Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақты отарлау саясаты тарихынан

3950
Қазақты отарлау саясаты тарихынан - e-history.kz
Жол жетекшілері мен түйелерді орыс генералдарының «жалға алды» деген аты ғана. Қазақтар орыс отрядтарына жол жетекші болуға көнбеді, кейбір отрядтарды шөл далаға апарып, бір түнде қашып кетіп отырған

Капитан Шульцтің қатесі 

Қазақ даласын бағындыру Ресей империясына ХІХ ғасырда оңайға түскен жоқ. «Өз еркімен қосылды» деген сөз – көп өтіріктердің бірі. Орыс переселендерін қазақ даласына көшіріп әкелу үшін, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, орнықтыру үшін, әскер ұстап тұру үшін ең әуелі бекіністер мен қамалдар салу қажет еді. Бірақ өз жеріне қамалдар мен бекіністер салуға қазақтар қатты қарсылық көрсетті. Оларға әлсін-әлсін шабуылдар жасап, ойран салып отырды. ХІХ ғасырдың 30-40 жылдары Кенесары бастаған қазақ сарбаздары қазақ даласының нағыз қожайындары болды. Оған қарсы Орынбордан жіберілген картасыз, жолсеріксіз жүре алмайтын орыс отрядтары Кенесарының сарбаздарын қуып жетемін деп талай рет адасып, сусыз, тамақсыз қалған жағдайлар көп болған. Орыс әскерлері, әсіресе, қыс, күз айлары Орынбордан алысқа ұзап бара алмады. Ал Кенесарының сарбаздары болса өз даласымен ешқандай картасыз, жолсеріксіз адаспай ойламаған жерден орыстарға шабуылдап таптырмай кетіп отырған. Оны қууға орыстар суы мен тамағы 30-40 күнге ғана жететін арнайы экспедиция дайындап қана шыға алатын болған, бұл уақытта өз мақсаттарына жете алмай қайтып отырған. 

Осыдан болар, 1845 жылы Орынбор бекінісін салғаннан кейін орыстар екінші бекіністі Ырғызда салды. Олар үшінші бекіністі Темір мен Ембі өзенінің бір-біріне қиылысар жеріне салуға жоспарлаған екен. Мақсаты – Каспий жақтағы жауынгер адайлықтардың шабуылын тоқтату және оларды батыр Есет Көтібаров бастаған қазақтармен байланыстырмау екен. Бірақ ойламаған жерден Арал теңізі маңында, Райым бекінісін салу мәселесі қолға алыныпты. Бұл қалай болған еді? 

3913ec0ed8a7c9d5ef3aaa4134df1c08.jpg

1846 жылы Ресей Бас штабының департаменті капитан Лемм бастаған топографтарды Сырдария өзенінің құяр сағасына дейін аймақты картаға түсіріп келсін деп Орынборға жібереді. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келген болса керек, Бас штабтағылар сол кезде қызметсіз сандалып бос жүрген Шульц деген бір капитанды топографтарға қосып, оған: «Сырдария өзенінің құяр сағасын көріп кел, ол аймақта қандай тәуір дүниелер бар екен, зерттеп кел» деген тапсырма беріп, ертіп жіберіпті. Капитан Шульц Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасына жақын жердегі Райым қолтығы аймағында, ондағы жағалай өскен ну қамысты көріп, оны мал жейтін шөп деп қабылдайды. Дереу Орынборға: «Райым» қойнауында бір маусымда миллион пұт шөп дайындайтын жер бар», – деп генерал Обручевке хабарлайды. Қуанып кеткен Обручев Петерборға хат жазып «Райым» қойнауына бекініс салайық деп ұсыныс қояды. Петербор оған қарсы болады. Сонымен хат жазысу басталады. Обручев айтқанын дәлелдеп тұрып алады. Әбден болмағасын айтады: «Біз ол жерге бекініс салмасақ, ол жерді ағылшындар алып қояды», – дейді. Шульцті медальмен марапаттайды. Сүйтіп жоспарын бекітіп алған Обручев 1847 жылы өзі бастап бекініс салуға, әскери гарнизонды орналастыруға қажетті барлық қаражат, тиісті құрал-жабдығымен, үлкен экспедициямен Райымға келеді. Келсе капитан Шульцтің шөп дегені ну қамыс екенін көреді. Бірақ, қаншама күш салып, министрліктерден қаржы-қаражат алған генерал кейін қайтуға күші жоқ (өз қатесін де мойындағысы келмеген болар) сол жерге бекініс салуға мәжбүр болады. Қателескен Шульцті Обручев сол жерге қалдырыпты. Қолайсыз жерге салынған бұл бекіністің өмірі ұзақ болмады. Кейін ол Арал бекінісі деп аталды. 1855 жылы таратылып, бекініс Қазалыға көшірілді. 

