемiн. Сенгендiктен де жiберiп отырмын, – дедi Қайрат Сатыбалдыұлы. – Жүрiңiздер, ата-бабаларымыздың басына барып, құран оқиық. 

Бiз Шамалғандағы Нұрсұлтан ағамыздың әкесi мен Қайрат бауырымыздың әкесi жатқан жерге барып, құран оқыттық. Күмбез салдырып, жан-жағын қоршатып қойыпты. Одан кейiн жыр дүлдүлi Сүйiнбай бабамыздың басына бардық. Қайрат құран оқыды. 

– Аруақ разы болсын деп басын көтертiп жатырмын, – дедi Қайрат сәлден соң жартылай соғылған күмбезге қарап тұрып. – Құдай қаласа, биыл бiтiретiн шығармыз... 

Ендi Қарасай бабамыздың босағасына барып, ақсақалдардың батасын алып шығайық. Бiз Қарасай батырдың оныншы ұрпағы болып саналатын Асқар Еспенбетұлы Тоқтамысовтың шаңырағына келдiк. Қайрат алдын ала ескертiп қойған екен. Дастархан жайылып, тамақ асылып қойылыпты. Ақсақалдар құран оқыды, соңынан баталарын бердi. Қарасай батырдың көзi тiрi кезiндегi алты қанат ақ ордасының босағасы осы үйде әлi сақтаулы көрiнедi. Үй иесi Асқар Еспенбетұлы бiзге төргi бөлмеде тұрған Қарасай батырдың босағасы мен кiсесiн көрсеттi. Iштей дұға жасап, сыртқа шықтық. 

* * * 

Ертеңiнде, яғни 10 маусым күнi Мәскеу қаласына ұшып кеттiк. Өзiмiздiң алдын ала келiсiп алған жұмыс жоспарымыз бойынша 12 маусым — дүйсенбi күнi Ресейдегi Қазақстан елшiлiгiне арнайы ат басын бұрдық. Елшi Тайыр Мансұров мырза бiзбен жұмыс iстеудi елшiлiкте кеңесшi болып қызмет атқаратын Ермек Алдановқа тапсырды. 

– Иә, бiз бәрiн бiлiп отырмыз. Қайрат Назарбаев өзi елшiмен бiрнеше мәрте телефон арқылы сөйлесiп, бәрiн ашып айтқан. Кеше ғана осы мәселемен Астана қаласы әкiмшiлiгiнiң Мәскеу әкiмшiлiгiндегi өкiлi Юрий Яблонский мырза келiп кеткен. Сондықтан қолымыздан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Тек бiр нәрсенi алдын ала ескертiп қояйын, Кенесары бабамыздың бас сүйегi туралы мәселенi керек кезiнде ғана қозғасаңыздар екен. Неге екенiн өздерiңiз де түсiнiп отырған шығарсыздар, – дедi Ермек Алданұлы. 

Бiз кеңесшiге қайда барып, қайда қоярымызды бастан-аяқ баяндап шықтық. 

* * * 

Ермек Алданұлының араласуымен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлiгiнiң Мұражай бөлiмiнiң бастығы Людмила Колесниковамен жақын танысып, тез тiл табысып кеттiк. Ресей мен Қазақстан арасындағы рухани һәм мәдени байланыстар төңiрегiнде әңгiме қозғалды. Түрлi ой-жосықтар айтылды. Ресей мұрағаттары мен мұражайларындағы қазақ халқының тарихына қатысты материалдық әрi рухани қазыналар туралы да сыр суыртпақтап, тым болмаса солардың көшiрмелерi мен тiзiмдерiн алу жағын да сұрастырдық. 

– Қазақстанмен рухани-мәдени байланыстарды жандандыра түсуге бiз де мүдделіміз, – деп бастады сөзiн Людмила Максимовна. – Өйткенi мәдениетте шекара болмауға тиiс. Бiз сiздердi түсiнемiз. Ресей мұрағаттары мен мұражайларындағы қазақ халқының тарихына байланысты тарихи һәм мәдени қазыналардың толық тiзiмi мен көшiрмелерiн алуларыңызға болады, бiрақ түпнұсқалар мен заттар туралы тiптен сөз болмауға тиiс. Мәселен, бiзде тұрған сондай қазыналарды түстеп-түгендеп, түрлi альбомдар, кiтапшалар, кiтаптар шығаруға болады. Сондықтан зерттеушiлерге ешқандай тосқауыл қоймаймыз, қайта қолымыздан келген көмегiмiздi жасауға қашанда дайынбыз. Мәскеу мен Санкт-Петербургтегi баратын мекемелерiңiздiң тiзiмiн жасап берiңiздер, бiз олардың басшыларына телефон арқылы хабарласып, сiздердiң еркiн кiрiп, зерттеу жұмыстарын жүргiзулерiңiзге жағдай жасап, мүмкiндiк туғызуларын өтiнiп, алдын ала ескертiп қоямыз. Менiң ойымша, рухани-мәдени байланыстардың жандануына олар да қарсы бола қоймас. 

