Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ елі тарихы хақында

2833
Қазақ елі  тарихы хақында - e-history.kz

Қай заманда, қай ел, қай мемлекет болмасын,  болашақ ұрпаққа өткенін бүгін баяндар тарих пәнінің құдіретін мойындаған және идеологиялық саладағы саясатқа баса назар аударған. Айталық, бүгінде тарихи сана сезім жаңғырту мәселесіне ерекше көңіл бөліп, заманауи шынайылығы мен талабы тұрғысынан ұлт тарихын ой өзегінен қайта өткізу, өркениеттік, ұлттық, мемлекеттілік сәйкестілікке сай келер жаңа академиялық басылымдар мен жаңа ұрпаққа арналған оқулықтар даярлау ісіне жең түре кірісіп жатқан тек біз емес, ұлт мүддесі мен ел бірлігін сақтауды көздеген әрбір  мемлекет.

Оған қоса, ағымдағы пандемия атаулы, кеше ғана саналуанды әлем бірлігін аңсап, мультимәдениеттер ұранын жамылған жаһандану дәуірінің көрін қазып, бүгінде заманауи мемлекеттердің ұлттық, аймақтық шеңбер аясындағы құндылықтар төңірегінде қайтара шоғырлануына ықпал етіп отыр.

Демек, Қазақстан тарихы бойынша академиялық басылым даярлауға қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев ұсынып отырған мемлекеттік тапсырыс орынды да уақытылы және оны іске асыруға қазіргі отандық тарих ғылымының ахуалы да, зерттеушілерінің әлеуеті жеткілікті деуге толық негіз бар.

Біраз жылдар бойы ҚР БҒМ бақылау комитетінің тарих ғылымдары бойынша сараптамалық кеңес құрамында жұмыс істеу барысында, тәуелсіздік жылдары қорғалған диссертациялардың  хронологиялық шеңбері, географиясы, ғылыми аппараты мен тілдік мүмкіншіліктері, мазмұндық және пәнаралық шекарасының кеңейгендігіне куә болдым. Айталық, бұрын-соңды бара алмаған,  тың салаларда: деректану, шежіретану, ауызша тарих айту, күнделікті тарих, мұрағаттану, мұражайтану, дінтану, тұлғатану, өркениетнама, дипломатия, диаспорология, әскери іс, кәсіпкерлік, гендерлік бағыт, әлеуметтік саясаттану, этносаясат, этномәдениет, мемлекеттік қызмет, дүниетаным, демография, тарихи география т.б. бағыттары бойынша іргелі  зерттелімдер қорғалды. Оған қоса, тәуелсіздік жылдары Білім және ғылым министрлігі гранттарына қаншама пәнаралық, көпқырлы ғылыми жобалар жүргізілді.

мангилик ел 5.jpg

Сол себепті, ендігі жердегі басты  мәселе, осы зерттелім қаламгерлері болып табылар отандық зерттеушілерді тілдік, ділдік, жастық, жыныстық, рулық, өлкелік, өзара айырмашылықтарына қарай бөле-жармай, мемлекет тарапынан аталмыш іс-шараға бөлінер қаржыдан тиесілі ақысын төлеп, олардың басын біріктіре отырып жұмысқа кірісу.

Тап қазіргі сәтте, отандық тарихшылар қауымы үшін басты мақсат – бүгінгі және болашақ ұрпақтың тарихи жадында хатталып,  тарихи санасын жаңғыртуға ықпалды ұлттық тарихымыздың тұтасты бейнесін сомдау. Дей келе, академиялық басылым даярлауда басшылыққа алынар басты ұстанымдар ішінен: төлдаралық, сабақтастық, жасампаздыққа  қағидаттарына ерекше назар аударған  жөн.

Тарата түссек, төлдаралық ұстаным – даярланар академиялық үлгідегі басылымның атауынан бастап, оның құрылымы, ондағы ел, жер-су аттары, тарихи тұлғалар, тарихи оқиғалар аталымы еш аударылымсыз, таза қазақша төл атаулармен, (бәлкім, латын ғаріпінде) ғылыми айналымға енгізілуі қажет.  Тап осы сәтті пайдалана отырып біз болашақ ұрпақ санасына төл аталымдар, эндоэтноним, этнотопоним болып табылар: «Қазақ елі»,  «Сарыарқа», «Ұлы Дала», халықтың тарихи жадында ауызекі деректер арқылы сақталған дәуір аталымы «Зар-заман», «Ақтабан шұбырынды», хан, би, батыр, жыраулардың өз есімі, т.б, сіңдіруіміз қажет. Әсіресе, қазақтың әлеуметтікмәдени құндылықтарына, жалпы «Қазақ әлеміне» қатысты; ру-тайпа атаулары, «Қарға тамырлы қазақ» ұғымы, «жеті қазына», «бес қару», уақыт, кеңістік өлшемдері т.с.с. ұлттық дүниетанымдық  төл аталымдар.

