Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Атажұртқа алғашқы көш 1991 жылғы 17 наурызда келді

903
Атажұртқа алғашқы көш 1991 жылғы 17 наурызда келді - e-history.kz

Ел Тәуелсіздігінің табыстары туралы жиі айтып та, жиі жазып та жүрміз. Сол табыстардың ішіндегі ұлт үшін ең бір маңыздысы – кезінде кеңестік империяның қитұрқы саясатының кесірінен төрткүл дүниеге тарыдай шашылып кеткен қандастарымыздың аңсаған атажұртына атбасын тіреп, ортамызды толтырғаны. Қазақ елі тәуелсіздігін жариялайтын жылдың басында-ақ жат жұрттағы ағайын Ұлы далаға қарай көш басын бұрды.

Отыз жылға жуық уақыт ішінде атажұртқа оралған қандасымыздың саны миллион адамнан асты. Көш алдағы күнде де жалғаса беретіні сөзсіз. Әйтсе де, атажұртқа алғашқы болып ат басын тіреген көштің жөні бөлек.

Сарыөзек стансасы. Ауданның барлық атқамінерлері таңнан сабылып осында жүр. Түстіктегі Қоянтаудан желпи соққан жылы леп қырат-қырқаны жорғалай жосып, қыстай сүрленген қардың көбесі сөгіліп, қара жердің қыртысы жіпсіп, дала бусана бастаған шақ. Қырда мал төлдеп, шаруашылық басшылары мұрнына су жетпей шапқылап жүрген кез. Нағыз көкөзек шақта күллі басшы-қосшыларды осында айдап келген оқиға мынау: «Сонау қиырдағы Моңғол елінен қазақтың көші келе жатыр». Бұл не көш? Кімдер көшіп келеді? Бұл сұрақтың жауабы да кешікпей белгілі болды.

Тура түс мезгілі қара жердің қыртысын солқылдатып, алыстан озандата гудоктаған «Иркутск – Ташкент» пойызы келіп тоқтады. Ұзын составтың орта шенінен жүздері даланың қоңыр желіне тотыққан, жанарларында жылы от, жүздерінде нұрлы шырақ, көздерінде үкілі үміт... топ адам топырлап түсіп жатыр. Бұлар сан ғасыр, сансыз жылдардан кейін атажұртына табаны тиген қазақтар еді.

Көш келеді!

Ағайын көш келеді!

Қарсы алдынан шық енді, өскен елі,

Бауырлармен қауышу оңай ма екен?!

Екі көзден мөлдіреп жас келеді, – деп ақын Исраил Сапарбай ағамыз жырлағандай, бір сәт аңтарыла қараған станса тұрғындары мен аудан халқы қандастарына қарай жамырай ұмтылды... Мұндай тарихи қауышуды сөзбен айтып жеткізе алмайтын сияқтымыз. Бұл оқиғаның ортасында болмаса да сол тұста «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің тілшісі, ақын Аян Нысаналы:

Бұл бәрін саралайтын байыпты сәт,

Бастан бақ ұшатын бір тайыпты шақ,

Қуаныш мәре-сәре ақтарылып,

Атажұрт жатты ыстық жайып құшақ.

Тоқтамай уақыт көші тізбектелді,

Гүл жапты күз бөктерген құз бөктерді,

Көзайым бол, халқым-ау, көзайым бол,

Бауырлар бауырларын іздеп келді, – деп жырлаған екен. Бұдан артық не айтуға болады.

 Көш қалай басталды?

Бұл сұрақты кеңейтіп айтар болсақ, «Қазақстан Республикасы әлі тәуелсіздігін жарияламай тұрған шақта, Моңғолиядан көш қалай басталды?» дегенге саяды. Жалпы, бұл тақырыпты өте қанық білетін бір адам – тарихшы, қоғам қайраткері, дәл осы жылдары Моңғолия Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметін жемісті атқарып жүрген тұлға – Зардыхан Қиянатұлы. Жоғарыдағы сұраққа қатысты тарихшы ағамыз 1995 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Жылаған жылдар шежіресі» атты көркем публицистикалық еңбегінің 178-ші бетінде: «Көштің тууына түрткі болған оқиғаның ең ірісі, түпкі тамыры бұрын ұлттардың басын байлап отырған кеңестік тоталитарлық жүйе ыдырап, ұлт халықтарының азаттық күні туғанынан өрбіді» депті. Әрине, бұл тұжырымға алып-қосарымыз жоқ. Десек де, шеттегі қазақтардың атажұртқа бет түзеуіне тағы бір себеп, 1990 жылы 25 қазан күні қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» екені сөзсіз. 17-баптан тұратын бұл құқықтық құжаттың 14-ші бабында: «Қазақ КСР-і халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүддесіне сай белгілеуге... правосы бар» делінген.