498c05763ea8b57647a8341777abccfd.jpg

Бiз алдын ала жасап алған тiзiмдi ол кiсiнiң қолына ұстаттық. 

– Мен қосымша бiздiң министрлiктiң атынан барлық мәдени мекемелердiң атына ресми хат жаздырып беремiн, – дедi Людмила Максимовна. – Егер жұмыстарыңызға байланысты қандай да бiр проблема туындап жатса, емiн-еркiн менiң өзiме келiп немесе телефон арқылы айтып, хабарласуларыңызға болады. Тиiсiнше шара қолданып, сапарларыңыздың нәтижелi болуына барлық жағдайды жасауға тырысамыз. 

Людмила Максимовна айтқан уәдесiнде тұрды. Ресей Федерациясы Мәдениет министрiнiң бiрiншi орынбасары Н. Л. Дементьеваның атынан мұрағаттар мен мұрайжалардың директорларына мына тәрiздес ресми хаттар жаздырып бердi: 

«Ностоящим Министерство культуры Росийской Федерации просит оказать содействие представителям Министерство культуры республики Казахстан Т. Журтбаеву, Ш. Амирбекову, Д. Рамазанову, в организационно-методической работе и ознакомлении с фондами вашего музея, связанными с историей и культурей казахского народа». 

* * * 

Келесi күнi Мәскеу қаласындағы Қазiргi тарих мұражайы мен Мемлекеттiк тарих мұражайына жолымыз түстi. Қазiргi тарих мұражайының директоры Тамара Шумная күтiп отыр екен. Емен-жарқын қабылдай қоймаса да, ешқандай артық мiнез көрсете қойған жоқ. Бiз орындыққа отырмай жатып: 

– Бiрден айтып қояйын, бiздiң мұражайда қазақ халқына байланысты тарихи құжаттар мен материалдық бұйымдар бар. Оларды өздерiңiз де көресiздер. Не бар, бәрiн көрсетемiз. Танысасыздар, таныстырамыз. Бiрақ сынық ине бермеймiз. Соны алдын ала ескертiп қояйын. Ал рухани байланыстарға жол ашық. Мәселен, жақында ғана грузиндердiң көрмесiн өткiздiк. Сондай мәдени қарым-қатынастар жасауға, түрлi келiсiмшарттарға отыруға, бiрiккен конференциялар өткiзуге, альбомдар мен кiтаптар шығаруға болады. Ол жағынан ешқандай проблеманы көрiп тұрған жоқпыз, – дедi Тамара Григорьевна ойындағысын ашық айтып. – Бiзге бұрынғы он бес одақтас республикалардан өкiлдер жиi келедi. Бәрi бiздiң қорда бар өздерiнiң тарихына қатысты тарихи құжаттар мен заттардың түпнұсқаларын берудi талап етедi. 

– Сiздердiң қорларыңызда сақтаулы тұрғанымен, олар бiздiң ата-бабаларымыз тұтынған заттар ғой. Сатып алуға да болмай ма? – дедiк бiз сыр суыртпақтап. 

– Олар сiздердiң ата-бабаларыңыздың тұтынған заттары болғанымен, жаңадан қабылданған заң бойынша Ресей Федерациясының ұлттық байлығы болып есептеледi. Сондықтан ештеңе де берiлмейдi, ештеңе де сатылмайды. 

Бiз бұдан кейiн Мемлекеттiк тарих мұражайына бас сұқтық. Мұражай басшыларының айтуы бойынша, оның қорында жетi миллионнан астам қазына-мүлiк бар екен. Мұнда 1984 жылдан берi жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жатқан көрiнедi. 

Бiз мұнда да халқымыздың өткенiне байланысты көптеген құндылықтарды көзiмiз шалды. Соның iшiнде бiзге ерекше әсер еткенi әрi көзiмiзге ыстық басылғаны – мұражайдың көрме залында тұрған Күн кұдайының тасқа қашалған бейне-мүсiнi. Қазақ жерiнен табылған бұдан да басқа жәдiгерлiктер жетерлiк. Ойыма атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың: 

Ерте күнде отты Күннен Гун туған, 

Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам. 

Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi, 

Туа сала жалынменен мен жуғам. 

 Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар, 

Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар. 

Мен келемiн, мен келемiн, мен келем, 

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар! – деген өлең жолдары оралды. Тасқа қашалып бейнеленген Күн құдайының жанында тұрып суретке түстiк.

Думан Рамазан, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

(Жалғасы бар...)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?