Төлдаралық қағидатын пайдалана отырып,  басылым құрылымындағы бұрынғы жаттанды, саясаттандырылған, өзге әлеммен байланыссыз, оқшауланған тарихты емес, мемлекеттік бағдарламалар нәтижесінде жарияланған деректер, архив материалдары,  ауызекі тарих т.с.с. тау-тау томдар болып шығарылған қыруар мылқау деректер ішінен оқырманының қызығушылығын тудырардай күнделікті өмір-салты, тұрмыс-кәсібі, жүріс-тұрысы, дүниетанымына қатысты сюжеттерге жан бітіре отырып, татымды тілмен ғылыми айналысқа енгізуге болады.

Сонымен қатар,  академиялық басылым ғылыми аппаратында бірізділік қағидаты сақтала отырып, әрбір томның деректік және тарихнамалық негізі, әдіснамасы мен кілтті ұғымдары өз алдына бөлек рәсімделгені дұрыс.

Сабақтастық  ұстанымы негізінде ғылыми фокусты жалқыдан жалпыға проекциялай отырып, әрбір тарауда айтылар кесек ойдың келесі тарауға іргетас болып қаланып, академиялық басылым құрылымында Қазақ Елінің тау-тасы мен құлан даласы куә болған тарихи үдерістер, саясиәлеуметтік институттар, мәдениәлеуметтік құндылықтар мен дәстүрлер, құқықтық мәдениет қалыптасуының қайнаркөзінен шырқау шегіне дейінгі эволюциялық үрдістердің ішкі заңдылықтары мен тетіктері, олардың өзара үздіксіз сабақтасты генезисі, институциялану ерекшеліктері жайлы таным сомдалуына мүмкіншілік береді.

Сабақтастық қағидатына сүйене отырып,  өзіміз бен өзгеге Қазақ Елінде антропогенез, социогенез, политогенез, этногенез, культурогенез,  үдерістерінің үздіксіз де жалғасты болғандығын негіздей аламыз.

Айталық осылайша біз отандық тарихымыздың бірде-бір фрагменті назардан тыс қалмастай, Ұлы Дала табиғатына бейімделе дамыған Ботайдан бастау алар ат жалынындағы Алтын адамды өркениет негізінде Түркі Елі мен Ұлық Ұлыс мемлекеттілік дәстүрілерін жалғастыра орныққан ұлттық мемлекеттілігіміз, кешегі Ақтабан шұбырынды, Зар заман, кеңестік дәуір сынағынан сүрінбей өткен Алаш азаматтарының арқасында, бүгінде өз тәуелсіздігін жаңғыртқан жасампаз Мәңгілік Қазақ Еліне айналды деген тұтасты  түсінікті қалыптастыра аламыз.

Жасампаздық қағидаты – қазіргі заманда әлемдік ғылыми ой-өріс кеңістігі мен мазмұнында түбегейлі өзгерістер орын алғаны соншалық, заманауи мәдениеттер Диалогында өзгені өзінен төмен санап, кемсіте қарау, санаспауға жол берілмейді! Әрбір ел, әр халықтың бөтен елдер мен халықтардың тарихымен өлшенбейтін және оған ұқсамайтын, тек өзіндік сара жолы, қайталанбас кемел тарихы болатыны баршаға ортақ таным. Оған негіз болар әлемдік деңгейде танылған әмбебапты-плюралистік ғылыми ұстаным, оның негізінде жатқан салыстырмалы өркениеттер парадигмасы, тұлғатану, мәдениеттану, мемлекеттану және т.б. саласындағы пәнаралық іргелі зерттеулер мен ғылыми тұжырымдамалар.

Әрине, аталмыш ілімдік ұстанымдар өзге ел ғылыми қауым өкілінің өз елінің ерекшелігін негіздеуге бағытталуы және онда ешкім қазақ қоғамын былай қойғанда, көшпелі өркениет атаулыға тиесілі баға бере қоймағаны түсінікті. Десек те, ондағы әрбір мәдениетке тән даралық, өзгелік, төл ерекшеліктер, қоршаған орта, табиғат әсері, ділдік, діндік, дүниетанымдық ерекшеліктер сомдауға құзырлы  ғылыми концепттер жетерлік.

