Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ТҮРКСОЙ түркі тектес мемлекеттерін рухани біріктіруші ұйым

3859
ТҮРКСОЙ  түркі тектес мемлекеттерін рухани біріктіруші ұйым - e-history.kz

Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық ұйым (ТҮРКСОЙ) 1992 жылы Түркі тектес мемлекеттердің Стамбул кездесуінде, Мәдениет министрлерінің келісімі негізінде құрылған болатын. Сол кезден бастап ежелден бай мұрасы бар түркі тектес бауырлас халықтар ұлттық-мәдени байланыстарын нығайту жолын да салмақты қадамдар жасай бастады. 

Бүгінде үздіксіз Түркі тектес мемлекеттері мәдениет саласында ықпалдастықтарын жүзеге асырып келеді. Осынау сан салалы мәдени байланыстарының жандануына, өрлеуіне өзінің зор үлесін қосып отырған ТҮРКСОЙ екендігі айтып кеткен орынды. ТҮРКСОЙ жұмысының бағыттары мен бағдарламасын түркі тектес елдердің мәдениет министрлерінің Тұрақты кеңесі айқындайды. ТҮРКСОЙ негізгі бағыты әртүрлі елдерде тұратын түркі тектес халықтардың мәдениеттерімен таныстыру. Дәлірек айтқанда, түркі халықтарының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және тарату.

Біздің рухани тамырымыз бір, тіл, тарих, мәдениеті бірдей үдерістерді байланыстыру, оны бір жолға қою үшін құрылған ұйым дер кезінде қабылданған ең маңызды қадамдардың бірі болды. Себебі ТҮРКСОЙ – бізді рухани біріктіретін ұйым. Бүгінде осы берік негізде біз тамаша ынтымақтастықты жолға қойып отырмыз. Сондықтан Түркия, Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан т.б. бәріміз алдағы уақытта да ТҮРКСОЙ қызметін күшейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиістіміз. ТҮРКСОЙ түркі тектес мемлекеттердің мәдениеті мен өнерін ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. «ТҮРКСОЙ түркі тектес халықтардың мәдениеті мен өнерін таныстыру мен өрістетуде өте маңызды рөл атқарады. Бұл ұйымның белсенді қызметі біздің достастық пен мәдени байланыстарымызды нығайтады» деп ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев айтқандай ТҮРКСОЙ бірлігімізді нығайту, мәдени-рухани байланыстарымызды кеңейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені ТҮРКСОЙ-Түркі әлемі мәдени өмірінің жүрегі.

Сондай-ақ жалпы құндылықтарды, қарапайым мәдениет, өнер адамдарын, әдеби және шығармашылық туындыларын таныстыруда зор қызмет етіп келеді. Тарихшы ғалым К.Л. Есмағамбетовтің «Әлем таныған тұлға», «Түркістан тәуелсіздігіне арналған бір ғұмыр – Мұстафа Шоқай» еңбектері түрік тіліне аударылса, А.К. Кесижидің «Қазақстан», Мехмет Сарайдың «Қазақтардың оянуы», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан», Әбдіуақап Қараның «Қазақстан және қазақтар», «Қазақстанның жаңадан қайтадан тууы», Әли Аббас Шынардың «Қазақ мәдениеті мен әдебиеті», Аббас Қарағачлының «Кипр мәселесі» кітаптары қазақ тілінде жарыққа шықты.

Көптеген түркі тектес елдердің мәдени қайраткерлерінің бірлескен шығармашылығы ТҮРКСОЙ-дың көптеген халықаралық жобаларымен үйлескен, олардың ішінде алты елдің сахналарында қойылған Үзейір Гаджибековтың «Кероғлу» операсы мен Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы болып табылады. Бүгінгі таңға дейінгі ТҮРКСОЙ белсенді қызметі белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Бұл жетістіктерге қол жеткізуге үлкен рөл атқарған Түркі әлемінің қайраткерлері Сүлеймен Демирель, Гейдар Әлиев, Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов, Асқар Ақаев, Сапармұрад Ниязов, Полад Бұлбұлоғлы, Дүйсен Қасейнов, сонымен қатар ТҮРКСОЙ қызметкерлері.