Генерал Обручев қателескен капитан Шульцті жазалауға бара алмапты. «Шөбің қайда? Көрсет! Ізде!» деп біраз сандалтыпты. Шульц болса «Сырдың суы тасып, шөп ну қамыс болып кетіпті» деп қана жауап берсе керек. Бірақ капитан Шульцтің қатесі Ресей империясының қазақ жеріне сыналап бойлап кіруін жылдамдатты, отарлауды тездетті. Оның қатесі болмағанда қазақ жерін игеру мәселесі кем дегенде 10-15 жылға кешеуілдеген болар ма еді...

Ресей Орта Азия мен Қазақстанға темір жол салуға неге асықты? 

Орыс тарихшыларының пікірі бойынша, ХІХ ғасырдың аяғында Ресейдің Орта Азия мен Қазақстанға темір жол салуы – бұрын-соңды болмаған айтулы тарихи оқиға, орыс инженерлерінің кәсібилік және адами жанқиярлық ерлігі. Аз ғана уақыттың ішінде әуелі ұзындығы 2354 шақырым Орта Азия темір жолын, сосын Орынбор – Ташкент жолын (2090 шақырым) табиғаты қатал, суы жоқ, құм басқан, адам тұрмайтын жерлермен өткізді. «Біз жабайы бұратана халықтарға техникалық прогресс әкеліп, зауыт, фабрикалардың салынуына жол аштық, үлкен капитал келтірдік. Ресей болмағанда әлі күнге дейін түйеге мініп, киіз үйде көшіп-қонып жүрген болар едіңдер». Кейбіреулер айтатын осындай тұжырымдармен дауласып қажеті болмас, Ресей империясының ең басты мақсаты – жаулап алған елдерге тезірек бекіп алу, олардың табиғи байлығы мен шикізаттарына қол жеткізу екені бесенеден белгілі. 

Осы орайда орыстардың Орта Азия мен Қазақстанға темір жол салу қарсаңындағы жағдайына үңіліп көрсек. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында Ресейдің Ташкентпен байланысы негізінен үш бағытпен, яғни бұрынғы керуен жолдарымен: 1. Орынбор арқылы; 2. Батыс Сібір арқылы; 3. Түрікмен даласы арқылы жүргізіліп келді. Бұл үш бағыттың қайсысы болсын, негізінен түйе керуендері арқылы іске асырылатын. Жолы ұзақ, қиыншылығы көп жолдар еді. Мысалы, Тәшкент пен Орынбор арасын түйе керуені 90-100 күнде өтетін. Әр түйе 16 пұт жүк көтереді деп есептесек, әр пұттың Орынбордан Ташкентке дейін тасу құны 56-75 тиын болды. Ал Ташкенттен Орынборға түйе жалдау одан қымбат, 16-25 сом еді. Орынбор жақтың қазақтарының түйелері көп болғандықтан, олардан түйе жалдау арзан болған сияқты. Ал Ташкенттен Мәскеуге дейінгі керуен жолын өту 5-6 айға дейін созылатын. Оның үстіне жолда түйелердің өліп қалуы, сол кездегі жиі кездесетін жолдағы қарақшылық та көп зиянын тигізді. Пошта да осы керуен жолымен тасылды. Пошта жолы арнайы трактілерде ат ауыстыру арқылы жүргізіліп оған қазынадан жылына 740 мың сом ақша (сол кездегі өлшеммен сұмдық көп) бөлініпті. 