Осы орайда, көпшілікке бұған дейін беймәлім кейбір оқиғалардың жібін тарқатудың орайы келіп тұрған сыңайлы. Айталық, 1990 жылдың күзінде Моңғолия Республикасындағы мал шаруашылығы ісімен танысу һәм тәжірибе алмасу мақсатында жарты жылдық іссапармен Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесінің ХІІ шақырылым депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Сыртқы және парламентаралық қатынастар комитетінің төрағасы Мұхит Избанов бастаған бір топ адам Моңғолияға барды. Оларға мемлекет тарапынан жүктелген тапсырма тіпті басқаша болатын. Жуықта өмірден өткен Мұхит Кәрімұлының айтуы бойынша, бұлар сол елдегі қазақты атажұртына көшірудің жолын қарастырып, бұл іске аталған мемлекеттің көзқарасын білу үшін барған. Қысқасы, ұлы көштің ағытылуына негізі себепші осы адамдар.

а

Бірақ қазақстандық өкілдердің бұл әрекеті елеусіз қалмаған сыңайлы. – Сол жылдары, – деп жазады Зардыхан Қиянатұлы: «Кеңес Одағы КОКП Бас хатшысы Михаил Горбачев «Моңғолиядағы қазақ қауымының жай-жапсарын анықтаңдар» деген тапсырманы Сыртқы істер министрі Эдуард Шеварнадзе арқылы Ұланбатырда отырған Кеңес елінің елшісі В.Н.Ситниковқа тапсырған» дейді (З.Қинаятұлы «Жылаған жылдар шежіресі». – Алматы: «Мерей» баспасы. 1995. – 176 б). Қызық болғанда, бұл істі тиянақтау Моңғолиядағы Кеңес Одағы елшілігінің кеңесшісі, қазақ азаматы Қайыр Омаровқа жүктеледі. Қайыр Рахымжанұлы, дереу Бай-өлке аймағына барып, халықпен кездесіп, орталыққа «ешкім көшпейді, мәлімет жалған» деген ақпар берген. Осылай Мәскеу алаңсыз отырғанда көш басталып кетті.

Көштің жолын ашқандар?

Жоғарыда атап өткеніміздей, осыдан 30 жыл бұрын Талдықорған облысы, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек стансасына келіп түскен алғашқы көштің жай-жапсарына оралсақ, ең әуелі аталған көштің екі тізгін, бір шылбырын ұстаған адам – Сағат Зақанқызы деген апамыз. Бұл кісі қазір Алматы қаласында тұрады. 1967-1971 жылдары Мәскеу қаласындағы Плеханов атындағы Халық шаруашылық институтында білім алған, кеңестік қоғамның тәртіп-тәрбиесінен хабары бар адам. Осы кісі 1990 жылы 19 наурыз күні өзі еңбек етіп жүрген Моңғолия мемлекеттік Баға комитеті өкілдерімен бірге Мәскеуге келеді. Осы сапарында уақыт шығарып Алматыға соғады. Бірден шетел қазақтарымен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының (бұрынғы «Отан») төрағасы Шәңгерей Жәнібековке барады. Бұл ардақты ақсақал кезінде Ұлы Отан соғысына қатысқан, Кеңес заманында 1976-1985 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған қайраткер тұлға.

Осы оқиға жайлы Сағат Зақанқызы 2015 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Ұлы көш: ақиқат бен аңыз» атты кітабының 41-бетінде: «1990 жылы 23 наурызда Алматыға келіп, шетелдердегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамының төрағасы Ш.Жәнібеков мырзаға жолықтым. Моңғолияда тұратын қазақтар атамекенге көшіп келгісі келетінін айттым» деп жазады. Көпті көрген, тарлан тұлға қазақ үшін жалындап жүрген жастың ісіне сүйсінсе керек: «Әзірше түпкі мақсатымызды жария етпей, ондағы қазақтарды тек жұмыс күші ретінде келу жолын қарастырсақ. Күзде Қазақ КСР құрылғанының 70 жылдық торқалы тойы өтеді. Тойға келіңіз, шақыру жіберейін, сол кезде толық жауабын берейін» деп Сақаң апайды аттандырады.