Түркі тектес елдер және қауымдарға бағытталған мәдениет пен өнер саласындағы қызметі мақсатында құрылған ресми құрылымдар, қайырымдылық қорлар, үйірмелермен (Meмлeкeттiк oпepa жəнe бaлeт тeaтpы қызмeткepлepiнiң қopы бacқapмacы жəнe Қyыpшaқ тeaтpының Xaлықapaлық oдaғы) ынтымақтасуда. ТҮРКСОЙ-ға мүше елдердің Мәдениет министрлері Түркі әлемінің тарихы, мәдениеті мен өнеріне байланысты кездесулер өткізіп, маңызды шешімдер қабылдап отырады. Сонын ішінде жыл сайын түрік әлемінің көрнекті қайраткерлерін түрік әлемінің білім, ғылым, мәдениет, өнер, әдебиет қазынасына қосқан ерекше үлесін атап өтеді. Осы шешімдер аясында Түркі әлемі жазушылары бірлестігінің Съезі, Ұлы ақын Физулидің 500 жылдығы, ағартушы ғалым Имам Бұқаридың 1225 жылдығы, Ахмед әл-Ферғанидың 1200 жылдығы, Түркі Әлемінің қолөнері көрмесі, 1998 жылы «Диуани лұғат ат-түрк» кітабының жарыққа шығуының 925 жылдығы, 2000 жылы «Қорқыт ата кітабы» 1300 жылдығына арналған түрік әдебиетінің мерекесі, ТҮРКСОЙ опера күндері, Наурыз мерекесі сияқты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған ТҮРКСОЙ өткізетін іс-шаралар мәдениет пен өнер саласындағы іс-шаралар жоспарында жыл сайын түркі әлемі фотографтары, суретшілері, опера әншілері, ақындары, баспасөз өкілдері, театр труппалары, музыкалық және би ұжымдары және басқа да өнер өкілдерінің концерттері мен көрмелері. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ Түркі әлемінің мәдениет және ғылым қайраткерлерінің дәстүрлі тәжірибе алмасу алаңына айналған ғылыми конференциялар, суретшілердің кездесулері музыкалық және опера фестивальдері, әдеби конгрестер, фольклорлық ұйымдар конкурсы мен басқа да форумдарды ұйымдастырады.

167560122_3837755509646707_3903869219123294891_n.jpg

1999 жылы ТҮРКСОЙ Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе М.Х. Дулатидің 500 жылдығына арналған симпозиумыг ұйымдастырды. Біздің ұлы тұлғаларымыз, ұлттық мәдениет корифейлеріміз, адамзат мәдениетінің інжу-маржаны саналатын ұлттық эпостарымыздың мерейтойларын атап өту, халықтарымыздың өміріндегі маңызды және тарихи оқиғаларды бірлесіп мерекелеу дәстүрге айналды. Түркі кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры – ТҮРКСОЙ қамқорлығымен жұмыс істейтін ұйымдар. Аталған ұйымдардың ұйымдастыруларымен көптеген іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды.

1993 жылдан бастап жыл сайын Түркияда түрік тектес елдердің достық, бауырластық және ынтымақтастық Құрылтайы өткізіліп тұрады. Бұл түрік тектес қауымдар мен мемлекеттері арасында достық, бауырластық және ынтымақтастықты дамыту, олардың теңдігі мен ішкі істеріне араласпау негізінде тәуелсіздіктерін нығайту болып отыр. Бұл құрылтай түрік халықтарын жақындастыру бойынша халықтық дипломатияның маңызды форумының бірі болып отыр. Аталған қарым-қатынастар ең алдымен түбі бір туысқан түрік тектес халықтар арасындағы бір кезде үзіліп қалған мәдени және рухани байланыстарды қалпына келтіріп халықтар арасындағы тарихи сабақтастықты жалғастырудың қадамдарының бірі болып отырған белгілі.

Түркі халықтарының мәдени ықпалдастығы осынау ежелгі бай мұраны зерттеу, оның әлемге кең тарату, түрлі мәдени жобаларды жүзеге асыруда үлкен жұмыс атқарды. Қысқа уақыт ішінде ұйым ең маңызды тарихи оқиғаларды көрсететін өте бай күнтізбені құруды қамтамасыз етті, қарқынды іс-әрекеттің арқасында мәдениет пен өнер саласында үлкен жетістіктерге жетті. Әртүрлі мәдениет салаларында бірлескен байқаулар ұйымдастыру, әлем жұртшылығына «Біртұтас түркі әлемі» идеясын таныта білді. Ұйым өз қатарында тек тәуелсіз түрік тектес елдерді ғана емес, сонымен бірге түрік тектес автономиялық құрылымдар мен субъектілер, түрік республикаларын да біріктірді.

Осылайша, ТҮРКСОЙ-дың бүкіл әлемде тұратын түркі тектес елдердің халықтарына бір-бірінің мәдениеттерімен танысуға ғана мүмкіндік бермей, мәдени мұраларын бірлесіп зерттеу, сақтау және насихаттауға да мүмкіндіктер туғызған. Әлемдік өркениетке өз үлесін қосқан түркі әлемінің мәдениеті ХХІ ғасырда әлемдік мәдени мұраның маңызды құрамдас бөліктерінің біріне айналып отыр. ТҮРКСОЙ өзінің түркі мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі арқылы түркі әлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде де құрметке ие болып отыр.

ТҮРКСОЙ-дың қызметі алдағы уақытта да бауырлас халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту, олардың рухани-мәдени байланыстарын дамытуға бағытталатыны даусыз.

   Қайыркен ӘДИЕТ

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

аға ғылыми қызметкері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?