Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Оралдан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері

3069
Оралдан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері  - e-history.kz
Бүгін біз қазақ бокс өнері тарихында өзінің қолтаңбасын қалдырған белгілі спортшы, бапкер Жанболат Қатауов Тұрсынғалиұлы туралы сөз етпекпіз. Ол Батыс Қазақстан облысы бойынша бокстан тұңғыш рет КСРО спорт шебері деген атаққа қол жеткізген тұлға. Сонымен қатар Қазақ КСР құрамасының мүшесі. БҚМУ-нің дене шынықтыру факультетінің түлегі. Өкініштісі сол, белгілі спортшының ғұмыры қысқа болды. Тәуелсіздің алғашқы жылдары қастандық құрбаны болды.

Қатауов Жанболат 1963 жылы 11 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Қалдығайты ауылына қарасты Төлен деген елді мекенде дүниеге келген. 1970-1979 жылдары Қаракөл орта мектебінде оқып, 1979-1980 жылы Қоскөл орта мектебін аяқтаған.

Жастайынын өжет болып өскен Жанболат спортқа соның ішінде боксқа қатты әуес болып өседі. Баласының боксқа деген ынтасын байқаған әкесі Тұрсынғали өз бетінше былғары қолғап өнеріне баули бастайды.

Мектеп бітірген соң яғни 1980 жылы арман қуып сол кездегі Қазақ елінің астанасы Алматы қаласына барып, Дене шынықтыру институтына түсуге әрекет жасайды. Алайда, жас Жанболаттың өзі қалаған оқуына түсіп, студент атану туралы арманы бірден орындала қоймайды. Сосын амалсыз қара жұмысқа орналасады.

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын Жанболат ұзамай Алматы қаласындағы бокс секциясына қатысады. Сол жерде өзінің нағыз спортшылық қырын танытады. Қарсылас шақ келтірмейтін жас жігіттің аты ұзамай Алматыдағы бапкерлердің құлағына жете бастайды. Сөйтіп белгілі бапкер әрі КСРО спорт шебері Саян Естібаевтың назарына ілігеді. Жан-тәнімен спортқа берілген кейіпкеріміз аз уақыттың ішінде бокстан бірінші разряд нормативіне қол жеткізеді.

aa91a407-acac-4a30-85b7-840cd4b6ba6a.jpg

Алайда Жанболатқа Саян Естібаевтай бапкердің жанында ұзақ жүру бақыты бұйырмаған екен. Ұзамай яғни 1982 жылы әскер қатарына шақыртылып, отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Армия қатарында жүрсе де, спорттан қол үзбейді. Жас сарбаздың деңгейін байқаған командирлер Жанболат Қатауовты спорт ротасына ауыстырады. Осылайша кіл мықтылар ғана бақ сынайтын КСРО Қарулы күштерінің арасындағы жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан түспейді. КСРО қорғаныс министрінің арнайы Алғыс хатын алады. Көптеген грамоталар, бағалы сыйлықтарға қол жеткізеді.

Кеңес Одағының батыры, маршал Г.К.Жуков атындағы Одақтық турнирде екінші орын алып, КСРО шеберлігіне кандидат атанады. Сол секілді ел ішілік байрақты жарыстардың біразына қатысады. Бүкілқазақстандық спартакиаданың қола жүлдегері болады.

1989 жылы Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласында «СССР спорт шеберлігіне кандидат» деген атағын абыроймен қорғап шығады.

1991 жылы 12 ақпанда Қарағанды қаласында өткен Қазақ КСР чемпионатының күміс жүлдесіне ие болып, «КСРО СПОРТ ШЕБЕРІ» деген атаққа қол жеткізеді. Қазақ КСР құрамасының мүшелігіне қабылданады. Осылайша ол Батыс Қазақстан облысы бойынша бокстан тұңғыш рет КСРО спорт шебері деген атаққа қол жеткен спортшы ретінде тарихқа енеді.

2beb17cb-cb75-4875-9dd6-9b493e11cbb7.jpg

Алайда, сол кездегі саяси жүйенің салдарынан небір белестерді бағындыруға мүмкіндігі бола тұрса да Жанболаттың үлкен жарыстарға қатысу мүмкіндігі шектеліп отырды. Сосын амалсыз Жанболаттың бапкерлікпен айналысуына тура келеді.

1985 жылдан 1994 жылға дейін Орал қаласындағы «Олимп» спорт залында бокстан аға тренер болып, көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығады. Республикалық деңгейдегі жарыстарда төреші болады. Оралда бокс спортының дамуына ерен үлес қосады.

Жанболат Қатауовтың тәрбиесін көрген шәкірттердің біразы бүгінде ТМД ғана емес әлемдек деңгейдегі додалардан топ жарып жүргенін айта кету керек. Солардың бірі - Роман Кармазин. Ксіпқой бокстан екі дүркін әлем чемпионы деген атаққа қол жеткізген Роман Кармазин бүгінде Ресейде тұрып жатыр.

Сол секілді, Жанболат Қатауовтың бокс мектебінен өткен спортшылардың бірі - Саттар Сұлтанғалиев. Ол бүгінде Орал қаласының оқушылар және жастар сарайында Д.Елеусінов бокс орталығында спорт бөлімінің меңгерушісі.