Шәңгерей ақсақал қазір Алматы қаласында тұрады. Жасы 96-ға келсе де әлі тың. Жуықта ардагер қариямен тілдесіп, жоғарыдағы оқиға жайлы сұрап едік, көптеген оқиға есінде екен. Біздің тараптан қойылған «Еліміз әлі тәуелсіздігін жарияламай тұрғанда, шетелдегі қазақтарды жұмыс күші ретінде көшіріп алу ісі жеке өзіңіздің бастамаңыз ба, әлде мемлекет тарапынан қолдау болды ма?» деген сұрағымызға ардагер-ақсақал «Әрине, бұл үлкен кісінің қолдауымен іске асқан шаруа» деп қысқа қайырды. Осы орайда, «Үлкен кісі кім?» дегенге сәл аялдайық. 1984 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов Жоғары Кеңеске ауысты да, оның орнына Нұрсұлтан Назарбаев тағайындалды. Ш.Жәнібеков осы тұста бір жыл (1984-1985) Нұрсұлтан Әбішұлының орынбасары болды. Екі тұлға ежелден таныс адамдар. Демек, Шәкеңнің айтып отырған «үлкен кісісі» сөз жоқ Нұрсұлтан Назарбаев. Тіпті қалай ойласаңыз да мұндай ірі шешімді Мемлекет басшысынан басқа ешкім қабылдай алмайды.

Тарихқа сүрлеу салған Садықұлов

Жазбамыздың жүлгесіне қайта оралайық. 1990 жылдың соңында атап өтілген «Қазақ КСР құрылғанына 70 жыл» тойына Моңғолиядан Аятхан Тұрысбекұлы мен Сайт Зақанұлы (Сағат апайдың інісі) делегат болып қатысады. Бұл екі азамат алдыңғы келісім бойынша Ш.Жәнібековке жолығады. Шәкең 6-7 айдың ішінде көші-қон мәселесін пісіріп қойған екен. Келелі істі кейінге қалдырмау үшін моңғолиялық өкілдерді Талдықорған облысы Кербұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеужан Садықұловқа жұмсайды.

Ұзын сөздің қысқасы, осы сапарда Кербұлақ ауданына «жұмыс күші» ретінде келісімшартпен моңғолиялық қазақтарды көшіріп алу жайлы шешім қабылданады. Бұл арада таңданарлық жайт, аудан басшысының өз бетімен тарихи шешім қабылдауы. Қазір айтуға оңай... ол кезде басқаша-тын. «Жыланды үш кесең де, кесірткелік шамасы бар» дегендей, КСРО-ның іргесі ептеп сөгілгені болмаса, шаңырағы әлі шайқалмаған шақ. Т.Садықұловтың осы ісін тарихқа салған тың сүрлеу десек жарасатын сияқты.

аа

Т.Садықұлов қазір Алматы қаласында тұрады. Жасы сексеннің сеңгірінде, дені сау, денесі ширақ. Бұл мақаланы жазу барысында ағамызға телефон шалып, мұндай тарихи шешімді қалай қабылдадыңыз? – деп сұрақ қойдым. – Шетелдермен байланыс жасайтын «Қазақстан» қоғамы атынан моңғолиялық қандастарды қабылдап алу жайлы ұсыныс түскен соң, көп ойландым, – дейді Төлеужан аға. Әуелі облыс басшысымен ақылдасып едім, ортақ мәміле шықпады. Содан не болса да басыммен жауап берейін деп шешім қабыладым.

 – Осы ісіңіз арқылы тарихқа тың сүрлеу салғаныңызды білдіңіз бе?

 – Әрине, аңғардым. Түйсігімде, қазақ елінің болашағы үшін жаңа бастама жасап жатырмын-ау деген ой болды.

 – Сіздің ісіңізді республикалық деңгейде қолдағандар болды ма?

– Шаруаны дабырасыз атқарған жөн деген шешімде болдық. Бірақ сол тұста еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Валентин Двуреченский деген қостанайлық азамат еді. Осы кісіге жағдайды таныстырдым. Мән-жайға қаныққан соң министр мырза ауданның есепшотына «көшіп келушілерге көмек жаса» деп бір миллион рубль аударып берді.

 – Оны не істедіңіздер?

 – Қаражат қолға тиген соң Желдіқара бөлімшесіне қоныстанушыларға арнап тұрғын үйлер салып бердік. Оның сыртында әрбір отбасына шаруашылық есебінен бір бұзаулы сиыр, оншақты саулық қой ерулік ретінде тегін берілді.

Атажұртқа алғаш табан тірегендер

Кезінде осы оқиғаның басы-қасында болып, көштің бұйдасын ұстаған апайына көмектескен экономист-ғалым Сайт Зақанұлы қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте сабақ береді. Сәкең 2011 жылы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тойы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетіне «Көш осылай басталған еді» деген атпен мақала жариялапты. Осы жазбада: «Сонымен араға ғасырлар салып атамекенге қарай қайта бет түзеген ағайын көші алғаш 1991 жылы наурыз айының 12-сі күні Ұланбатыр қаласынан шықты. Пойызға отырған 96 адамның барлығы да нағыз еңбек жасындағы қазақ азаматтары еді. Пойыз Ресей жері арқылы араға 5 күн салып, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек стансасына келіп жетті» («Егемен Қазақстан», 20 наурыз, 2011) делінген екен.