Міне, осындай жағдайлар Орта Азия мен Қазақстанға темір жол салуды асықтырды дейді орыс тарихшылары. 1854 жылдан 1880 жылдарға дейін Орта Азияға темір жол салу үшін 40-тан астам жоба үкіметке ұсынылыпты. Бірақ ешқайсысы қабылданбапты, жобаға қарсылар өте көп болыпты. Бұл кезде Ресей енді ғана темір жол салуды үйреніп жатқан кезі. Бұл жобаларға қарсы пікір айтушылардың уәжі – темір жолды көшпелі құм басып тастайды, оған кеткен шығын ақталмайды, әуелі құмдардың көшуін тоқтататын өсімдіктер тауып, егіп, оны бірнеше жыл күту керек немесе құм тоқтататын тосқауылдар салу керек. Бұл шараларға қыруар қаражат керек. Ресейдің құм басқан шөлді далада темір жол салу идеясы жоқ болатын. Бұл жобалардың барлығы негізінен алғанда Орынбор мен Ташкент бағыты еді. Бірақ күтпеген жерден Орта Азияға темір жол салудың тағдырын, оның бағытын, басталу уақытын ағылшындар аяқ астынан шешіп берді. 

42296dcaecbebad61a332fab838e2655.jpg

1878 жылы Англия Кабул мен Кандагарға кірді, Герат пен Ауған Түркістанына кіруге дайын тұрды. Ресей империясы үшін бұл күтпеген төтенше жағдай еді, себебі Британия империясы Ресей толық билей алмай жатқан Орта Азия мен Қазақстанға кіріп ықпал етуі мүмкін. Ресей барлық ішкі-сыртқы жұмыстарын жинап қойып түрікмен құмдары арқылы темір жол салуға кірісті. Ол кезде түрікмен даласы толық жаулап алынбаған еді. 

Патша үкіметі дереу генерал Д.М. Скобелев бастаған екінші Ахал-Теке жорығын дайындай бастады. Генерал сол кезге дейін алынбай келген түрікмендердің Геок-Тепе қамалын шабуылдауға асығыс кірісіп кетті. Темір жол құрылысы 1880 жылдың желтоқсан айында басталды. Генерал темір жол құрылысының бітуіне қарамастан Геок-Тепеге ат, түйеге қару-жарағын артып бекіністі шабуылдап, 1881 жылдың 12 қаңтарында қамалды басып алды. Түрікмендер қанға көмілді. Әр түрлі көздерден жеткен деректер бойынша осы шайқас кезінде 30 мыңдай түрікмен сарбазы мен қарапайым тұрғындар, бала-шаға қанға бөгілген. 