Студенттермен күнделікті тікелей араласып, Қазақстан тарихынан 30 жылға жуық дәріс беріп жүрген ұстаз ретінде, аудиторияның  көп жағдайда есте сақтауға қиын даталар, шексіз соғыс-қағыстығыстар немесе қудалану, отарлану, қайғы-қасіретке толы сюжеттерді қаншалықты қиын қабылдайтынын сырттай бақылаймын. 

Оқи отырыңыз: Қазақстан тарихы

Осыған байланысты бөлісер бір ой, егер де біз, аға буын санасына сіңіп үлгерген отарлық комплексін әрі қарай да жеткіншек ұрпақ бойына ұялатып, ұлттық тарих бетін «скотоводство», «колонизация», «деколонизация» секілді мысты басар терминдерге толтыра, өзге елдің саясатын әшкерелеуге басымырақ көңіл бөле берер болсақ, болашақ жас буыннан қандай өз-өзіне деген толық сенімділікті, жасампаздықты талап ете аламыз?

Жақсы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ақтаңдақтарымызды айқындап,  жаралы да жанды тұстарымызды зерделедік, жоғымызды түгендедік. Тап сол тұста, басты мақсат  – ата-бабамыздың арманына айналған тәуелсіздігіміздің аспаннан түспей, қазақ халқының маңдай тері мен ғасырлар бойғы азаттық үшін күрес нәтижесінде орныққандығын тарихи жадымызда сақтау болды. Десек, бүгінгі Адам-қоғам-уақыт өлшемдерінде орын алған заманауида келесі келелі белесіміз нендей болмақ? Оған қоса, аталмыш қасіретті кезеңдердің жарқын болашақта Мәңгілік Қазақ Елінің тарих қойнауында елеңсіз елеске айналмасына кім кепіл?!

Десек те,  жасампаздық қағидатының кері әсерінің де болу ықтималдығын естен шығармаған абзал. Жасампаздылық – ұлт тарихындағы қайғы-қасіреттің бәрінің бетін жылы жауып қойып, тек ат жалынында ойнақтап,  Батысы мен Шығысындағы елдерге қыр көрсеткен Еділ не Мөде сияқты тарихи тұлғалар ерлігін мадақталып, Шыңғысханды қазақ жариялап, Еуразия апайтөсінде алғашқы көпэтносты мемлекет болған Ұлық ұлыс мұрасын меншіктей келе, қазақтан асқан батыр, дара, тәуелсіз халық болмаған деген ұстанымды басшылыққа алу деген сөз емес. Және де оған толық ғылыми негіз жоқ! Сол себепті де, тарихымызды таразылауда, эмоцияны ысырып, пафосты басып, байыппен зерделей келе, тарихи оқиғалардың шынайы ғылыми бағаланымын берген жөн.

Өкінішке орай, көпшілік талқылауына ұсынылып отырған Қазақстан тарих ғылымының даму тұжырнама жобасы әлі де сол Еуропа немесе орыс тарихнамасына тиесілі: «доистория», «протоистория», «средние века», «феодализм», «новое время», «кризис», «упадок Великой степи»,  Қазақстанның тәуелсіздік жылдары жүргізілген модернизация кезеңдермен шатастырылар Кеңестік дәуірге тиесілі пайдаланылған «комплексная модернизация»: «политическая», «экономическая», «культурная»  т.с.с. ұғымдарға толы.

Айталық, сонау кеңестік кезең тарихнамасындағы таптық көзқарастан қалған, қазақтың ауқатты қауымына қатысты оқулықтарда жиі қолданылар «феодал» сөзінің түпкі мағынасы – жерге жеке меншігі бар «крепостной крестьяндарды»  қанаушы тап екендігін ескерер болсақ, жерге жеке меншік атаулы бұрын соңды болмаған қазақ тарихын қалайша Еуропа елдері өлшемімен бағалай аламыз?..

