Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көктемір көтерілісі (Қазақ тарихының тың парағы)

4844
Көктемір көтерілісі (Қазақ тарихының тың парағы) - e-history.kz


Тарихымызды түгендеу, оның ақиқаттарын күллі әлемге шынайы күйінде жария ету – нақ бүгінгі күні біздің қазақ қоғамының алдында тұрған күрделі міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашық айтып берді. Осы тұрғыдан келгенде ХVІІІ ғасырда өмір сүріп, аты аңызға айналған батыр қызымыз Сапура Мәтенқызы туралы мағлұмат-деректерді жинақтап, бір тұжырымға тоқталатын уақыт жеткен сияқты.

Көктемір атанған ару кім?

Сонымен, «Көктемір атанған ару кім?» дегенге тоқталсақ, бұл адам 1753 жылы дүние есігін ашқан. Көрнекті қаламгер, марқұм Әнес Сарайдың пайымдауынша, Сапура он жеті жасында тұрмысқа шыққанымен, күйеуін 1771 жылғы ауа көшкен Еділ қалмақтары өлтіріп кетеді. Сөйтіп, жесір Сапура әмеңгерлік жолымен қайнысы Жанбалтаға қосылады.

Қазақтың көрнекті жазушысы, марқұм Әнес Сарай «Қазақстан әйелдері» журналының 1997 жылғы ақпан айындағы санында жарияланған мақаласында батыр қыздың Ақтөбе облысының Қобда жерінде дүниеге келгенін мәлімдейді. Бұл деректі қадірлі қаламгер Әбіш Кекілбаевтың да мақұлдағаны мәлім.

1775 жылы Е.Пуга­чев бүлігі жанышталған соң, көтерлісшілерге көмек көрсетті деген желеумен патша жасағы Кіші орда қазақтарын жазалауды қолға алады. Бұл отрядты атақты қолбасшы Суворов өзі басқарады. Осы жылдың күзінде Елек, Қобда сағасында отырған қазақтар жазалаушыларға қарсы шығады. Бұл қозғалыс тарихта «Көктемір көтерілісі» деген атқа ие болады. Осы көтерілістің басында жүрген Сапура Мәтенқызы 1776 жылдың көктемінен бастап өз бетінше әрекетке кірісті. Сөйтіп, аңызға бергісіз алапат оқиғалар басталады.

Оқи отырыңыз: Көзге көрінбес Көктемір

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жолдаған ресми хатында: «Сапура (Сапар) Мәтенқызы 1775-1776 жылдары Пугачев көтерілісінен кейін Елек –Қобда өзендерінің бойында қарулы қарсылықтарды жалғастырған тарихи тұлға. Архивтік деректерге қарағанда, ол Пугачев көтерілісінен кейін халықты қайтадан патшаға қарсы күреске шақырып, орыс шебіне бірнеше жорықтар жасалуына ұйтқы болған. Ел ішіндегі әңгімелер мен сол замандағы куәгерлердің көрсетуінше Сапура Мәтенқызы белгілі бір тылсым қасиеттерге де ие болған. «Көрінбес Көктемір» атанған сырт күштермен байланысқа түсіп, халыққа оның үндеулерін жеткізіп отырған. Оның қасында 1500 адамдық қарулы жасақ та жиналған» деп мәлімдепті.

Ал біз өз қолымыздағы дерекке үңілсек, Сапура көтерілісін белгілі батыр-сұлтандар Досалы, Сейдалы т.б. қолдаған. 1775 жылдың күзінде Сейдалы сұлтан, Қалыбай, Қадыр, Садыр, Тотай т.б. батырлар бастаған 400 адамдық жасақ башқұрттарға, одан әрі орыс шебіне дейін бірнеше жорық ұйымдастырған.

Орынбор әкімшілігі Сапура Мәтенқызы туралы нақты мағлұматтар алу үшін қазақ ауылдарына тыңшыларын жіберген. Олардан бөлек ол жөнінде ақпарлар Нұралы ханның хатында, сотник Дерковский рапортында, Мәметей есімді башқұрт биінің мәліметтерінде кездеседі. Ал Кеңестік дәуірде «Көрінбес» қозғалысын тарихшылар А.Ф. Рязанов пен Н.Е.Бекмаханова зерттеп, біраз деректерін жарыққа шығарған. Тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты көлемді зерттеу еңбектерінің бір тарауын «Легенда о Невидимке» деп атаған. Нақ осы еңбек 1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақшаға аударылса, ақын Ізтай Мәмбетовтің кезінде «Көктемір» деген поэма жазғаны әдебиетсүйер қауымға бұрыннан белгілі.