Осы кезде орыстар жанығып темір жолды салып жатты. Қызыл Арватқа дейінгі 217 шақырым жол 1881 жылдың 10 қыркүйегінде бітіпті. Сүйтіп Орта Азияға алғашқы темір жол 10 айда салынды. Жолды Ресейдің Әскери министрлігі салды, арнайы әскери теміржол батальоны құрылды. Әскери тәртіп орнатылып, барлық жазалауды әскери сот жүргізді. Ресей үкіметі темір жол салу үшін қандай бір болсын шығынға, қаражаттың аздығына қарамады. Англияның Орта Азияға кіру қаупі Ресей үкіметіне барлық шығынға баруға мәжбүр етті. Көшпенді құмдармен күресу үшін Алжирге арнайы маман-ботаниктер жіберіліп, олар жергілікті Альфа деген өсімдікті алып келді. Темір жолдың бойына жантақ пен сексеуіл егілді, тіпті құмның беттерін балшық сазбен сылау әдісі де қолданды. Бірақ, бәрінен де тиімді әдіс – жолдың биіктігін көтеріп, оны құм жалдардың биіктігімен теңестіру жақсы пайдасын тигізді. Жұмысшыларды Ресейдің орталық губернияларынан және Бакуден (персиялықтар) алып келді. Орыс жұмысшыларының жалақысы жоғары болғанына қарамастан (25-30 сом) олар ауыр жұмысқа, қатал климатқа, судың жоқтығына шыдамай кетіп қалған жағдайлар көп болды. Жұмысшылардың саны 23 мыңға дейін жеткізілді. Жергілікті халық тек қара жұмысқа салынды. Орыс жұмысшылары мен жергілікті еңбеккерлердің істейтін жұмыстары мен жалақы айырмашылығы, жұмыс пен тұрмыс жағдайлары аспан мен жердей болды. Мұны орыс тарихшылары былай түсіндіреді: Орыс жұмысшыларының кәсіби шеберлігі жоғары, олардың жұмыс беруші – орыс инженерлерімен түсінісуі оңай, туған тілінде сөйлеседі, жергіліктілер орысша білмейді. Орыс жұмысшылары туған жерінен жырақта жүр, ал жергіліктілердің үйлері жақын, маусымдық егіс пен дала жұмыстарының арасында жұмыс атқарады. Ресей үкіметі орыс жұмысшыларын осы жерде ұстап қалу мақсатында оларға көптеген жағдайлар қарастырды: арнайы үй салып берді, шаруалық қажетіне, мал мен құс ұстауға деп несие, тегін самаурын, кітап, жазу құралдары, жем берді. 13 жол бекетінде жалпы саны 800 балаға мектеп-интернат, ерлерге арналған жексенбілік мектептерде күндіз сабақ, кешке би ұйымдастырылды. Жол жұмысшыларына арнайы дәрігерлер мен священниктер қызмет етті. 

b64961e4daffb026d630389a63825ada.jpg

Темір жол саласы Әскери министрлікке бағындырылып, оны соғыс министрі генерал Куропаткин (1898) басқарып, жергілікті халық темір жол жұмысына жақындатылмасын деген бұйрық шықты. Осы дәстүр совет заманында да жалғасып ондағы жергілікті халықтың үлес салмағының өте аз болуы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін жалғасты. Сүйтіп, әскери мақсат көздеген Орта Азия темір жолы басты жоспарын орындады. Ресей Англиямен салыстырғанда әскери тұрғыдан артықшылық жағдайға ие болды. Кавказдан бір дивизияны Орта Азияға жеткізуге бар болғаны екі апта ғана қажет болса, Англия өз әскерін Ауғанстанға бір айда ғана жеткізетін жағдайда болды. Орта Азия темір жолы салынған соң Ташкентке жету үшін пойызбен Астраханьға жетіп, Каспиймен Красноводскіге жетіп әрі қарай пойызға отырып жететін мүмкіндік ашылып, жол қысқартылды. Бұл мақсатқа жеткен соң Ресей үкіметі дереу Орынбор – Ташкент жолын салуға кірісті. 1900 жылдың күзінде басталған құрылыс екі жақтан, Орынбор мен Ташкенттен бір мезгілде Орынбордан Илецк, Ақтөбе, Қазалы, Перовск және Түркістан арқылы жүрді. Егер Орта Азия темір жолының құрылысы 20 жылдай уақытта бітсе, бұл жол 5 жылда – 1906 жылдың қаңтарында іске қосылды. Ұзындығы 1736 шақырым жалғыз жақты жолдың бойында 34 станса (тиісті қызмет салалары мен әскери казармаларымен), 66 жол бекеті салынды. 1909 жылы Ресей 4452 шақырым жолды пайдалануға берді. Сөйтіп орыс патшалығы темір жол құрылысын салу арқылы тек қана Британия империясы алдында стратегиялық артықшылыққа ғана емес, сонымен бірге Орта Азиядан батысқа шикізат тасу, мақта өнімдерін сатудан пайда көздерін таба бастады. 

