«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

Абылай хан туралы тарихи роман жарық көрді

2601
Абылай хан туралы тарихи роман жарық көрді
Жазушы Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» атты кітабы жарық көріп, оқырмандар қолына тиді

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақ хандығының 550 жылдығына тарту ретінде жазушы, зерттеуші, фольклортанушы Дәулетбек Қаңбақовтың «Қазақ ханы Абылай» атты тарихи романының тұсаукесер рәсімі өтті. 

Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көрген көркем туындының сүйінші шарасына қазақ интеллигенция өкілдері мен мектеп оқушылары және кітапхана қызметкерлері қатысты. «М. Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залында өткен іс-шара бір сағатқа созылды. Тарихи туындыда Абылай ханның өмір жолы, қоғамдық қызметтері туралы жан-жақты баяндалады. Тарих бедерінде небір тар жол, тайғақ кешуді бастан кешкен ұлтымыздың ұлы перзентінің көркем бейнесі арқау болған тарихи романның көтерер жүгі ауыр. 

6c7a59242d87b8eee3e52484a5d852d1.jpg

Жиын модераторы, ақын Ауыт Мұқибектің айтуынша, жоспардан өткізілген бұл шараның маңызы зор, қасиетті бабаның құрметіне шыққан кітапты елеусіз қалдыруды жөн көрмеген кітапхана ұжымы табан астында тұсаукесерін жасауды ұйғарған. 

Кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы биылғы мерейлі датаға байланысты кітапхана ұйымдастырған үлкен шараларды атап өтіп, әсіресе ел сүйкіміне айналған «Бір ел – бір кітап» акциясының мән-мағынасына қысқаша тоқталды. Биылғы жылы атақты қаламгер Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» таңдалып, ұлы жазушының 100 жылдығы мен шығармашылығының алтын өзегіне айналған Қазақ хандығының 550 жылдығы тұспа-тұс келгені көп нәрсені аңғартатынын да айтып өтті. 

36db986bdc5455159729ed298b0cd9a1.jpg

Енді жарық көрген, сиясы кеппеген су жаңа роман оқып үлгермесе де, қолдарына тиген оқымысты қауым өз ойларымен бөлісті. Академик Ғарифолла Есімнің ойынша, қазақтың ел болып, өз қолы өз аузына жеткен уақыты – Абылай заманы. Қазақ хандығының бұл кезеңі қаншалықты ауыр болса да, мемлекеттік тұстастық пен іргелі институционалдық реформалар әбден қалыптасып дамыды дейді ғалым. Айталық, билер институты, байлар институты, батырлар институты, ерлер институты (бұл екеуі екі бөлек), хандар кеңесі болғанын жеткізді. 

b1f7eeb04b5d831b0d14e17af722102f.jpg

Ал жазушы Жәди Шәкен романның көркемдігіне, тіліне, стиліне тоқталып, жазылу мәнерін тілге тиек етті. «Абылай ханның өмірін бір кітапқа сыйғызу – қиынның қиыны. Бұл кітапта 33 тарауға бөлінген екен, 33 жеке роман жазып шықса да артықтық етпейді», – деді әріптес қаламгер. Тарихи роман «Сәби шағында» деген тараумен басталып, «Абылай ханның науқас шағы мен қазасы» деген тараумен аяқталады. Ғалым, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуалиұлы тарихи романдардың көтерер жүгінің ауырлығын сипаттап, араб графикасы негізіндегі төте жазумен шығатын кітаптардың қазақ оқырмандарына толықтай жете қоймайтынын айтты. 

d7a356322228889589f229e5d085feb0.jpg

Кітап авторы Дәулетбек Қаңбақов 1942 жылы ҚХР Шыңжан өлкесі Нылқы ауданында дүниеге келген. Қаламгер «Жас қарағай», «Жыл лебіздері», «Қайнар көз», «Мұралардан ұлағат» тәрізді кітаптарымен оқырман қауым таныс. Халық аузы әдебиетінің мұраларын жинап құрастырып насихаттаудағы ерен еңбегі үшін бірнеше мәрте сыйлықтарға ие болған. 

6c7355eaee181cf295a1a2e327367932.jpg

«Көптеген уақыт халық шығармашылығын зерттеуім осы тарихи романның жазылуына көп септігін тигізді. Романды жазуға 15 жылдай уақытымды жұмсадым. Негізгі деректер ретінде Қытайдағы фольклорлық мұралар, халық ауыз әдебиеті мен тарихи зерттеулер алынды. Романымда хан Абылайдың шапқыншылық, жорық жолдарын ғана сипаттап қоймай, мамыражай күн кешкен бейбіт уақытты да суреттедім. Ұлы қайраткерді парасат биігіне көтерілген тұлға деп бейнелеп жаздым», – дейді Д. Қаңбақов. 

Aвтор жиын соңында кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан барша қандастарға зор алғысын жаудырды.