Ойымды  түйіндей келе, жоғарыда аталған басты ұстанымдар негізінде даярланар көптомды академиялық басылымды  –  «Қазақ Елі тарихы» деп атауды ұсынамын. Аталмыш жаңа тақырыптық қойылым, еліміздің стратегиялық маңызы басым заманауи талап-мақсаттарға жауап бере алады. Және де, сонау ежелгі  түркілер заманынан белгілі  «Ел» ұғымы бір жағынан, мемлекеттілікке тиесілі  бірлік, екіншіден,  тап қазіргі тұста, қай жағынан алсаңыз да мағынасы кең, мазмұны жарасымды да жайлы «Қазақ елі» ұғымын тарихи жад пен санаға сіңдірудің оңтайлы сәті түсіп тұр.

Әрине, тарихшылар қауымы тарапынан осыған дейінгі ұсынылған «Қазақстан тарихы», «Қазақ халқының тарихы» немесе «Қазақ тарихы» деген нұсқаларға қарсылық жоқ. Дегенмен, аталмыш атаулар заман, адам, қоғам, уақыт өлшемдеріне қатысты қосымша түсініктемелер талап етеді.

«Қазақ Елі тарихы» құрылымының династиялар тарихына негізделген Қытай, «император уақыты» («время императоров»), «құдайлар уақытымен» («время богов») өлшемдеріне тәуелді Жапон, корольдықтар мен патшалық әулеттер, князьдық кезеңдеріне бөліне қарастырылар Еуропа елдері, Ресей тарихы, вед, будда, мұсылман діндері, отаршылық дәуірлеріне қарай кезеңделер Индия тарихы т.б. елдер тарихына қарағанда ерекшелігі дәстүр мен құндылықтар, саяси, әлеуметтік, экономикалық үрдістердің  институциялануына негізделетін болады.

Сонымен, кілтті ұғымдары  еліміздің идеологиялық өзегін құраушы: Ұлы Дала, көшпелі өркениет, Мәңгілік ел, дәстүр, мемлекеттілік, Қазақ әлемі, Қазақ Елі бірліктері болып табылар төмендегі құрылымға назар аударсақ: 

Қазақ Елі тарихы

I.Ұлы Дала және Еуразия көшпелі өркениеті

 II. Түркі Елі мемлекеттілік дәстүрлері мен идеологиясы

III. Монғол империясының далалық дәстүрлері  және Ұлық Ұлыс

IV. Қазақ хандығы және дәстүрлі Қазақ әлемі: институттары, дәстүрлері, құндылықтары

V. Зар-заман дәуірі: дәстүрлі қазақ қоғамының күйзелісі

VI. Қазақ мемлекеттілігінің кеңестік кезеңі

 VII. Тәуелсіз Қазақстан және Мәңгілік Қазақ Елі

Осылайша, айталық алғашқы томда: салыстырмалы өркениеттер іліміне сүйене отырып, сонау Алтай адамы, Ботай мәдениетінен бастау алар Ұлы Дала табиғи ортасына ықшамдала дамыған Еуразия көшпелі өркениетінің ерекшеліктері негізінде Қазақ Елінің антикалық әлеммен терезесі тең дәрежелі ежелгі өркениет бесігі болғандығын басты идея тұтар тұжырым қалыптастырылса;

Екінші том басты тезисі: Мәңгілік Түркі Елі – далалық басқару, бекзадалық билік қағидаттары: меритократия, геронтократия, дуумвират, құт, әділдік; этникалық негізі: «он оқ бодын», тәңіршілік, өзге дінге төзімділік, әлемге ашықтық т.с.с. мемлекеттілік дәстүрлерінің негізін қалаушы, қазақ мемлекеттілігінің бастауы. 

Көріп отырғанымыздай, отандық тарих ғылымының ілімдік және әдіснамалық бағытындағы өркениетнама, мемлекеттану саласының маманы ретінде ұсынылып отырған болашақ академиялық басылымының балама  құрылымдық логикасына сай, Қазақ Елі  өзіндік ұлттық-рухани табиғаты және ұлттық-мәдени бағыт-бағдары бар, белгілі бір әлеуметтік құндылықтар мен билік тәжірбиесіне шоғырланған мәңгілік контекст ретінде бағалана отырып, Қазақстан территориясында саяси-құқықтық мәдениеттің қалыптасу генезисі мен эволюциясы, өркениетіміздің өзегіне айналған ежелгі көшпелі мемлекеттер, түркілер мен монғол дәуірлеріндегі, қазақ хандығы тұсындағы мемлекеттілік дәстүрлердің заманауи – Мәңгілік Қазақ Елі қазақстандық моделіне ұласуының тұтасты да жасампаз жолын айқындауға бағытталған.


Оразбаева Алтайы Иранбекқызы

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?