Міне, «бұратана халықтарға техникалық прогресс әкелу» мақсатында салынған теміржолдың шын мәнінде «соғыс жолы» болғандығына көз жеткізіп отырмыз. Ресейдің Орта Азия мен қазақ даласына жасаған әскери жорықтарының бәрін орыс тарихшылары «экспедиция» деп атады. Хиуа, Ақмешіт, Ахал-Теке сияқты бекіністерді жаулап алу соғыстары «бірінші және екінші экспедициялар» деген «бейбіт» атаулармен тарихта қалды. Бір мезгілде басталған генерал Скобелевтің түрікмендерге шабуылы мен сол мезгілде құрылысы басталған Орта Азия темір жолының (әуелгі аты — Закаспий темір жолы) нәтижесінде отыз мың түрікмен бауырларымыз қанға көмілумен басталды (одан кейінгі жылдарғы қырғындарды айтпағанда). Ал сол темір жолдарды салу (Түрксібті айтпағанның өзінде) кездерінде ауыр жұмыстан, ыстық пен суықтан, аурудан өлген жергілікті жол салушылар жайлы деректер орыс тарихшыларының жазбаларында кездеспейді. Әйтсе де жантүршігерлік сұмдығымен ерекшеленетін бір оқиға «Искра» газетінде жазылыпты: «..Не стоит говорить об обсчитывании подрядчиками рабочих, о чрезмерной эксплуатации, о ямах, покрытых соломой, носящих название бараков, о щах на гнилых сушеных овощей – все это слишком заурядные явления, чтобы об этом стоило говорить. Ни одна постройка не обошлась без этого... Но на постройке Оренбургско-Ташкентской дороги недавно произошел случай, который заставил задуматься.. Никто не знал о той трагедии, которая разыгралась в среде рабочих на седьмом участке, закончившейся страшной катастрофой...46 человек замерзли совсем. («Искра». 1903, 1 февраля № 33). Проф. М. Кереевтің жеке мұрағатынан алынған бұл деректің астына «бұл жағдай Қызылорда облысының жерінде орын алды» деп ескертпе жазылыпты. 

e2bffca54d97ca4cb1d6a7a5014efbe8.jpg

..Он тоғызыншы ғасырдың аяғында әлемді жаулап алуға ұмтылған екі жыртқыш империя – Ресей мен Ұлыбританияның Орта Азия мен Қазақ жері үшін күресінің нәтижесінде бұл жерді мекендеген халықтың тағдыры шешілді. Екі империя да «жабайы халықтарға жаңа өмір орнатуды» ұлы мақсат етіп оларға «техникалық прогресс пен өркениетті» әкелді. Англия отарларына капитализмді, Ресей социализмді орнатты. Жиырмасыншы ғасырда Англия империялық ниетінен бас тартып отарларына азаттық беруге мәжбүр болса, Ресей болса әлі күнге дейін бұрынғы ұлыимпериялық ниетінен бас тартатын ойы жоқ. 