Ендеше, атажұрт топырағына алғаш табан тіреген азаматтар кімдер еді және олар қалай орналасты? «Бұл адамдарды әрбір шаруашылыққа бөліп-бөліп орналастырдық» дейді Тілеужан Садықұлұлы ағамыз. Жеке-жеке жіліктеп айтар болсақ:

  1. «Аманкелді» колхозына: А.Әшім, А.Құрманғазы, Ш.Салдархан, М.Қуатбек, Қ.Тұхан, Х.Атретхан, Ю.Рахымжан, Ю.Әлімжан, К.Аманкелді, Б.Уатхан, Т.Саясат, А.Қуатбек, М.Қасымбек.
  2. «Басши» совхозына: К.Озат, Б.Жайланхан, Қ.Төлеухан, Қ.Мейрамхан, М.Нығмет, Қ.Тоқтаухан, Қ.Саулетхан, М.Күлшаш, Қ.Назгул, Қ.Әшім.
  3. «Арқарлы» совхозына: Қ.Бодан, К.Болат, К.Сейт, Х.Ермек, Қ.Алдамхан, Ч.Мусахан, М.Марал, М.Маржангүл, Ү.Әбілсейіт, Ү.Есімсейіт, З.Бердімұрат, А.Семсерхан.
  4. «Қарашоқы» совхозына: М.Серхан, Қ.Қазез, Қ.Сайлаухан, М.Болысхан, Д.Аманкелді, А.Боятхан.
  5. «Жоламан» совхозына: бәрі дерлік майталман механизаторлар – М.Асауй, М.Жеңісхан, Қ.Қайбар, Т.Марат, Х.Сатыпалды, Н.Қажымұқан, Ж.Социалбек және құрылыс мамандары – К.Бибигүл, Қ.Болатхан, Ж.Маркс, Қ.Шарипа, Жұмаділ, Т.Сүкірбай.
  6. «Қызылжар» совхозына: Айболат, М.Нұрғажы, Б.Қабылмұрат, Советхан, Л.Бекжан, А.Ержан, Секей, Бейбітхан, Қ.Күлшархан, Мейрамгүл, М.Ғазез, Ш.Қадылбек, Р.Семсерхан, Х.Жарқын, Шынарбек, М.Манарбек, З.Саулетхан, Н.Тілейхан, Әбілбек, Жұмахан, У.Қализа.
  7. «Желдіқара» бөлімшесіне: М.Смахан, Х.Жалелбек, С.Төкен, М.Тоқтар, Қ.Зоя, Жайланхан, Ұ.Аманжол.

* * *

Осылай алғаш рет атажұртына табан тіреген қазақтар алғашқы айлардағы үйренісуден өткен соң, барлығы тұрып қалды. Өйткені, артта қалған 150 мың қазақ «бұлар қайтер екен» деп құлақ тігіп қарап отырған. Сөйтіп, кешікпей ұлы көштің екінші тынысы ашылды. Екі айдан кейін, яғни мамыр айы туғанда, Талдықорған облысының Алакөл ауданына 150 отбасы, Андреев (қазіргі Үйгентас) ауданына 120 отбасы, Шығыс Қазақстан облысына 400 отбасы, Павлодарға 200 отбасы, Қостанайға 160 отбасы, Жезқазған облысына 275 отбасы: Ұланбатыр қаласынан, Налайқы, Эрденет, Бағанор сияқты кен орындарынан және Кентей, Селенге, Дорнод, Тұп, Сухе-батыр қатарлы аймақтардан көшіп келіп қоныстанды.

Моңғолиядан басталған көш осылай қарқын алған тұста, аталған салаға қатысты екі елдің Еңбек министрлері «Қос мемлекет арасында жұмыс күшін алмасу жайлы» 1991 жылы 20 маусым күні Алматы қаласында келісім-шартқа қол қойса, осы жылдың 18 қарашасында «Басқа республикалардан Қазақстанның ауылдық жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт өкілдерін қоныстандыру тәртібі мен шарты туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің әйгілі 711-ші қаулысы қабылданды. Бір қызығы, бұлардың барлығы тәуелсіздікке дейін болған оқиға. Сөз түйінін айтар болсақ, тарихта аты қалған қазақ көші осылай басталды.

Суреттерде:

Қазақстан Республикасының Еңбек министрі С.Бейсенов пен Моңғолия Еңбек министрі Ц.Цолмон келісім-шарт жасасуда. Алматы қаласы, 1991 жыл, 20 маусым.

Қазақтың алғашқы көшін қабылдаған қайраткер тұлға – Төлеужан Садықұлов. Алматы қаласы, 2020 ж.

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ» 

Бекен Қайратұлы

egemen.kz


Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?