Сол сияқты, белгілі жазушы Жақау Дәуренбековтің «Көктемір» атты роман-хикаясы батыр қыздың көркем әдебиеттегі бейнесін айқын көрсеткен толымды туындылардың бірі. Қаламгер тарихта «Көктемір», «Көрінбейтін адам» есімімен мәлім болған Сапура Мәтенқызының күрес жолын өзінің көлемді еңбегіне арқау еткен. Бұл туындыда Сапура тарихи тұлғадан көркем образ дәрежесіне көтерілген. Жазушы Сапураның ұлт-азаттық қозғалыстың үлкен бір күшіне айналуын саралап суреттейді. Нұралы ханның тапсырмасымен келген інісі Ералының алдында Сапура хан қаһарынан қорықпайтынын білдіріп, айылын да жимай, сұлтанмен тең дәрежеде сөйлесіп, орып-орып сөйлеп, тайсалмай жауап береді. Алған бетінен таймайтынын, жолынан қайтпайтынын білдіреді. Міне, бұл – Сапураның нағыз бейнесі.

Аңызға айналған әйел

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Алматыда «Жалын» баспасынан 1981 жылы жарық көрген тарихшы Нәйла Бекмаханованың «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты кітабының VІ тарауы «1775-1776 жылдардағы Кіші жүздегі Көктемір көтерілісі және оның белгілері» деп аталады. Осы еңбекте: «1775 жылдың қыркүйегінде Кіші жүздегі табын мен тама руларында бір адам пайда болып, оның есімі аңызға айналады. Дала қауесеті оны – Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш деп, бірақ көбінде Көктемір атаған» делініпті.

6(6).jpg

Сапура жайлы қайсы бір аңызда оның халықтың көзіне көрінбейтін жан екені айтылады, бірақ төрт аяқты адам ретінде сипатталады. Адамша сөйлейді делінеді. Орда тұрады екен де, кейде одан шығып, екі-үш тәуліктей бойы сапарлап кететінге ұқсайды. Бірақ, қайда барады, қайдан келеді, оны ешкім білмейді. Оның бар екені күркіреп жүргенінен ғана білінеді, айбарлы дабылы болады екен. Бірақ, ешкімге көрінбейді.

Аңыз адам өзін «моншақты өгізбін» дейтін көрінеді, басы адамның басы секілді, құлақшын киген, бірақ өгіздікіндей мүйіздері бар. Арқасы темірмен қапталғандықтан Көктемір аталып кеткен дейді. Бұл аңыздың түп негізі – көзге көрінбейтін батыр жаудың мысын басып, тынысын тарылтады, олардың арасында үрей-қорқыныш тудырады.

Екінші бір аңызда Сапураны шу асаудың перісі деп атаған. Шу асау перісі дегеннің мағынасы батыр қыз жақсы жылқыны тай күнінде таныған. Бұғалық тимеген асаудың өзі Сапураны көргенде денесі дір-дір етіп, жуасып сала береді екен. Ол асаудың жалы мен шоқтығынан тартып тұрып жадағай мініп кете берген.

Қайта жаңғырған тарих

Соңғы жылдары Сапура Мәтенқызының азаттық үшін күрестегі алатын орны жайлы айтыла бастады. Соның бірі — Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сапура Мәтенқызы — аты аңызға айналған тарихи тұлға» атты Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған дөңгелек үстел ұйымдастырылса, тағы бір көрнекті шараны Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы өткізді.

Осындай бір кездесу облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Онда «Көктемір атын жамылып, күреске түскен батыр қыз» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Жиырма екі жасында мың сан қолды бастап, патша өкіметіне қарсы шыққан нәзік қыздың жүректілігі туралы әңгімелер жиналғандарды ерекше әсерге бөледі.

Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында ұйымдастырылған шара инстаграмм парақшасы арқылы тікелей эфирде қалың жұртшылыққа жол тартты. Мұнда ел намысын қорғау жолында атқа мінген қазақтың қайсар қызы туралы тарихи деректер жүйелеп жеткізілді.

Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова мемориалдық музейіндегі «Сапура Мәтенқызы — тарихи тұлға» тақырыбындағы тарихи-танымдық шара Қобда өңірінен шыққан ержүрек қыздар сабақтастығын бейнелегендей болды. Бір қуанарлығы, Сапура батыр туралы деректер жыл өткен сайын толығып, дара тұлғаның бейнесі тереңдеп, айқындала түскендігі. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Нұржан Жетпісбай Сапура Мәтенқызы туралы тың деректерді Орынбор архивінен алып, көпшілік игілігіне табыс етті.

Болашақта, батыр қыз Сапура туралы зерттеулер қолға алынып, оның тарих тұлғасының насихатталуы алдағы уақыт еншісі деп білеміз.    

Исламғали БІТІК, тарихшы

Ақтөбе қаласы

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?