Орыс тарихшылары айтпай келген жайттар 

Ресей империясына қазақ даласын жаулап алу оңай болған жоқ. Ата-бабаларымыздың орыс әскерлерінің қазақ даласын жаулап алуын барынша қиындатқаны, жаулап алу мерзімін XVIII ғасырдың басынан ХІХ ғасырдың аяғына дейін екі ғасырға созғаны белгілі. Соның арқасында болса керек, Ресей империясы әуелі бүкіл қазақ даласына орыс переселендерін көшіріп, бірнеше әскери қамалдар мен бекіністер салып алған соң ғана өзбек, тәжік, түрікмен хандықтарын (осы тұрғыдан алғанда олар қазақ бауырларына риза шығар) жаулап алуды қолға алды. Себебі, орыс армиясы қаншама мықты саналса да, қазақтың кең байтақ даласында тек өздері салған қамал мен бекіністердің арасында ғана жолсеріксіз жүре алатын. Басқа жағдайда орыс әскерлері бейшара еді, жол білетін, суы бар құдықтарды адаспай табатын жол жетекші қазақтарсыз, жүктерін көтеретін қазақтың түйелерінсіз жүре алмайтын. Ал екі-үш айлық, жарты жылдық әскери жорықтар мен экспедициялар кезінде орыс әскерлері мыңдаған қазақтың түйесін жалға алып, көбінесе қорқытып тартып алып оған азық-түлік (ішетін тамақ пен су, кептірілген нан мен атқа беретін жем, сұлы, т.с.с.) пен керек-жарақтарды тиеп, керуендерді жетектеген, тек өздері ғана адаспай табатын құдықтар мен жолдар арқылы жүрген қазақтардың көмегімен ғана көздеген жеріне жететін еді. 

Ресей тарихшылары орыс генералдары мен әскербасыларының, солдаттарының қазақ жері мен Орта Азия хандықтарын жаулап алу кезіндегі ерліктерін аузынан суы ағып айтып-жазып келді. Олардың ерліктерінің қазақтың қанын төгу арқылы жасалғанын білеміз. Олардың бұл қандықол ерліктері қазақтың жол жетекшілері мен дала кемесі –түйесіз құны бес тиын екендігін орыс тарихшылары ешуақытта аузына алған емес. Қазақты түйемен теңестіріп мазақтап келген орыстардың Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы қазақтың түйелері болмағанда тағы да ондаған жылдарға созылған болар еді. Айта кеткеннің артығы болмас, әлемдік жаулап алушылар тарихында түйенің алатын орны ерекше. Мысалы, ағылшын отаршылары Австралияны жаулап алған кезде (ол кезде темір жол, автокөлік деген жоқ) жүк тасу мақсатына деп арнайы құрлыққа жүздеген түйені алып келіп пайдаланған. Кейін қажет болмаған соң айдалаға бос жіберген. Қазір жабайы болып кеткен ондаған мың түйе сол құрлықтың шөл даласында жайылып жүр... 

fbea83f8411fd4657331937ce5f277fa.jpg

Жол жетекшілері мен түйелерді орыс генералдарының «жалға алды» деген аты ғана еді. Қазақтар орыс отрядтарына жол жетекші болуға көнбеді, орыстың кейбір отрядтарын шөл далаға апарып бір түнде қашып кетіп шөл далада сусыз өлтірген кездері де болған. Осы орайда И. Н. Захарьиннің «Генерал В. Перовскийдің 1839-1840 жылғы Хиуа жорығы» (1901 жылы С-Петербургте басылған) деген қолжазбасында мынадай оқиға жазылыпты. 

«...– Өте қиын жағдай 31 желтоқсан күні орын алды. Арнаулы колонна Ембі бекінісінен Шошқакөлге шығудан бір күн бұрын болды. Сол күні түнде ондаған қырғыз (әрі қарай қазақ – ауд.), олар осы колоннаны бастап жүруі керек болатын, түнде бәрі бірауыз болып ұйымдасып өздері алып келген түйелерін жетектеп ауылдарына қашып кетіпті. Бұл жайлы бас қолбасшыға айтылды, ол барлық түйе жетектеушілерді жинап алып «сендер қашып кете алмайсыңдар, себебі сендерді бүкіл жорық мерзіміне жалдап алдық. Сендер ақ патшаның бағынышты азаматысыңдар, мына қиын жағдайда оған адал қызмет істеуге тиістісіңдер. Өз беттеріңмен отрядты тастап қашып кетсеңдер, онда сендерді қуып жетіп, соғыс мезгілінің заңы бойынша жазалаймыз», – деді. 