Жиендері Нұржас пен Темірлан жолын қуып бокс үйірмесіне қатысып жүр.

20876ba8-e671-4c34-87bf-622dd5ebfcbd.jpg

Жанболат Қатауов білікті спортшы, мықты боксшы ғана емес, өз елінің патриоты болғанын айта кету керек. Расын айту керек, Жанболаттың құлашын кеңінен жайып, әлемдік деңгейдегі додаларға қатысуына оның халқына деген махаббаты мен ұлтжандылығы кедергі болған.

Оның үстіне КСРО заманындағы ең ақтаңдақ оқиғалардың бірі - «Желтоқсан оқиғасына қатысы» бар деген анықтамасы да көп дүниеге кереғар болып жататын.

Ол 1986 жылы кеңес үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы шыққан жастарпен бірге 17-19 желтоқсан аралығында алаңда болады. Басы бейбіт жолмен басталған жастар қарсылығының арты қанды қырғынға ұсасып сала берген сол күні Жанболат алаңда екі бірдей қазақ қызын дубинкамен ұрып, шашынан сүйреп бара жатқан екі милицияны көріп қалады. Амалсыз жүгіріп барып, жан дауысы шығып шырқыраған еі қызға болысады. Бірақ көздері әбден қанға толып алған өзге ұлтының өкілдері (милиция) Жанболаттың ескертуін керек те қылмайды. Керісінше, біреуі өзіне тап береді. Боксшы жігіт ұрғызып қарап тұра ма, жалғыз соққымен оны мұрттай ұшырады. Артына екіншісін сілейтіп салады.

Тәртіп сақшыларына қол көтерудің соңы жақсылыққа алып келмесін түсінген Жанолат едел-жедел алаңнан қашып шығады. Ебін тауып, Оралға аттанып кетеді. Сол бойы Оралда қалып қояды.

Басында айтып өткеніміздей, Жанболат Қатауов Орал қаласының дамуына үлес қосады. Өңірдің жоғын жоқтап, намысын қорғауға ат салысады. Яғни бұл кезең одақтың ыдырап, елді қылмыс жайлап, өңірдің жиі-жиі ресейлік қылмыстық топтардың шабуылына ұшырап тұрған кезі еді. Осының барлығына Жанболат Қатауов бастаған азаматтар қарсы тұра білген еді.

Белгілі азамат, заңгер Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, «ЕЛ мен Жер» қозғалысының бастамашыл тобының мүшесі әрі қоғам белсендісі Талғат Қатауовтың айтуынша, Ж.Қатауов жұртқа, жерлестеріне қайсарлығымен, ержүректілігімен, әділдігімен, ұлтшылдығымен танылған.

«Марқұм туған ағам, бапкерім, бокстан Кеңес одағының спорт шебері Қатауов Жанболат Тұрсынғалиұлы елге қамқор, әлсізге қорған, қазаққа пана бола білген жан еді. Ол жұртқа, жерлестеріне қайсарлығымен, ержүректілігімен, әділдігімен, ұлтшылдығымен танылды.

1990 жылдары Кеңес Одағы күйреп, қылмыс әлемі белең алып тұрған, келімсектер құтырған қиын қыстау кезінде өзге келімсектер Оралға келіп құтырып, базарды жаулап алып, өзіміздің қаракөз қазақтарымызды шеттеткенде, оларға қарсы тұрып, тәубасына келтіріп, өзге келімсектерді Оралдан қуып жіберген ұлтшыл азамат болғанын мақтанышпен айта аламын. Бұл сөзімді Батыс өңірі халқы, Орал қаласының тұрғындары дәлелдейді және Жанболат Қатауовтың сол кезде қазақтарды қамқорлағанын, әлсіздерге, кедей-кепшік жоқтарға материалдық көмек бергенін және әділетсіздіктің құрбаны болған өз қазақтарына көмек бергенін, өзгелерден, келімсектерден, қарулы қылмыс әлемінен әр түрлі қысымшылық көрген қазақ коммерсанттарын қорғағанын еңкейген кәріден, бала-шағаға дейін біледі.

150607801_493618325374989_1716160171029953049_n.jpg

Өкінішке қарай, ол кісінің ғұмыры қысқа болды. Қастандық құрбаны болды. 1963 жылы 11 қаңтарда дүниеге келген Жанболат тек ағам емес, мені спортқа ержүректілікке тәрбилеген алғашқы бапкерім болатын!

Ағамның әділдігін, жақсылығын, адамгершілігін, ұлтшылдығын көре алмаған қаніпезер келімсектер 1994 жылы 22 наурызда біреулердің тапсырысымен Селекционный ауылы маңында автомат қаруымен досы екеуін атып өлтіріп кеткенді. Тапсырма беруші де, орындаушы да келімсектер болып шықты.

Осылайша 31 жасында бокстан Батыс Қазақстанда тұңғыш рет СССР спорт шеберін орындаған ағам Жанболат қылмыскер келімсектің қолынан қапыда қаза тапты!», - дейді Жанболат ағамыздың туған бауыры Талғат Қатауов.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?