Генералдың сөзін тілмаштың аударғаны сол-ақ екен, мыңдаған дауыс «бармаймыз, бармаймыз» деп айқайлады. Олар сонымен бірге орыстарға алып келген түйелерінің жартысының өліп қалғанын, енді мына қақаған аязда олардың қалғаны да өлетінін, орыстар сол өлген түйеміздің ақысын төлей ме, жоқ па, оған күмәндіміз дегенді айтты. Оған генерал былай деп жауап берді: 

– Сіздермен келісім-шарт бойынша өлген түйелердің ақысы жорық аяқталған соң Орынборда төленеді. 

Бұған қазақтар бұрынғыдан да қатты ашумен айқайлап әрі қарай отрядпен жүрмейміз деп шу ете қалды. 

– Егер көнбесеңіздер, мен сендерді атуға бұйрық беремін! – деді Перовский. 

Қазақтар генералдың бұл сөзіне еш қорықпастан, «Егер жібермесеңдер, онда отрядтан өздеріміз кетеміз», — деді. 

– Мен сендермен әзілдесіп тұрғаным жоқ, атуға бұйрық беремін! – деді генерал. 

Қазақтар еш саспай: – Атсаң ата бер, біз әрі қарай бармаймыз! – деп айқайлайды. 

Ең қиын да ауыр, шешуші кезең орнады. Отряд командирлері, офицерлер, солдаттар үнсіз қарап тұр... Олар жағдайды түсініп отыр. Егер қазақтар кетіп қалса, көктемге дейін яғни Орынбордан жол ашылып мыңдаған түйе мен адам жалдаған көмек келгенше олар айдалада қалады... 

Генерал Перовский үлкен бағананы жерге қазып көмдірді, қасынан жер қаздырып, 12 адамнан тұратын ату командасын оқтаулы мылтығымен дайындауға бұйрық берді. 15 минуттан кейін бәрі дайын болды. Генерал Перовский беті қап-қара болып түтіккен, қазақтарға қарап: 

– Барасыңдар ма, жоқ па?.. – деді. 

Қазақтар бір ауыздан: 

– Бармаймыз! – деп жауап берді. Жалданып алынған түйелер саны 12 мың екенін еске алсақ, он түйеге бір түйе жетекші, генералдың алдында 1200-ден артық қазақтар тұрды. Перовский алғашқы қазақты бағанаға апарып байлауды бұйырды. Қазақ еш қарсыласқан жоқ. Қандастарымен қазақша қоштасып қазылған орға жүре берді. Офицер: «Атыңдар!» – деді. Атылған қазақ орға итерілді. 

– Келесі! – деп бұйырды Перовский. Бірінші қазақпен болған жағдай қайталанды. 

– Келесі! – деп бұйырды генерал. Үшінші қазақ та осылай атылды. Оны да орға құлатып ату командасы мылтықтарын қайта оқтағаны сол екен, мыңдаған қазақ: «Алла! Алла!... Барамыз, барамыз!» — деп шу ете қалды. 

Кейін белгілі болды, қазақтар өздерін генерал ата алмайды, оған батылы жетпейді деп ойлапты. 

Генерал осыдан кейін атуды тоқтатып, «егер отрядтан қашып кететін болсаңдар, қуып жетіп ұстап алып сол жерде атып тастаймыз, ұстай алмағандарыңды ауылдарыңда ұстап сол жерде атып тастаймын» деп ескертті. Осы жасалған ату жазасы әсер еткен болса керек, қазақтардың ешқайсысы жорық мерзімі біткенше ешкім қашқан жоқ. Әйтсе де, қазақтардың қайсарлығын көрген генерал Орынборға хабар беріп қазақтардан тағы да бірнеше жүз түйе сатып алып, оларды Ембі бекінісіне жеткізіңдер деп бұйрық берді... 

...Осы бір кішкентай ғана оқиғаның өзі сол замандағы ата-бабаларымыздың қандай қайсарлықпен елі мен жерін қорғағанының керемет көрінісі емес пе?! Мемлекеті жоқ, жері жоқ халық осындай ерлікке барар ма еді? 

Сағат Жүсіп, өлкетанушы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?